Жаңа мемлекеттік қызмет түрі пайда болды. Енді қазақстандықтар Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерін үйіне шақыра алады.Яғни, азаматтарға Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Қызметкерді шақырсаңыз ол сіз белгіленген уақытта көрсетілген мекен-жайға келеді. Ол жеке куәлік пен жүргізуші куәлігі және паспорт алу мен тарнспортты тіркеуден басқа барлық қызмет түрін көрсете алады. Мамандар, бұл қадамға тұрғындардың уақытын үнемдеу үшін барғанын айтады. Сондай-ақ қазір орталықта құжаттарды үйге жеткізіп беру қызметі жолға қойылған.
Автор: Аяла Тұрсын
-

Француз соты Павел Дуровқа қатысты тергеуге ресми түрде кірісті
Француз соты Павел Дуровқа қатысты тергеуге ресми түрде кірісті. Дегенмен, «Телеграмның» негізін қалаушы, 39 жастағы миллиардер 5 миллион доллар кепіл ақша төлеп, босатылды. Бірақ аптасына екі рет полицияға көрініп, ел аумағынан кетпеуі шарт. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім Дуровтың кінәлі екенін немесе сотталатынын білдірмейді. Тек оны тергеуге жеткілікті негіз бар екенін ғана аңғартады. Айта кетсек, Дуров сенбі күні Париж әуежайында тұтқындалды. Ол «Телеграм» платформасында есірткі саудалау, алаяқтық сияқты түрлі қылмыстар үшін ұсталып отыр.
-

МИНИСТРЛІК МАЙМЫЛ ШЕШЕГІНЕН ҚОРҒАНУДЫҢ ЖОЛДАРЫН ҰСЫНДЫ
Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегінен қорғанудың жолдарын ұсынды. Эндемиялық елдерге баратын туристер инфекциядан сақтану үшін осы талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
— Ауырған адамдарға және инфекция жұқтырған жануарларға жоламау керек. Вирусты маймыл, егеуқұйрық, тиіндер мен басқада жабайы жануарлар тасымалдауы мүмкін.
— Жануарлармен жұмыс істеу кезінде қорғаныш құралдарын пайдалану керек. Яғни, оларға күтім жасау кезінде, зертханалық жағдайда қорғаныш киімдерін, қолғаптар мен маскаларды қолдану маңызды.
— Гигиенаны қатаң сақтау қажет. Қолды сабынмен жиі жуу керек.
— Дезинфекциялық құралдарды қолдану ұсынылады. Себебі, бұл зат инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі.
— Маймыл шешегінің белгілері: дене бөртеді, қызу көтеріледі, бойда әлсіздік пайда болады, бас аурырады. Мұндай жағдайда жедел дәрігерге қаралу керек.Еске салайық, маймыл шешегі бірнеше ай бұрын Конго Демократиялық Республикасында өршіп, 500-ден астам адамның өмірін қиды. Жалпы алғанда, жұқпалы инфекция әлемнің 116 еліне тараған.
«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында маймыл шешегіне күдікті аурудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.
Осы инфекцияны Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге жол бермеу бойынша профилактикалық шаралар қабылданды. Қазақстанның санитариялық-карантиндік пункттерінде (әуежай, теміржол, теңіз, автомобиль өту жолдары) аса қауіпті ауруларға күдікті науқасты мемлекеттік шекарада анықтау (әкелудің алдын алу) жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі. Жағдайды Денсаулық сақтау министрлігі тұрақты бақылауға алып отыр», — делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарламасында. -

Президент тапсырмасы әдірем қалды деуге болады: тасқыннан зардап шеккендер палаткада түнеп жүр
Тасқыннан зардап шеккен ақтөбеліктер палатакада түнеп жатыр Себебі, жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылысы тоқтап қалыпты. Бұл жөнінде журналист Диас Нұрақын өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында жазды.
«Тағы да өшіріп тастамай тұрғанда оқып алыңыздар. Көктемгі тасқыннан баспанасыз қалған ақтөбеліктер киіз үйде қыстап шығуы мүмкін. Өйткені Ойыл ауданы, Берсиев ауылындағы тұрғын үйлердің құрылысы тоқтап қалған. Баспана саламыз деп желпініп келген мердігер бар жұмысты тастап кетіп қалыпты. Төрт айдан бері тұрғын үйлердің тек төрт қабырғасы ғана қаланған. Төбесін жабу, инженерлік желілерін жүргізу, ішкі әрлеуге әлі біраз уақыт керек», — деп жазды Диас Нұрақын.
Журналист Президент тапсырмасының орындалмай қалғанына ашынады.
«Демек, барлық құрылыс жұмыстарын 1-қазанға дейін аяқтап, халықты жаңа баспанамен қамтамасыз ету керек — деген Президент тапсырмасы әдірем қалды деуге болады. Өйткені төрт ай бойы істелмеген жұмыс енді бір айда бітеді дегенге сену қиын», — делінген жазбасында.
Сондай-ақ, автор тасқын судан зардап шеккендер амалдап өмір сүріп жатқанын жазған.Сөзінше, ала жаздай масаға таланып, күннің шыжыған ыстығында палатка мен киіз үйді паналап жатыр. Ашынған журналист халықтың алдағы жағдайын тозаққа теңеді.
«Тұрғын үйлердің тоқсан пайызы қирап қалған ауылда қонақүй, жатақхана деген атымен жоқ. Сондықтан баспанасыз қалған жұрт жаз бойы масаға таланып, шыжыған ыстықта палатка мен киіз үйді паналап еді. Енді күн суытқалы қорқыныштары үдей түсті. Өйткені Ақтөбенің ыстығына шыдауға болады. Ал азынаған желмен қосылған суықта палаткада бала-шағаңмен жату нағыз тозақ!», — деп түйіндеді журналист.
-

Jumystap.kz платформасы іске қосылды
Астанада Jumystap.kz платформасы іске қосылды. Қызмет тегін. Яғни, жұмыс берушілер өз жарнамаларын тегін жариялай алады. Пайдаланушылар да платформаны тегін қолданады. Мақсат кадр тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесін шешу.
«Цифрлық мамандықтар бойынша тапсырыстар мен жұмыстарды іздеу географиясы ешнәрсемен шектелмейді, жоба түлектері тапсырыстарды тек Астанада ғана емес, бүкіл Қазақстан мен ТМД аумағында қабылдай алады. Өз кезегінде жұмысшы мамандықтарының түлектері көлемді жұмыстарды бірлесіп орындау үшін топтарға біріге алады. Платформаны жұмыс берушілер де, жұмыс іздеушілер де комиссиялар мен делдалдарсыз әрі ақысыз пайдалана алады. Whatsapp мессенджері арқылы жұмыс берушілер/тапсырыс берушілер мен өтініш берушілер/тапсырыс берушілер арасында тікелей байланыс қамтамасыз етілген», — делінген Астана әкімдігінің ресми сайтындағы хабарламада.
-

Қазақстанның спортында легионерлерге тыйым салынуы мүмкін
Қазақстанда шет елден спортшыларды сатып алуға тыйым салынуы мүмкін. Бұл жөнінде туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мәлім етті.
«Қазір біз Мәжілісте заң жобасын қарап жатырмыз. Біріншіден спорт түрлерін қысқартамыз. Екіншіден легионерлер мәселесін қоғам белсенді көтеріп жатыр. Сондықтан Мәжіліспен бірігіп, болашақта легионер болмайды деген ұсыныс айтылып жатыр. Көп федерацияларда модернизация болады. Көп федерация басшылары ауысады деп ойлаймыз», — деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Бүгін Париж Олимпиадасын қортындылауға арналған алқа жиыны өтті. Дүбірлі додадағы жетістіктер мен кемшіліктер талқыланды. Отырыста осы кезге дейін мемлекет тарапынан қаржыландырылып келген 180 спорт түрін үш есеге қысқарту туралы шешім қабылданды. Алдағы күндері салада ауыс-түйіс болатыны айтылды. Еске салайық, Парижде өткен Олимпиада ойындарына елімізден 78 спортшы қатысып, спорттың бес түрінен ел қоржынына 7 медаль салды. Сондай-ақ жүлде алған 87 мемлекеттің ішінде командалық есепте 43 орынға тұрақтады.
-

Алматыда 13 адам қаза тапқан хостел ісіне қатысты тергеу аяқталды
Алматыда 13 адам қаза тапқан хостел ісіне қатысты тергеу аяқталды. Қалалық прокуратураның мәліметінше, іс осы аптада сотқа жіберіледі. Қазір танысу кезеңінде. Еске салайық, былтыр 30 қарашада Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адам қаза тапқан еді. Оның 4-еуі шетел азаматы. Ғимараттан 59 адам эвакуацияланған.
-

Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы 8,5 пайызға өседі
Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы 8,5 пайызға өседі.
Бұл туралы 2027 жылға дейінгі республикалық бюджетті жоспарлау туралы құжатта жазылған. Тиісті заң жобасы 31 тамызға дейін ашық талқылауға шығарылды.
Қолдау тапса, 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3 692 теңгеден 3 932 теңгеге көтеріледі. Ал ол түрлі әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу үшін қажет.
Осылайша, базалық зейнетақы 28 мыңнан 32 мыңға, ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 мыңнан 62 мың теңгеге өседі. Ал ең төменгі жалақы көлемі өзгеріссіз қалады. Ол қазір 85 мың теңге.
-

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтті.
Жиында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және Бас прокурор Берік Асылов қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып, экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудің өзекті мәселелері жөнінде баяндады.
Отырыс барысында құқық қорғау және арнайы органдар қызметінің терроризмге қарсы күресті күшейту бойынша түрлі аспектілері қарастырылды.
Мемлекет басшысы ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын арттыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. -

Ақтөбе облысында 10 жасар қыз аулада тұрған көлікте өртеніп кеткен
Ақтөбе облысының Хромтау ауданында 10 жасар қыз аулада тұрған көлікте өртеніп кеткен
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 27 тамызда ауылдардағы үйлердің бірінде ВАЗ маркалы көлік өздігінен өртенген. Көлікте болған бүлдіршін қаза болған.
Қыздың ата-анасы қайғылы оқиға кезде үйде болған.
