Рубрика: Аймақ

  • Қонаевтағы базарда мерзімі өткен азық-түлік сатылған

    Қонаевтағы базарда мерзімі өткен азық-түлік сатылған

    Осы уақытқа дейін блогерлер әлеуметтік желіде «Алға» базарындағы ретсіз әрі лас сауда орындары туралы ақпарат жариялаған болатын.

    Аталған жағдайға байланысты Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов үкімімен мониторингтік топ құрылды. Оның құрамына ветеринарлық инспекция, зертхана, жер қатынастары, кәсіпкерлік, ішкі саясат бөлімдерінің мамандары енгізілді.

    Сенбі күндері мұнда жәрмеңке ұйымдастырылады. Осы күні мониторингтік топ базарға барды. Нәтижесі келесідей:

    1. «Алға» базары демалыс күндері жәрмеңке өткізу орыны ретінде ЖАО-мен бекітілмеген. Алайда, базар басшылығы бұл фактіні теріске шығаруға тырысуда;
    2. ірі қара малдың еті (өкпе-бауыр, қарын майы, сирақтар), шұжықтар, сүт өнімдері ашық аспан астында сатылып тұр. Бұл санитарлық нормаларға сәйкес келмейді;
    3. мерзімі өткен шұжықтар мен түрлі тәттілерді, азық-түліктерді «үй жануарларына арналған тағам» ретінде сату деректері де тіркелді. Сондай-ақ ветеринарлық анықтамасы жоқ 2 сатушыға айыппұл салынды. Сынамалар зертханаларға жіберілді;
    4. құс еттері болса, үйдікі, сатылып жатқан жұмыртқалардың тиісті құжаттары жоқ.

    Ал базар басшылығына қатысты:

    1. тұрақ санының жеткіліксіздігі
    2. сатушыларға жағдай жасалмағаны
    3. жабық павильондардың жоқтығы
    4. базар аумағы стандарттарға сәйкес келмейтіні (қатты жабынмен жабылуы тиіс) туралы ұйғарым шығарылды.

    Мониторингтік топтың бұл ақпараты ары қарай шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберіледі. Сонымен қатар әкімдік бұл нысанды талаптарға сәйкестендіру үшін бірқатар шараларды қолға алмақ.

    Айта кетерлігі, базар тұрған жер 11 учаскеге бөлінген, иелері де әртүрлі. Қысқы маусымда сенбі күнгі жәрмеңкеде 100-120 орында сауда жасалады. Жаздың күні бұл көрсеткіш 150-ге жетеді. Сатушылардың көбі Алатау қаласынан, Талғар ауданынан келеді. Арасында қонаевтықтар да бар. апта сайын жәрмеңкеге 40 тонна картоп, 50 тонна жуа, 20 тонна сәбіз, 20 тонна қырыққабат әкелінеді.

  • Ақмола облысында пара алған командирлер сотталды

    Ақмола облысында пара алған командирлер сотталды

    Ақмола облысында ТЖМ  курсанттары оқытушыға пара берген.

    Курсанттар взвод командиріне қажетті баллды жинау үшін 5000 теңгеден берген. Аталған взвод командирі басқа әріптесімен бірігіп, «атақ» үшін тағы 267 мың теңге пара алғаны анықталды.

    Тағы бір командир ер адамнан ұлының академияға түсуі үшін 2,5 млн теңге талап еткен. Тергеу басталғаннан кейін ол бұл ақшаны қайтарды.

    Сот бірінші командирді үш жарым жылға бас бостандығынан айырды. Екінші командир параның 10 пайыз сомасында айыппұл арқалады. Олардың барлығы атақтарынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

    Пара берген кәмелетке толмаған курсанттарға да айыппұл салынды. Айыппұл сомасы сотта жарияланған жоқ.

  • Қонаевта алғаш рет тұрғындар арасында спартакиада өтті

    Қонаевта алғаш рет тұрғындар арасында спартакиада өтті

    Бұл шара халық арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттау мақсатында және «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен өтті.

    Спартакиаданың ашылу салтанатына қала әкімі Асхат Бердіханов пен облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Дастан Жексенбеков қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

    «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Сол себепті де Қонаевта турнирлар, біріншіліктер, спартакиадалар көптеп өтіп жатыр. Біздің мақсат – бұқаралық спорт түрімен айналысушылардың санын көбейту. Ол үшін ауқымды жұмыстар атқарылады деп жоспарлап отырмыз. Қатысушыларға сәттілік серік болсын дегім келеді», – деді Асхат Бердіханов өз сөзінде.

    Жарысқа қаладағы 8 шағынаудан мен Шеңгелді ауылының командалары қатысты. 100-ден астам спортшы 6 ойын түрі бойынша бақ сынасты. Оның қатарында гір тасын көтеру, арқан тарту, қол күресі секілді қазақтың ұлттық ойындары да болды.

    Қорытынды бойынша бірінші орынды 3-шағын ауданының «Тұлпар» командасы иеленсе, екінші орынға 4-шағын ауданының «Барыс» командасы табан тіреді. Ал жүлделі үшінші орынға Сарыбұлақ ауылының «Алаш» командасы ие болды. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

  • Каспий деңгейі екі метрге төмендеді

    Каспий деңгейі екі метрге төмендеді

    2006 жылдан бері судың деңгейі 2 метрге төмендеген. Бұл құбылысты Ақтау тұрғындары да байқап, әлеуметтік желіге жүктеп жатыр.

    Халық бірнеше жыл бұрын түсірілген қала жағажайы мен оның бүгінгі көрінісін салыстырып, теңіздің тартылу себебін анықтау қажет деп дабыл қағып жатыр. Әуесқой фотограф Қанатбек Кенжеғұлов үш жыл бұрын теңізде тастың үстіне қонақтаған қос шағаланы түсіріпті.

    «Сол кезде жартастың екі ұшы су бетінде көрініп тұрды. Қазір су жағалаудан шегініп кеткен соң, басқа да ірілі-ұсақ тастармен бірге құрлыққа шығып қалды. Осыған қарап, Каспийдің қаншалықты тартылғанын байқауға болады», – дейді қала тұрғыны.

    Экологтардың мәліметінше, теңіздің таяздануынан су түбіндегі қысым азайып, улы газдар бөлінуі мүмкін. Бұдан оның флорасы мен фаунасына қауіп бар.

    «Мәселенің шешудің бір жолы –  Каспий маңындағы бес мемлекет өзара келісімге келіп, айдынға жүзден астам өзеннен келіп құйылатын судың мөлшерін көбейту қажет», – дейді мамандар.

  • Қонаевта 94 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі

    Қонаевта 94 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі

    Қонаевта 1 тұрғын үй бюджет есебінен, 6 тұрғын үй инвестор есебінен тұрғызылып жатыр, деп хабарлайды Sona.kz.

    Жыл соңына дейін 94 мың шаршы метр үйді қолданысқа беру көзделуде. Бюджет есебінен 10 шағынауданда 60 пәтерлік 3 блок тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Қазір 95% жұмыс аяқталған, желтоқсан айында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге. Бұл пәтерлерді тұрғындар «Otbasy bank-тің» бағдарламасы арқылы сатып ала алады.

    Ал инвестор қаржысына тұрғызылып жатқан тұрғын үйлер келесідей:

    1. «Алинур Транс» ЖШС «NNS City» атты 21-блокты тұрғын үй салуда. Пәтерлер саны – 615. Аумағы – 53 мың шаршы метрден астам.
    2. «Аристократ» ТҮК – 25 блок, 552 пәтерден тұрады. Жалпы аумағы – 54,2 мың ш.м. Қазір оның 4 блогы қолданысқа берілген.
    3. «GS QURYLYS» ЖШС 7 блокты, 12 қабатты ТҮК салуда. Мұнда барлығы 280 пәтер болады. Аумағы – 20,5 мың шаршы метр.
    4. «Маяк» ТҮК – 7 блок, 216 пәтер. Ауданы – 15,7 мың шаршы метр.
    5. «ЖетісуЖилСтрой» ЖШС болса, 5 қабатты 60 пәтерлі 4 тұрғын үй салуда.
    6. «Атамекен» ТҮК – 9 қабатты 3 блоктан тұрады. Мұндағы 96 пәтердің жалпы аумағы 10,1 мың шаршы метр құрайды.

    Сондай-ақ инвестор есебінен 18 жеке тұрғын үйге бой көтеруде. Инвестор – «R&M Constraction» ЖШС. Аталған нысанның құрылысы желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған. Үйлер 3-4 бөлмелі. Жалпы аумағы – 1,1 гектар. Қазіргі таңда терезелерді, жылы еден және шатырларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жол салынуда. Барлық жұмыстар аяқталғасын, құрылыс бөлімі әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін осы жеке тұрғын үйлерді сатып алмақ ниетте.

    Бұдан бөлек, биыл 85 пәтер әлеуметтік осал топтағы жандарға берілгенін атап өткен жөн. Алдағы уақытта осы мақсатта 176 пәтер сатып алу жоспарланған.

     

  • Балалар спортына бөлінген 55 млн теңге жымқырылды

    Балалар спортына бөлінген 55 млн теңге жымқырылды

    Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысында балалар спортына қатысты заң бұзушылықтарды анықтады.

    Балалар шығармашылығы мен спорт саласында қызмет көрсететін 81 кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне байланысты бірқатар заң бұзушылықтар тіркелді. Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер кәсіпкерлерден өздерінің сенімді тұлғалары арқылы 55 миллион теңгеден астам қаражат алған.

    Сонымен қатар спорттық жабдықтардың талаптарға сәйкес келмеуі, балалардың келуін есепке алудың бұзылуы, бейнебақылау жүйелерінің толық сәйкес келмеуі және спорт секцияларына баратын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жасалмаған.

    Аталған факт бойынша тергеу жүргізілуде. Сот күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындады.

  • Астанада полицей қыз зорлады деген күдікке ілінді

    Астанада полицей қыз зорлады деген күдікке ілінді

    Әлеуметтік желіде Бурабай аудандық полиция бөлімінің оперативтік қызметкері 21 жастағы қызды пәтерінде зорлады деген ақпарат тарады.

    Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, полиция формасын киген ер адам қыздың пәтерінің есігін қағып, өзін тәртіп сақшысымын деп таныстырған. Ол қызға жеке куәлігін көрсетіп, оған бірнеше сұрақ қойып, кетіп қалған. Біраз уақыттан соң қайтып келіп, телефонын әріптесі алып кеткенін айтқан. Сөйтіп жәбірленушінің телефонын сұраған. Сол кезде ол қызға тап беріп, өз пәтерінде зорлаған.

    Аталған іске қатысты Астана қаласының полиция департаменті пікір білдірді.

    “Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті – бұрынғы полиция қызметкері. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдікті теріс себептермен ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды.

    Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды”, – деді полиция.

  • Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспары қалай жүзеге асуда?

    Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспары қалай жүзеге асуда?

    Қонаев қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру жобасы  таныстырылды.

    Қонаев қаласының кешенді даму жоспарына сәйкес, жергілікті бюджеттен 3 млрд 952,5 млн теңгеге 66 жоба қаржыландырылып, іске асырылуда. Оның ішінде 11 жобаның (сумен қамту бойынша 10 жоба, жылумен қамту бойынша 1 жоба) жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 2021-2023 жылдарға 167,8 млн теңге бөлініп, игерілген. Биыл осы жобаларды мемлекеттік сараптамадан өткізуге қосымша 16,9 млн теңге бөлінді.

    Сондай-ақ, 54 жобаға жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге 3 млрд 835,6 млн теңге;

    Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша – 38 жобаға 2 млрд 954,3 млн теңге:

    Сумен қамту және су бұру желілерін реконструкциялауға 7 жобаға 190,2 млн теңге;

    Жылумен қамту бойынша 5 жобаға 574,3 млн теңге;

    Электрмен қамту бойынша 16 жобаға 1 млрд 620,6 млн теңге;

    Абаттандыру бойынша 8 жобаға 467,7 млн теңге;

    Басқа да инженерлік желілердің құрылысы бойынша 2 жобаға 101,6 млн  теңге;

    Автомобиль жолдары саласы бойынша – 15 жобаға 876,3 млн теңге;

    Автомобиль жолдарының құрылысы мен реконструкциялауға 7 жобаға  684,1 млн теңге бөлінді.

    Ал қала, шағын аудандар мен ауылдық елді мекендердің жолдарына күрделі және орташа жөндеу бойынша 8 жобаға 192,2 млн теңге көзделген. Аталған жобалар бойынша жасалған келісім-шарт осы жылдың соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өтеді деп жоспарланған.

    Мұнымен қоса, өрт сөндіру депосының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу үшін ЖСҚ  әзірлеуге 5 млн теңге бөлінді. Бұл бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.

    Кешенді даму жоспарындағы «110 кВ екі тізбекті ӘЖ бар 150 МВА Арна 220/110/10 кВ Арна роботының құрылысы» жобасы құрылысының бастапқы кезеңіне 100 млн теңге көзделді.

    Жылу желілері жаңарады

    Қонаев қаласы бойынша жылу желілерінің ұзындығы 58,4 шақырымды құрайды (оның ішінде жерасты монтажы 51,49 шақырым, жер үсті монтажы 6,87 шақырым). Бүгінде Қонаев қаласы бойынша жылу желілерінің 42 пайызы тозығы жеткен.

    Былтыр қаланың 2,4, 5 ықшам аудандарындағы ұзындығы 3,077 шақырымды құрайтын жылу жүйелері құрылысы басталған еді. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап ықшамауданның сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңғырту жұмыстары да қоса атқарылды. Атап айтқанда, бұл шара «Қарлығаш» (12,6 шақырым және 5,2 шақырым), «Гүлдер» (4,2 шақырым және 2,4 шақырым), № 8, 10  (26,8 шақырым) ықшам ауданындағы құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

    «Гүлдер», «Қарлығаш» шағын ауданында кәріз және сумен қамту жобасын аяқтау үшін «Қапшағай Көркейту» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен Қонаев қаласы әкімдігі арасында келісім-шарт жасалған. Құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.

    Сонымен, қазіргі таңда кәріз жүйесінің– 90%-ы, ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысының – 90%-ы жаңартылып жатыр. Одан бөлек, былтыр басталған 11 сорғы стансасын қайта жаңғырту жобасын кестеге сай жүргізілуде.

    Жол жөндеу жұмыстары тоқтаған емес

    Бүгінде қала жолдарының ұзындығы 213,81 шақырым, оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы 181,7 шақырым жол 85%-ды құрайды.

    Ұзындығы 14,1 шақырымды құрайтын «№8,10» ықшамауданы жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның аяқталу мерзімі – 2025 жыл.

    Қаладағы автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу және жол шұңқырларын жабу үшін 22 көшеде (5000 м2 астам) көше ойықтарын жабу жұмыстары жүргізілді. 9 көшеде (20 000 м2 астам) ағымдағы жөндеу жұмыстары қатар атқарылып жатыр.  

    Сондай-ақ, Алматы, Абай, Достық, Үш аллея, т.б көшелердегі ой-шұңқырларды жабу жұмыстары жүргізілді. Железнодорожная көшесіндегі «Алтын алма», «Гүлдер» шағын ауданы, «Астория» ойынханасына қарама-қарсы көпір астындағы жол, халыққа қызмет көрсету орталығының жанындағы бір жақты жол, 5-шағын аудандағы Алматы көшесінен кіреберіс жолындағы 27 және 40 үйлер арасындағы Железнодорожная көшесінде жөндеу жұмыстары аяқталды.

    Сонымен қатар, Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауы Қазақстан Республикасының Туризм картасына енгізілгендіктен, туризм инфрақұрылымын дамыту мақсатында Сейфулин көшесінен Морелюкс демалыс аймағына дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

    Электр желілерінің 40 пайызы тозған  

    Қонаев қаласы бойынша электр желілерінің ұзындығы 293,5 шақырым болса, оның 40 пайызы тозған.   2023 жылы «Строитель» саяжай ауданында электр беру желісінің құрылысы басталған еді. Бүгінде электр желісінің 23,1 шақырымы салынып, 11 трансформаторлық қосалқы станса, 800-ден астам баған орнатылды.

    Ал  «Алтын алма» саяжай алқабында 3 трансформаторлық қосалқы станса, 510 баған орнатылып, 47 шақырымға кабель төселді.  Қалада сыртқы жарықтандыруды жаңғырту жұмысы жүргізіліп, автоматты түрде қосылып және сөнетін энергияны үнемдейтін 1 020 ақылды шамдары орнатылды. Жарық қараңғылық деңгейіне қарай жарық күшейтіледі. Қазіргі уақытта күрделі жөндеуден өтіп жатқан Сейфуллин көшесінде де «ақылды шамдар» орнатылған. Одан бөлек жаяу жүргіншілердің тротуарына да 3500 шам орнатылады. Бұл  қала тұрғындарының қоғамдық орында жайлы және қауіпсіз жүріп-тұруына септігін тигізеді.  Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жа жалғасын табады.

  • Инвестиция: Қонаевта 36 жоба жүзеге аспақ

    Инвестиция: Қонаевта 36 жоба жүзеге аспақ

    Биыл Қонаевта 100,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазір бұл жоспардың 45 пайыздан астамы орындалды. 

    Жалпы алдағы 6 жылда құны 2305,8 млрд теңгені құрайтын 36 инвестжобаны жүзеге асыру көзделуде. Қазірдің өзінде 21 жоба бойынша жұмыстар басталған. Олардың қатарында кірпіш зауытын, медициналық нысан, қонақ үй кешендерін, сүт-тауарлы фермасын салу секілді түрлі бағыттағы жобалар бар.

    Мысалы, «Оспанова Девелопмент» ЖШС 2023 жылдың қарашасында жалпы қуаттылығы 10 мың тоннаны құрайтын балық өндірісінің құрылысын аяқтады. Жалпы инвестиция көлемі 67 млрд теңге, 500 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Қала әкімдігі тарапынан 27 га жер телімі берілді. Кешеннің 1 блогын іске қосу кезінде 12 млрд теңге инвестиция тартылды, 100 жұмыс орны ашылған.

    Келесі инвестжоба – алманы өңдеп, сірке қышқылын, алманың қалдығынан малға жем-шөп өндіруге бағытталған өнеркәсіп. Қазір бұл кішігірім зауыт жекеменшіктегі ғимаратты жалға алып отыр. Тартылған инвестиция көлемі 932 млн теңгені құрайды. Цехті үлкейту де жоспарланған.

    Сондай-ақ қалада 2 дана «Compass» жанар-жағармай бекетін салу көзделуде. Ол үшін қала әкімінің тиісті қаулысымен әрқайсына 0,5 гектардан жер берілген, мемлекеттік акт алынған. Енді инвесторлар нысанның жобалық құжаттарын дайындауда.

    Әкімдік өкілдері әлеуетті инвесторлармен үнемі кездесіп, келіссөздер жүргізуде. Алматы облысының орталығы әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бұл мақсаттағы жұмыстар ары қарай да жалғасады.

    Айта кетейік, былтыр Қонаев қаласына 88,7 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 143,7%-ды құрады.

  • Қонаев Абай көшесіндегі жабайы сауда мәселесін қалай шешті?

    Қонаев Абай көшесіндегі жабайы сауда мәселесін қалай шешті?

    Қонаев қаласындағы Абай көшесі ұзақ жылдар бойы жабайы сауда орнына айналып, шаһардағы мәселесі шешілмеген негізгі аумақ ретінде келген еді.  

    Осы маңайдағы үйлердің тұрғындары мұндағы антисанитариялық жағдай, қоқыс және рұқсат етілмеген сауда нүктелеріне байланысты туындаған қолайсыздықтар жайында әкімдікке бірнеше мәрте шағымданған. Жағдайдың шегіне жеткені соншалық, коммуналдық қызмет күн сайын аумақты тазаласа да, көпке дейін мәселені түбегейлі шешу мүмкін болмады.

    Қала билігі қолға алған нақты шаралар

    Биыл әкімдік Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың жетекшілігімен белсенді іс-қимылға көшті. Абай көшесіндегі барлық заңсыз дүңгіршектер алынып, аумақ тазартылды. Қала билігі көшені кеңейтіп, абаттандыру жұмысының жоспарымен таныстырды. Яғни, бұл аумақта заманауи жаяу жүргіншілер жолын, автотұрақтар мен демалыс орнын ашатынын жеткізді.

    Алайда, бұл өзгерісті бәрі бірдей оң қабылдаған жоқ. Көптеген саудагер үшін Абай көшесі жылдар бойы кәсіппен айналысқан мекені болды. Әрине, ақша әкеліп тұрған үйреншікті орнын жоғалту кәсіпкерлердің наразылығын тудырмай қоймады.

    Саудагерлермен диалогқа келу

    Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов жабайы сауданы жүргізіп келген өкілдермен кездесіп, қала билігінің жоспарын түсіндірді. Жиында Абай көшесін абаттандырудың алдын ала жобалары таныстырылды. Мұнда тек инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, сонымен қатар барлық қажетті нормаға сәйкес келетін сауда нүктелерін құру мүмкіндігі қарастырылатыны да айтылды.

    Қала әкімі өз пікірінде жаңа абаттандырылған аумақта сауда нүктелері модульдік, заманауи және қаланың жалпы сәулеттік келбетіне сай болуы керектігін баса айтты. Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге қала билігінің қоғамдық мүддені бұзбайтын жағдайда жүргізілген шағын бизнесті қолдауға дайын екенін жеткізді.

    Аумақты жақсарту перспективалары

    Абай көшесін абаттандыру жоспарлары барлық тұрғындар үшін жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны құруды көздейді. Жаңарту мен жөндеу жұмыстарының нәтижесінде көше кәдімгі серуендеуге, демалуға, сауда жасауға ыңғайлы заманауи қоғамдық кеңістікке айналады. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, жалпы қаланың дамуына үлес қоса отырып әрі инвесторлардың назарын аударады.

    Қонаев әкімдігі халықпен және кәсіпкерлермен тиімді диалог орнату қаланың күрделі мәселелерін шешуге негіз бола алатынын көрсетті. Алда атқаратын жұмыс көп. Дегенмен, қазірдің өзінде жасалған қадамдар алға қойылған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруға сенімділік ұялатады.