Рубрика: Аймақ

  • Түркістан облысында гидроцикл адамдарды қағып кетті

    Түркістан облысында гидроцикл адамдарды қағып кетті

    Жаға ұстатарлық кадрлар куәгерлердің телефон камерасына түсіп қалған. Бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, жұрт қызу талқылап жатыр.

    Кадрлардан үлкен жылдамдықпен келе жатқан гидроциклдің үрлемелі дивандағы адамдарды қағып кеткенін анық көруге болады. Аталған жайт 8 тамыз күні Шардара су қоймасында орын алған.

    Түркістан облыстық ПД мәліметінше, апаттан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

    «Гидроциклдің жүргізушісі ұсталды. Су көлігі айыппұл тұрағына қойылды. Сондай-ақ гидроциклді жалға берушілерді жауапкершілікке тарту үшін шаралар қабылдануда», — деп жазды жергілікті ПД.

  • Талғар ауданында су тапшы: әкім уәде бергенмен, мәселе шешілмеді

    Талғар ауданында су тапшы: әкім уәде бергенмен, мәселе шешілмеді

    Алматы облысы Талғар ауданының тұрғындары су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Тіпті, олар жиналып, наразылыққа шыққан. Аудан әкімі Танат Айдарбековке қояр талаптары біреу – нақты іске көшіп, мәселенің түйінін тарқату.

    Ал әкім проблеманы шешу үшін жұмыс жасалып жатқанын алға тартты. Сөзінше, су тапшылығы «Тас-Құм Су» мекемесінің «Алматы суға» қарыз болуынан туындаған. «Алматы су» ауыз су жеткізуді тоқтатып, орнына «BAUYR LTD» ЖШС жұмыс істей бастаған.

    «BAUYR LTD» ЖШС басшылығы ақпан айында су құбырларын ауыстырып, жазда мәселені шешемін деп уәде берген. Сөзінде тұрмады. Алайда, 4,6 млрд. теңгеге жоба жасалып, құрылыс жұмыстары басталған. Қазір арнайы техникамен жұртқа су тасымалдап жатырмыз. Таңертең және кешке 3-4 сағатқа су қосылады», – деді әкім.

    Бұдан бөлек, Бесағаштағы су желілері 95% тозған. Қазір мұнда 25 мыңға жуық тұтынушы бар.

    «BAUYR LTD» ЖШС желілерді күтіп ұстау жұмысын мойнына алғанмен, «Алматы судан» техникалық шарт ала алмады. Нәтижесінде Бесағашқа су беру мүлде тоқтатылды. Түйткілді шешу мақсатында «Талғар су» ШЖҚ МКК ауылдың оңтүстік жағына ауыз су жеткізуге келісімшарт жасалды», — деді Танат Айдарбеков.

    «BAUYR LTD» жұмысы қашан жанданатыны белгісіз, ол меморандумда көрсетілген талаптарды орындамаған. Ал «Талғар су» ЖШС болса, тамыздың ортасына таман орталықтандырылған суға құбырларды жалғау жұмысын аяқтамақ.

  • Жетісуда жемқорлыққа қарсы кампанияға миллиондар бөлінеді: шын күрес пе, шығын ба?

    Жетісуда жемқорлыққа қарсы кампанияға миллиондар бөлінеді: шын күрес пе, шығын ба?

    Жетісу облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы бейнероликтер түсіру үшін 12 млн. теңге қаржы бөлінбек. Оларды «Хабар» және «24KZ» телеарналарында, радио мен әлеуметтік желілерде тарату көзделуде.

    Құжаттарға сүйенсек, видеоларды түсіруге қатаң талап қойылған. Түсірілімге кәсіби 5 актер қатысуы тиіс, ал музыка авторлық құқықты сақтай отырып қолданылуы қажет. Сценарийді бұрын осы қызметте еңбек өтілі бар маман жазуы керек, режиссердің портфолиосында Youtube және кинохостингтарда жарияланған екі көркем фильмі болуы тиіс.

    Бұдан бөлек, қазақ және орыс тілдерінде  бір минуттық 5 аудиоролик жасау жоспарланған. Оны республикалық радиода 5 жылдық еңбек өтілі бар диктор дыбыстауы қажет. Аудиоматериалдар республикалық және жергілікті радиоларда, қоғамдық орындар мен сауда орындарында күніне 4 рет қойылмақ.

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы контентті әлеуметтік желілерде жариялауға ерекше назар аударылуда. Мемлекеттік тапсырысты беруші – Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы. Аталған басқарма бейнероликтерді оқырманы миллионнан кем емес блогерлердің парақшасында жариялауға талап қойып отыр. Сондай-ақ материалдар Жетісу облысындағы аудиториясы 100 мың болатын парақшаларда жариялануы қажет.

    Осы орайда, Sona.kz редакциясы Жетісуда миллион оқырманы бар блогерлердің жоқ екенін алға тартады. Танымал парақшалар Қайрат Әбдірахманға, Айдос Кертаевқа тиесілі. Олардың жазылушыларының саны – 200 мыңнан кем.

    Соңғы деректерге сүйенсек, Жетісуда 698 987 адам тұрады. Тапсырыс берушінің талаптарына көз жүгіртсек, жобаның мақсаттарының бірі – аталған халық санынан 1,5 есе көп аудиторияны қамту. Жергілікті «Жетісу» телеарнасы жұмыс істеп тұрса да, лотты ұйымдастырушылар жобаға республикалық арналар мен инфлюэнсерлерді тартпақ. Ал инфлюэнсерлердің негізгі аудиториясы –ТМД елдерінің жұрты.

  • Алатауда ер азамат 11 жасар қыздарға мүшесін көрсеткен

    Алатауда ер азамат 11 жасар қыздарға мүшесін көрсеткен

    Алматы облысының Алатау қаласында жаға ұстатар жағдай орын алды. Арна ауылының 52 жасар тұрғыны 2013 жылы туған екі қызға мүшесін көрсеткен. Sona.kz тілшісінің мәліметінше, оқиға тал түсте болған.

    Дереккөздің ақпаратынша, қыздың бірі бұл жайтты телефонға түсіріп алып, ата-анасына көрсеткен. Олар бірден полиция қызметіне хабар берген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

    Қазір балалар үйлерінде, денелеріне ешқандай зақым келмеген. Олармен психологтар жұмыс істеуде.

  • Ақмола облысында бүтін бір отбасы суға батып кетті

    Ақмола облысында бүтін бір отбасы суға батып кетті

    Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

    Министрліктің мәліметінше, 4 адамның өмірін қиған қайғылы оқиға Аршалы ауданы Арнасай ауылынан 2 шақырым жердегі Астана су қоймасында болған.

    «Төртеуі де бір отбасының мүшелері. 1980 жылы туған әйел мен 2001 жылы туған қыздың денелерін куәгерлер тапты. 1977 және 2000 жылы туған екі ер адамның денесін Ақмола облысы және Астана қаласының ТЖД құтқарушылары іздеп жатыр», — делінген хабарламада.

    Сондай-ақ ТЖМ отбасы мүшелері шомылуға тыйым салынған жерде суға кеткенін атап өтті.

  • Алматы облысының тауларында сел жүруі мүмкін

    Алматы облысының тауларында сел жүруі мүмкін

    Өңірдегі әкімдіктің мәліметінше, бүгінгі таңда Алматы облысының таулы аудандарында температураның жоғарылауы, мұздықтардың қарқынды еруі және мореналық-мұздық көлдердің толуы, өзен арналарындағы ағынның жоғарылауы байқалуда. Аймақта сел жүру қаупі сейілмей тұр.

    «Талғар өзенінің бассейніндегі №19 көл қазіргі көлдің солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде жиналған су жағалауды жырып ағуы мүмкін. Осыған байланысты адамдарға Талғар қаласында орналасқан гиротехникалық қондырғыдан асып, тауға, демалыс орындарына шығуға тыйым салынды», — делінген хабарламада.

    Сонымен қатар әкімдік Талғар өзеніне жақын орналасқан үй иелеріне әлеуметтік желілерде, теледидар және радиода таратылатын ресми ақпаратқа үнемі мән беру керек екенін ескертті.

  • Пәтерлерде ауыз су тапшы: Қонаев әкімдігі мәлімдеме жасады

    Пәтерлерде ауыз су тапшы: Қонаев әкімдігі мәлімдеме жасады

    Соңғы он күннен бері Қонаев қаласында 40-45 градус Цельсий шамасында аптап ыстық тіркелді. Осы дерекке және ауыз сумен ағаштар, газондарды суаруға байланысты көппәтерлі үйлердің жоғары қабатына су көтерілмей, қысым төмендеуі байқалды.

    Сондықтан «Қонаев Су Арнасы» мекемесі 1 тамыздан бастап барлық демалыс орындарында бассейндерді толтыру және газондарды суаруды күндіз жасауға тыйым салды. Бұдан бөлек, мекеме мамандары шағын аудандар ішіндегі құдықтардың құрылғыларын тексеріп, ретке келтірді. Нәтижесінде су қысымы бір қалыпқа түсті.

    Айта кетерлік жайт, Қонаевта ауыз су желілерінің 80 пайызы тозығы жеткен. Мәселені шешу мақсатында Кешенді даму жоспарына сәйкес, 6 жобаның құжаттары дайындалуда.

  • «Семей орманында» тағы өрт шықты

    «Семей орманында» тағы өрт шықты

    1 тамыз күні «Семей орманы» мемлекеттік орман өрті қызметінің пультына қызыл жалын шыққаны туралы ақпарат түскен. ТЖМ-нің мәліметінше, өрт Бесқарағай ауданындағы Дөңгелек орманшылығында пайда болған.

    7 гектар аумақтағы отпен күреске 60 адам, орманшылық пен ТЖД-ның 15 техникасы, тікұшақ жұмылдырылды. Өрт тез арада ауыздықталып, сөндірілді.

  • Қонаев қаласы жылыту маусымына 85% дайын

    Қонаев қаласы жылыту маусымына 85% дайын

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов «Жылу орталығы» мекемесіне барып, жылыту маусымына дайындық барысымен танысты.

    Мекеме директоры Оңғарбек Махамбетовтің сөзінше, нысан жылыту маусымына 85 пайыз дайын. №2 және №4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. Сондай-ақ су жылытқыш №9 қазандыққа ревизия жасалды.

    «Орталықта 10 қазандық бар. Оның төртеуі су жылытқыш, алтауы бу қазандықтары. Қазір су жылытқыш 1 қазандық қана жұмыс істеп тұр, 3-еуі резервте. Бу қазандығының біреуі қолданысқа берілмей, жөндеуден өтуде, 1-еуі жұмыс жасауда, 4-еуі резервте», – деді мекеме басшысы.

    Қалада орталықтандырған жылуға 31 мыңнан астам абонент қосылған. Үйдегі температураның төмендігіне байланысты өтініштердің 70 пайызы қаралып, пәтер иелері кооперативтерімен тығыз жұмыс атқарылуда. Қазір №1,2,3,4 ш/а-дағы көпқабатты үйлердің жертөлелеріндегі қондырғылар тазаланып жатыр.

    «12 тамыздан бастап жабдықтарды тексеру мақсатында шаһарға ыстық су беру тоқтатылады. Мұның барлығы қыстан аман-есен шығу үшін жасалып жатқанын тұрғындар түсінуі қажет», — деді Оңғарбек Махамбетов.

    Сонымен қатар ол №2,4,5 шағын аудандарының жылу желілерін ауыстырып жатқан мердігер компанияның ісі туралы айтты. Сөзінше, сот шешімі жақын арада шығады. Содан кейін конкурс қайта ойнатылады. Мердігер анықталған соң, аталған желіні қазан айының соңына дейін іске қосу жоспарлануда.

    Қала әкімі Асхат Бердіханов болса, нысанды жаңғырту жобасын тездетіп жасауды тапсырды.

    Мамандар халыққа пәтердегі терезелерді жылылап, құбырлар мен радиаторларды уақытылы тазалауға кеңес береді.

  • Алакөлдегі апат: жәбірленушілер дельтаплан иесінен ақша бопсалаған

    Алакөлдегі апат: жәбірленушілер дельтаплан иесінен ақша бопсалаған

    Көлге құлаған дельтапланның иесі Асқар Жолдығұтов осылай деп шағымдануда.

    Оның сөзінше, дельтапланды ол былтыр сатып алған. Кейіннен құжаттарын жасап, жөндеуден, тәжірибеден өткізіп, сатып жібермек болған.

    «Дельтапланның сыртында жазылып тұрған нөмір – менікі. Алайда, оған ақша аударымдары түскен жоқ. Ұшқыш күніне миллион табады деген пікір де жалған. Жағдайын барып көрсеңіздер болады. Ол дельтапланды жөндеп болған соң жақындарын ұшырып жүрген, кейіннен басқа азаматтарға қызмет көрсете бастаған. Мен бұл туралы білген жоқпын», — деді Асқар Жолдығұтов.

    Дельтапланның иесі әуе кемесінің құлауын қылмыстық іске теңемей отыр.

    «Иә, апат болғаны рас. Алайда, бұл – қылмыстық іс емес, айыппұл салынуы мүмкін», — деді ол.

    Асқар Жолдығұтов жәбірленушілердің туысқандары медициналық көмектен бас тартып, ақша сұрағанын атап өтті.

    «Олар мені халықтың жауы қылды. Ұшқыштың атынан кешірім сұрадым. Медициналық көмек көрсетуді ұсындым. Бас тартты, ақша сұрады», — деді Асқар.

    Ал жәбірленуші Баянның жақындарының мәліметінше, оның миы шайқалып, тізесі мен табан сүйектері бірнеше жерден сынған, оң жақ бетіне зақым келген.

    Естеріңізге сала кетейік, 25 шілде күні 2 адам мінген дельтаплан Алакөл көліне құлады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Көлік министрі Марат Қарабаев барлық әуе кемелерінің тексерістен өтетінін мәлімдеді. Асқар Жолдығұтов болса, «Жерді зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің мемлекеттік институты» РМК-ның Жетісу облысындағы қосынының басшысы қызметін атқарады.