Рубрика: Аймақ

  • Жетісу облысында орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 91,3 % жетті

    Жетісу облысында орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 91,3 % жетті

    Биыл Жетісу облысында орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 91,3%  жетті, бұл халық санына шаққанда – 99,7 %. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты.

    – Биыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне Алакөл ауданындағы Тоқжайлау, Бибақан ауылдары қосылды, 298 км желі жөнделіп, облыстың 17 елді мекенінде ауыз судың сапасы жақсарды, – деді облыс басшысы.

    Жалпы 2023-2024 жылдары 125,3 км сумен жабдықтау желілері салынып, 306,8 км желілер қайта жаңғыртылды.

    Атап өтсек, 2025 жылға 13 жобаны іске асыру үшін 4,3 млрд. теңге бөлінді. 2025 жылдың қорытындысында орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 92,5% жетеді немесе 331 елді мекен қамтылады.

  • Облыс орталығы мәртебесін алған Қонаев қаласы 2 жылда қалай өзгерді?

    Облыс орталығы мәртебесін алған Қонаев қаласы 2 жылда қалай өзгерді?

    Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы статусын алғанына 2 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақытта шаһарда қандай өзгерістер болды? Оқырман үшін бірқатар деректі ұсынамыз:

    Біріншіден, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 59,8 млрд. теңгені құрады. 132,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыстың негізгі бөлігі жеке компаниялардың есебінен жүзеге асырылды. Қазіргі таңда 25 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Ал бюджет есебінен 60 пәтерлік 3 тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар «Самал» және «Ардагер» ықшамаудандарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру жобасы жүзеге асырылуда.

    Екіншіден, инженерлік желілер жаңартылуда. Атап айтқанда, қаланың 2, 4 және 5-ықшам аудандарындағы жылу жүйелері түгел ауыстырылды. Жүйенің жалпы ұзындығы – 3,077 шақырым.

    Қарлығаш және Гүлдер, 8 және 10-шағынаудандарында су және кәріз құбырлары жаңартылуда. Жоба 2025 жылы желтоқсанда аяқталады деп күтілуде. Кәріз-тазарту жүйесін жаңарту болса, Кешенді даму жоспарына кірді. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асады.

    Бұдан бөлек, 11 кәріз-сорғы стансасы жаңартылып жатыр. Құрылысы 2025 жылдың наурызында аяқталады деп жоспарланған.

    Үшіншіден, қанағаттанарлық жағдайдағы жол 85%-ға жетті. Қалаішілік жолдардың жалпы ұзындығы – 213,81 шақырым. Биыл 9 көшенің жолына ағымдағы жөндеу, ал 22 көшеде шұңқырларды жамау жұмыстары жасалды.

    Бұдан бөлек, 8-10 шағынауданның жолы күрделі жөндеуден өтуде. Көшенің ұзындығы 14,3 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 35 пайыз құрылысы аяқталған. Жоба 2025 жылға өтпелі. Қапшағай су қоймасының жағалауы туристік картаға енгізілуіне байланысты биыл «Morelux» демалыс аймағына баратын жол ағымдағы жөндеуден өтті.

    Ал жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 620 дана белгі орнатылды, мүгедектігі бар адамдарға арналған 30 тұрақ белгісі қойылды, 3042 шаршы метр жолақ сызылды. Гүлдер, Арна, Восточный шағынаудандарына 23 аялдама орнатылды.

    Төртіншіден, электр желілері ауыстырылуда. 2023 жылы Құрылысшы шағынауданында 23 шақырымнан астам электр желісі тартылды, 11 трансформатор, 800-ден астам жарық бағанасы қойылды. «Алтын алма» саяжайында 3 трансформатор, 510 бағана орнатылып, 47 шақырым желі тартылды. Кешенді даму жоспары аясында 16 жобаның семталық құжаттары әзірленуде.

    Бесіншіден, қала халқының көгілдір отынға қосылу үлесі 39 пайызға жетті. Қазір Қонаев пен оған қарасты елдімекендерден 5880 тұтынушы газға қосылған. Оның ішінде 5043 пәтер, 12 кәсіпорын, 65 нысан бар.

    Биыл №2 шағынауданға құбырларды тартуды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар №19-20, Спутник, Арна, Рауан ықшамаудандарына газ жергілікті бюджет қаражатына тартылады. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

    Бұдан бөлек, ауылдарға, саяжайларға, жаңа ш/а-ға көгілдір отын тарту үшін 5 жобаның құжаты жасалып жатыр.

    Алтыншыдан, 89 нысан жөндеуден өтті. Оның қатарында 22 аула, 8 спорт алаңы, 3 парк пен 8 сквер, 48 қасбет мен шатырларды жөндеу секілді жұмыстар бар. Қазақстанда теңдессіз «Скейт-парк» алаңы, «Кроссфит» алаңы салынып, қолданысқа берілді. Бұл нысандар жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін және бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін жөнделді. Орталық саябақ, Жеңіс паркі күрделі жөндеуден өтіп, заманауи сәулеттік нысандармен жабдықталды. Сонымен қатар Сейфуллин көшесін абаттандыру жұмыстары аяқталуда. Көшенің ені 10 метрден 15 метрге ұлғайтылды, 3 қабат асфальт төселді. Жаздық және қыстық 15 аялдама қойылды. Сейфуллин көшесінің басқа көшелермен қиылыстарында бағдаршамдар орналастырылды. Тротуар мен веложүргіншілер жолы салынды, олардың бойына 820 дана сәндік шамдар қойылды. 100 орындық пен қоқыс жәшігі орналастырылды. Воркаут алаңдар пайда болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар орнатылды. 233 жарық бағанасы жаңартылып, оларға ақылды шамдар қойылды.

    Жетіншіден, Қонаевта 36 инвестжоба жүзеге аспақ. Биыл негізгі капиталға 100,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Былтыр бұл көрсеткіш 88,7 млрд теңгені құрады. Жалпы алдағы 6 жылда құны 2305,8 млрд теңгені құрайтын 36 инвестжобаны жүзеге асыру көзделуде. Қазірдің өзінде 21 жоба бойынша жұмыстар басталған. Олардың қатарында кірпіш зауытын, медициналық нысан, қонақ үй кешендерін, сүт-тауарлы фермасын салу секілді түрлі бағыттағы жобалар бар.

    Сегізіншіден, туризмді дамыту мақсатында 5-жағажай абаттандырылды. Мұнда балалар бассейні, шатырлар, бизнес ойындары, футбол, волейбол алаңдары, жуынатын, шешінетін орындар, әжетхана, тұрақ орнатылды. Сондай-ақ жеке инвестордың есебінен 1 шақырым жағажай абаттандырылып жатыр. Бұдан басқа, жалпы көлемі 60 гектар болатын 5 шақырым жағажайды абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

    Тоғызыншыдан, биыл 973 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Мансап орталығына 2822 адам жүгінді. 26 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылды. Оның ішінде бесеуі – жастар, 6 – ауыл тұрғындары. Олар тігінші, кондитер, аспазшы мамандықтарын меңгерді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына 97 адам қатысып, 67 адам оқуды аяқтап, сертификаттарын алды. 2024 жылы жаңа бизнес-идеяларын іске асыру мақсатында 15 адамға 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлемінде 22 152,0 мың теңге мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде 8 грант аз қамтылған және көпбалалы отбасына, 1 мүгедектігі бар азамат, 1 ауыл тұрғынына, 6 мүгедектігі бар балаларды асыраушы ата-аналар және асыраушысынан айырылған тұлғалар қамтылды.

    Оныншы, халықты әлеуметтік қамту саласы да назардан тыс қалған емес. Биыл Қонаев қаласы және өңірі бойынша 166 жанұя, оның ішінде 856 аз қамтылған азаматтарға 74893,0 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленді.

    1 жастан 6 жасқа дейінгі 294 балаға 9769,0 мың теңге сомасына ай сайынғы кепілдендірілген әлеуметтік көмек төленді. Ата-ана төлемақысын 100% субсидиялау бойынша 75 балаға 5510,0 мың теңге төленді. Жалпы алғанда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 16 бағытта қызмет етуде.

    Барлық мүгедектігі бар тұлғалар жеке бағдарлама негізінде техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін алып отыр. Мүгедектігі бар жандарға 861 құрал-жабдық берілді. Одан бөлек, санаторлық-курорттық жолдамалармен 287адам, жеке көмекшінің қызметтерімен 56 адам, ымдау тілі маманы қызметімен 13 адам қамтылды.

    Он біріншіден, 2023 жылы 10 шағынауданда Қазақ орта мектеп-лицейі қолданысқа берілді. Қазір мұнда 431 бала білім алуда. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, Қонаевта мектеп тапшылығы жоқ. Ауыл-аймақтарды қоса есептегендегі 14 мектепте 12 902 бала 2 ауысымда оқиды. Бүгінгі таңда Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Мұндағы мердігер компания – «Қонаев Тұрғын үй» ЖШС. Қазіргі таңда ішкі жұмыстар, электр желілерін тарту, өрт қауіпсіздігі бойынша жабдықтар қою сияқты жұмыстар жүруде. Мектептің күрделі жөндеуіне 60 құрылысшы тартылған. Сондай-ақ сырты боялып қойған, абаттандыру жасалады. 1-блоктың жөндеуі желтоқсанда аяқталады, жалпы нысан 2025 жылдың мамыр айында қолданысқа беріледі деп көзделуде. Ендігі жылы А.Жұбанов атындағы №5 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Аталған нысан 1987 жылы қолданысқа берілген. Осы уақытқа дейін 2019 жылы мектеп ауласындағы стадион жөнделген, нысан күрделі жөндеуден мүлде өтпеген. Қазір мұнда 1581 бала 2 ауысымда білім алады. Ал Шеңгелдідегі Қ.Жалайыри атындағы №6 орта мектепке 2025 жылы жапсаржай салу жоспарланған. Жоба биыл тамызда мемлекеттік сараптамадан өткен.

    Қонаев қаласының әкімдігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев анықтаған тапсырмаларды орындау мақсатында бірқатар шараларды қолға алып, осы бағытта қызметті жалғастыруда.

  • Жетісу облысында балалар эхинококкоз жұқтырған

    Жетісу облысында балалар эхинококкоз жұқтырған

    Жетісу облысында 2024 жылы 36 адамнан эхинококкоз, 45 адамнан бруцеллез ауруы анықталды. Бұл туралы Жетісу облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары мәлімдеді.

    Басқарма өкілдерінің дерегінше, биыл аудан және қала аумақтарынан 15 262 ит пен 31 мысық ауланған. Облыс бойынша 309 қаңғыбас үй жануары «ізгілік жолымен» жойылды.

    Иесі бар 400-ден аса ит пен мысық клиникалық бақылауға алынып, олардың 336-сына құтырық және эхинококкоз ауруларының белгілері жоқ деген анықтама берілген.

    – 2024 жылы медицина мекемелерінде үй жануарларының тістеп, тырнап алуына қатысты 750 оқиға тіркелді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2-бабының 1-тармағына сәйкес, облыс бойынша 280 адамға 6 656 738 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Жетісу облысы Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Әбілбаев.

    Жыл басынан бері облыста мынадай аурулар тіркелді:

    эхинококкоз – 36 адам;
    қышыма – 8 адам;
    дерматомикоз – 91 адам;
    туберкулез – 24 адам;
    дерматофития – 14 адам;
    трихофития – 1 адам;
    бруцеллез – 45 адам;
    альвеококкоз – 1 адам.

    Айта кетейік, облыста 1000-нан аса ветеринар маман қызмет атқарады. Өңірде 10 ветеринарлық станция мен 118 ветпункт жұмыс істейді.

     

  • Аягөз қаласында трансформатор өртеніп, тұрғындар жарықсыз қалды

    Аягөз қаласында трансформатор өртеніп, тұрғындар жарықсыз қалды

    Абай облысы Аягөз қаласында Қабанбай көшесінің бойында жеке тұрған трансформаторда өрт шықты, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

    Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер ауа-механикалық көбікті пайдаланып, өрттің басқа аумақтарға таралуына жол бермей, оны толығымен сөндірді. Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

    Аягөз аудандық әкімдігінің оқыс оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

    «Аягөз қаласындағы электр қуатымен қамтамасыз ететін орталық қосалқы стансада 23:20 шамасында өрт шыққандықтан, қалада жарық уақытша толықтай өшірілді. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда», – делінген.

    Әкімдіктің ақпараты бойынша, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бірқатар ауылдық округтерде электр қуаты қайта қосылған. Атап айтқанда, Баршатас, Мәлкелді, Емелтау, Мәдениет, Байқошқар, Қосағаш, Мыңбұлақ, Нарын, Өркен, Бидайық, Айғыз, Ақшаулы, Ақтоғай, Қопа және Тарлаулы ауылдарында жарық қалпына келтірілді.

    Дегенмен, Аягөз қаласы мен Тарбағатай, Қарағаш, Майлин, Сарыарқа, Ақшатау, Мамырсу және Ақши ауылдық округтерінде электр қуатымен қамтамасыз ету уақытша тоқтатылған.

    «Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр», – деп қосты аудандық әкімдік өкілдері.

  • Марат Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты

    Марат Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты

    Қонаев қаласындағы букмекерлік кеңселер мен казинолардан елге жыл сайын 90 млрд теңгеге жуық салық түсіп тұр. Қаланың артықшылығы болған ойынханалар шетелден туристерді де көптеп тартып жатыр. Осылай деген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты.

    Облыс басшысының айтуынша, Қонаев қаласында қазір 5 казино мен 6 ойын залы  жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек бірнеше букмекерлік компаниялар тіркелген. Әкім ойын бизнесінің арқасында қалада жұмыссыздық мәселесі азайғанын айтады.

    «Биыл қателеспесем, олар мемлекетке 90 миллиардқа жуық салық төледі. 3,5 мың жұмыс орны құрылды және осы ойын бизнесі саласында дәл осындай 3,5 мың жұмыс орны бар. Осыншалықты адам осы жерлерден өз нәпақаларын тауып отыр. Оның үстіне су қоймасының жағалауында орналасуы туристер үшін тартымды болып отыр», – деді Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар алаңында брифингінде.

    Әкім сондай-ақ ойын бизнесі шетелдік туристерді қалай тартып отырғанына да тоқталды.

    «Жұмыс ітеп тұрған 5 казиноның лицензиясы бар. Өздеріңіз білесіздер тек Қонаев пен Щучинск қалаларында ғана ойын бизнесін жүргізуге болады. Сондықтан бізде жұмыс істейтіндер заңды  тіркелген. Ал шетелдік туристерге келер болсақ, осы  бағытта ең басты басымдық  соларда болып отыр», – деді әкім.

  • Қол астындағы аудан әкімі ұсталған Сұлтанғазиев отставкаға кете ме?

    Қол астындағы аудан әкімі ұсталған Сұлтанғазиев отставкаға кете ме?

    Бұл сұрақ орталық коммуникациялар алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке қойылды. «Біріншіден, іс әлі жүргізіліп жатыр. Сотқа берілген жоқ. Екіншіден, аудан әкімі ұсталған кезде өз лауазымын босатқан болатын. Өйткені оның уақыты өтті. Алты жыл басқарды. Үшіншіден, айып тағылып жатқан жағдай ол 2017-2021 жылғы басталған жұмыс еді», – дейді Марат Сұлтанғазиев.

    Іле ауданының бұрынғы басшысы Бағдат Қарасаев 4 қыркүйекте аймаққа 204 млн теңгеге залал келтіріп, басқа да лауазымды тұлғаларды қылмыстық схемаға тартты деген күдікке ілінген.

    Айта кету керек, Бағдат Қарасаев өзіне аффилиирленген компаниясына қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сенімгерлік басқару құқығын беру арқылы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып, санитарлық-эпидемиялық бақылау органдарының рұқсатынсыз лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген. Сонымен қатар, ол полигонды сенімгерлік басқару мерзімін заңсыз ұзарту арқылы өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдік бойынша тергеліп жатыр.Бекайдаровтың айтуынша, қылмыстық схемаға Қарасаев аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшыларын тартқан.

  • Жетісу облысында биылғы он айда өнеркәсіп өндірісі 3,9 пайызға өскен

    Жетісу облысында биылғы он айда өнеркәсіп өндірісі 3,9 пайызға өскен

    Облыс әкімінің айтуынша, биылғы І жартыжылдықтағы жалпы өңірлік өнім 6,2 пайыз өсіммен 781 миллиард теңгені құраған. Ал жыл аяғында 7,1 пайыз өсімге қол жеткізілмек. Он айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 112,8 пайызды көрсеткен.

    Ауыл шаруашылығының дамуында оң динамика бар. Сондай-ақ өндіріс көлемі, өнеркәсіп, сауда және құрылыс салалары ілгерілей түскен. Биыл өңірде 247,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,1 пайызға артық.

    Мемлекет басшысына жаңа инвесторларды тарту, облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жөнінде есеп берілді.

    Жыл басынан бері 1,3 есе өсіммен 327,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Осы ретте жеке инвестициялар саны 1,6 есе өскен. Бейбіт Исабаев 2024-2030 жылдарға арналған құны 3,5 триллион теңге болатын инвестициялық портфель қалыптастырылғанын жеткізді. Оның аясында 190 жоба қолға алынып, 11,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Биыл 54,9 миллиард теңгені құрайтын 48 жоба іске асырылып жатыр.

    Бұдан бөлек, өңірдегі өнеркәсіп саласы туралы айтылды. Жетісу облысында 549 кәсіпорын тіркеліп, 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Биылғы он айда өнеркәсіп өндірісі 3,9 пайызға өскен.

  • Президент Жетісу облысына іссапармен келді

    Президент Жетісу облысына іссапармен келді

    Мемлекет басшысы Талдықорғандағы зауыт қызметі жайлы біліп қайтты. Сондай-ақ Ынтымақ ауылындағы №30 мектепке автобусты сыйға тартты. 

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары «Талдықорған» индустриялық аймағында орналасқан «ASMA INDUSTRIAL» өндірістік аккумулятор шығару зауытының жұмысымен танысудан басталды. Құны 8,5 миллиард теңге болатын жоба былтыр қолға алынып, алдымен ғимараты жаңартылған. Бюджет қаражатына электр жабдықтары орнатылып, кәріз және газдандыру желілері тартылған. Аумағы 14,3 гектар болатын зауыт биылғы 6 желтоқсан күні іске қосылды.

    Президентке өндіріс орнын таныстырған «ASMA INDUSTRIAL» ЖШС құрылтайшысы әрі зауыт директоры Серікбай Ажмағамбетовтің айтуынша, мұнда мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінде, телекоммуникацияда, теміржол саласында, сондай-ақ «жасыл» энергетикада үздіксіз энергия көзі ретінде қолданылатын өндірістік аккумулятор батареялары шығарылады.

    Зауыт толық қуатына шыққанда 180 жұмыс орны құрылып, жылына 210 мың аккумулятор өндіреді. Дайындалған өнімнің 60 пайызын ТМД және Балтық елдеріне экспорттап, қалған 40 пайызын отандық нарықта сатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ іске қосылған алғашқы жылы бюджетке 500 миллион теңгеден астам салық төлейді.

    Зауытқа қажетті шикізаттың басым бөлігі Қазақстан кәсіпорындарынан сатып алынады. Атап айтқанда, «Қазмырыш» ЖШС-тен қорғасын, «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ-дан күкірт қышқылын алса, сепаратор мен полипропиленді Қытайдан импорттайды.

    «Мемлекет мықты болсын десек, ең алдымен, өңірлеріміз қуатты болуы керек. Өндірісі дамыған елге айналу үшін осы салаға көңіл бөліп отырмыз. Стратегиялық маңызы бар Жетісу облысына ерекше назар аударамыз», – деді Президент.

    Облыс әкімінің айтуынша, биылғы І жартыжылдықтағы жалпы өңірлік өнім 6,2 пайыз өсіммен 781 миллиард теңгені құраған. Ал жыл аяғында 7,1 пайыз өсімге қол жеткізілмек. Он айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 112,8 пайызды көрсеткен.

    Aуыл шаруашылығының дамуында оң динамика бар. Сондай-ақ өндіріс көлемі, өнеркәсіп, сауда және құрылыс салалары ілгерілей түскен. Биыл өңірде 247,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,1 пайызға артық.

    Жыл басынан бері 1,3 есе өсіммен 327,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Осы ретте жеке инвестициялар саны 1,6 есе өскен. Бейбіт Исабаев 2024-2030 жылдарға арналған құны 3,5 триллион теңге болатын инвестициялық портфель қалыптастырылғанын жеткізді. Оның аясында 190 жоба қолға алынып, 11,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Биыл 54,9 миллиард теңгені құрайтын 48 жоба іске асырылып жатыр.

    Бұдан бөлек, өңірдегі өнеркәсіп саласы туралы айтылды. Жетісу облысында 549 кәсіпорын тіркеліп, 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Биылғы он айда өнеркәсіп өндірісі 3,9 пайызға өскен.

    Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған қаласының іргесіндегі Ынтымақ ауылында биыл пайдалануға берілген №30 мектепті аралап көрді.

    1200 оқушыға есептелген білім ошағының құрылысы жергілікті бюджеттің және Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен қаржыландырылған. Заманауи үлгіде жабдықталған мектепте 77 оқу кабинеті, мультимедиа сыныптары, спорт, гимнастика, мәжіліс пен кітапхана залдары, ағаш, металл және тігін шеберханалары бар. Президент жаңа оқу ордасын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті. Мемлекет басшысы мектепке автобус сыйға тартты.

    Жалпы, биыл Жетісу облысында 3 жаңа мектеп ашылған. Оның ішінде екеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Атап айтқанда, Панфилов ауданының Жаркент қаласында 1200 орындық, Көксу ауданының Қаратал ауылында шағын жинақты мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі кезде облыс бойынша 5 білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр.

  • Солтүстік Қазақстанда екі адам шошқа тұмауын жұқтырды

    Солтүстік Қазақстанда екі адам шошқа тұмауын жұқтырды

    Еліміздің солтүстігінде екі адамнан шошқа тұмауы анықталды. Инфекция жұқтырғандардың бірі мектеп оқушысы болса, екіншісі – әскери қызметкер.

    “Шошқа тұмауын жұқтырған екі науқас та тұмауға қарсы екпе алмаған. Қазір олар ем қабылдап жатыр”, – деді дәрігерлер.

    Бұл инфекция үй құстары мен шошқадан жұғады. Ал адамнан адамға ауа арқылы таралады. «АШ1ЭН1» вирусына шалдыққан адамның басы мен бұлшық еті ауырады. Науқасты құрғақ жөтел қысып, дене қызуы көтеріледі. Дәрігерлер аталған белгілер байқалған болса бірден емханаға жүгінуге кеңес береді.

  • Қонаевта 4064 гектар жер мемлекетке қайтарылды

    Қонаевта 4064 гектар жер мемлекетке қайтарылды

    «Жыл басынан бері соттың шешімімен 3395,2 гектар, өз еркімен жерді иелену құқығынан бас тарту бойынша 668,9 га мемлекетке қайтарылды және жалпы көлемі 930 гектар жер учаскесі туралы іс сотта қаралуда», — делінген бөлімнің анықтамасында.

    Сондай-ақ бөлім қазіргі уақытта егін шаруашылығын жүргізу үшін 130 га жер учаскелеріне конкурс өткізу жоспарланып отырғанын жазды. Ақпаратқа сүйенсек, бұл жерлер 10 жылға жалға беріледі.

    Конкурсты өткізу туралы хабарлама мерзімді басылымдарда, сондай-ақ әкімдіктің ресми сайтында, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады. Бұдан бөлек, хабарлама облыс шегіндегі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жіберіледі.