Рубрика: Билік

  • Қонаевтағы жағажайларда қызмет көрсету сапасы күшейтіледі:  нақты тапсырмалар берілді

    Қонаевтағы жағажайларда қызмет көрсету сапасы күшейтіледі: нақты тапсырмалар берілді

    Бүгін Қонаев қаласына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев іссапармен келіп, бірнеше жағажайды аралады. Сапар қорытындысымен қалалық әкімдікте қызмет сапасын арттыруға арналған кеңес өтті. Оған қала әкімі Асхат Бердіханов төрағалық етті.

    Кеңесте тазалық, санитарлық талаптар, кәсіпкерлердің заң алдындағы міндеттері, чек беру тәртібі мен қауіпсіздік мәселелері көтерілді. Әкім жауапты мамандарға мынадай нақты тапсырмалар жүктеді:
    • жағажай кәсіпкерлерінің құжаттарын заңдастыру;
    • фискалдық чек беруді бақылау;
    • санитарлық нормаларды қатаң сақтау;
    • «Дәретхана», «Медпункт», «Полиция» белгілері мен ақпараттық стендтер орнату;
    • бейнебақылау жүйелерін орнатып, жедел басқару орталығына қосу;
    • шлагбаум орнату және автотұрақ тәртібін реттеу;
    • жағажай аумағын күніне үш рет тазалау;
    • электр желілерінің заңдылығын тексеру;
    • №6 және №7 жағажайларға жаяу жүргіншілер жолын салу;
    • жағажайлардың сәулеттік тартымдылығын қамтамасыз ету.

    Кеңестен соң әкім №6 жағажайға барып, кәсіпкерлермен кездесті. Онда оларға заң аясында жұмыс істеу тәртібі түсіндірілді.

    Ақпарат Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

  • Қонаевта 6 шақырымнан астам жағажай абаттандырылады: туризм қарқынды дамуда

    Қонаевта 6 шақырымнан астам жағажай абаттандырылады: туризм қарқынды дамуда

    Қонаев қаласында жағалауды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Асхат Бердіхановтың мәліметінше, 6,1 шақырым жағалау аймағы кезең-кезеңімен абаттандырылады. Қазірдің өзінде №5 жағажай толық пайдалануға берілген, ал оның маңындағы 1 шақырым аумақ инвесторлар есебінен жаңартылған.

    «Былтыр 1,5 млн турист келсе, биыл шомылу маусымы аяқталмай жатып-ақ бұл көрсеткіш 860 мыңнан асты. №5 жағажайға күнделікті 1500-2000 адам, демалыс күндері 6000-ға дейін демалушы келеді», — деді әкім.

    Әкімнің айтуынша, қалған 7 жағажай №5 жағалаудың үлгісімен жаңартылады. Жобаларға инфрақұрылым, санитарлық аймақтар, жасыл желек, сәулеттік нысандар, демалыс орындары мен фудкорттар кіреді. Қауіпсіздік те назардан тыс қалмайды.

    Биыл маусым соңында №6 және №7 жағажайда құрылыс жұмыстары басталады. №8 жағажай инвестор қаржысына абаттандырылмақ.

    Сонымен қатар әкім 140-тан астам жеке демалыс аймағын біріздендіру үшін арнайы дизайн-код әзірленетінін жеткізді. Мақсат — кәсіпкерлермен бірлесе отырып, сервисті жақсартып, жағалауды эстетикалық тұрғыда үйлестіру.

    2025-2028 жылдары аралығында қалада құны 306,4 млрд теңге болатын 11 ірі инвестжоба іске асады. Қонақ үйлер, бассейндер, гольф-клубтар мен сауда нысандары салынады. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі.

    Ақпарат Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

  • Алматы қаласының ТЖД басшысы қызметінен кетті — ТЖМ түсініктеме берді

    Алматы қаласының ТЖД басшысы қызметінен кетті — ТЖМ түсініктеме берді

    Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев отставкаға кетті. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл шешімді жақында қала орталығында өртенген «Газель» көлігіне қатысты оқиғамен байланыстырды. Куәгерлердің айтуынша, сол кезде өрт сөндірушілердің техникасы істемей, су болмаған.

    Алайда Төтенше жағдайлар министрлігі Атығаевтың отставкасы аталған оқиғамен байланысты емес екенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, бұл — нақты оқиғаларға қатысы жоқ, жоспарлы кадрлық ротация.

    «Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», — деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.

  • Премьер-министр Тоқаевтың сынынан кейін курорттарда тәртіп орнатуды талап етті

    Премьер-министр Тоқаевтың сынынан кейін курорттарда тәртіп орнатуды талап етті

    Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі туристік аймақтардың жағдайына қатысты тапсырмасы бойынша жиналыс өткізді. Бұған себеп – Алакөлдегі демалыс жағдайына байланысты азаматтардан түскен жаппай шағымдар болды: инфрақұрылым мен сервистің болмауы, қауіпсіздікке байланысты тәуекелдер айтылған.

    Вице-премьер Ермек Қошербаев пен туризм министрі Ербол Мырзабосынов қазіргі жағдай туралы баяндама жасады. Бектенов кемшіліктерді шұғыл жоюды, бақылауды күшейтуді және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды.

    Министр мен вице-премьер өңірлерге жеке барып тексеру жүргізбек. Еліміз бойынша туристік инфрақұрылымды дамыту стандарттары әзірленеді деп жоспарлануда.

    Сондай-ақ, Алматы тау кластерін дамыту жобасы талқыланды. Жоба аясында инженерлік желілерді салу, абаттандыру, экологиялық жағдайды цифрлық бақылау және инклюзивті орта құру көзделген. Жоба өңірді халықаралық деңгейдегі курортқа айналдыруды мақсат етеді.

  • Тоқаев демалыс аймақтарында тәртіп орнатуды және кінәлілерді жазалауды тапсырды

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі туристік аймақтардағы жағдайды шұғыл реттеуді талап етті. Бұл шешімге тұрғындардың көпшілік шағымы себеп болды, әсіресе Алакөл маңындағы демалыс аймағының дайын еместігі туралы айтылды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

    Желдібайдың айтуынша, Президент инфрақұрылымның, сервистің және қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігін атап өтті. Бұл демалушылардың наразылығын туғызуда.

    Осыған байланысты Үкіметке еліміздегі барлық туристік бағыттарды қысқа мерзімде ретке келтіру және саладағы салғырттыққа жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту тапсырылды.

    Еске салсақ, Тоқаев қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі туризмнің даму қарқынына сын айтқан болатын. Ол туризм — Қазақстан экономикасының жаңа өсім нүктесіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Президенттің сөзінше, әр өңірде туристерге тартымды бірегей табиғи орындар бар. Шетелдік те, отандық туристер де осы нысандарға барғысы келеді. Бірақ инфрақұрылым жоқ болғандықтан бұл әлеует іске аспай отыр.

    Сондықтан Мемлекет басшысы қажетті сервистік нысандардың құрылысын жеделдетуді, оның ішінде жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асыруды тапсырды.

  • Қонаевта жағажай спорт алаңы жаңартылды

    Қонаевта жағажай спорт алаңы жаңартылды

    Аумағы 2,1 гектарды қамтитын нысан 2017 жылы салынғанымен, осы уақытқа дейін жөндеу көрмеген. Биыл жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша толық жаңартылып, заманауи келбетке ие болды.

    Алаңда жағажай волейболы мен футболына арналған алаңдармен қатар, шахмат және тоғызқұмалақ үстелдері, балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын және воркаут аймақтары орнатылған.

    Ерекше назар аударарлық тұсы — ұлттық нақыштағы безендірулер. Тротуарлар қазақы оюмен көмкеріліп, кіреберіс тұсқа алтыбақан қойылған. Алаң ортасына ақ кеседен төгілген сүт тәрізді гүл композициясы орнатылып, раушан гүлдері егілген. Айналасы толық көгалдандырылған. Жөндеу жұмыстарын «Қонаев Көркейту» мекемесі жүргізген.

    ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаевтың айтуынша, басты мақсат — салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау.

    Тұрғын Айдос Ескелдинов жаңартылған алаңға ризашылығын білдіріп, спорт алаңының сапалы салынғанын айтты.

    Айта кетейік, бұған дейін Қонаев қаласында жаңа сквер салынып жатқаны хабарланған болатын.

    Ақпарат Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды

  • Қоқыс полигонында бұрын-соңды болмаған су жинақтағыш резервуар салынуда

    Қоқыс полигонында бұрын-соңды болмаған су жинақтағыш резервуар салынуда

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қоқыс полигонында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.

    ШЖҚ «Қонаев Көркейту» МКК директоры Қанат Азаматовтың сөзінше, өрт сөндірушілерге ыңғайлы болуы үшін және суды тасымалдауға уақыт жоғалтпау үшін қоқыс полигонында резервуар салынуда. Бұл жабдық бұрын-соңды болмаған. Сондай-ақ жанып келе жатқан отты өшіруге 1 арнайы техника кезекшілікке қойылады. Резервуардың сыйымдылығы 30 текше метрді құрайды.

    «Санитарлық талаптарға сәйкес, полигонның жан-жағында траншея қазылып, тұрмыстық қаты қалдықтар ұшып кетпеуі мақсатында торлар қойылуда. Ал траншея жайылып жүрген малдың кіріп кетпеуі үшін қазылуда. Кейбір аумақтарға бетон қоршау орнатылып жатыр», — деді мекеме директоры.

    Бұдан бөлек, экологиялық жағдайды қалыпта ұстау мақсатында полигонның алдыңғы бөлігін көгалдандыру жоспарлануда. Мұнда ауыр техникаларды өлшеуге арналған таразы мен көлік жуу аймағы да болады.

  • Жағажайды күтіп ұстау: кәсіпкердің міндеті қандай?

    Жағажайды күтіп ұстау: кәсіпкердің міндеті қандай?

    Сенімгерлік басқарушы компания мен кәсіпкерлер арасында келісімшарт жасалып, олардың міндеттемелері айқындалған.

    Алайда, тұрғындар мен қала қонақтары тарапынан күтіп ұстау мен санитарлық жағдайға байланысты көптеген сұрақтар туындауда. Осыған байланысты қала әкімдігі мәлімдеме жасайды.

    Келісімшарттың 3-тармағында тараптардың құқықтары мен міндеттері жазылған. Оның ішінде күтіп ұстау бойынша жалға алушының міндеттері:

    •  Жағажайды абаттандыру мен санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, келісімшартқа сәйкес шаруашылық қызметін жүргізу;
    • Күн сайын аумақты тазалау – киім ауыстыратын орындар, дәретханалар, жасыл аймақтар;
    • Жалға алынған аумақты жарықтандыру;
    •  Қоқыс жәшіктерін су жиегінен кемінде 20 метр қашықтықта, әр 60 м² аумаққа бір қоқыс жәшігі есебімен орнату;
    •  Қауіпсіздік талаптарын сақтау (оның ішінде – ақпараттық баннерлер, жалаушалар және т.б. орнату);
    • Кемінде 2 санитайзер орнатып, тапшандарды, орындықтарды, жабдықтарды күніне екі рет дезинфекциялау.

    ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, жағажайда сенімгер басқарушы компания тарапынан 45 қоқыс жәшігі мен 10 контейнер орналастырылған. Тазалық жұмыстарына күнделікті 30 адам, 2 арнайы техника жұмылдырылуда. Аумақта 3 әжетхана орналасқан. Сондай-ақ қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнебақылау камералары қойылған, 10-нан астам құтқарушы қызмет етеді. Ал медицина қызметкерлерінің саны — 2-еу. ТЖБ мен Полиция басқармасының мамандары тұрақты түрде патрульдеу жүргізуде.

    Ал №5 жағажайға келсек, мұнда 6 әжетхана (28 бөлме), 12 орындық 5 жуынатын жер, 6 киім ауыстыратын орын (12 бөлме) бар. Аумақта 30 дана қоқыс жәшігі мен 40 бөшке, 25 дана қоқыс контейнерлері орналастырылған. Бұл жағажайда жасанды интеллектімен жұмыс істейтін бейнебақылау камералары қойылған.

  • Асхат Бердіханов саяжай тұрғындарымен жиын өткізді

    Асхат Бердіханов саяжай тұрғындарымен жиын өткізді

    Жиында «Алтын Алма» саяжайындағы проблемалық сұрақтар талқыланды. Оның қатарында ауыз су, электр энергиясы, жол, газ жүргізу, елдімекен статусын алу секілді сұрақтар болды.

    Сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының сөзінше, Қонаев қаласының аумағында 9 саяжай алабы бар. Бас жоспар бойынша барлығы қала құрамына енгізілген. Алайда, құжатқа түзетулер мен өзгерістер енгізілуіне байланысты шағынаудан статусын беру әзірше мүмкін болмай отыр. Бұл сұрақ шешілмейінше күн тәртібінен түспейді.

    Келесі мәселе — ауыз су жүргізу бойынша арнайы жоба дайындалуда. Биыл мемлекеттік сараптамадан өтеді деп жоспарлануда. Оған дейін ағымдағы жөндеу ретінде үш аумаққа су құбырлары салынады. Қазір сүзгі станциясына қосу нүктесі анықталуда.

    «Сондай-ақ бұл саяжайға биыл көше жарығын орнату жоспарлануда. Газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр», — деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев

    Ал жаңа жолдарды салу мәселесі бойынша жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев айтты.

    «Жаңа жолдарды салу жобасы уақытша тоқтатылды. Себебі, Бас жоспарға өзгерістер жасалуда», — деді ол.

    Дегенмен, әкім көше жолдарын тегістеуге қанша қаражат қажет екенін есептеп, келесі бюджеттің нақтылауына құжаттарды дайындауды тапсырды.

    Басқосу нәтижесінде хаттама жазылып, бөлімдерге орындауға жіберілді. Бұдан бөлек, шаһар басшысы «Алтын Алма» саяжайын аралап, кемшіліктерді көріп шықты.

  • Жасыл желектер түнгі ауысымда суарылып жатыр

    Жасыл желектер түнгі ауысымда суарылып жатыр

    Мекеменің директоры Бақытжан Нұртаевтың сөзінше, жасыл желектер көбіне түнгі ауысымда суарылады.

    «Түнгі ауысымдағы жұмысшылар сағат 23:00-06:00 аралығында қызмет етеді. Қазіргі таңда қаладағы бірқатар аумақта автоматты суару жүйесі іске қосылған. Жүйе жоқ жерлер қолмен суарылады. Күнделікті жұмысқа 5 ауыр техника жұмылдырылады», – деді ол.

    Сонымен қатар ол шаһарда көгалдандыруға қатысты мәселенің бар екенін ашық айтты. Мысалы, орталықтағы бір көшенің суару жүйесін мердігер толығымен орнатып, іске қоспаған болса, ал екіншісінде мердігер кепілдік мерзіміне сәйкес тиісті жұмыстарды атқармауда. Проблемалық сұрақпен ТҮКШ бөлімі айналысуда.

    Ал Абай, Алматы көшелері Кешенді даму жоспары аясында жаңғыртылады деп жоспарлануда. ТҮКШ бөлімі жоба аясында көгалдандыру мен абаттандыруды қарастырады.

    «Вандалдар да жоқ емес. Суаруға арналған жабдықтарды сындырып кетеді. Оны үнемі қалпына келтіреміз. Мемлекет меншігін бүлдіру фактісі бойынша деректер Полиция басқармасына жолдануда. Тұрғындарды вандализмге қарсы мәдениетті ұстануға шақырамыз», — деді мекеме басшысы.

    Аталғандардан бөлек, әкімдікке азаматтардан аулалардағы гүлдерді суаруға қатысты өтінімдер түскен болатын. Бұл сұрақ бойынша пәтер иелері кооперативтеріне жүгінуге болады. Бұған дейін ауыз су қысымының төмендеуіне байланысты ШЖҚ «Қонаев Су Арнасы» бау-бақшаларды түнде суаруға кеңес берген еді.