Рубрика: Әлем жаңалықтары

  • АҚШ-та 51 млн адам мерзімінен бұрын дауыс берді

    АҚШ-та 51 млн адам мерзімінен бұрын дауыс берді

    АҚШ-тағы алда болатын президент сайлауына қазірдің өзінде 51 млн-нан астам сайлаушы дауыс беріп үлгерді. Сайлау күніне бір апта уақыт қалды, деп хабарлайды The Hill.

    Флорида университетінің мерзімінен бұрын дауыс беру жүйесі ақпаратына сәйкес, сағат 16.00-дегі жағдай бойынша пошта арқылы дауыс беру үшін 24 млн-нан астам бюллетень қайтарылды және 27 млн-ға жуық адам жеке келіп мерзімінен бұрын дауыс берді.

    Жарияланған мәліметтерге сәйкес, бұл сайлаушылардың 39,5 пайызы тіркелген демократтар, ал 36,1 пайызы – республикашылдар. Бұл ретте барлық сайлаушылардың 41 пайызы – 65 жастан асқандар.

    Басылым атап өткендей, Трамп пен республикашылдар бұған дейін мерзімінен бұрын дауыс беруге күмәнмен қарады.

    2020 жылғы сайлауда барлығы 100 мыңға жуық сайлаушы жеке өзі немесе пошта арқылы мерзімінен бұрын дауыс берді.

  • Испаниялық Родри футболдан «Алтын доп» иегері болды

    Испаниялық Родри футболдан «Алтын доп» иегері болды

    Испаниялық Родри (Родриго Эрнандес) футболдан 2024 жылғы «Алтын доп» иегері болды.

    Биыл 68-ші мәрте өткізілген дәстүрлі іс-шара әлемдегі үздік футболшыларды анықтау мақсатында қолға алынған. 1956 жылдан бері «France Football» журналының қолдауымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

    Ереже ойынша ерлер мен әйелдер арасында «Алтын доп» иегері анықталып, 21 жасқа дейінгі футболшылар арасында «Копа трофейі», үздік қақпашыға «Яшин трофейі» берілді. Сондай-ақ үздік ерлер және әйелдер командалары анықталды. Ал өткен маусымдағы үздік сұрмергенге Герд Мюллер трофейі табысталды.

    Биыл олардың қатарына тағы екі жаңа марапат қосылды. Енді ерлер және әйелдер командалары арасында үздік бапкерлер есімі белгілі болды.
    Үздік футболшы: Родри («Манчестер Сити», Импания құрамасы).

    Үздік әйел футболшы Айтана Бонмати («Барселона», Испания құрамасы).

    Копа трофейі: Ламин Ямаль («Барселона», Испания құрамасы).

    Мюллер трофейі: Харри Кейн («Бавария», Англия құрамасы), Килиан Мбаппе («ПСЖ» / «Реал», Франция құрамасы).

    Яшин трофнйі: Эмилиано Мартинес («Астон Вилла», Аргентина құрамасы).

    Үздік клуб (ерлер): «Реал Мадрид».

    Үздік клуб (әйелдер): «Барселона».

    Үздік бапкер (ерлер): Карло Анчелотти («Реал Мадрид»).

    Үздік бапкер (әйелдер): Эмма Хейз («Челси», АҚШ құрамасы).

  • Анкарадағы теракт құрбандарының саны бес адамға жетті

    Анкарадағы теракт құрбандарының саны бес адамға жетті

    Түркия Ішкі істер министрлігінің басшысы Али Ерликая TRT Haber телеарнасының эфирінде Анкарадағы лаңкестік әрекеттен қаза тапқандар саны бес адамға жеткенін, тағы 22 адам жарақат алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

    «Терактіде қаза тапқандар саны 5 адамға жетті, зардап шеккендердің жалпы саны 22 адам, оның үшеуі ауруханадан шығарылды. Біздің бағалауымызша, шабуыл Күрдістан жұмысшы партиясының әрекетімен байланысты болуы мүмкін. Шабуылдаушыларды анықтағаннан кейін біз ақпарат және басқа да дәлелдермен бөлісеміз», — деді министр.

    Ол сондай-ақ Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның шабуыл туралы ақпарат түскен сәттен бастап қауіп жойылғанға дейін ақпарат алып отырғанын айтты.

  • Александр Лукашенко 2025 жылғы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді

    Александр Лукашенко 2025 жылғы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді

    Беларусь Республикасында президенттік сайлау 2025 жылдың 26 қаңтарына белгіленді. Бұл шешімді сәрсенбі күні Беларусь Парламентінің Өкілдер палатасы қабылдады.

    Еліне 30 жылдан астам уақыт басшылық жасап келе жатқан Александр Лукашенко өзінің кандидатурасын ұсынатынын хабарлады. Бұл туралы ол Ресейдің «Россия-1» мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында айтты.

    Беларусь конституциясы оған қайтадан сайлауға қатысуға мүмкіндік береді, ал көптеген сарапшылар оның биліктен бас тартпайтынын алға тартады. Лукашенконың билігі кезінде, әсіресе 2020 жылғы тамыз айындағы сайлауынан кейін, елде үлкен наразылықтар болды. Қарсылық акцияларының қатысушылары мен оппозиция өкілдері қудаланып, олардың бір бөлігі шетелге қашуға мәжбүр болса, басқалары қамауға алынды.

    2020 жылғы сайлауда ресми мәлімет бойынша Лукашенко 80% дауыс жинаған. Алайда, Еуропалық Одақ, АҚШ және басқа да бірнеше елдер бұл нәтижені мойындаған жоқ. Сол сайлауға сондай-ақ Светлана Тихановская да қатысып, оппозиция оның көпшілік дауысты алғанын алға тартты. Тихановскаяның күйеуі, блогер және саясаткер Сергей Тихановский, Орталық сайлау комиссиясы тіркемеген соң, ол президенттікке өз кандидатурасын ұсынуға мәжбүр болған еді.

  • Анкарада теракт болды

    Анкарада теракт болды

     Түркияның Анкара қаласында әскери ұшақтар мен ғарыш техникасын шығаратын «TUSAŞ» корпорациясы ғимаратының маңында теракт болды. Бұл лаңкестік әрекетті ұйымдастырды деген екі күдікті мерт болды, тағы бір адам бостандықта жүргені айтылады. Бұл туралы Түркияның Sabah агенттігі хабарлады.

    Басылымның хабарлауынша, жергілікті уақытпен сағат 15:20 шамасында Анкараның Кахраманказан ауданындағы «TUSAŞ» корпорациясы ғимаратының жанында бомба жарылды. Жарылыстар мен оқ даусын естіген қауіпсіздік күштері, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына дереу жеткен.

    Түркия Ішкі істер министрі Али Ерликая екі лаңкестің (әйел адам және ер адам) көзі жойылғанын растап, олардың аты-жөні анықталып жатқанын хабарлады. Ол сондай-ақ, соңғы лаңкес жойылғанға дейін күрестің жалғасатынын айтып, ресми ақпарат көздерінің мәлімдемелеріне құлақ түруді сұрады.

    Біз лаңкестерді анықтауды жалғастырудамыз, олардың кім екенін анықтағаннан кейін олардың қай лаңкестік ұйымға жататынын хабарлаймыз, – деді министр.

    Ел президенті Режеп Тайып Ердоған БРИКС саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде 4 адамның қаза тауып, 14 адамның жараланғанын хабарлады.

    – Осы жантүршігерлік лаңкестік әрекетті айыптаймын, шейіттерімізге Алладан рақым тілеймін, – деді.

    Елдің Әділет министрі Йылмаз Тунчтың айтуынша, Анкара Бас прокуратурасы лаңкестік әрекетке қатысты тергеуді бастап, оқиғаны тергеуге бас прокурордың 1 орынбасары мен 8 прокурор тағайындалған.

  • Сеул Украинаға әскер жіберуі мүмкін

    Сеул Украинаға әскер жіберуі мүмкін

    Сеул егер Солтүстік Кореяның әскері Ресейге болысатын болса, Украинаға өз барлау қызметі мен әскер жіберуі мүмкін екенін мәлімдеді.

    Солтүстік кореялық әскери қызметкерлер қолға түссе, оңтүстіккореялық әскери қызметшілер Украинаға тергеу жүргізіп, аударма қызметін көрсетуге дайын. Мұның бәрі Ресей мен Солтүстік Кореяның бірігіп әрекет етуінен төнген қауіпті сейілтуге бағытталып отыр.

    Еске сала кетсек, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Солтүстік Кореяның Ресейге жақтасуға 12 мыңнан аса арнаулы жасақ жіберу туралы шешімі қауіпті екенін мәлімдеген болатын. Ол мұндай жағдай бола қалса, дүниежүзілік соғыс басталуы мүмкін екенін ескертті.

    Солтүстік Кореядан келетін қауіптерге жауап ретінде Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёль де өз елінің мүддесін қорғау мен өңірде бейбітшілікті сақтауға бағытталған шара қабылдау қажеттігін атап өтті.

  • Германияда маймыл шешегінің жаңа түрін жұқтыру фактісі тіркелді

    Германияда маймыл шешегінің жаңа түрін жұқтыру фактісі тіркелді

    Германияда маймыл шешегінің жаңа түрін жұқтыру фактісі алғаш рет тіркелді. Мұны Роберт Кох атындағы қоғамдық денсаулық институты хабарлап отыр. Дегенмен, осы мекеме таратқан өзге бір мәліметке қарағанда, бұл аурудың Германияда кең тарау мүмкіндігі төмен.
    Айта кетсек, маймыл шешегі биыл Конго Демократиялық Республикасында өршіп, Африканың өзге елдерінде мыңдаған адамнан және Швецияда анықталды. Осыған байланысты, тамыз айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаҒаны белгілі

  • Тель-Авивте дабыл іске қосылды

    Тель-Авивте дабыл іске қосылды

    Израильдің Тель-Авив пен Хайфа қалаларында дабыл іске қосылды. Хезболла орта қашықтыққа арналған зымырандармен атқылаған. Ливандық топтың мәлімдеуінше, олар барлау кеңсесі мен әскери-теңіз базасын көздеген. Қазір Тель-Авивте төтенше жағдай жарияланды. Бүгін елге АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен келеді. Ол Газада атысты тоқтату келісімдерін қайта бастауды және Хамас лидері Яхья Синвардың өлімінен кейін анклавтың болашағын талқыламақ. Бұл оның Израильге былтыр қазанның 7-нен бергі 11-сапары. «Әл-Жазира» телеарнасының хабарлауынша, бұл сапарлар барысында бітімге қол жеткізілген жоқ. Тек бір аптаға созылған атысты тоқтату келісімі жасалды.

  • Ливандағы елдімекенге қайта шабуыл жасалды

    Ливандағы елдімекенге қайта шабуыл жасалды

    Израиль Ливан астанасы Бейрут жанындағы халық көп тұратын елдімекенге қайта шабуыл жасады. Одан 4 адам қаза тауып, 20-дан астам тұрғын жараланған. Бұған дейін Израиль әскері осы маңдағы аурухана астында Хезболланың басқару орталығы бар деп мәлімдеген еді. Тұрғындарға ауданнан кету туралы ескерту де жасалды. Ал Ливанның денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері «әл-Сахел» ауруханасының астында туннель бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дәлел болу үшін ауруханаға халықаралық бақылаушылар шақырылғанын мәлімдеді. «Хезболла» болса, әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.

  • Жарықсыз қалған кубалықтар шеруге шықты

    Жарықсыз қалған кубалықтар шеруге шықты

    Кубалықтар көшеге шығып, электр қуатын тез қалпына келтіруді талап етті. Халық өткен жұмадан бері әлі жарықсыз отыр. Елдегі 8 электр станциясының біреуі істен шыққаннан кейін, 10 миллионнан астам халқы бар мемлекет аумағында жарық өшті. Жағдайды «Оскар дауылы» ушықтыра түскен. Ағаштар құлап, электр желілері үзілді. Кубалықтарды азық-түлік, жанармай мен дәрі-дәрмек тапшылығы тығырыққа тіреп отыр. Ал елдің электр станцияларының жұмысы шетелден импортталатын отынға тәуелді.