Емле ережелерін жүйелеу жұмысы 2027 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге арналған цифрлық сервистер әзірлеу ұсынылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің емле ережелерін бір жүйеге келтіріп, сөздіктерді, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартуды тапсырды. Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында мемлекеттік тілді үйренуге қолайлы жағдай жасау керегін де айтты, деп хабарлайды SONA.KZ NUR.KZ басылымдарына сілтеме жасап.
Емле ережелері мен сөздіктер
Президенттің айтуынша, кей сөз бен термин әртүрлі қолданылып, жұртты шатастырып жүр. Тоқаев ресми бекітілген орфографиялық сөздік 1983 жылы жарық көргенін, ал одан кейін шыққан сөздіктер мемлекеттік деңгейде бекітілмегенін атап өтті.
Мемлекет басшысы емлені жүйелеу жұмысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Ол тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Топтың жұмысын Президент Әкімшілігі үйлестіруге тиіс. Тоқаев қазақша-орысша сөздікті жаңартып, екітілді және көптілді сөздіктердің электронды нұсқаларын әзірлеуді де ұсынды. (exclusive.kz)
Қандай баламаларға күмән келтірді?
Тоқаев «ғарыш», «зымыран», «ғаламтор» және «тікұшақ» сөздерінің тілге орныққанын мысалға келтірді. Ал «қылтима», «күйсандық», «желкөз» сияқты баламалардың қажеттігіне күмән келтірді. Президент дінге қатысты қалыптасқан төл сөздерді араб сөздерімен алмастырудың да қажеті бар ма деген мәселе көтерді.
Қазақ тілін үйрену қалай жеңілдейді?
Президенттің айтуынша, қазақ тілін үйренгісі келетіндер көбейіп келеді. Тоқаев оларға жағдай жасау үшін оқытудың заманауи тәсілдерін әзірлеуді, цифрлық сервистер жасауға тіл мамандары мен IT саласының өкілдерін тартуды ұсынды. Ол қазақ тілін білу елдің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінуге жол ашатынын атап өтті.




