Рубрика: Аймақ

  • Алматыдағы мейрамханада ер адам 6 жастағы баланы ұрған

    Алматыдағы мейрамханада ер адам 6 жастағы баланы ұрған

    Алматыдағы жоғары деңгейлі мейрамханалардың бірінде 6 жастағы баланы ересек ер адам ұрып жіберді. Оқиға 4 мамыр күні балаларға арналған ойын бөлмесінде болған. Бұл сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

    Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, ер адам балалар ойнап жүрген сәтте 6 жастағы ұл балаға себепсіз екі рет соққы жасаған. Анасы ойын бөлмесіне жүгіріп келгенде, күдікті кешірім сұраудың орнына балағат сөздер айтып, оқиға орнынан қашып кеткен.

    Айтуларынша, анасы бірнеше рет полиция шақырғанымен, тәртіп сақшылары үш сағат бойы келмеген. Ақырында, отбасы өздері бөлімшеге барып арыз жазуға мәжбүр болған. Балаға медициналық тексеру жүргізіліп, “кеуде қуысының жарақаты” диагнозы қойылған.

    Зардап шеккен баланың туыстары күдіктінің Алматы қаласы әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі екенін алға тартуда. Қазір бұл жайт әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр.

  • Қарағанды маңында жүк пойызы екі жасар баланы қағып кетті

    Қарағанды маңында жүк пойызы екі жасар баланы қағып кетті

    Қарағанды облысында жүк пойызының астына түсіп қалған екі жасар бала ауыр хәлде ауруханаға түсті. Қайғылы оқиға 1 маусым күні қала маңында болған.

    Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты теміржол көлігін пайдалану қауіпсіздігін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

    Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жарияланбайды. Бүлдіршін жансақтау бөлімінде жатыр.

  • Шеңгелдіде балабақша ашылды

    Шеңгелдіде балабақша ашылды

    1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Шеңгелдіде 50 орынға арналған жаңа жекеменшік балабақша есігін айқара ашты.

    Мекеменің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысып, жұртшылықты айтулы күнмен және жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады.

    «Бұл балабақшадан елге тұтқа болатын азаматтар өсіп шықсын. Мерекелеріңіз құтты болсын! Ауыл тұрғындарына, балақайларға зор денсаулық, ашық аспан, мол бақыт тілейміз!» – деді қала әкімінің орынбасары.

    Бүгінде Қонаев қаласында (ауылдық округтерді қоса есептегенде) барлығы 19 балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 12-сі – мемлекеттік, 7-еуі – жекеменшік. Осы көрсеткіш бүгін тағы бір балабақшамен толықты

  • Тәттілер мен сыйлықтар, демалыс пен ойын-сауық: Қонаев қаласында Халықаралық балаларды қорғау күні тойланды

    Шараға Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысып, барлық бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.

    Мерекелік концертке өнер мектептері, балабақшалар мен түрлі шығармашылық орталықтардың тәрбиеленушілері қатысты. Көпшілік назарына би қойылымдары, әндер мен көркем композициялар ұсынылды. Ерекше балалар да сахна төрінен табылып, өнерлерін паш етті.

    Сондай-ақ орталық алаңда балалар шығармашылығынан көрме ұйымдастырылып, отбасылық ойындар ойнатылды, балмұздақтар таратылды. Бұдан бөлек, бүлдіршіндер ретро-көліктерге отырып, қаланы аралап шықты.

    Жалпы Қонаев қаласында мереке кең көлемде аталып өтті:

    ✔️ Оқушылар «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында түрлі шараларға қатысты
    ✔️ 30 мамыр күні 80 ерекше балаға арналған салтанатты шара өтті. Оларға сыйлықтар таратылып, түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылды
    ✔️ мүгедектігі бар, көпбалалы және әлеуметтік осал топтан шыққан 490 баланы бассейндерге, ойын-сауық орталықтарына демалысқа апару жоспарланып отыр.

    Бұл шаралар әкімдікпен қатар, Отбасын қолдау орталығы, қаладағы қоғамдық бірлестіктермен бірге ұйымдастырылды.

  • Қонаевта дезинсекцияның ІІ кезеңі өтті: маса мен шіркейге қарсы күрес жалғасуда

    Қонаевта дезинсекцияның ІІ кезеңі өтті: маса мен шіркейге қарсы күрес жалғасуда

    Дезинсекцияның ІІ кезеңі 29 мамыр мен 1 маусым аралығында жүзеге асырылды. Өңдеу жұмыстары кешкі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жүргізілді. Бұл ретте рұқсат етілген, санитарлық талаптарға сай инсектицидтік құралдар қолданылады. Атап айтқанда, «Бактицид», «Ультрагран», «Циперметрин» сынды арнайы препараттар зиянкес жәндіктерге қарсы тиімді әсер етеді.

    Өңдеу жұмыстарына арнайы техника мен дрондар жұмылдырылып, жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған мамандар тартылған.

    Айта кетейік, бұл бағыттағы шаралар кезең-кезеңімен жаз бойы жалғасып, тамыз айына дейін жүргізіледі. Қала әкімдігі тұрғындарды өңдеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

  • Қонаевта Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аталып өтті

    Қонаевта Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аталып өтті

    Мерекелік шара барысында сахна саңлақтары құрметке бөленді, концерт қойылып, қазақтың салт-дәстүрінен сыр шертетін көрме және ұлттық нақыштағы киім үлгілерінің топтамасы халыққа ұсынылды.

    Мәдениеттің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды қала әкімі Асхат Бердіханов құттықтады.

    «Бұл күн – ұлттың өнері мен мәдениетін дамытуға күш салып жүрген сіздерге деген зор алғыс пен құрметтің белгісі. Қонаев қаласы – көне тарих пен жаңғыру тоғысқан ерекше мекен. Соңғы жылдары қаламызда мәдениет саласы жақсы дамып келеді», — деді әкім.

    Сондай-ақ ол сала жаңалықтарымен де бөлісті.

    «Түрлі байқаулар мен мерекелер, мәдени мекемелердің белсенді жұмысы – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Биыл орталық кітапхана ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Жақын күндері қалалық мәдениет үйінде де ағымдағы жөндеу жұмысы басталады. Қала бойынша кітап қоры көбейіп, оқырмандар саны да артуда. Осы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, шабыт пен табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!» — деді Асхат Бердіханов.

    Шараның ресми бөлімінде бірқатар маманға қала әкімінің Алғыс хаты табысталды.

  • 8 млрд. теңге инвестиция, Қытайға экспорт: Қонаевта жаңа зауыт салынуда

    8 млрд. теңге инвестиция, Қытайға экспорт: Қонаевта жаңа зауыт салынуда

    Мұндағы ескі станоктар түгелдей ауыстырылып, үш түрлі зауыт салынып жатыр. Оның бірі сұйық май шығаратын болса, келесілері жемдік ұн мен ұн өндіретін зауыт.

    Дайын өнім Қазақстанның нарығында саудаланып қана қоймай, Қытайға экспортталады. Тартылған инвестицияның көлемі 8 млрд. теңгені құрап отыр.

    «Бүгінде теміржол ауыстырылып, контейнер терминалы, қоймалар, зауыттар салынып жатыр. Құрылысқа 200-ге жуық адам тартылған. Сондай-ақ 2 гектар жер қосымша сатып алынды. Жобасы жасалуда. Зауыт биыл қолданысқа беріледі. Жылына 1 000 000 тонна өнім экспортқа шығарылады деп жоспарлап отырмыз», — деді ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Тоқпанов.

    Зауыт керекті материалдармен өзін-өзі қамти алады. 2-3-қабаттарда қап шығаратын станоктар қойылған. Қазір бұл жерде 250 адам еңбек етіп жатса, қосымша 300 жұмыс орны құрылады.

    Айта кетейік, Қонаев қаласының инвестициялық пулына 39 жоба енгізілген. Инвестицияның жалпы көлемі 2,4 трлн.теңгені құрайды. Нәтижесінде 17 000 тұрақты жұмыс орны пайда болады. Қазір шаһарда 12 түрлі өндіріс ошағы қызмет етеді.

  • Қонаевта 30 жыл асфальт көрмеген жолдар бар

    Қонаевта 30 жыл асфальт көрмеген жолдар бар

    Қонаев қаласының Кешенді даму жоспары аясында Шеңгелді ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ, Ақөзек және Қосқұдық ауылдарында жол жөнделіп жатыр. Бұл туралы қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев хабарлады.

    Мекеме басшысының айтуынша, Қосқұдық ауылында ұзындығы 8,5 шақырым болатын 8 көше, Сарыбұлақта 14 көшенің 7,7 шақырымы, ал Ақөзекте 6 көшенің 3,9 шақырым жолы орташа жөндеуден өтуде. Барлық учаскелерде жолдың ені 6 метр болып, бір қабат асфальт төселеді. Қазіргі таңда қиыршық тас төсеу, тегістеу жұмыстары аяқталуға жақын.

    «Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Жол құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар биыл Кербұлақ ауылындағы жолдар да орташа жөндеуден өтеді», – деді Бағдат Алиев.

    Оның айтуынша, Кешенді даму жоспары аясында жалпы 19 жоба қарастырылған. Қазіргі уақытта бірқатар жобаның сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылуда.

    Сондай-ақ қаланың өзінде жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында ағымдағы жөндеу, шұңқырларды жамау, жол белгілерін және жасанды жол дөңестерін орнату, жолақтар сызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар шілде айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

  • Энергетиктер отбасы: Қонаев тұрғыны салада 30 жыл қызмет етеді

    Энергетиктер отбасы: Қонаев тұрғыны салада 30 жыл қызмет етеді

    Ол осы салада 27 жыл қызмет етіп келеді. 1998 жылы Алматы энергетика және байланыс университетін тәмамдаған ол өмірін толықтай осы салаға арнаған.

    «Энергетика – біздің отбасының өмір жолына айналды. Жұбайым да – осы саланың маманы. Кенже ұлым да болашағын энергетикамен байланыстырды. Осылайша, біздің отбасымыз «энергетиктер әулеті» болып шыға келді», – дейді Айбол.

    Оның күнделікті міндеті — қосалқы станциядағы құрылғылардың жұмысын бақылау, апатты жағдай орын алған сәтте тиісті қызметтерге шұғыл хабар беру, әрі қарай нұсқаулыққа сәйкес әрекет ету. Қауіп пен жауапкершілік қатар жүретін салада мұқияттылық пен кәсібилік аса маңызды.

    Айбол Көпеков заманауи технологиялардың артықшылығын жоққа шығармайды. Соңғы бес жылда жүйе автоматтандырылып, құрылғылар жаңартылған. Алайда, бұл адам жауапкершілігін азайтпайды, керісінше, жаңашылдыққа тез бейімделуді, білім мен тәжірибені ұштастыруды талап етеді.

    Ол – жас мамандарға жол көрсетіп, тәжірибесін аямай бөлісіп жүрген тәлімгер.

    «Жастар келеді, үйренеді, өз орындарын табады. Ал мен үшін халыққа қызмет ету – үлкен абырой әрі мәртебе», – дейді маман.

    Ел Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны бекер емес. Себебі дәл осындай адамдар – елдің іргесін бекемдеп тұрған еңбек иелері. Айбол сынды қарапайым жандардың күнделікті елеусіз еңбегі ел тіршілігінің басты тетігіне айналған.

  • Қонаевта 14,3 мың гектар жер пайдаланылмай жатқаны анықталды

    Қонаевта 14,3 мың гектар жер пайдаланылмай жатқаны анықталды

    Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылы 15,7 мың гектар, ал 2025 жылы 14,3 мың гектар жердің мақсатқа сай пайдаланылмай жатқаны анықталған. Мұндай учаскелер — ауыл шаруашылығы айналымына тартылмаған, инфрақұрылым немесе өндірістік жобаға айналдырылмаған бос жатқан аумақтар.
    Мемлекетке қайтарылған жерлер:
    2024 жылы 4230 гектар жайылымдық жер мемлекеттік босалқы жер қорына қайтарылған. Оның ішінде:
    •668,9 га – жер иелерінің ерікті түрде қайтаруымен;
    •339,2 га – Қонаев қалалық сотының шешімімен.
    Ал биыл, 2025 жылдың басынан бері:
    •1490 гектар жер сот шешімімен мемлекетке қайтарылды;
    •оның 150 гектары – иелері тарапынан өз еркімен берілген.
    Сонымен қатар 1121 гектар жерге қатысты материалдар Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, салық мөлшерлемесін 20 есеге дейін арттыру шаралары қарастырылған.
    Неге бұл жұмыстар жүргізілуде?
    Жер — мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік ресурсы. Оны мақсатсыз иемдену немесе пайдаланбау — заңбұзушылық қана емес, қоғам игілігінен тыс қалдыруды білдіреді.
    Мемлекет пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару арқылы:
    •ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға,
    •жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға,
    •инфрақұрылым жүргізуге,
    •жайылым тапшылығы мәселесін шешуге жол ашады.
    Қонаев қаласы әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, жер пайдаланушыларға жерді тиімді игеру жөнінде талаптарды еске салады. Талап орындалмаған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданады.