Рубрика: Билік

  • Қазақстаннан Дубайға қатынайтын ұшақтардың бағыты өзгереді

    Қазақстаннан Дубайға қатынайтын ұшақтардың бағыты өзгереді

    Ұшақтар Иранның әуе кеңістігін айналып өтеді. Көлік министрлігі барлық әуе компанияларына осындай кеңес берді. Астана мен Алматы қалаларынан Дубайға қатынайтын рейстердің бағыттары өзгеріп, ұшу уақыты ұзарады.

    Ал Жиддаға рейстер өзгермейді, бірақ өңірдегі әскери әрекеттер күшейген жағдайда қайта қаралуы мүмкін.

    Естеріңізге сала кетейік, Тау Шығыстағы күрделі саяси жағдайға байланысты Иран, Израиль және Ливанда жедел желілер іске қосылды. Ондағы Қазақстандық азаматтар қандай да бір көмек қажет болса, елшілікке жүгіне алады.

  • Тағы 2800 орын ақылы тұраққа айналады – Астана әкімдігі

    Тағы 2800 орын ақылы тұраққа айналады – Астана әкімдігі

    Бұл туралы қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Kazinform сауалына жолдаған жауапта осындай мәлімет айтты.

    «Мемлекет-жеке меншік әріптестігінің шартына сәйкес 10 000 ақылы тұрақ орындарын іске қосу көзделеді. Бүгінгі таңда 7 200-ден астам ақылы тұрақ енгізілді. Ақылы тұрақтар әлеуметтік нысандар мен үйлердің аула аумақтарының жанында орнатылмайды», – деп жазылған басқарма жауабында.

    Басқарма мамандарының айтуынша, ақылы тұраққа төленген ақшаның 25 пайызы қала бюджетіне түсіп жатыр. Мұндай принцип 2038 жылға дейін жұмыс істейді деп айқындалған.

    «Кірісті бөлуге келсек, мемлекет-жеке меншік әріптестігінің шартына сәйкес, 2018 жылғы қарашадан 2022 жылғы қарашаға дейін мемлекеттің үлесі 5%, жеке әріптестің үлесі 95% болған. 2022 жылғы желтоқсаннан 2038 жылғы қарашаға дейін мемлекеттік серіктеске 25%, жеке серіктеске 75% үлес белгіленген. Сондай-ақ, ақылы тұрақ қызметтерін төлеуден жалтарғаны үшін салынатын айыппұлдан түскен ақшаның бәрі қала бюджетіне түседі», деп жазады әкімдіктегілер.

  • СІМ: Иран, Израиль, Ливандағы қазақстандықтар референдумда дауыс бермейді

    СІМ: Иран, Израиль, Ливандағы қазақстандықтар референдумда дауыс бермейді

    ҚР Сыртқы істер министрлігі Иран, Израиль, Ливанда Қазақстанның елшілігі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлім етті. Аталған ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәліметінше, осы үш елдегі күрделі ахуалға байланысты референдумның дауыс беру учаскелері жұмыс істемейді. Ондағы қазақстандықтар референдумға дауыс бермейді.

    «Соңғы бірнеше айда Таяу Шығыстағы жағдай айтарлықтай шиеленісті. Осыған байланысты Израиль, Иран және Ливандағы қазақстандық дипломаттар күшейтілген жұмыс режимде жұмыс істеп жатыр. Осы елдердегі Қазақстан азаматтарымен байланыс құрылды, олармен тұрақты байланыс бар. Елдегі жағдайға байланысты қажетті ұсыныстар беріледі. Қазақстанның елшіліктері әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты елден кету керектігін бірнеше рет жариялады», — деді Айбек Смадияров.

  • Нартай Аралбайұлы: Орманшылардың жалақысы барлық өңірде өспеді

    Нартай Аралбайұлы: Орманшылардың жалақысы барлық өңірде өспеді

    ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы бірнеше өңірде  орманшылардың жалақысы өспегенін жеткізді. Осы мәселені шешу мақсатында ол депутаттық сауалын ҚР Премьер — Министрінің Бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

    «Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі» деп кесіп айтқан еді. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді», — деді  Нартай Аралбайұлы.

    Депутат орманшылардың жалақысын өсіру бойынша қол қойылған құжаттың барлық өңірде жүзеге аспағанын сынады. 

    «2024 жылдың 1 шілдесінде  Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы  қаулыға қол қойды. Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілді. Бөркімізді аспанға атып, алақайладық.

    Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары бар еді. Шіліңгір шілдеден бастап жалақымыз еселеп артады деп елдің еңсесі тіктеліп қалды. Бірақ, 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар 2024 жылы да дәл сол жағдайды бастан кешуде», — деді халық қалаулысы.

    Себебі аталған қаулы Қызылорда облысында,  Арал ауданында, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында, Қостанай облысында, Жетісу облысында орындалмады деген дерек келді. Депутат  орманшылардың жазған арызы қолында екенін жеткізді. 

    «Орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылыпты, ол қамбада қаржы жоқ екен. Қаулысы бар да қаржысы жоқ. «AMANAT» партиясы бұл жағдайды бірнеше рет көтергенін қаперлеріңізге сала кетейін.Салдары ауыр, жалақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке барғысы келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді.Жоғарыда айтылған мәселелерді зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған  қаулының толыққанда орындалуын қадағалап, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамассыз етуіңізді сұраймын», -деп Нартай Аралбайұлы депутаттық сауалын қорытындылады.

     

     

  • Депутат Дайрабаев су шаруашылығындағы былықты жіпке тізіп берді

    Депутат Дайрабаев су шаруашылығындағы былықты жіпке тізіп берді

    ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев  су шаруашылығындағы кемшіліктерді тізіп,  Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады.

    «2017 жылы «Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарының су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерін реконструкциялау» жобасын іске асыруға мемлекеттің кепілдігімен 173,8 млн АҚШ доллар немесе 53,9млрд. теңге Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі тарапынан алынған болатын.

    Қарыз қаражатының қолжетімділік мерзімінің аяқталуына, оның толық игерілмеуіне және құжаттарды рәсімдеу уақыты созылуына байланысты Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі 664,9 млн. теңге қосымша комиссия есептеген.

    Аталған жобалар бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, мердігерлердің жауапсыз жұмысына байланысты Үйлестіру кеңесінің шешімімен 2023 жылға, одан кейін 2025 жылға ауыстырылды.

    Бүгінде осы жобалардың орындалу барысыда мәз емес. Бұған кім жауап береді? Артық кеткен шығындардың сұрауы барма?», — деді депутат, «Ауыл» партиясы Фракциясының мүшесі Жигули Дайрабаев.

    Халық қалаулысы  жаз айында өңірлерді аралау барысында Жамбыл облысының сайлаушылары осы мәселені көтергенін жеткізді.

    «Бүгінгі күнге жоспарланған 315 каналдың тек 137 каналы жөндеуден өткен.Жұмыстың баяу жүруі жыл сайынғы вегетациялық кезеңнің өткеру сапасын төмендетуге әкеледі, берілетін судың шығыны 20-30 пайыздан асады», — деді депутат. 

    Жигули Дайрабаевтың мәліметінше,  Ақтөбе  қаласы бойынша инфрақұрылымның жетіспеушілігі салдарынан бөлінген 5,6 млрд теңгенің 1,3 млрд теңгесі игерілмеген. Ал Түркістан облысы бойынша бөлінген 18,5 млрд. теңгенің тек 2,2 млрд. игерілген.

    «Бұдан басқа, «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» (ПУИД-2) жобасы бойыншада шешілмеген сұрақтар көп.Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында бұл жоба аясында жыл басынан тек 3,35 млрд. теңге Үкімет Резервінен бөлінген.Сондай-ақ, өткен жылдан бері Дүниежүзілік Банк тарапынан төленетін 1,1 млрд. теңге қарыз әліде болса төленбеген, ал жобаны орындау мерзіміне аз уақыт қалды.Бюджетті нақтылау кезінде қаржы бөлінеді деген уәделестікте жоқ.Қажетті 28 млрд. теңгені сонда Үкімет қашан бөлмекші? Шешуге тиісті мәселені одан әрі ушықтырмай нақты жұмыс ұйымдастыру керек емес пе?»,— деп толықтырды Жигули Дайрабаев.

    Депутат, елімізде су тапшылығы жыл өткен сайын күрделі мәселеге айналып келе жатқанын жеткізді.

    «Ал бізде суды үнемді және тиімді пайдалану тетіктері әліде болса жоқ. Сондықтан жыл сайын миллиардтаған теңгенің шығыдарын көрудеміз.Тасқын суды жинау және қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету үшін салалық министрлік 2,6 млрд. текше метр су сақтай алатын 42 жаңа су қоймасын салуды, жалпы көлемі 3,7 млрд. текше метр болатын 37 су қоймасы мен 14,5 мың шақырым ирригациялық каналды реконструкциялауды жоспарлап отыр екен.Министрлік бұрынғы жоспарлаған міндеттерін орындамай жатып, құрылыстың басталуы 2012 жылдан бері созылып келе жатқан, жырға айналған Жамбыл облысындағы 3 су қоймаларының мәселесі әлі шешілмеуде, аталған Қалғұтты, Ырғайтты мен Ақмола су қоймаларының құрылысы 34,5 мың гектар суармалы жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік берер еді»,- деді Ж. Дайрабаев.

    Ал, депутат су шаруашылығы бойынша жаңадан  құрылған министрліктің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. 

    «Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында су ресурстарының маңыздылығын атап, оны тиімді пайдалануды тапсырып, жаңа ведомства құрып еді. Дегенмен, қазіргі жүргізіліп жатқан жұмыстар халықтың көңілінен шықпауда, су шаруашылығы саласындағы ұйымдастыру жұмыстары сылбыр жүруде. Министрлік құрылғанына бір жыл өтседе, бүкіл Республика бойынша ревизиялық жұмыстар әлі толық біткен жоқ.

    Мәселен, Шығыстағы судың 40%-на ие Семей өңірінде Облыстық деңгейде ҚазСуШар мекемесі әлі күнге дейін құрылмаған, Ұлытаудада осындай жағдай. Су шаруашылығы объектілерін ұстау, пайдалану мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететітін ұйымы болмаса, басқасы туралы не айтуға болады!

    Осыған орай, сауалда көтерілген 3 мәселе бойынша қандай шаралар қабылдануда? Құрылыстардың аяқталу және күрделі жөндеу жұмыстары қай уақытта бітеді?Осы сұрақтарға жауап  беруіңізді сұраймыз», -деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында.

  • Қазақстан-Қытай шекарасы үш күнге жабылды

    Қазақстан-Қытай шекарасы үш күнге жабылды

    Қытай Халық Республикасының құрылған күнін мерекелеуге байланысты Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобильді өткізу пункті үш күнге жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

    «Мемлекеттік кірістер комитеті Қытай Халық Республикасының құрылған күнін мерекелеуіне байланысты 2024 жылғы 1 қазаннан бастап 3 қазанға дейін Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобильді өткізу пунктерінде тұлғалардың, көлік құралдары мен жүктердің өтуі жүзеге асырылмайтынын хабарлайды», — делінген ақпаратта.

    Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штатты режимде жұмысын жалғастырады.

  • Президент Си Цзиньпинді құттықтады

    Президент Си Цзиньпинді құттықтады

    Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың және жеке өзінің атынан Си Цзиньпин мен қытай халқын ҚХР-дың құрылғанына 75 жыл толуымен құттықтады.

    Мемлекет басшысы құттықтау жеделхатында ел бірлігі мен тұтастығының бірегей нышаны саналатын бұл күннің орны ерекше екеніне тоқталды. Сонымен қатар Қытайды әлемдегі көшбасшы әрі жаһандық орнықты дамуға, халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған қуатты мемлекет ретінде атап өтті.

    Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы сан қырлы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Екі елдің мызғымас достық пен тату көршілікке негізделген байланысы қос халықтың игілігі жолында ұдайы нығая беретініне сенім білдірді.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің аса жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас қытай халқына бақ-береке тіледі.

  • Ұлттық олимпиада комитетіне жаңа бас хатшы тағайындалды

    Ұлттық олимпиада комитетіне жаңа бас хатшы тағайындалды

    Астанада Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс жиыны өтті.

    Бас ассамблеяның күн тәртібінде қаралған мәселенің бірі – жаңа бас хатшыны сайлау. Геннадий Головкин Әлімжан Ақаевтың кандидатурасын ұсынып, ұсынысты қатысушылар бірауыздан бекітті.

    Әлімжан Ақаев 2024 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан ҰОК президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған.

  • Су шаруашылығы мамандарының жалақысы өседі

    Су шаруашылығы мамандарының жалақысы өседі

    Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қарағанды облысына ресми іс-сапары барысында айтты.

    «Биыл «Қазсушар» қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25 пайызға өсті. Еңбекақысы тариф есебінен төленетіндердің де, республикалық бюджеттен алатындардың да айлығы көтерілді. Келесі жылы да біз су саласындағы мамандардың еңбекақысын көтеру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі лайықты түрде бағалануға тиіс», – деді министр.
  • Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркістанға облыс мәртебесін берген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор

    Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркістанға облыс мәртебесін берген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор

    Мемлекет басшысы Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысты.

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.

    Мемлекет басшысы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.

    «Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Бұл ретте Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті.

    Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.