Рубрика: Аймақ

  • «Таза Қазақстан»: Қонаевтағы сенбілікте 8 тонна қоқыс шығарылды

    «Таза Қазақстан»: Қонаевтағы сенбілікте 8 тонна қоқыс шығарылды

    Қонаевта «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны жалғасуда.

    Бүгін «Шошқалы сай» арнасы, Индустриальная көшесі және теміржол өткелінің бойы қоқыстан тазартылды. Науқанға 100-ге жуық адам, 4 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 8 тонна қатты қалдықтар шығарылды.

    Аталған экоакция осы аптада тағы бір рет ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

  • Ақтөбеде өрт кезінде 7 адам құтқарылды

    Ақтөбеде өрт кезінде 7 адам құтқарылды

    Ақтөбе қаласында тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы азық-түлік дүкенінде 4 ш.м. алаңда тоңазытқыш өртенді, деп хабарлайды Sona.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    «Құтқарушылардың жедел іс-қимылдарының арқасында өрт шақыру түскен сәттен бастап 20 минут ішінде жойылды», — деп жазды ТЖМ.

    Ресми мәліметке сүйенсек, төтеншеліктердің күшімен баспалдақ маршымен 7 адам құтқарылды, оның ішінде 3 бала, жоғарғы қабаттардан 5 бала және 11 ересек адам эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.

    ТЖМ азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды.

  • «Сарыарқа» хоккей клубы мемлекетке қайтарылды

    «Сарыарқа» хоккей клубы мемлекетке қайтарылды

    Мұны Қарағанды облысының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz.

    2023 жылғы 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.

    Негізгі міндеттер заңсыз алынған мүлікті анықтау және мемлекетке қайтару, сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және мүлікті заңсыз алып қоюға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.

    Прокуратура заңсыз берілген 37 жер телімін, сондай-ақ құны 900 миллион теңгені құрайтын «Сарыарқа» хоккей клубын мемлекет меншігіне қайтарды.

    Қазір прокурорлар мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің заңдылығын тексеріп жатыр.

    Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында заңсыз алынған және жекешелендірілген барлық мемлекеттік мүлікке қатысты прокурорлық қадағалау және ден қою шаралары қабылданатын болады.

  • Талғарда өзенге батқан баланы құтқарған азамат марапатталды

    Талғарда өзенге батқан баланы құтқарған азамат марапатталды

    Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков ерлік жасаған Серікжан Сембайұлына алғыс хатпен, сыйлыққа соңғы нұсқасындағы Ipad-ты табыс етті.

    Аудан басшысы Ботан Серікжанның ерен ерлігі үшін Талғар ауданы жұртының атынан шексіз алғысын білдірді. 

    «Нағыз ер адамның қолынан келетін әрекеттер назардан тыс қалмауы керек. Еліміз өз батырлары туралы білуі қажет», — деді аудан басшысы.

  • Алматы облысында 5 миллиард теңгеге жуық субсидия қаржысы ұрланған

    Алматы облысында 5 миллиард теңгеге жуық субсидия қаржысы ұрланған

    Алматы облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығы басқармасын тексеру нәтижелері бойынша бюджеттік субсидияларды ұрлаудың, оларды заңсыз төлеудің және шаруаларға “таңдау әдісімен” төленген жүйелі схемаларын анықтады, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі.

    Бүгінде бюджетке 110 млн. теңге қайтарылды.

    “Селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 миллиард теңге субсидия ұрланған. Аталған қаржыны әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асыл тұқымды жануарлардың басын көбейту мақсатында алмақ болған.  Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Құжаттары рәсімделгенімен, асыл тұқымды мал саны ұлғайтылмаған”, – делінген хабарламада.

    Облыс әкімдігінің есебінше, асыл тұқымды қой саны 4 жылда 1,9 миллионға өскен. Бірақ, прокуратура қойдың нақты басы 367 мың ғана екенін анықтаған.

    Келесі факті Ұйғыр ауданында болған. Мұндағы кооператив селекция үшін 45,2 миллион теңге субсидия алған. Шындығында, шаруа жеке ауласы ретінде аудандағы төрт түлік малды тіркеген.

    Прокуратура әкімдік мал басының нақты сақталуына мониторинг жүргізбегендіктен, мемлекеттік бюджетке залал келіп жатқанын алға тартты. Қаржыны ұрлау дерегі бойынша 5 іс қаралуда, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ал заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға 3 ұсыным енгізілді.

  • Қонаевта ветстанцияларға 15 автокөлік кілті табыс етілді

    Қонаевта ветстанцияларға 15 автокөлік кілті табыс етілді

    Ветеринария саласы қызметкерлері күніне орай, Қонаевта жаңа көліктердің кілттері табысталып, үздік мамандар марапатталды, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі.

    Бұл күні сала ардагерлері мен жас мамандарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Іс-шара барысында 4 облыстық, 11 аудандық және қалалық ветеринариялық станцияларға жаңа автомобильдердің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілді.

    «Ветеринарлардың жұмысы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Оларға ауыл шаруашылығы өнімдерінің тазалығы үшін үлкен жауапкершілік жүктелген. Облыста ветеринариялық медицина саласына айрықша мән берілуде. Мысалы, 1071 қызметкері бар облыстық ветеринариялық станция құрылды. Жыл басынан облыста жануарлар мен құстардың 16 түрлі аса қауіпті ауруларына қарсы іс-шаралардың 89%-ы орындалды», – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.

    Сондай-ақ ол биыл эпизоотияға қарсы іс-шараларға 5 млрд теңге жұмсалатынын атап өтті. Бұдан бөлек, ветеринарлық мамандардың еңбекақысын 20 пайыз ұлғайту үшін қосымша қаражат бөлінген. Нәтижесінде шалғай ауылдардағы қызметкерлердің жұмысқа орналасуына дем беріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту көзделіп отыр.

    Ерекше атап өтерлігі, кәсіби мереке қарсаңында Балқаш ауданы, Құйған ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі, 38 жыл жұмыс өтілі бар Айгүл Дүйсенбекова Премьер-министрден Алғыс хат алды.

  • Алатау қаласының құрамына бірнеше жер учаскесі өтеді

    Алатау қаласының құрамына бірнеше жер учаскесі өтеді

    Бұл туралы шешім облыстық мәслихаттың кезекті отырысында шығарылды.

    «Алматы облыстық мәслихаты шешімінің және Алматы облысының әкімдігі қаулысының қосымшасына сәйкес, Алатау қаласының шекарасына жалпы ауданы 88267,0086 гектар жер учаскелерін қоса отырып, белгіленсін», — делінген құжатта.

    Алдағы уақытта Алатау қаласының құрамына Қонаев қаласынан 10937,0052 гектар, Іле ауданынан 65213,0004 гектар және Талғар ауданынан 12117,003 гектар жер телімі өтеді. 

    Құжат қоғамдық талқы үшін «Ашық НҚА» сайтына 23 шілдеге дейін орналастырылды.

  • Қонаевта бюджет есебінен 31 тұрғын үй бой көтереді

    Қонаевта бюджет есебінен 31 тұрғын үй бой көтереді

    Қазіргі таңда бюджет қаржысына 10-шағын ауданда 180 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Сондай-ақ әрқайсысы 60 пәтерлік 9 көпқабатты үйдің сметалық құжаттары жасалып жатыр. Бұл туралы Қонаев қаласының әкімдігі ұйымдастырған пресс-тур барысында белгілі болды.

    «Алдағы жылдары 31 көпқабатты үй тұрғызу жоспарланған. Жалпы 2050 жылға есептелген Бас жоспарға сәйкес, 2 538.2 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру көзделуде», – деді құрылыс бөлімінің бас маманы Самал Тасқалиева.

    Тілшілер бүгінде жеке инвесторлардың қаржысына салынып жатқан «Sun City» және «Аристократ» кешендеріне барды. «Sun City» кешені 12 қабаттан, 3 бөліктен тұрады. Жалпы ауданы – 23 000 шаршы метр, мұнда 360 пәтер бар.

    Ал «Аристократ» кешенінде 552 пәтер қамтылған. Ғимараттың жалпы ауданы – 54,5 мың ш.м. Бес блокты 10,9 мың  ш.м. құрайтын бөлігін биыл пайдалануға беру жоспарланған.

    «Қаламызда 7 құрылыс компаниясы өз қаражаттары есебінен 2 тұрғын үй кешені мен 5  көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Олардың жалпы ауданы 123,61 мың шаршы метрді құрайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында  85 пәтер сатып алынып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің теңгеріміне өтті. Жақында табыс етіледі», – деді маман.

    Бұдан кейін журналистер бұқаралық спортты дамытуға арналған «Кроссфит» алаңына барды. Мұнда шағын футбол, баскетбол, воркаут алаңдары орналасқан. Тапсырыс беруші – қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі. Құрылыс жұмыстары былтыр басталып, биыл аяқталады деп күтілуде. Нысанның жалпы аумағы – 1 гектардан астам. Алаңның әрін жасыл аймақ пен шағын сәулеттік нысандар келтіріп тұр.

    «Бұл жерде жұрт демалуға әрі денешынықтырумен айналысуға арналған спорттық шараларды ұйымдастырмақпыз. Қонаевта жылына 300-ден астам түрлі турнир, жарыстар, додалар өтеді. Спортсүйер қауымның да саны жыл санап артуда. Әсіресе, ашық алаңда ұйымдастырылатын шаралардың көрермені қалың», – деді мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Шайкенова.

    Бұдан бөлек, БАҚ қызметкерлері жаңадан ашылған №5 қалалық жағажайды аралап шықты. Демалыс орнының аумағы 2,7 гектарды алып жатыр. Мұнда футбол, волейбол, воркаут, балалар ойын алаңдары, үстел теннисі орнатылған. Суға түсу орны мен дәретхана, шатырлар, пирс, жасыл аймақ, бизнес объектілері, балалар бассейні, автотұрақ та бар. Құтқарушыларға арналған 2 орын қойылған.

    Жергілікті мамандардың сөзінше, қалада туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтырғы шомылу маусымында 1,2 млн халық келсе, биыл оның саны екі есе өсуі мүмкін деген болжам бар. Осы бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасын табады.

    Жағажай жайлы жұртшылық та пікірін білдірді.

    «Ұнады. Бұл нысан басқалармен салыстырғанда әдемі етіп жасалған екен. Балаларымыз хауызға шомылып, әткеншек теуіп, риза болып жүр. Қонаев өркендеп, дами берсін», – деді алматылық тұрғын Айгерім.

    Сонымен қатар мамандар Қонаевта №6 және №7 жағажайларды абаттандыру көзделіп отырғанын айтты. Ал №8 жағажай инвесторлар қаржысына салынып, аттракциондар паркіне айналмақ.