Рубрика: Аймақ

  • Қонаевта заңсыз саудамен күресудің жаңа тетігі пайдаланылмақ

    Қонаевта заңсыз саудамен күресудің жаңа тетігі пайдаланылмақ

    Саудагерлер әкімнен күнкөріс көзінен айырмауды сұрады. Шаһар басшысы болса, әкімдіктің ұстанымын түсіндіріп, оларға бірнеше талап қойды.

    «Бұған дейін сіздерге «Айша сити» базарында 6 ай, «Жетісу» базарында 3 ай тегін орындарды дайындап бердік. Тұтынушы аз болатынын алға тартып, бармадыңыздар. Қазір қала үлкейіп, күннен-күнге дамып келеді. Мәселені бір жағына шығаруымыз керек. Абаттандырылып, әдемі болып тұрған көшенің келбетін заңсыз сауда орындары бұзып тұрғанын бәріміз түсінуіміз қажет», — деді Асхат Бердіханов.

    Сонымен қатар ол тұрғындардан жиі шағым түсетінін атап өтті.

    «Тұрғындар аулада сауда жасайтындар қоқыстарын тастап кететінін, аяқ алып жүре алмайтындай жағдай туғанын айтып, жиі шағымданады. Сіздердің қамдарыңызды ойлап, проблемаға біржақты қарауға болмайды», — деді шаһар басшысы.

    Әкім түйткілді тарқату үшін «Айша сити» базарының алдына дүңгіршектер қойылатынын айтты.

    «Әкімдік барлық тұрғынның қамын ойлайды. Сол үшін сіздерді тыңдай келе, базардың алдынан дүңгіршектер орнатуды жөн көріп отырмын. Бірақ, бизнес орындары қойылғанда сіздер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп, жұмыс жасауларыңыз қажет», — деді әкім.

    Содан кейін ол «Айша сити» базарын аралап шықты. Базар басшылығына жаңадан салынып жатқан нысанды бірыңғай дизайн-кодқа сәйкес етіп жасауды тапсырды. Ал сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік бөлімдерінің басшыларына сауда орындарын қою үшін тез арада құжаттарды рәсімдеуді жүктеді.

  • Алматы – Қонаев: жол жиегіндегі «жабайы сауда» жүргізушілерге қауіп төндіруде

    Алматы – Қонаев: жол жиегіндегі «жабайы сауда» жүргізушілерге қауіп төндіруде

    Алматы-Қонаев күре жолында көлік ағыны көп. Дәл сол жол жиегінде рұқсатсыз сауда жасап жатқандар адам өміріне қауіп төндіруде. Мұнда шатырлар да, дүңгіршектер де қойылған.

    Әсіресе, жаз мезгілінде жағдай ушығады — дейді автокөлік жүргізушілері. Көрсе көз тартар жеміс-жидек үшін көліктер жолға тоқтайды. Бұдан кептеліс, апаттық жағдайлар туындайды.

    Түйткілдің түйреп тұрғанымен, әзірше, Алматы облыстық ПД мәселені шешу үшін ешқандай шара қолданар емес.

    Sona.kz редакциясы ПД бастығы Бауыржан Әленовке жалынды сәлем жолдайды. Күні-түні көліктен босамайтын трассада қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек-ақ.

  • Қостанай облысының бас имамы мас күйде көлік жүргізіп, УҰИ-ға қамалды

    Қостанай облысының бас имамы мас күйде көлік жүргізіп, УҰИ-ға қамалды

    Мәлім болғандай, полицейлер бас имамды көлікті мас күйде жүргізгені үшін ұстаған. Ол Toyota Highlander көлігін басқарып келе жатқан. Автокөлікті тоқтатқан соң жол сақшылары оның ішімдікке сылқия мас болғанын анықтаған. Кейіннен мұны медицина қызметкерлері де растаған.

    Аталған жайт қоғамда қызу талқыланып жатыр.

  • Атырауда құстар жаппай қырылып жатыр

    Атырауда құстар жаппай қырылып жатыр

    Соңғы екі күнде мамандар 60-қа жуық қанаттының өлексесін анықтаған. Барлығы қаладағы мұнай өңдеу зауытының аумағындағы «Сасық сай» булану алаңында табылды.

    «Кеше санағанымда 55 дана өлексе, оның 7-еуі аққу болды. Қалғандары лысуха құстары. Қазір енді жүрген жолымызды қарап келе жатырмыз. Алып кеткен сияқты», – деді Атырау облыстық орман шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы Мереке Шалқарова.

    Әлеуметтік желіlе тараған бейнежазбадан арам қатқан құстардың бірнеше түрін байқауға болады. Шамамен 40-50 шақты қанатты әр жерде жатыр. Тіпті суда қалқыған аққудың да өлексесін байқауға болады. Жалпы каналға кәсіпорыннан шыққан техникалық су құйылады.

    Осы оқиғадан кейін зауыттың аумағына экологтар, орман шаруашылығы инспекциясы, ветеринария басқармасынан құралған топ арнайы барған. Мамандар өлекселерді судан алып, сараптамаға жіберді. Әзірге құстардың неден қырылғаны белгісіз.

    «Судың құрамында мұнайдың көрсеткіші бір литрге 1,8 миллиграм болуы керек. Содан жоғары болмауы керек. Ал біздерде 0,4-0,3 көрсетіп тұр. Су таза», – деді Атырау мұнай өңдеу зауытының бөлім бастығы Нұрлан Ещанов.

  • Тұздыбастау ауылдық округі әкімі тұрғынды ұрған

    Тұздыбастау ауылдық округі әкімі тұрғынды ұрған

    Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындардың бірі ауылдық округтің бекітілген Бас жоспарына қатысты  наразылығын білдірген. Оның жер учаскесі қызыл сызықпен өтетіні белгілі болған. Осыған байланысты тұрғын мен ауылдық округ әкімінің арасында жанжал орын алған.

    «Қазіргі уақытта әкімге қатысты Талғар ауданының әкімдігі мен полиция басқармасы қызметтік тергеу жүргізуде.  Әкімнің кінәсі расталған жағдайда оның жауапкершілігі облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралады», – деп жазды баспасөз қызметі.

    Сонымен қатар тұрғын 23 шілдеде аудан әкімі аппаратының басшысына қабылдауға барады. Онымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

  • Маңғыстауда мектеп директоры ұстаздардан заңсыз ақша жинаған

    Маңғыстауда мектеп директоры ұстаздардан заңсыз ақша жинаған

    Облыстық прокуратураның ақпаратынша, мектеп басшылығы ай сайын «Kaspi bank» және «Halyk bank» мобильдік қосымшалары арқылы қарамағындағы қызметкерлерден ақша қаражатын заңсыз жинап келген.

    Формальді бұйрықтар шығару және жеке тұлғаларға артық сыйлықақылар есептеу негізінде ақша қаражатын заңсыз аудару фактілері анықталды. Сондай-ақ мектеп директоры өз қарамағындағылардан өзіне салынған әкімшілік айыппұлдарды төлеуге мәжбүрлеген, — делінген мәліметте.

    Аталған арнайы мектептің лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша ҚК 361-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

  • СҚО полициясы құны 15 млн теңгеден асатын вейптерді тәркіледі

    СҚО полициясы құны 15 млн теңгеден асатын вейптерді тәркіледі

    ҰҚҚКБ жедел уәкілдері тыйым салынған заттарды саудалаған Интернациональная көшесіндегі бутиктердің бірін анықтады. Тінту кезінде екі маркадағы 150 вейп тәркіленді. Тәркіленіп алынған заттардың жалпы сомасы 2 миллион 400 мың теңгені құрады.

    Дәл сол күні жедел уәкілдер Алтынсарин көшесінде 19 жастағы қала тұрғыны жалға алған көлікжайда 197 вейп пен оларға арналған сұйықтық құйылған 542 құтыны анықтап, тәркіледі. Тәркіленген заңсыз тауардың жалпы сомасы 7 миллион теңгені құрады. Жас жігіт аталған тауарды сатуға заңмен тыйым салынғанын біле тұра, оларды сатып келген, бұл ісін іске асыру үшін Telegram мессенджерін пайдаланған.

    Бұдан бөлек, Добровольцев көшесінің бойында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Volkswagen автокөлігінің 19 жастағы жолаушысынан түрлі маркадағы 272 вейп пен оларға арналған сұйықтық құйылған 130 құтыны анықтады. Тәркіленген заттардың жалпы сомасы 6 миллион 220 мың теңгеге бағаланып отыр. Жас жігіттің айтуынша, ол да заңмен бұл тауарға тыйым салынғанын білген, бұған қарамастан танымал мессенджердегі каналды пайдаланып, осы өнімдерді сатып келген. Барлық үш факті бойынша да сотқа дейінгі іс жүргізу басталды, тергеу жүріп жатыр.

  • Ақтау қаласының әкімі тағайындалды

    Ақтау қаласының әкімі тағайындалды

    Бұған дейін қала әкімі болған Ұлықбек Тналиев өз еркімен қызметінен кеткен. Мұны Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

    Қалалық мәслихат депутаттары ұсынылған кандидатураны қолдады. Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Байпақов Әбілқайыр Жаңайұлы Ақтау қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.

    Әбілқайыр Байпақов 1978 жылы Маңғыстау облысы Шетпе ауылында дүниеге келген. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша жоғары білімі бар.

    Осы жылдар ішінде облыстың мемлекеттік органдарында, оның ішінде Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы мен мәдениет басқармасында, Ақтау қаласы, Түпқараған және Қарақия аудандары әкімі аппаратында, облыс әкімі аппаратында басшы, Баянды ауылының әкімі, «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ директоры, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

    2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болды.

  • Биыл Алматы облысында орман өртінің 9 дерегі тіркелді

    Биыл Алматы облысында орман өртінің 9 дерегі тіркелді

    Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе аз көрсеткіш. Мұны Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ТЖД маманы мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz.

    Мамандардың айтуынша, наурыздың жиырмасы мен қарашаның бірі аралығы өртке қауіпті кезең деп саналады. Бүгінде Алматы облысында 9 табиғи өрт оқиғасы орын алған. Салдарынан 2 млн.221 мың теңге залал келтіріліп, 5653 га жерді қызыл жалын шарпыды.

    Десе де, алдын алу шаралары жүргізілуде. Айталық, «Орман» республикалық профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 367-бабына сәйкес, 3 жеке тұлғаға 553 мың 800 теңге айыппұл салынған.

  • Қонаевта жол құрылысына қатысты 10 жоба жүзеге асады

    Қонаевта жол құрылысына қатысты 10 жоба жүзеге асады

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Бас жоспар мен Кешенді даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

    Қазіргі таңда Бас жоспар аясында №8-10 шағын аудандарының жолы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жол Абай көшесі арқылы Арна ауылы мен 10-шағын ауданды жалғастырады. Мердігер – «Асар строй» ЖШС.

    Көше 4 жолақты, ұзындығы 14,3 шақырымды құрайды. Сонымен қатар шағын аудандардың ішіндегі 12 көшенің жолына ағымдағы жөндеу жасалады. Жобаның аяқталу мерзімі 2025 жылға жоспарланған.

    Құрылыс басына барған әкім мердігерді сынға алды.

    «Мұның бәрі халық үшін жасалып жатыр. Ал сіздер созып жүрсіздер. Ақша бөлінген, жобалық-сметалық құжаты дайын. Хаттама толтырылып, іс бақылауға алынады», — деді Асхат Бердіханов.

    Кешенді даму жоспарына келсек, 2023-2027 жылдар аралығында инфрақұрылымды дамытуға арналған 187 жоба жүзеге аспақ. Биыл 51 жобаның құжаттары әзірленуде. Оның ішінде 10-ы жаңа жол салу мен күрделі жөндеуден өткізуге қатысты. Шаһар басшысы құрылыс жүретін көшелерді аралап, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына бірқатар тапсырма жүктеді.