Рубрика: Аймақ

  • Шымкенттік спортшылар Қонаев қаласы әкімінің кубогін жеңіп алды

    Шымкенттік спортшылар Қонаев қаласы әкімінің кубогін жеңіп алды

    Өткен демалыс күндері Қонаевта алғаш рет волейболдан қала әкімінің кубогі сынға түсті. Әуесқой ересектер арасында өткен жарысқа еліміздің түрлі өңірінен 12 команда қатысты.

    Спортшыларды шараның ашылуымен әкімнің орынбасары Төлеген Кенжебеков құттықтады.

    «Қонаев қаласы облыс орталығы статусын алғалы тұңғыш рет әкім кубогі өтіп отыр. Алдағы уақытта да түрлі шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ қаламызда бірқатар спорт нысаны бой көтереді деп көзделуде. Келген қадамдарыңызға нұр жаусын! Баршаларыңызға сәттілік тілеймін!», – деді ол.

    Ашық турнирдің 1-ші күні топтық кезең ойнатылып, жартылай финалға «Жаркент-Талды», «Жетісу облысы», «Шымкент», «Ширин» командалары шықты. Командалар ішінен Шымкент спортшылары кіл мықты екенін дәлелдеп, 1-орынды иеленді. 2-орынды Ұйғыр ауданынан келген жігіттер жеңіп алды, ал 3-орынға жетісулық команда табан тіреді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

    Сонымен қатар спортшылар жекелеген «Үздік ойыншы», «Үздік үйлестіруші», «Үздік тосқауылшы», «Үздік шабуылдаушы» номинацияларымен марапатталды.

  • Түркістан облысында ветеринария қызметінің басшысы сотталды

    Түркістан облысында ветеринария қызметінің басшысы сотталды

    Түркістан қалалық сотының үкімімен облыстық ветеринария басқармасы Ветеринарлық қызметінің басшысы Бахытжан Бегманов сотталды.

    Антикор мәліметінше, ол аудандық ветеринариялық қызметтің 115 қызметкеріне сыйақы ретінде төленген жалпы сомасы 5,5 млн теңгені жинаған. Осылайша, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған. Сот оны кінәлі деп тапты.

    Сот үкімімен Бахытжан Бегмановқа 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеліп, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Қорғалжын ауданының әкімі тағайындалды

    Қорғалжын ауданының әкімі тағайындалды

    Ақмола облысы әкімінің 2024 жылғы 25 қарашадағы өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және мәслихат депутаттарының келісімімен Қорғалжын ауданының әкімі болып Алмас Алин тағайындалды.

    Қорғалжын ауданының жаңа әкімін аудан активіне Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов таныстырды.

    Алмас Алиннің алдына ауданның дамуы және Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында халық тұрмысына қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар міндеттер қойылды.

    Аймақ басшысы жаңадан тағайындалған аудан әкіміне барлық жоспарланған объектілердің іске қосылуын жеке бақылауда ұстау және олардың бұзылуына жол бермеу, жылыту маусымын қауіпсіз және ақаусыз өткізу, сумен жабдықтау объектілерінің уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

    Сондай-ақ, Алмас Алинге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік саласын, тұрғын үй құрылысын дамыту жөнінде нақты жұмыс жүргізу қажет.

    Кездесу соңында Марат Ахметжанов жүктелген міндеттерді іске асыруда табыс тіледі, оған қоса Қорғалжын ауданының бұрынғы әкімі Берік Жанбаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.

  • «Майқайыңалтын» кен орнындағы апаттың себебі айтылды

    «Майқайыңалтын» кен орнындағы апаттың себебі айтылды

    Павлодар облысының әкімі Асаиын Байханов «Майқайыңалтын» кенішіндегі төтенше жағдайдың себебін айтты. Апаттың салдарынан үш құтқарушысы мен бір жүргізуші қаза тапқан болатын.

    Асаин Байхановтың айтуынша, шахтадағы төтенше жағдай шахтада жер қойнауының құлауына байланысты болған. Төрт жолаушысы бар автобус түнде сағат 01:01 уақытында құлап түскен. 

    «Майқайыңалтын» зауытының жаңа басшылығы техногендік апатқа байланысты жердің барлық қабатын қалпына келтіру бағдарламасы әзірлеген.

    – Бағдарлама бекітілді. Ол алтын өндіруші компанияның қаражаты есебінен қалпына келтіріледі, – деді әкім.

    Айта кету керек, 4 қаңтарға қараған түні Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінің маңындағы «Майқайың алтын» шахтасының аумағында түтін шығып, сол жаққа аттанған құтқарушылар мінген автобус кен топырағы опырылған шұңқырға құлап кеткен.

  • Атырауда қасапшыдан сібір жарасы расталды

    Атырауда қасапшыдан сібір жарасы расталды

    Атырау облысында ірі қараны әкелуді бақылау үшін төрт полиция және ветеринарлық бақылау бекеті құрылды. Қажетті құжаттарсыз малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынады.

    Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, зертханалық сараптама қорытындысы бойынша мал сою пунктінің бір қызметкерінен сібір жарасы анықталған.

    Науқас қазір ауруханада жатыр. Емдеу бекітілген медициналық хаттамаға сәйкес жүргізілуде. Оның жағдайы қазір тұрақты. Қалған адамдарда аурудың белгілері байқалмаған.

    «Инфекция ошағында санитарлық және ветеринариялық нормаларға сәйкес жұмыс жалғасуда. Ветеринариялық бақылау мамандары карантиндік аймақта орналасқан барлық жануарларға толық вакцинациялауды аяқтады. Дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде», – деді Руслан Жұмағазиев.

    Облысқа ірі қара малдың әкелінуін бақылау үшін барлық бақылау-өткізу пункттерінде егілгенін растайтын құжаттар тексеріліп, малдардың жағдайы тексеріліп, термометрия жүргізілуде.

    Осындай іс-шаралар санитарлық қауіпсіздік мақсатында Атырау қаласындағы мал сою пункттерінде де ұйымдастырылды. Ветеринариялық құжатсыз малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынады.

  • Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері сотталды

    Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері сотталды

    Ақтөбе облысында бірнеше балабақшаның бухгалтері басшысы атынан құжаттарға қол қойып, өз шоттарына ақша аударған. Бұл туралы Мұғалжар ауданының прокуратурасы анықтады.

    Салдарынан мектепке дейінгі ұйымдарда 54 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз иемденген. Заңсыз әрекет «Балауса», «Гүлдер», «Шапағат» және «Арай» балабақшаларында болған.

    Осы деректерге қатысты аудан прокуратурасы бухгалтерлерге қатысты қылмыстық кодекстің 189-бабының 2 және 4-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында «Шапағат» және «Арай» балабақшасы бухгалтерлері 5 млн теңгеден астам шығынды өтеді. Сол себепті қылмыстық іс тоқтатылды.

    «Балауса» және «Гүлдер» балабақшасы бухгалтеріне 49 млн теңге қаражатты заңсыз иемденгені үшін сот үкімі шығып, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • СҚО-да құны 1 млрд теңгеге жуық жер мемлекетке қайтарылды

    СҚО-да құны 1 млрд теңгеге жуық жер мемлекетке қайтарылды

    Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері қадағалау органы кадастрлық құны 932 млн теңге болатын жалпы ауданы 49 мың гектардан асатын жерді мемлекетке қайтарды.

    Ақжар, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов аудандарында  ұзақ уақыт бойы 42 жер телімі пайдаланылмаған.

    «Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жоғарыда аталған жерлер мемлекетке қайтарылды, олар қазіргі уақытта заңды экономикалық айналымға тартылуда» делінген хабарламада.

  • Итбалық неден қырылды?

    Итбалық неден қырылды?

    Өлген итбалықтардың көбі Түпқараған және Қарақия ауданынан табылған. 18 қараша күні балық инспекциясы мамандары шекара қызметімен бірлесіп, Құлалы, Теңіз, Подгорный аралдары, Қаражамбас және Қаламқас жеріне барлау жүргізді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде жағажайда тағы 834 итбалық өлексесі табылған. Бұған дейін 1155 өлексе табылып еді. Әзірге  теңіз суынан және итбалықтан алған сынама қорытындысы шыққан жоқ.

    «Қазіргі таңда қорытындыны күтудеміз. Гидробиология және экология ғылыми ұйымының болжамы бойынша теңіздің ластануынан болуы мүмкін деген болжам бар. Балық шаруашылығы комитетінің болжамы бойынша теңіздің жерасты сілкінуінен, сондай табиғи құбылыстардан болуы мүмкін. Мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіле береді», — деді облыстық Балық инспекциясы басқармасының бас маманы Дәурен Гарабаев.

  • Жамбыл облысында жүк тасымалдаушы компанияға 26,8 млн теңге айыппұл салынды

    Жамбыл облысында жүк тасымалдаушы компанияға 26,8 млн теңге айыппұл салынды

    Көлік министрлігі ауыр салмақты жел генераторы бөлшектерін тасымалдайтын «М нефтьСервис» ЖШС-ның көліктерін өлшеді. Нәтижесінде орта есеппен алғанда көлікке тиелген артық жүк мөлшері 85 тоннаны көрсетті.

    Ақпаратқа сәйкес, көліктік бақылау нәтижесі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы 22 хаттама толтырылған. Осылайша, ел бюджетіне түсетін қосымша қаражат 26 млн 850 мың теңге болды.

    Тексеру нәтижесінде арнайы рұқсаттағы салмақ параметрлері 85 тоннаға асқаны, жүргізушілердің еңбек және демалыс тәртібін бұзуы, лауазымды адамдарға жұмыс барысында кедергі жасау және халықаралық тасымалдауға рұқсат картасының болмауы анықталды, – делінген хабарламада.

    Министрліктің мәлімдеуінше, бұған дейін бұл компания өлшеу рәсімінен бас тартып, БАҚ арқылы шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратқан.

    Еске сала кетсек, қазір елімізде ауыр жүк көліктерін өлшейтін автоматтандырылған станциялар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Олар жолдың мерзімінен бұрын тозуын болдырмауға бағытталған. Көліктерге шамадан тыс жүк тиелген кезде жүйе автоматты түрде фотосуретке түсіреді, одан кейін бұл ақпарат көліктік деректер базасының ақпараттық-аналитикалық жүйесіне беріледі. Бұл көлікті бақылау комитетіне салмақ нормаларын асыруға байланысты құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларды жедел жіберуге мүмкіндік береді.

    Ақпарат үшін, автокөліктің жалпы салмағы жүкпен бірге келесі мәндерден аспауы керек:

    • үш осьті (М3 санатындағы топсалы автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
    • төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осімен – 32 тонна;
    • бес осьті – 38 тонна;
    • алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.
  • Жаңаөзенде мопедке мінгескен үш баланың біреуі көз жұмды

    Жаңаөзенде мопедке мінгескен үш баланың біреуі көз жұмды

    Жаңаөзенде үш жасөспірім мопедке мініп, жолда жеңіл көлікке соқтығысқан. Салдарынан бір бала көз жұмды. Бұл туралы Lada.kz хабарлайды.

    Оқиға 18 қараша күні сағат 20:30 шамасында болған. Олардың екеуі – 2010 жылы туған, ал біреуі – 2011 жылғы. Кішісі апаттан көз жұмды.

    «Екі бала Жаңаөзен көпсалалы қалалық ауруханасына қабылдау бөлмесіне жеткізілді», – деп делінген жедел жәрдем хабарламасында.