Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясын ашып, жаңа конституциялық институттың негізгі міндеттерін белгіледі.
Мемлекет басшысы сөзінде Қазақстанның халықаралық аренадағы орнына ерекше тоқталды.
Тоқаев елімізді әлемге Орта держава ретінде таныту, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін халықаралық деңгейде дәріптеу, мемлекеттік мүддені қорғау және инвестиция тарту өзінің басты мақсаттарының бірі екенін айтты.
«Алдымда тұрған мақсат айқын. Басқа ойым жоқ», — деді Президент.
Реформалар жалғасады
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр.
Президент реформалар аяқталды деп айтуға болмайтынын және өзгерістер міндетті түрде жалғасатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 40 елдің қатарына енгенін айтты.
Халық Кеңесі не үшін құрылды
Президент елдегі мәселелерді, азаматтардың ұсыныстары мен пікірлерін ашық талқылайтын арнайы институт құруды бұрыннан жоспарлағанын айтты.
«Қазақстан Халық Кеңесі» атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзі ұсынғанын жеткізді.
Жаңа органның басты міндеті қоғамдық диалогты дамыту және ел бірлігін нығайту болмақ.
Сонымен қатар Тоқаев Халық Кеңесі Құрылтайдың баламасы емес екенін ерекше атап өтті.
Кеңес мүшелері Құрылтай депутаттарының жұмысына араласпайды. Депутаттар да Халық Кеңесінің қызметіне араласа алмайды.
Конституция әр азаматтың үстелінде тұруға тиіс
Президент Конституцияны қоғамға кеңінен түсіндіру мәселесіне де тоқталды.
Оның айтуынша, әр азамат Ата заңның мазмұнын, өзінің құқықтары мен міндеттерін жақсы білуі қажет.
Конституцияның мазмұнын халыққа түсіндіру және дәріптеу жұмысын үйлестіру вице-президент Ерлан Қаринге жүктелді.
Қазақ тілі туралы не айтты
Тоқаев мемлекеттік тілді жалпыұлттық бірлікті нығайтатын маңызды фактор деп атады.
Оның айтуынша, қазақ тілі ешқандай мәжбүрлеусіз, әсіресе жастар арасында кеңінен қолданыла бастады.
Президент қазақ тілінің қарапайым негіздерін білмеу жалпы білімнің жеткіліксіздігінің белгісіне айналып келе жатқанын айтты.
Сонымен бірге ол мемлекеттік тілді дамыту өзге тілдерден бас тарту немесе оларды шектеу деген сөз емес екенін атап өтті.
Тілдік, этникалық немесе діни белгі бойынша кемсітуге Конституция тыйым салады.
Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасы
Тоқаев Халық Кеңесі Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін орталыққа айнала алатынын айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі жоғалмайды және жаңа органның жұмысында пайдаланылады.
Президент этномәдени орталықтарға, театрлар мен бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік қолдау жалғасатынын да айтты.
Өңірлердің мүддесін кім қорғайды
Халық Кеңесінің тағы бір міндеті өңірлермен байланысты.
Тоқаев Сенат жұмысын тоқтатқаннан кейін қоғамда өңірлердің үні естіле ме деген сұрақ туындағанын айтты.
Президенттің сөзінше, енді аймақтардың мүддесін Құрылтай мен Халық Кеңесі жеткізеді.
Кеңес құрамына өңірлік мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері кірді.
Құрылыс пен жол сапасы сыналды
Мемлекет басшысы құрылыс сапасына да назар аударды.
Оның айтуынша, кейбір жаңа нысандардың сапасы сын көтермейді. Мұндай немқұрайлылық қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін.
Президент жол саласындағы ахуалға да көңілі толмайтынын білдірді.
Мысал ретінде Талдықорған – Өскемен автожолын атады. Оның айтуынша, жол пайдалануға берілгеніне көп уақыт өтпесе де, жабындысы бұзыла бастаған.
Тоқаев Жол активтері сапасының ұлттық орталығының жұмысын күшейтуді тапсырды.
«Популистер мен мансапқорлар емес»
Президент елге популистер мен мансапқорлар емес, кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен білікті сарапшылар қажет екенін айтты.
Халық Кеңесі жұмысының маңызды бағыттарының бірі қоғамдық бақылау болуға тиіс.
Бұл іске тәуелсіз сарапшылар мен білікті мамандарды көбірек тарту ұсынылды.
Тоқаев қағаз жүзінде ғана жұмыс істейтін кейбір қоғамдық бірлестіктерді де сынға алды.
Мемлекеттік тапсырысты игеру үшін ғана құрылатын ұйымдарға тосқауыл қою керегін айтты.
Табиғатты ластағандарға жазаны күшейту ұсынылды
Президент қоғамдық мәдениет пен экология мәселесіне де тоқталды.
Оның айтуынша, табиғатты әдейі ластау және қоғамға жат әрекеттер әлі де кездеседі.
Тоқаев мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді дұрыс деп санайтынын айтты.
Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы Астанада 23–24 қыркүйекте өтіп жатыр. Жаңа жоғары консультативтік органның құрамына 126 адам кірді.




