Рубрика: Билік

  • Шеңгелдіге газ тарту жобасы дайындалуда

    Шеңгелдіге газ тарту жобасы дайындалуда

    Бұл туралы ауыл халқымен кездескен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов айтты.

    Тұрғындармен кездесу барысында шаһар басшысы бірқатар келелі мәселеге тоқталды. Оның ішінде ең өзектілері инфрақұрылымды дамытуға, қолайлы орта қалыптастыруға байланысты болды.

    Әкімнің сөзінше, Кербұлақ ауылында екі спорт алаңы жөндеуден өтіп, біреуі жаңадан салынуда.

    «Қаланың Кешенді даму жоспарына сәйкес, барлық ауылдарда көше жарығын орнату бойынша жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Бұдан бөлек, Шеңгелдіде трансформаторлық қосалқы станция қойып, 3 шақырым электр желісін жаңадан тарту жоспарлануда. Бұл жоба 6 көшені қамтиды», – деді Асхат Бердіханов.

    Ауыз су мәселесіне келсек, әкім «Шеңгелді топтық су жүйесін қайта жаңғырту және құрылысы» жобасы дайындалып жатқанын атап өтті. Жобада жаңадан бөлінген жер учаскелеріне ауыз су тарту да қарастырылған.

    «Халықты көгілдір отынмен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Біріншіден, автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Екіншіден, елдімекендерге газ тарту жобасы әзірлене бастады. Құрылыс жұмыстары қаржы қарастырылған жағдайда алдағы үш жылда аяқталады деп күтілуде», – деді шаһар басшысы.

    Сондай-ақ ол жол-көлік инфрақұрылымы, су тасқынының алдын алу, ауыл шаруашылығы секілді салаларға тоқталып өтті.

    Ал тұрғындар тарапынан жолдың сапасы, балалар алаңын жөндеу және өрт сөндіру бөлімшесін салу сұрақтары көтерілді. Бұл бойынша тиісті бөлім басшыларына тапсырма берілді.

  • ҚазҰУ студентінің өлімі: министр оқиғаның себебін атады

    ҚазҰУ студентінің өлімі: министр оқиғаның себебін атады

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студентінің қазасы отбасы жағдайына байланысты болған. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Министрдің айтуынша, тергеу жалғасуда, алайда алдын ала деректерге сәйкес, бұл – ішкі отбасылық қайғылы жағдай. Қылмыстық іс «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша қозғалған.

    Еске сала кетсек, 30 шілдеде ҚазҰУ студенті Алматыда 14-қабаттан құлап, көз жұмды. Қалалық полиция департаменті оның қазасын растады.

  • Алматы әкімдігінің құрылымы өзгерді

    Алматы әкімдігінің құрылымы өзгерді

    Алматыда әкім Дархан Сатыбалды қызметке келгеннен кейін қала әкімдігінің жаңартылған басқару схемасы бекітілді. Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды, мәслихат депутаттары үкіметтің базалық құрылымына сәйкес тиімділікті арттыруға бағытталған өзгерістерді мақұлдады.

    Реформа аясында бірқатар басқармалар біріктіріліп, қайта аталды. Қалалық мобильділік басқармасы екіге бөлінді: жол қозғалысын және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру басқармасы, сондай-ақ жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы.

    Сонымен қатар, депутаттар су айдындарына еркін қолжетімділікті, балық аулау және демалыс құқығын қамтамасыз ететін жалпы су пайдалану ережелерін бекітті. Комиссиялар бойынша шешімдер қабылданып, Ревизиялық комиссия төрағасы Алтай Бердіқұлов қызметінен босатылды.

  • Қонаевта білім саласына бағытталған үшжақты меморандумға қол қойылды

    Қонаевта білім саласына бағытталған үшжақты меморандумға қол қойылды

    Қонаев қаласында Халықаралық инженерлік-технологиялық университет, қала әкімдігі және білім бөлімі өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

    Құжатқа Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, университет ректоры Дархан Ақпанбетов және қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Қойшыбаева қол қойды.

    Меморандум аясында қала мектептеріндегі оқушыларды кәсіби бағыттау, дуальды оқыту жүйесін енгізу, сондай-ақ Қонаевтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті мамандарды даярлау жоспарланып отыр. Тараптар білім беру саласында тәжірибе алмасу, бірлескен жобалар мен іс-шаралар өткізу бағытында жұмыс істеуге келісті.

    Сонымен қатар, университет Қонаев қаласының үш түлегіне білім грантын табыстады. Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын табады деп күтілуде.

  • Қонаевта сенбілікке 400-ге жуық тұрғын қатысты

    Қонаевта сенбілікке 400-ге жуық тұрғын қатысты

    Қонаев қаласында 1-2 тамыз күндері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған қала мектептерінің ұжымдары, белсенді ата-аналар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, коммуналдық сала мамандары, қоғамдық ұйымдар мен тұрғындар атсалысты.

    Алғашқы күні қала мектептерінің аумағында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. 180-нен астам адам қатысқан сенбілікте 70 қап қоқыс жиналып, қураған шөптер шығарылды.

    2 тамызда сенбілік 7 саяжай аумағында жалғасты. Бұл шараға әкімдік пен коммуналдық қызметтердің 60 маманы, «Ана сәулесі» көпбалалы аналар ұйымы, Ардагерлер ұйымы және Аналар кеңесінің мүшелері белсенді қатысты. Сондай-ақ «Асем» пәтер иелері кооперативінің тұрғындары да өз үлесін қосты.

    Жалпы екі күндік сенбілікке 400-ге жуық адам қатысып, 100 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Жұмысқа 4 жүк көлігі тартылды.

    Аталған шара қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттырып қана қоймай, қала тазалығын сақтауға әсер етеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер алдағы уақытта да ұйымдастырылады.

  • Алматы облысында «Таза Қазақстан» аясында 108 тонна қоқысты тазалады

    Алматы облысында «Таза Қазақстан» аясында 108 тонна қоқысты тазалады

    Алматы облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында масштабты сенбілік өткізілді — оған 28 977 адам қатысты.

    2 тамызда өңір тұрғындары мен волонтерлер экологиялық тазалық жұмыстарын жүргізді. Ол барысында 95 гектар аумақ қоқыстан тазарды, жалпы 108 тонна қоқыс жиналды.

    Қатысқан азаматтардың қатарында 5 437 мемлекеттік қызметші, 8 006 волонтер және 15 534 жергілікті тұрғын бар. Сенбілікке 28 арнайы техника тартылған. Жиналған қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.

    Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, бұл шара территориялардың санитарлық ахуалын жақсартумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға және билік, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың үйлесімді жұмысын көрсетуге ықпал етті. Алдағы уақытта да осындай акциялар кеңінен ұйымдастырылмақ

  • Қонаевқа екі айда 1,5 миллион турист келген

    Қонаевқа екі айда 1,5 миллион турист келген

    Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқан екі негізгі рекреациялық аймақ – Алматы және солтүстік жағалауы – биылғы маусымда ең танымал демалыс орындарына айналды. Алматы жағалауы – ірі қонақ үй кешендері мен жеке жағажайлармен танымал болса, солтүстік жағалау – заманауи инфрақұрылымы бар қоғамдық демалыс аймағы ретінде дамып келеді.

    Абаттандырылған №5, №6 және №7 жағажайларға негізгі жүктеме түсті. Мұнда санитарлық және қауіпсіздік талаптары сақталған: 75 әжетхана, 170 қоқыс контейнері, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері кезекшілік етеді. Мысалы, №5 жағажайда 20 адам жұмыс істеп, демалыс күндері 2,5 тоннаға дейін қоқыс шығарылады. №6 және №7 жағажайларында 30 қызметкер, оның ішінде 10 құтқарушы мен медицина қызметкері бар. Бұл жерлерде қоқыс көлемі 3 тоннаға дейін жетеді.

    Жағалаудағы қауіпсіздікті полиция, ТЖ қызметі мен жеке күзет ұйымдары бақылайды. Сонымен қатар, жасанды интеллектке негізделген бейнабақылау жүйелері орнатылған. Әкімдік жазатайым жағдайлардың көбісі рұқсат етілмеген жерлерде болатынын атап өтті, сондықтан тек ресми жағажайларда демалуға шақырды.

    Қалада бүгінде 140-қа жуық туристік нысан жұмыс істейді. Маусым аяқталған соң, №6 және №7 жағажайларын жаңғырту және №8 жағажайды абаттандыру жоспарланып отыр. Жалпы жағалау ұзындығы 6,1 шақырымды құрап, бірыңғай сәулеттік жоспарға сай дамиды.

    2028 жылға дейін қалада құны 300 миллиард теңгеден асатын 11 ірі туристік жоба іске асырылмақ. Олардың қатарында қонақ үй кешендері, ойын-сауық орталықтары, гольф-клубтар және отбасылық демалыс аймақтары бар.

    Қала әкімдігі Қонаевты заманауи, қауіпсіз әрі қолжетімді туристік орталық ретінде дамыту – басым бағыттардың бірі екенін мәлімдеді.

  • EC-145 тікұшағы әлі табылған жоқ: Қорғаныс министрі іздеу жұмыстарына барды

    EC-145 тікұшағы әлі табылған жоқ: Қорғаныс министрі іздеу жұмыстарына барды

    Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов 25 шілдеде радардан жоғалған EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстары жүріп жатқан Алматы облысына барды, — деп хабарлайды Sona.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

    Әуе қорғаныс күштерінің қолбасшысы Асқар Избасовтың айтуынша, Сорбұлақ көлінің түбіндегі лай және күрделі рельеф іздеуге кедергі келтіріп отыр. Соған қарамастан, құтқару жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілуде.

    Іздеу операциясына 400-ден астам адам, 70 техника, 21 қайық, 10 дрон және арнайы сканерлер тартылған.

    Министр Қосанов із-түзсіз кеткен ұшқыштардың туыстарымен кездесіп, оларға моральдық қолдау білдірді.

    Айта кетейік, 2025 жылғы 25 шілдеде жоспарлы ұшу кезінде Әуе қорғаныс күштеріне тиесілі EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кеткен болатын.

  • Қазақстан трассаларында QR-кодпен жабдықталған дәретханалар орнатылады

    Қазақстан трассаларында QR-кодпен жабдықталған дәретханалар орнатылады

    Елімізде республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы санитарлық аймақтарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Sona.kz хабарлайды «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы-на сілтеме жасап.

    Компания төрағасы Дархан Иманашевтың айтуынша, ел аумағында 888 жаңа дәретхана орнатылған. Оның ішінде 744-і жылусыз, 144-і жылыту жүйесімен жабдықталған. Жобаның мақсаты – трассалар бойында заманауи санитарлық жағдай жасау.

    •  QR-код пен шағым жүйесі енгізіледі
      Енді әр дәретханаға жеке нөмір мен QR-код беріледі. Жолаушылар кодты сканерлеп, арнайы чат арқылы шағым қалдыра алады. Егер дәретхана жалға берілген болса, шағым негізді деп танылса – жалдаушы жауапкершілікке тартылады.
    • Жылы дәретханалар – тиімді инфрақұрылыммен ғана
      Алайда жылы санитарлық тораптарды барлық трасса бойына орнату әзірге мүмкін емес. Себебі оларды күтіп ұстау айына шамамен 700 мың теңгеге дейін шығынды қажет етеді. Қашықтағы нүктелерге қызмет көрсету – экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

    Жаңа нысандар қай өңірлерде пайда болды?
    2025 жылы Семей, Қызылорда, Қарағанды облысы, Алматы – Қорғас бағыты мен туристік нүктелерде санитарлық нысандар іске қосылды. Келесі кезеңде оңтүстік және шалғай өңірлерде осындай жобалар жалғасады.

  • 2500 гектар егістікті сумен қамтып отырмыз – гидротехник

    2500 гектар егістікті сумен қамтып отырмыз – гидротехник

    Мысалы, Шеңгелді ауылындағы №2 сорғы станциясында Бейсенғазы Шакеров 2000 жылдан бері еңбек етеді.
    Алғашында машинист-оператор болып жұмыс істеген ол кейіннен гидротехникке дейін лауазымы өскен. Қазірде Бейсенғазы басқарушы компания директорының орынбасары жұмысын қатар алып жүрген азамат.

    «Қазақстанның шығысында туып-өстім. Бұл жерге 2000 жылдары келдім. Әу баста машинист-оператор болдым. Содан соң Гүлзара есімді гидротехник апайымыздың қасында жүріп, жұмыстың қыр-сырын үйрендім. Оған 10 жыл уақытымды арнадым. Ол кісі зейнетке шыққанда орнына мен қалдым», — дейді маман.

    Айтуынша, бұл сорғы станциясы 2500 гектар алқапты сумен қамтиды. Ал шаруаларға суды теңдей бөліп, қадағалау гидротехниктердің мойнында. Бұдан басқа, мұнда слесарь, жүргізуші, монтер секілді бірнеше маман еңбек етіп жүр. Қиындықтар да жоқ емес.

    «Ең қиыны – жел соққанда құбырлардың құмға толып қалуы. Оны тазалауға көп уақыт жоғалтып жатамыз. Екіншіден, электр энергиясының бағасы жыл сайын қымбаттауда. Шынын айтқанда, халықтың қалтасы көтермей жатыр», — деді Бейсенғазы.

    Сонымен қатар ол гидротехниктер халықпен етене араласып, тыныс-тіршілігінен хабардар болуы қажет екенін атап өтті. Сөзінше, жүйелі жұмыссыз өнім өнбейді, компания да, шаруалар да шығынға батады.

    «Жастарға айтарымыз бар. Олар бірден кеңседе бастық болғысы келеді. Алайда, өздері бәсекеге қабілетсіз. Ал қабілетті болу үшін жылдар бойы тер төгу қажет», — деді ол.

    Бейсенғазы Шакеровтың еңбек жолы – адалдықпен, табандылықпен және кәсіби жауапкершілікпен өрілген үлгілі қызметтің көрінісі.

    ҚР Президенті 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл бастама – Бейсенғазы сынды қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы маңызды рөлін мойындау әрі олардың абыройлы еңбегін ардақтау. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауыл шаруашылығын дамытуда техникалық мамандардың орны ерекше.