Рубрика: Аймақ

  • Демалыс күндері кей өңірлерде 30 градус ыстық болады

    Демалыс күндері кей өңірлерде 30 градус ыстық болады

    Синоптиктер 5,6,7 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады.

    «Скандинавиялық антициклонның ықпалымен еліміздің батысында, 5, 6 қазанда солтүстік және шығыс облыстарда ауа райы ашық болады, күндіз батыста температура 23-30 градусқа көтерілсе, солтүстікте және шығыста 15-23 градусқа дейін жылынады. Алайда түнде температура нөлден де төмендейді», делінген ауа райы болжамында.
    7 қазанға қарай солтүстік пен шығысқа суық атмосфералық ағын мен жаңбырлы бұлт таралады, сондықтан жел күшейіп, жауын жауып, күн салқындайды.
  • «Пайызсыз баспана»: 134 адамды алдағандар сотталды

    «Пайызсыз баспана»: 134 адамды алдағандар сотталды

    Шымкентте әлеуметтік желі арқылы қаржы пирамидасын ұйымдастырған қылмыстық топ мүшелері сотталды. «Пайызсыз баспана» деп аталатын ұйым құрған олар Шымкент, Астана және Алматы қалаларынан арзан бағамен үй алып беруге көмектесеміз деп, 134 азаматты алдап соққан. Алғашқы жарна ретінде 1 миллион ақша аударса бағасы 15 миллион теңге болатын пәтерді алуға жәрдемдесетінін айтып, жарнамалаған. Және азаматтардың сеніміне кіру үшін алдымен 3-4 адамға үй сатып әпергенін желі арқылы таратады. Олар осындай жымысқы әрекетімен 171 миллион теңге олжа тапқан. Сот топ жетекшісі мен оның екі көмекшісін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырды.

     

  • Ақтауға қоқиқаздар ұшып келді

    Ақтауға қоқиқаздар ұшып келді

    Ақтауға қоқиқаздар ұшып келді. Қаракөл көліне қонған құстарды жергілікті тұрғын видеоға түсірген. Бұл жолы қызғылт қоқиқаздың қауырсындары ерекше және сұр түсті екені байқалады. Қоқиқаздар Мағыстау өңіріне жылына екі рет келеді. Қанаттылар Қаракөл көлінде қарашаның соңына дейін аялдап,ары қарай ұшып кетеді. Кейін наурыздың басында қайта оралып, мамырдың ортасына дейін көлді мекендейді.

  • Ақтөбеліктер ішімдік ішкен әйел кесірінен көгілдір отынсыз қалды

    Ақтөбеліктер ішімдік ішкен әйел кесірінен көгілдір отынсыз қалды

    Ақтөбеде спиртті ішімдік ішкен әйелдің кесірінен 550-ден астам пәтер көгілдір отынсыз қалды. Оқиға бүгін, таңғы сағат алты жарымда болған. «Мерседес» көлігімен келе жатқан 39 жастағы келіншек газ құбыры өтіп жатқан шұңқырға түсіп кеткен. Жүргізушінің өзі зардап шеккен жоқ. Сараптама нәтижесі оның ішімдік ішкенін көрсетті. Көлік құбырды зақымдап, сол маңдағы сегіз үй көгілдір отынсыз қалды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шұңқырды әкімдіктің рұқсатымен жеке компаниялардың бірі қосымша газ құбырын тарту үшін қазғаны анықталды.

    «Жол көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өткізілген сараптамаға сәйкес, автокөлік жүргізушісі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Осы дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа шешім қабылдау үшін жіберілді», -деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев Германия халқын Бірлік күнімен құттықтады

    Қасым-Жомарт Тоқаев Германия халқын Бірлік күнімен құттықтады

    Мемлекет басшысы Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге құттықтау жеделхатын жолдады

    Қасым-Жомарт Тоқаев Франк-Вальтер Штайнмайер мен барша Германия халқын Бірлік күнімен құттықтады.

    ✔️Президент Германия Федеративтік Республикасының өркендей беруіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ Қазақстан мен Германияның дәстүрлі достық пен өзара тиімді серіктестік рухындағы ынтымақтастығы одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

    ✔️Қасым-Жомарт Тоқаев Франк-Вальтер Штайнмайердің аса жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас Германия халқына бақ-береке тіледі.
  • 4 мыңнан астам адам бәс тіккен казиноның иесі табылды

    4 мыңнан астам адам бәс тіккен казиноның иесі табылды

    Қаржы мониторинг агенттігі жазғандай, құмар ойын «Club GG» қосымшасының терісін жамылған болып шықты.

    «Бәс тігу ставкасы 100 мың теңгеге дейін баратын «Club GG» деген покер 40-тан астам ойын үстелін қамтыған. Бәс тіккісі келгендерге 20 оператор қызмет көрсеткен және телеграм-арнасы болған. Ставка да, ставканың ұтысы да адамның шотына аударылған. Осы ойынды ұйымдастырып бергендер айналымдағы ақшаның 10% алып отырған. Жыл басынан бері бұл заңсыз покердің табысы 55 млн теңгеден асқан», — деп хабарлайды Қаржы мониторинг агенттігі.

    Дереккөзге сүйенсек, осы онлайн казиноға 4 мыңнан астам адам бәс тіккен.

    «Ұсталғандардың Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Жетісу облыстарындағы үйлерінен, көліктерінен, кеңселерінен ондаған ноутбук пен компьютер, ұялы телефон, ақша, мемлекеттік тіркеу нөмірлері табылған», — деп хабарлады ҚМА.

  • Атырау мұнай өңдеу зауыты уақытша жабылды

    Атырау мұнай өңдеу зауыты уақытша жабылды

    Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылды. Кәсіпорын қазан айының аяғында қайта іске кіріседі. Жөндеу жұмыстарына 2 мыңнан аса адам мен 70 арнайы техника жұмылдырылған. Олар технологиялық құрылғылар мен құБырларды тексеріп, реакторлық жабдықтардағы катализаторларды ауыстырады. Қазір зауыттың резервуар паркінде жанар-жағармай қоры жинақталған. 30 мың тонна бензин, 15 мың тонна дизель және 500 тоннадай сұйытылған газ қоры бар.

    «Зиянды заттардың ауаға шығарылуын болдырмау үшін жабдықтарды тазалау жұмыстары жабық жүйеде жүргізіледі. Жалпы жоспарлы-алдын алу жұмыстары зауыттағы технологиялық қондырғылардың қауіпсіз қызметі мен тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, өндірістің тиімділігін арттыру үшін қажет. Бұл жыл сайын өткізілетін шара», —  деді мұнай өңдеу зауыты бас механигінің міндетін атқарушы БОЛАТБЕК ЕСҚАЛИЕВ.

  • Үш бала зорлаған 5 жасар қыздың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалмақ

    Үш бала зорлаған 5 жасар қыздың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалмақ

    Қостанай облысында 8, 12 және 13 жастағы балалар зорлаған бес жасар қыздың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалмақ. Әйелге желіде қызына қастандық жасағандар туралы ақпаратты айтқаны үшін айып тағылды.

    Оқиға туралы қыздың анасы “Не молчи” қорына айтып берген. Деректерге сүйенсек 6 шілде күні анасы 5 жасар қызына жаңа велосипед әкеліп қуантпақ болған. Ойнап жүрген қызын біраз іздеп таба алмаған. Кейін қызы алба-жұлба киіммен қолында бір қап ойыншықтармен өзі үйге қарай келген.

    – Анасы қатты қорққанынан қызына ұрысқан. Қазір сол әрекетіне қатты өкінеді. Себебі ол кезде қыздың да жағдайы нашар болған. Ол ештеңе айтпаған және тұйықталып қалған. Кейін біраз күннен соң ғана болған жайтты атасына айтып берген.

    Анықталғандай үш бала бүлдіршінді қамыс арасына әкетіп екеуі ұстап тұрып, қыздың жыныс мүшелерін ұстаған. Қарсыласып жылағанда таспен ұрған. Үш ұл да қызға зорлық көрсеткен. Кейін ешкімге айтпауы үшін бір қап ойыншық берген, – делінген жазбада.

    Астана адвокаттар алқасының адвокаты Илья Лунев бұл оқиғаның күтпеген жалғасы болғанын жазды.

    – 14 жасқа дейінгі балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтыны белгілі, сәйкесінше қылмыс жасағандар ешқандай жазаға тартылмады. Мұны жақсы түсінсе де тергеу әлі де шексіз сараптамалар жасап, жауап алуда. Жәбірленуші қыздың жанын одан әрі жаралауда. Енді бес жасар жәбірленушінің анасының үстінен чаттардың бірінде ұлдардың есімдерін атағаны үшін қылмыстық іс қозғағысы келеді, – деп жазды заңгер Instagram желісінде.

    Лунев Қылмыстық кодекстің 423-бабы «сотқа дейінгі іс жүргізу немесе жабық сот талқылауы туралы мәліметтерді жария ету» туралы айтып отырғанын түсіндірді. Қыздың анасы екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

  • ШҚО-да көпір опырылып түсті

    ШҚО-да көпір опырылып түсті

    ШҚО Алтай ауданындағы 48-50 км учаскесінде Октябрь өткелі – Алтайка – Жаңа Хайрузовка облыстық маңызы бар автомобиль жолы уақытша жабылды, деп хабарлады YK-news.kz.

    Жолдың жабылуына Таволжанка өзені арқылы өтетін көпірдің негізгі тіректерін жер асты суларының шайып, құлауы себеп болған.

    Қазіргі уақытта оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Көпірмен жүруге шектеу қойылып, жол белгілері орнатылды. Сондай-ақ уақытша айналма жол салу жұмыстары басталып кетті.

     

  • Қостанайда үйі жоқтардың мекемесін басқарған басшының ісі сотқа жолданды

    Қостанайда үйі жоқтардың мекемесін басқарған басшының ісі сотқа жолданды

    Қостанай облысының прокуратурасы Бюджет қаражатын жымқыру туралы іс сотқа жолданды.

    «Ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде Қостанай облысының прокуратурасы бюджет қаражатын жымқыру туралы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін жасады.
    Тергеу барысында 2017 жылдың қазан айынан 2024 жылдың тамыз айына дейінгі кезеңде «Қостанай қалалық тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, адамдарды әртүрлі лауазымдарға жалған жұмысқа орналастырғаны анықталды», — делінген Қостанай облысы прокуратурасының хабарламасында.

    Ведомствоның ақпаратына сәйкес,  жұмыспен қамтылғандар жұмыс орындарына іс жүзінде келмеген, функционалдық міндеттерін орындамаған, ал басшы олардың шоттарына жалақы түрінде түскен ақшалай қаражатты иемденген.

    Күдіктінің заңсыз әрекеті нәтижесінде мемлекетке 11 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

    Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2) тармақшасы бойынша сараланған (мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi адамға теңестiрiлген адамның сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi қызмет бабын пайдалана отырып, iрi мөлшерде жымқыруы).

    Жоғарыда көрсетілген баптың санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

    Қылмыстық істі Қостанай қаласының № 2 соты қарайды.