Рубрика: Аймақ

  • Талдықорғанда жарылыс болып, бірнеше адам зардап шекті

    Талдықорғанда жарылыс болып, бірнеше адам зардап шекті

    Талдықорғанда газдың жарылуы салдарынан жеке тұрғын үйдің екінші қабаты опырылып түсті. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

    Оқиға Талдықорғандағы екі қабатты жеке тұрғын үйде болды. Жарылыстың арты өртке ұласты.

    «Өрт газ-ауа қоспасының мақтасынан туындады, бұл үйдің екінші қабатының, қабырғалар мен шатырдың бір бөлігінің құлауына әкелді. Өрт жалпы 120 шаршы метр аумақта жойылды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін үйден 7 адам, оның ішінде 3 бала өз бетінше эвакуацияланды», – делінген хабарламада.

    Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері, ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен құтқарушылар жедел келді.

    Зардап шеккен тұрғындардың барлығы алғашқы медициналық көмек алып, ауруханаға жатқызылды.

  • Жетісулық волонтерлар Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек үшін қан тапсыруда

    Жетісулық волонтерлар Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек үшін қан тапсыруда

    Бүгін Жетісу облысының волонтерлары 25 желтоқсанда Ақтау қаласына таяу маңда құлаған «Баку-Грозный» бағытындағы жолаушылар ұшағы апатынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Талдықорғандағы Қан орталығына барып, қан тапсырды.

    Облыстағы ерікті жастар алғашқылардың бірі болып қан тапсыруға ниет білдірген. Олар қиын жағдайға түскен жандарға қан беру арқылы көмек көрсетуге жора-жолдастары мен таныстарын да шақыруда.

    – Ақтау қаласында әуе кемесінің құлағаны туралы оқыс жаңалық бәрімізге ауыр тиді. Апаттан қаншама адам көз жұмды, марқұмдардың жаны жаннатта болсын дейміз. Тірі қалғандардың тез сауығып, аман-есен жақындарына орлауына көмегіміз тисін деп, бүгін қан тапсыруға келдік. Енді мұндай ауыр жағдай қайталанбасын деп тілейміз, – деді «Ассамблея жастары» еріктілер тобының мүшесі Заида Құрмашева.

    Облыстық қан орталығының мәліметіне қарағанда, бүгін сағат 12.00-ге дейін 49 адам қан тапсырған.

    – Орталыққа әуе апатынан жарақат алған мұқтаж жандар үшін қан көмек тапсырамыз деп ерікті жастар келіп жатыр. Әзірге Ақтаудағы қан тапсыру орталығында қан жеткілікті. Егер жедел қан керек десе біз кез келген уақытта жіберуге дайынбыз, – деді Облыстық қан орталығының директоры Марат Досқалиев. 

  • Қонаевта Б.Соқпақбаевтың шағын сәулеттік нысаны бой көтерді

    Қонаевта Б.Соқпақбаевтың шағын сәулеттік нысаны бой көтерді

    Биыл балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Осыған орай, Қонаевтағы Орталық саябақта жазушының және танымал шығармасы «Менің атым Қожаның» шағын сәулеттік нысаны бой көтерді.

    Оның ашылу салтанатына қызы Самал Соқпақбаева, мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, қала әкімі Асхат Бердіханов қатысты.

    «Биыл әкемнің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Туған жері Алматы облысында да бірқатар шаралар өтті. Бүгін, міне, Қонаевтағы Орталық саябақта шағын сәулеттік нысан ашылып отыр. Өзі өмірден өтсе де, халықтың ынтызарлығы мен құрмет-қошемет көрсеткеніне риза болып жүрмін. Облыс басшылығына да рақметтен басқа айтарым жоқ», – деді Самал Соқпақбаева.

    Айта кетейік, Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды.

    «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды.

  • Мас күйде көлік тізгіндеген депутат қамауға алынды

    Мас күйде көлік тізгіндеген депутат қамауға алынды

    Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында мас күйде көлік тізгіндеп, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен депутат 17 тәулікке қамауға алынды.

    Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты 23 желтоқсанда алкогольді ішімдік ішіп «NissanTeana» маркалы автокөлік тізгініне отырған. Оны полицейлер Қарасу ауылы Жексенбі көшесінде тоқтатқан.

    Депутат Ақжар ауылында орналасқан ауруханаға медициналық куәландырудан өтуге барғысы келмей, тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткен.

    Медициналық куәландыру жүргізушінің «орта» дәрежелі мас күйде болғанын көрсетті. Сот барысында ол өз кінәсін толықтай мойындады.

     – Сот шешімімен айыпталушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабы 1-бөлігі (Мас күйде көлік жүргізу) және 667-бабы 1-бөлігі (полицейдің заңды талабына бағынбау) бойынша кінәлі деп танылып, 17 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, – делінген аудандық сот үкімінде.

  • Оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген қызылордалыққа сот үкімі шықты

    Оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген қызылордалыққа сот үкімі шықты

    Қызылорда қаласының № 2 сотында сотталушы Ж.-ға қатысты бірнеше рет кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айнылысуға тартумен ұштасқан жеңгетайлық фактісі бойынша қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды.

    Сотталушы жәбірленушінінің кәмелет жасына толмағанын біле тұра ол пайдакүнемдік мақсатты көздеп, оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға тартқан. Оның кінәсі оқиға орнын қарап-тексеру және беттестіру жүргізу хаттамаларымен, жәбірленушінің жауаптарымен дәлелденді.

    Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабының 2-бөлігін қолдана отырып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілі сотталушыны кешіретінін және жазаға қатысты мәселені соттың қарауына қалдыратынын көрсетті. Қорғаушы сотталушыны ҚР Қылмыстыұ кодексінің 309-бабы 2-бөлігі 2), 3)-тармақтары бойынша ақтауды сұрады.

    – ҚР Қылмыстық кодесінің аталған бабының санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Аталған кодекстің 53-бабына сәйкес іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде жас баласының болуы танылады. Ауырлататын мән-жайлар айыптау актісінде көрсетілмеген. ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабының 2-бөлігінің 2) тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жаза мерзімі кодекстің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3-нен асыруға болмайды. Сот үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 2-бөлігінің 2), 3)-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды. Оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деп мәлім етті Қызылорда қаласының № 2 сотынан.

  • Жетісу облысында 6 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізді

    Жетісу облысында 6 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізді

    Жетісу облысында 5735 тұрғыны бар екі ауылдың тұрғындары газға қосылуға мүмкіндік алды. Жаңа жыл қарсаңында Ескелді ауданының Шымыр және Абай ауылдарына көптен күткен көгілдір отын жеткізілді.

    – Бүгінде Ескелді ауданының 14 елді мекені газдандырылды. Газға 39 мың адам немесе 10 354 абонент қол жеткізді. Көкжазық, Теректі, Қаратал, Жастар, Ақтасты ауылдарында газ желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылға Қайнарлы, Жалғызағаш ауылдарын газдандыру жұмыстары жоспарланған, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бейісбаев.

    Салтанатты жағдайда өткен газ қосу шарасына қатысқан ауыл тұрғындары пікір бөлісті.

    – Мен 50 жылдан бері осы ауылда тұрамын. Бүгін біздің ауылымызда қуанышты жаңалық – табиғи газ жеткізілді. Енді тұрмысымызды жақсартуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деді Абай ауылының тұрғыны Людмила Ясинская.

    Ал Ескелді ауданы Шымыр ауылында зейнеткер Асылбике Аязбаеваның шаңырағы алғашқылардың бірі болып газға қосылды. Бұл үйді мердігер ұйым демеушілік көрсетіп, газға тегін қосып берді.

    «Жасым 82-де. Өмір бақи көмір тасып, от жағып келгенбіз. Оның өз қиындығы бар. Енді, міне, көптен күткен газға қолымыз жетті. Үйімді газға қосып берген азаматтарға рахметімді айтамын», – деді А. Аязбаева.

    Атап өтсек, Ескелді ауданының Шымыр, Абай ауылдарында газ құбырларын салу жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталған. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 47 шақырым.

    Еске салсақ, Жетісу облысының газдандыру деңгейі жыл қорытындысында 56,9% құрап отыр.

  • Семейдегі білім бөлімінің басшысы орнынан кетті

    Семейдегі білім бөлімінің басшысы орнынан кетті

    Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Біржан Булабаев жұмыстан босатылды.

    Бұл туралы Абай облысының білім басқармасы мәлімдеді. Қызметтік тексеріс нәтижесінде Семей қаласындағы үш мектептің мұғалімдері жаңа жылдық шыршаны безендіру жұмысына заңсыз тартылғаны анықталған.

    Шыршаны безендіруге шақыртылған №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жарақат алған.

    Қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша Семей қаласындағы үш мектептің директорына қатаң тәртіптік шара қолданылды. Қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды, – деп хабарлады Абай облысының білім басқармасы.

    Айта кетейік, Семей қаласында жаңа жылдық шыршаны безендіруге қатысқан мұғалім жарақат алып, ауруханаға түскен болатын.

  • «Бір-екі жылқы болса мейлі, 30-40 жылқының иесін тез табуға болатын еді». Жәбірленуші ресми органдарға арыз түсірді

    «Бір-екі жылқы болса мейлі, 30-40 жылқының иесін тез табуға болатын еді». Жәбірленуші ресми органдарға арыз түсірді

    Республикалық маңызы бар тасжолдарда өз бетімен жайылып жүрген, қараусыз қалған малдың кесірінен жол-көлік оқиғалары жиі тіркелуде. Сондай оқиғаның бірі Жетісу облысы, Ескелді ауданында тіркелді.

    Осы жылдың 8 желтоқсаны күні Әділ Бейсенбаев жол-көлік апатына ұшыраған. Оның айтуынша, Ескелді ауданы, Биғаш ауылына жақындаған тұста тас жолға аяқ астынан 30 шақты жылқы шығып қалған.

    «Сол күні қар жауған еді. Ескелді ауданы, Биғаш деген ауылға таяп қалғанда алдымнан 30 шақты жылқы жүгіріп шығады.

    Қашайын десем, екі жақта да ор. Аударылып кететінімді білдім. Жер қар, мұз болған соң қайта ақырын келе жатқанмын. Содан бірінші, екінші жылқыны соқтым. Ал қалғандары үріккеннен үстімнен таптап өте шықты. Жануарларға ештеңе болған жоқ. Дереу жол полиция қызметкерлерін шақырдым. Олар келіп хаттама толтырып, сызып, есептеді. Ал артынан жеткен учаскелік полиция жылқыларға құр қарап тұрып, ешқандай әрекет жасамай кетіп қалды. Шын мәнінде, олар жылқылардың құлағындағы енін, қандай да бір белгісін фотоға түсіріп, бейнетаспаға жазып алуы керек екен.

     

    Оны енді біліп жатырмыз. Аудан тұрғындары учаскелік полиция ауылдың мыңғырған жылқысы бар бай тұрғындарын біледі, содан кейін де өтірік таппай жүр деуі бекер емес. Негізі сол күні қар жауды. «Ізінен адасып қалдық» дейтіндей бір-екі жылқы болса түсінікті, бұл жерде 30-40 жылқыны тез-ақ тауып алатын еді», – дейді жәбірленуші.

    Бүгін көпбалалы әке Әділ Серікұлы істің алға жылжымай жатқанын айтып, бейнежолдау жасады. «Оқиғаның болғанына 12 күн өтсе де, ешқандай нәтиже жоқ. Жетісу облыстық полициясы хабарласқан сайын «Ертең табамыз» деумен келеді. Іс жүзінде аттың иесі кім екенін іздеп те жатқан жоқ.

    Ал егер жол апаты кезінде өзім өліп кетсем, не болар еді? Жағдай қазіргідей сол күйі қалар ма еді? Сондықтан Бас прокуратураға, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Антикорға, жергілікті Ішкі істер департаментіне, облыстық прокуратураға арыз түсірдім. Егер олар көмектеспесе, менде полицияға деген сенім мүлдем қалмайды.

    Ал аудандағы тұрғындардың қандай малы бар екенін білмесе, учаскелік полцияның не керегі бар? Немесе білсе де, сол адамды жауып тұр. Сондықтан көлік жүргізушілері, жолда абай болыңыздар. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, жануардың белгісі мен енін қарап, түсіріп алу керек. Әйтпесе, бірдеңе дәлелдеу қиын болады», – деді жәбірленуші.

  • Қонаев қаласында мәслихаттардың 30 жылдық мерейтойы аталып өтті

    Қонаев қаласында мәслихаттардың 30 жылдық мерейтойы аталып өтті

    Салтанатты шара қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Оған қала әкімі Асхат Бердіхановтан бастап, І-VIII шақырылымның депутаттары қатысты.

    «Мәслихаттарды алғашқы сайлаудан кейін, оны нығайтуға көптеген маңызды қадамдар жасалды. Екі жыл бұрынғы конституциялық реформамен басталған өзгерістің нәтижесінде мәслихат өкілеттіліктерін кеңейтті. Мәслихат қызметі басқарушылық және реттеуші функцияларды қамтиды. 30 жылда Қонаев қаласында барлығы 82 азамат мәслихат депутаты болып, қаламыздың дамуына өз үлесін қосып, елге қызмет етті», – деді әкім құттықтау сөзінде.

    Ол сондай-ақ халық қалаулыларының тарихи шешімдерді қабылдаудағы еңбектерін атап өтті.

    «Мәслихат депутаттары – халық пен билік арасындағы алтын көпір, халықтың әлеуметтік мәселесін шешуде барынша атсалысып жүрген ел қалаулысы. Сондықтанда Сіздердің еңбектеріңізді ерекше атап өткім келеді. Осыдан 30 жыл бұрын Қонаев қаласында 40 мың халық тұрса, қаламыздың өркендеп өсуі нәтижесінде қазіргі уақытта 65 мыңнан асты. Қаладағы орын алып жатқан барлық өзгерістер Сіздермен жылдар бойы бірлесе атқарған жұмыстың нәтижелері», – деді Асхат Бердіханов.

    Басқосуда түрлі кезеңдерде қызмет еткен депутаттар ҚР Парламенті Сенатының, Алматы облысы әкімінің, Қонаев қаласы әкімінің, облыстық мәслихат төрағасының, қалалық мәслихат төрағасының Құрмет грамоталарымен, түрлі партия филиалдарының Алғыс хатымен марапатталды.

  • Жетісу облысы құрылғаннан бері 43 жаңа өндіріс іске қосылды

    Жетісу облысы құрылғаннан бері 43 жаңа өндіріс іске қосылды

    Жетісу облысы құрылғаннан бері 43 жаңа өндіріс іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 9 өндіріс кеңейтілді. Соның нәтижесінде бір мыңнан астам адам жаңа жұмыспен қамтылды. Бұл жайында бүгін Астанада өткен брифинг кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты.

    Облыс басшысының мәліметінше, күнбағыс майын өңдейтін, кейінгі кезде тоқтап тұрған «Агрокомплекс Жетісу Мажико» зауыты жұмысын қайта бастады, оның жылдық қуаты – 500 тонна. Талдықорғанда өнеркәсіп аккумуляторларын өндіретін «Asma Industrial» заманауи зауыты іске қосылды. Сол сияқты тау-кен секторын дамыту аясында құны 1,3 трлн теңге болатын, 2 мыңнан астам жұмыс орнын құратын, қуаттылығы жылына 860 мың тонналық мыс концентратын құрайтын металлургия комбинатын салу бойынша ірі жобаны іске асыру басталды.

    – Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілгендей, біз еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдауымыз қажет. Бұл ретте қазір облыста цемент, аккумулятор батареялары, керамика плиткаларын шығару жолға қойылып, құрама жем, күн панельдерінің өндірісі дамуда. Жалпы өңірде 549 өнеркәсіп орны тіркелген, онда 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оған қоса Жетісуда баламалы энергетиканы дамытудың зор әлеуеті бар, – деді Б. Исабаев.

    Жалпы, облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде 2,6 трлн теңгеге 189 жоба бар, онда он бір мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген, оның ішінде 121 жоба іске асыру сатысында.