Рубрика: Билік

  • Президент қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады

    Президент қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтады. Құттықтау сөзі akorda.kz сайтында жарияланды.

    «Құрметті отандастар!

    Еліміздің барша православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтаймын!

    Жұртқа жақсылық пен үміт сыйлайтын осы жарқын мейрамда діндар жандар адами құндылықтарға қызмет ету жолында өзара бірігеді.

    Рождествода азаматтар ерекше қуанышқа бөленеді, православ дінін ұстанатын адамдар жақындарына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж адамдарға жанашырлық танытуға асығады.

    Православ діні елдің берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын нығайта түсуге, жалпыұлттық бірегейлігіміздің өзегі саналатын отаншылдық, жасампаздық және жауапкершілік сияқты құндылықтарды дәріптеуге мол үлес қосып келеді.

    Қоғамдағы татулық пен түсіністік Қазақстанның тұрақты дамуының мызғымас тірегі болып қала беретініне кәміл сенемін.

    Еліміздің православ христиандарына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!

    Рождество мерекесі құтты болсын!» — деді президент.

  • Қазақстан 2028 жылдан бастап жаңа жүк электровоздарын өндірмек

    Қазақстан 2028 жылдан бастап жаңа жүк электровоздарын өндірмек

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының №1 индустриялық паркіндегі электровоз құрастыру зауытын аралап көрді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

    Айта кетейік, бұл заутты Индустрияландыру картасы аясында Францияның Alstom компаниясы іске қосқан.

    Ақорданың мәліметіне сүйенсек, Зауытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен 380 жүк және 70 жолаушылар электровозы жасалған. Сондай-ақ олардың қосалқы бөлшектері өндіріледі. Бұдан бөлек, жүк электровоздарының 80 секциясы Әзербайжанға экспортталған. Қазір кәсіпорын нарыққа локомотив корпустары, трансформаторлар, төмен және жоғары вольтты шкафтар және басқа да өнім түрлерін ұсынады.

    «Жаңа жүк электровоздарының өндірісі 2028 жылдан бастап іске қосылады», – деп хабарлайды Ақорда. Қазір Alstom компаниясы Астана, Алматы, Шу және Арыс қалаларында сервистік орталықтар ашуға инвестиция құйып жатыр. Бұл 700 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

    Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы теміржолға қажетті құрал-жабдықтар шығаратын отандық кәсіпорындардың өнімдері көрмесін аралады. Қазір елімізде 600-ден астам компания теміржол саласына арналған бөлшектерді өндірумен айналысады. Олардың өнімдері мен қызметі 25 елге экспортталған.

    Электровоз құрастыру зауытында еңбек ететін жас мамандармен жүздесуде Президент 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғанын еске салып, мемлекет өндіріс саласында жұмыс істейтін жастарға қолдау көрсете беретінін айтты.

  • Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды

    Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды

    Түркістан облысының әкімі лауазымына Нұралхан Көшеров тағайындалды.

    «Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұралхан Оралбайұлы Көшеров Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалды», — делінген Ақорда хабарламасында.

    Айта кетейік, осыған дейін облыс әкімі болған Дархан Сатыбалды Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

  • Дархан Сатыбалды Президент Әкімшілігіне жаңа қызметке тағайындалды

    Дархан Сатыбалды Президент Әкімшілігіне жаңа қызметке тағайындалды

    «Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.

    Дархан Сатыпалды 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауылшаруашылығы институтын, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

    Мансап:

    Еңбек жолын 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданының «Келес» коммуналдық кәсіпорнында бастаған.

    2000-2006 жылдары Қаржы министрлігінде, Президенттің Іс басқармасында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

    2007-2010 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Бюджет және Қаржы департаменттері директорының орынбасары, Ғылым комитеті төрағасының орынбасары болған.

    2010 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы лауазымына тағайындалған.

    2011-2013 жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымын атқарған.

    2013 жылы Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған.

    2015-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Парламент Сенатының депутаты болып сайланған.

    2019 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

    2022 жылғы 31 тамыздан Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды.

    «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.

  • Тоқаев Франция президенті Макронға көңіл айтты

    Тоқаев Франция президенті Макронға көңіл айтты

    Бұл туралы Ақорда хабарлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронға Майотта архипелагында болған жойқын тайфун салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

    Президент қайтыс болған азаматтардың жақын-жуықтарына олардың қайғысына ортақтаса көңіл айтып, зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

    Айта кетейкі, 14 желтоқсанға қараған түні Үнді мұхитындағы 320 мыңнан астам халқы бар француз архипелагы Майоттаға жойқын «Шидо» циклоны соқты. Синоптиктер мәліметінше, желдің жылдамдығы сағатына 200 шақырымнан асып, тұрғын үйлерге, әкімшілік ғимараттарға және ауруханаға зақым келтірген. Бұл соңғы 90 жылдағы ең күшті дауыл деп атап өтілді. Жергілікті билік деректері бойынша, құрбандар саны жүздеген, тіпті мыңдаған адамға жетуі мүмкін.

  • Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты зерттеу алдағы наурызда аяқталады

    Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты зерттеу алдағы наурызда аяқталады

    Парламент депутаттары мүдделі мемлекеттік органдарға бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын 2025 жылдың наурызына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл туралы Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен фракцияның кеңейтілген жиынында айтты.

    Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелеріне бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты азаматтарды толғандырған өзекті сауалдарды жеткізді. Атап айтқанда, мәжілісмен Жанарбек Әшімжанов Алматы облысының, Жетісу облысының және өзге де өңірлердің тұрғындарынан депутаттық корпус атына келіп түскен көп өтінішке назар аударды.

    Депутат Ерлан Саиров үйлесімді қоғам құру үшін Парламент пен Үкіметтің осы мәселе бойынша біртұтас ұстанымы болуға тиіс екенін мәлімдеді. Депутат Ю. Кучинская мұндай мәселе Үкімет қаулысы деңгейінде шешілмей, заң деңгейінде реттелуі керек деген пікір білдірді.

    Фракция жиынын қорытындылай келе Мәжіліс спикері уақыт белдеуін өзгерту қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптың бірі екенін атап өтті. Ол мұндай шешімдерді алдын ала егжей-тегжейлі талдау және кеңінен талқылау арқылы қабылдау керек екенін жеткізді.

    Бұл қадам қоғамға тиімді түсіндіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің әсері туралы көпфакторлы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жөнінде шешім қабылдады. Аталған шешім бірқатар сұрақтың жауабын беруге тиіс.

    Уақыттың өзгеруі, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына, тұрмысына қалай әсер ететініне қатысты нақты жауап алуымыз керек. Осы мәселеге баса мән беру қажет. Сонымен қатар Үкімет айтып отырған үш жыл – тым ұзақ мерзім. Зерттеу жұмысын үш айда аяқтағандарыңыз жөн. Алдағы жылдың наурыз айында зерттеу қорытындыларымен және нақты шешу жолдары бар ұсыныстармен келесіздер деген үміттеміз, – деді Ерлан Қошанов.

  • +7 телефон кодын Қазақстан мен Ресей қалай бөліспек?

    +7 телефон кодын Қазақстан мен Ресей қалай бөліспек?

    Қазақстан мен Ресей +7 телефон кодын бөлісу туралы келісімге қол қойып, әр тарапқа нақты диапазондар бекітілді.

    2021 жылдан бастап Қазақстан  өзінің +997 халықаралық кодына көшу мүмкіндігін қарастырады. Алайда жаңа халықаралық кодқа ауысу көптеген қиындыққа тап болды.

    Енді Қазақстан +7 0, +7 6 және +7 7 кодтары бар нөмірлерді пайдаланса,  ал +7 2, +7 3, +7 4, +7 5, +7 9 кодтары Ресей атына бекітілді.

    Жаңа кодқа қайта қосылу айтарлықтай қаржылық шығындарды, байланыс инфрақұрылымын өзгертуді және барлық пайдаланушылар үшін деректерді жаңартуды қажет етеді. Бұл мемлекеттік және банктік қызметтердің бұзылуына, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен қосымшаларға қол жеткізу мәселелеріне әкелуі мүмкін.

    Халықаралық телекоммуникация одағымен қосымша келіссөздерден кейін азаматтар мен байланыс операторлары үшін қиындық болдырмау үшін +7 халықаралық кодын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды.

  • Келер жылы Қырғызстан ҰҚШҰ-ға төрағалық етеді

    Келер жылы Қырғызстан ҰҚШҰ-ға төрағалық етеді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына жыл бойы өзекті сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше ден қойылғанын айтты.

    – Қазақстан мен ҰҚШҰ-ға мүше басқа да елдер аумағында бір уақытта «Наемник», «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» секілді арнайы операциялардың түрлі кезеңдері өтті. Бұл іс-шаралар халықаралық терроризмге, есірткі саудасына, заңсыз көші-қонға және ақпараттық ортадағы сын-қатерлерге қатысты қауіптің алдын алуды көздейді. Биыл біздің бастамамызбен алғаш рет заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде консультациялар өтті. ҰҚШҰ аясында арнаулы жұмыс тобын құру мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстан төрағалығының үйлестіруімен Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасын дайындау жұмыстары аяқталды. Құжатты әзірлеу 2013 жылы басталған болатын. Бүгін біз Ұйымның оңтүстік шебіндегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған осы маңызды шешімге қол қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ҰҚШҰ төрағасы ретінде Қазақстан айқындаған басымдықтар жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Серіктестердің қолдауына сүйене отырып, ҰҚШҰ аясында аталған бастамаларды одан әрі ілгерілету ісі белсенді жалғасады.

    Мемлекет басшысы Ұйымның Бас хатшысына, ҰҚШҰ-ның Тұрақты кеңесі мен жұмыс органдарына атқарылған ауқымды жұмыс үшін ризашылығын жеткізді.

    ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясы барысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалықтың Қырғыз Республикасына өтуі туралы шешімнің қабылдануымен құттықтап, қырғыз тарапының жауапты міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.

  • Биыл бюджетке қанша қаржы түсті?

    Биыл бюджетке қанша қаржы түсті?

    Биылғы республикалық бюджеттің түсімі мен кірістердің болжамды сомасы белгілі болды. Толығырақ Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтып берді.

    «2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы, бюджеттің келесі параметрлеріне байланысты әзірленді. Бірінші, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салықтық емес түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды. Екінші, экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелдері жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ биыл республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды.

    Үшінші, депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, Үкіметтік борыш қызметіне 150 млрд теңге сомасындағы қаражатты қайта бөлу қарастырылған. Төртінші, бюджет тапшылығында 136,1 млрд теңге сомасына 2023 жылдың соңына бюджет қаражатының қалдықтары және жекелеген жобаларды іске асыруға қарыздарды тарту ескерілді», – деді Мәди Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында.

    Министр ұсынған статистикаға сүйенсек, 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжануда. 2024 жылғы кірістер трансферттерді есепке алмағанда 14,1 трлн теңгені құрайды.

    «Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) 2,7% деңгейінде болжануда. Бюджет шығыстары 24,1 трлн теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді», – дейді ведомство басшысы.

  • Әлібек Сайланбаев – Жасанды интеллект комитеті төрағасының орынбасары

    Әлібек Сайланбаев – Жасанды интеллект комитеті төрағасының орынбасары

    2023 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Әлібек Сайланбаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жасанды интеллект комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. 

    Әлібек Сайланбаев Назарбаев Университеті мен Сауд Арабиясындағы King Abdullah University of Science and Technology оқу орындарында білім алған. Ол тағайындалғанға дейін Wand Synthesis AI INC компаниясында машиналық оқыту жөніндегі маман ретінде жұмыс істеп, жасанды интеллект саласындағы озық жобалармен айналысты.