Рубрика: Әлем жаңалықтары

  • «Оскар» дауылы Кубаға жетті

    «Оскар» дауылы Кубаға жетті

    Метеорологтардың мәлімдеуінше, желдің екпіні сағатына 120 шақырымға жеткен. Елдің шығысындағы Кариб теңізі маңында толассыз жауын жауды.

    2 күннен бері электр жарығы жоқ. Басқа да инфрақұрылым қираған, ағаштар опырылып, жағаға жақын аудандар су астында қалды.

    Жалпы «Бостандық аралында» кейінгі 3 жыл бойы электр жарығы жиі өшеді. Оған электр желілерінің ескіргені, су электр стансаларындағы техникалық ақаулар мен жанармай тапшылығы себеп.

  • Ердоғанның басты қарсыласы Фетхуллах Гүлен қайтыс болды

    Ердоғанның басты қарсыласы Фетхуллах Гүлен қайтыс болды

    84 жастағы Гүлен ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы оның немере інісі Эбуселеме Гүлен X әлеуметтік желісінде хабарлады.

    «Фетуллаһ Гүленнің ақтық демі үзілді. Алла Тағала рақымына бөлесін», – деп жазды Эбуселеме Гүлен X әлеуметтік желісінде.

    CNN Turk арнасының таратқан ақпартынан, Фетхуллах Гүленнің соңғы жылдары бүйрегі ауырып, қант диабеті және деменциямен күрескені белгілі болды.

    Естеріңізге сала кетейік, Түрік билігі оны 2016 жылы әскери төңкеріс жасамақ болды деп айыптаған болатын. Төңкеріс салдарынан 251 адам қаза тапты. Гүленнің өзі Түркияда сырттай айыпталып, Анкара Вашингтоннан оны елге экстрадициялауды талап еткен. Түркияда оның FETO қозғалысы террористік ұйым деп танылған.

    Фетхуллаһ Гүлен 1941 жылы Түркияның шығысында дүниеге келген. Діни экстремизмге және исламды саясиландырудың түрлі формаларына қарсы шыққан мұсылман әлемінің ең ықпалды ғалымдарының бірі болды. Ол Түркияда және басқа елдерде, соның ішінде Орталық Азияда оқу мен тәрбие беру, мектептер ашу мәселелеріне ерекше көңіл бөлген. Ол 1999 жылдан бері АҚШ-та тұрды

     

  • Еуропаны су басып жатыр

    Еуропаны су басып жатыр

    Италияның барлық аймақтарында сейсенбіге дейін су тасқыны қаупіне байланысты қызыл және қызғылт сары деңгейдегі ескерту сақталады. Францияның орталық бөлігінде табиғат апаты үлкен шығын әкеліп, халықты жарықсыз қалдырды, деп хабарлайды  Euronews.

    Италия бойынша қолайсыз ауа райына байланысты қызыл және қызғылт сары деңгейіндегі ескерту жарияланды. Күшті жауын-шашын елде лай тасқындарын тудырды.

    Ең қатты зардап шеккен аймақ — Эмилия-Романья. Болоньяда табиғат апат салдарынан бір бала қайтыс болды, оны тасқын су автокөлікпен бірге ағызып әкеткен.

    Тосканадағы Эльса және Сицилиядағы Сальсо өзендері арнасынан асып, екі аймақтың тұрғындарына шұғыл қажеттілік болмаған жағдайда сапарлардан бас тарту ұсынылды.

    Қауіп деңгейі сейсенбіге дейін төмендемейді деп болжануда.

    Осы уақытта Францияның орталық бөлігіндегі су тасқындары үлкен шығын әкеліп, электр энергиясын өшірді.

    Көптеген тұрғындар үйлеріне оралған кезде үйлерінің жағдайы өте нашар екенін көрген.

    Ардеш департаментінің кейбір аймақтарында 48 сағат ішінде 700 мм жауын-шашын жауған, бұл Париждегі жылдық нормадан да көп.

  • Қырғызстанда жер сілкінді

    Қырғызстанда жер сілкінді

    Бұл туралы Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы хабарлады.

    Жерасты дүмпулері жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша 23:44-те (Астана уақыты бойынша 22:44) тіркелген.

    Жер сілкінісінің ошағы Ош қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 139 шақырымда және Ноокат қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 125 шақырым жерде екені анықталды. Ошағының тереңдігі 10 шақырымды құрады.

    Әзірге зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы ақпарат жоқ. Құтқару қызметтері жағдайды бақылауда ұстап отырғаны хабарланды.

  • Африкада «маймыл шешегінен» бір аптада 50 адам көз жұмды

    Африкада «маймыл шешегінен» бір аптада 50 адам көз жұмды

    Елдегі денсаулық сақтау ұйымдары жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын айтты. Олар халықаралық серіктестерді көмекке шақырды. Себебі бір  аптаның ішінде аурудан 50 адам көз жұмған.

    Сонымен қатар Кенияда да вирустан алғашқы өлім тіркелген. Сол себепті Руанда мен Конго елдерінде індетке қарсы вакцинация басталған.

  • Халид Машаль ХАМАС басшысы болды

    Халид Машаль ХАМАС басшысы болды

     Trend Ливандық БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл Израиль армиясы ХАМАС саяси бюросының басшысы Яхья Синварды өлтіргеннен кейін болған оқиға.

    Хабарларға қарағанда, Халид Машаль қозғалыстың уақытша басшысы қызметін атқарып, қазір кепілге алынғандарды босату жөніндегі келіссөздерге қатысқан негізгі тараптармен барлық байланыстарға жауапты.

    Айта кетейік, бұған дейін ХАМАС көшбасшысы Яхья Синвар мерт болғаны туралы жазған едік. Израиль шенеуніктері мен ЦАХАЛ ХАМАС көшбасшысының көзі жойылғаны туралы ақпаратты растады.

  • Газаға үш айдан кейін алғаш рет әуеден гуманитарлық көмек тасталды

    Газаға үш айдан кейін алғаш рет әуеден гуманитарлық көмек тасталды

    Гуманитарлық жүк тиелген контейнерлер Газа секторына шілде айының ортасынан бері алғаш рет тасталды. Гуманитарлық жүк эксклавтың оңтүстігіндегі Хан Юнус қаласына белгісіз ұшақтардан тасталған.

    Өкініштісі, гуманитарлық жүк тиелген қораптардың бір бөлігі қоныс аударған палестиналықтардың шатырларына құлап, адамдар мерт болған.

    2023 жылдың 7 қазанында таңертең ХАМАС-тың әскери қанаты Изз ад-Дин әл-Қассам бригадалары Израильге қарсы «Әл-Ақса тасқыны» операциясының басталғанын жариялады.

    Бұған жауап ретінде Израиль армиясы Газа секторында ондаған жойғыш ұшақтарды пайдаланып, ХАМАС-қа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын жариялады, бұл одан әрі Газа халқының қырғынына ұласты. 27 қазанда Израиль армиясы Газада құрлық операцияларын жүргізе бастады.

    2024 жылдың 7 қазаны, дүйсенбі күні Израильдің Газа секторына шабуылдарын бастағанына тура бір жыл болды.

    Израиль армиясының құрлықтан, теңізден және әуеден жаппай атқылауы эксклавта орасан зор қирау мен материалдық шығын әкелді. Газа секторы үкіметінің баспасөз қызметі Израиль армиясының бір жыл ішінде эксклавта «3650-ге жуық геноцид актісін» жасағанын хабарлады.

    Осыған дейін палестиналық ХАМАС қозғалысының шетелдік өкілдігінің басшысы Халид Машаль ұйымға басшылық ететінін жаздық.

  • Cолтүстік Корея лидері Оңтүстік Кореяны «шет және дұшпан» мемлекет деп атады

    Cолтүстік Корея лидері Оңтүстік Кореяны «шет және дұшпан» мемлекет деп атады

    Cолтүстік Корея лидері Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяны «шет және дұшпан» мемлекет деп атады. Бұдан бір күн бұрын Пхеньян конституциясына түзету енгізіп, Оңтүстік Кореяны осындай атаумен белгілейтінін мәлімдеді. Бұған қоса Ким Чен Ын екі Кореяның бірігу идеясынан да ресми түрде бас тартқан. Осы аптада Солтүстік Корея өзін Оңтүстік Кореямен байланыстырған автомобиль және темір жолдарын жарып жіберген еді.

  • Түркияда жер сілкінісінен 200 аса адам жараланған

    Түркияда жер сілкінісінен 200 аса адам жараланған

    Түркияның Малатия өңірінде екі күн бұрын болған 5,9 балдық жер сілкінісі кезінде екі жүзден аса адам жараланған. Жарақат алғандардың көбі зілзала кезінде жоғары қабаттан секіріп немесе баспалдақтан құлап кеткендер. Олардың тоғызы қазір ауруханада жатыр. Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша олардың өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұдан бөлек, арнайы комиссия жүргізген сараптамаға сай зілзаладан бірнеше облыста 600-ге жуық ғимарат зақымданған. Олардың 20-сы қатты зақым алғандықтан жөндеуге келмейді. Ең көп бүлінген ғимарат Елазығ облысында тіркелген. Қазір жер дүмпуінен келген шығын есептеліп жатыр.

    «Жер сілкінісінің зардаптарын анықтайтын арнайы комиссия әлі де жұмыс істеп жатыр. Бір қуанарлығы қираған ғимараттардың астында қалған тұрғындар жоқ. Тек бір ғимараттың қабырғасы жарылып, есігі ашылмай қалғандықтан 4 адам сыртқа шыға алмай қалған еді. Оларды мамандар дер кезінде құтқарып алды», -деді Елазығ Провинциясының Губернаторы Нуман Хатипоғлы.

  • Нигерияда жарылыстан 147 адам қаза тапты

    Нигерияда жарылыстан 147 адам қаза тапты

    Нигерияның солтүстігіндегі Джигава штатында мұнай таситын танкер аударылды. Одан төгілген жанармайдан алапат жарылыс болып, 147 адам қаза тапқан. Мұны жергілікті төтенше жағдай қызметі хабарлап отыр. Полицияның дерегінше, көлік Кано қаласынан солтүстіктегі Йобе штатына бара жатқанда апатқа ұшыраған. Тергеудің алдын-ала қорытындысына қарағанда, машинаның аударылуына жүргізушінің Маджиа қаласының маңында рульге ие бола алмай қалуы себеп.