Рубрика: Аймақ

  • Қонаев жағажайларындағы тазалық: күн сайын 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылады

    Қонаев жағажайларындағы тазалық: күн сайын 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылады

    Қаланың «Жасыл қала Қонаев» кәсіпорнының мәліметінше, №6 және №7 жағажайларда тазалық жұмыстарына күн сайын 10-нан астам қызметкер мен 3 техника жұмылдырылады. Таңғы 05:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін қоқыс жинау, сыпыру, арықтарды тазалау, жәшіктерді босату сынды жұмыстар жүргізіледі. Апта ішіндегі бір күнде 8 тоннаға дейін, ал демалыс күндері 15 тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Қазіргі таңда бұл аймақта 10 үлкен контейнер мен 60 бөшке орнатылған.

    Ал №5 жағажайда көгалдандыру мен тазалыққа 15 адам тұрақты түрде жауапты. Мұнда да 30-дан астам контейнер мен бөшке қойылып, қоқыс жәшіктері су қоймасының бойына орналастырылған. Бұл аумақтан күн сайын 4–5 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Демалыс күндері көлем айтарлықтай артады.

    Мамандар тұрғындарды қоғамдық мәдениетті сақтап, қоқысты арнайы орындарға тастауға шақырады. «Тазалық – ортақ жауапкершілік» екенін еске салады.

  • Қонаевта көгалдандыру жұмыстары жалғасуда

    Қонаевта көгалдандыру жұмыстары жалғасуда

    2025 жылы Қонаев қаласында көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жалғасты. Маусымдық іс-шаралар аясында қала аумағына біржылдық және көпжылдық гүлдер отырғызылды. Негізгі гүлдер қатарында раушан, лаванда, стахис, циния, тагетис, целозия және сурфиния сынды сегіз түрі бар.

    Гүлдермен безендірілген негізгі орындар – «Барыс» айналма жолы, Алматы көшесі, Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябақ, Жеңіс саябағы, С.Сейфуллин және Қонаев көшелері. Сондай-ақ Жамбыл мен Абай аллеялары бойындағы барлық гүлзарлар, 4-гимназия маңы, 5 жағажай, орталық мешіт аумағы гүлмен көмкерілді.

    Тік көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. Қонаев, Жамбыл, Қойшыманов және Алматы көшелері бойына 630 гүлзарлар орнатылды. Бұдан бөлек, қала аумағына 58 мыңнан астам бөріқарақат пен спирея ағаштары отырғызылды.

    Қазіргі уақытта жасыл желектерге күтім жасау – суару, арамшөптерден тазарту және гүл композицияларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

    Аталған жұмыстар Қонаев қаласының экологиялық жағдайын жақсарту және эстетикалық келбетін арттыру мақсатында жүзеге асырылып отыр.

  • Қарағандыда полицейлер 9-қабаттан секірмек болған ер адамды құтқарып қалды

    Қарағандыда полицейлер 9-қабаттан секірмек болған ер адамды құтқарып қалды

    Қарағандыда адам өмірі араша түскен сәт тіркелді. 5 маусым күні Тәттімбет көшесіндегі көпқабатты үйдің 9-қабатында ер адам балконнан секіруге әрекеттенген. Арқанға ілініп тұрған азаматты көрген тұрғындар жедел түрде полиция мен құтқару қызметіне хабар берген.

    Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары мен құтқарушылар шұғыл шешім қабылдап, әр секундты тиімді пайдалануға тырысқан. Полиция капитаны Адлет Әмірбеков ер адаммен сөйлесіп, оны райынан қайтаруға тырысқан сәтте, құтқарушылар есікті ашып, ер адамды ішке тартып үлгерген.

    Қазіргі таңда 39 жастағы азамат медициналық бақылауға алынды. Дәрігерлер мен психологтар оның бұл әрекетке не себепті барғанын анықтауда.

    Полицейлердің жедел шешімі мен кәсібилігі адам өмірін аман сақтап қалды.

  • Жетісуда 19 жастағы жігіт 67 млн теңге жымқырған қылмыстық топтың мүшесі болды

    Жетісуда 19 жастағы жігіт 67 млн теңге жымқырған қылмыстық топтың мүшесі болды

    Жетісу облысында 19 жастағы жігіт ұйымдасқан алаяқтар тобымен бірігіп, 67 млн теңге жымқырған. Олар жалған call-орталық ашып, өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды зиянды қосымша орнатуға итермелеген. Осы арқылы азаматтардың телефонына қашықтан кіріп, олардың атына онлайн несие рәсімдеп, ақшаны Telegram арқылы сатып алынған жалған шоттармен қолма-қол ақшаға айналдырған. Бір жәбірленушінің өз атынан 20 млн теңгеден астам несие рәсімделген. 2006 жылғы күдіктіге аса ірі көлемде алаяқтық жасау бабы бойынша айып тағылып, іс сотқа жолданды. Қалған қатысушыларға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

  • Ақтөбеде жылқы мен автокөлік соқтығысты: 15 жастағы шабандоз жарақат алып, жануар мерт болды

    Ақтөбеде жылқы мен автокөлік соқтығысты: 15 жастағы шабандоз жарақат алып, жануар мерт болды

    Ақтөбеде 1 маусым күні ерекше жол апаты тіркелді. CHEVROLET автокөлігі мен жылқы 312-ші атқыштар дивизиясы мен Мәншүк Мәметова көшелерінің қиылысында соқтығысып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

    Полиция мәліметінше, 15 жастағы шабандоз тыйым салатын бағдаршам сигналына қарамастан жолды кесіп өткен. Соның салдарынан көлікпен соқтығыс болып, жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ал жануар алған жарақатынан оқиға орнында мерт болды.

    Көлік жүргізушісі аман. Қалалық ПД шабандоздың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырып, оларды бала тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартты.

    Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.

  • БҚО-да бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапты

    БҚО-да бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапты

    Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында бір үйдің бес бірдей баласы өрттен көз жұмды. Қайғылы оқиға 4 маусым күні күндіз тіркелді.

    Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 15:00 шамасында жеке тұрғын үйде өрт шыққаны жөнінде хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 5 минут ішінде жетіп, үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі бес баланы алып шыққан.
    Өрт 30 шаршы метр аумақты шарпыған, үйдің ішкі жабдықтары мен жиһаздар жанған. Балалар дереу аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, өкінішке қарай, дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады.

    Қаза тапқан балалардың жасы — 1 жастан 6 жасқа дейін. Барлығы бір отбасының балалары. Оқиға кезінде ата-аналары жұмыста болған. Отбасы жалдамалы үйде тұрған.

    Қазіргі таңда оқиғаның себебі анықталуда. Арнайы сараптама мен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына ТЖД басшылығы, тергеу тобы, өрт зертханасы және психологтар жіберілді.

  • Қарағанды облысындағы елдімекеннен миллион дозаға жететін синтетикалық есірткі өндірісі әшкереленді

    Қарағанды облысындағы елдімекеннен миллион дозаға жететін синтетикалық есірткі өндірісі әшкереленді

    Қарағанды облысы, Солтүстік-Батыс кентінде орналасқан жасырын нарколабораторияның көзі жойылды. Полицейлердің мәліметінше, бұл цехтан 1 миллионнан астам доза синтетикалық есірткі жасауға болар еді.

    Арнайы операция барысында 6 тоннадан астам прекурсор мен 35 келі дайын психотропты зат тәркіленді. Шахтинск қаласының екі тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Тінту кезінде 355 канистр химиялық заттар, зертханалық құрал-жабдықтар, индукциялық плиталар, желдеткіш қондырғылар, респираторлар мен үш автокөлік табылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл көліктер қылмыстық мақсатта пайдаланылған болуы мүмкін.

    Полицияның мәліметінше, «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ұйымдастырылған операция нәтижесінде жаңа қатысушылардың, оның ішінде бейбіт тұрғындардың қылмыстық әрекетке тартылуына жол берілмеді.

    Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

  • Алматыда психикалық ауытқуы бар екі науқас іздестіріліп жатыр

    Алматыда психикалық ауытқуы бар екі науқас іздестіріліп жатыр

    Алматыда Психикалық денсаулық орталығының екі пациенті өз бетімен емдеу мекемесінен кетіп қалған. Оқиға 31 мамыр күні күндізгі серуен кезінде болған.

    Мекеме мәліметінше, науқастардың жоғалғаны белгілі болған сәттен бастап іздеу шаралары бірден басталған. Алайда әзірге олардың қайда екені белгісіз.

    Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері мен орталық мамандары бірлесіп іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Еріктілер қозғалысы аталған азаматтардың суреттері мен мәліметтерін жариялап, тұрғындардан қандай да бір ақпарат білсе, дереу хабарлауды сұрайды.

    Байланыс телефондары:
    +7 (701) 375-92-91
    +7 (705) 105-31-31
    немесе 102 нөміріне хабарласуға болады.

  • Шымкентте ашуға булыққан бойжеткен такси көлігін таспен қиратты

    Шымкентте ашуға булыққан бойжеткен такси көлігін таспен қиратты

    Әлеуметтік желілерде Шымкентте бойжеткеннің такси көлігінің терезелерін таспен шағып жатқан видеосы тарады. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған.

    Кадрларда қызыл белдемше киген жалаңаяқ бойжеткеннің көліктің алдымен артқы есігінің, кейіннен артқы әйнегін ауыр таспен ұрып сындырғаны көрінеді. Ол ашуын тоқтатпастан көлікке тағы да бірнеше рет тас лақтырған.

    Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бойжеткенге бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін Қылмыстық кодекстің 202-бабы бойынша іс тіркелді.

    – Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу және сараптама нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады, – делінген ресми ақпаратта.

    Қыздың бұл әрекетке не себепті барғаны әзірге белгісіз

  • ШҚО-да ер адамды ұрлап, қатыгездікпен өлтірген

    ШҚО-да ер адамды ұрлап, қатыгездікпен өлтірген

    Шығыс Қазақстан облысында жас жігітті ұрлап, азаптап өлтірген күдіктілердің бір бөлігі ұсталды. Марқұмның мәйіті Өскемендегі аурухана маңына тасталған.

    Полицияның мәліметінше, қылмысқа қатысы бар үш адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, тағы үшеуіне іздеу жарияланды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.

    Тәртіп сақшылары азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәлімет таратпауға шақырды.