Абай облысының орталығы Семей қаласында тоғыз қабатты тұрғын үйдің балконынан өрт шықты. Өрт кезінде балконда тұрған газ баллонындағы газ тұтанған. Зардап шеккендер жоқ.
Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Оқиға Қарағайлы шағынауданында болған.
112 қызметіне көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінің балконы өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен.
Құтқарушылардың мәліметінше, алдымен балкондағы жиһаз бен қағаз қалдықтары жанған.
Жоғары температураның әсерінен балконда тұрған, ішінде аз ғана газ қалған баллондағы газ тұтанған.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынды толық сөндірді.
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт салдарынан ешкім зардап шекпегенін хабарлады.




