Қонаев қаласының әкімдігі мен «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумға қол қойды. Құжат қала жастарының шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және халықаралық білім беру жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға бағытталған.
Іс-шараға Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Тұрсын, «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорының басшысы Марина Марсовна, халықаралық жоғары оқу орындарының өкілдері, арнайы шақырылған сарапшылар мен білім саласының мамандары қатысты.
Жиында қала әкімінің орынбасары мен Қонаев қаласының Құрметті азаматы Мекебай Бұзаубеков кіріспе сөз сөйлеп, өңірдің даму әлеуеті мен жастарды қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
Басқосу барысында халықаралық жоғары оқу орындарының өкілдері шетелде білім алу мүмкіндіктері, университеттерге түсу талаптары, гранттар мен шәкіртақылар бөлу тетіктері, сондай-ақ студенттерге көрсетілетін қаржылық қолдау шаралары жөнінде баяндама жасады. Қатысушылар заманауи білім беру бағдарламалары мен қазақстандық жоғары сынып оқушылары үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерді талқылады.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Қонаев қаласының әкімдігі мен «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы.
Құжат тараптардың халықаралық білім беру жобаларын бірлесіп іске асыруына, жастардың шетелдік білім беру бағдарламалары туралы ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған.




