Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс аясында ұсталды.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
ІІМ мәліметінше, бірінші дәрежелі капитан қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ІІМ хабарламасында ұсталған адамның аты-жөні көрсетілмеген. Алайда 3 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Ниязбековті Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметінен босатқан болатын.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі «Хазар қорғаны-2026» әскери-теңіз оқу-жаттығуына Қанат Ниязбеков басшылық еткенін хабарлаған.
24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні су алып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Трагедиядан кейін қылмыстық тергеу басталды. Кейін Президент Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Аталған іс бойынша бұған дейін де бірнеше лауазымды тұлға ұсталған.
3 қазанда Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қарулы күштер Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров пен Қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакеев те қызметтерінен босатылды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің кінәсіне қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады.




