Рубрика: Билік

  • Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды

    Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды

    Мемлекет басшысының өкімімен Марат Шәдетханұлы Қожаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.

    Марат Қожаев 1964 жылы 23 ақпанда туған. Білімі жоғары, 1989 жылы КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, 2001 жылы ҚР ІІМ Академиясын тәмамдаған.

    Мансабы:

    • 1984 жылдан – Алматы облысы ІІБ Қаскелең ауданының ІІБ уақытша ұстау изоляторының милиционері;
    • 1989 жылдан 2001 жылға дейін тергеу қызметінде, оның ішінде Алматы облысы ІІБ басшылық лауазымдарында жұмыс істеді;
    • 2004 жылдан 2009 жылға дейін – Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары
    • 2012 жылғы ақпаннан бастап – Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу комитетінің төрағасы;
    • 2014 жылдың қыркүйегінен – Павлодар облысы ІІД бастығы;
    • 2017 жылғы желтоқсаннан бастап – Нұр-сұлтан қаласы ПД бастығы;
    • 2019 жылғы 6 сәуірден бастап – ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

    Қызметте жеткен жетістіктері үшін ІІМ басшылығымен бірнеше рет көтермеленген, 2-ші дәрежелі «Айбын» (2013) орденімен және 7 медальмен марапатталған.

  • Антикор қазақстандықтарды сақ болуға шақырды

    Антикор қазақстандықтарды сақ болуға шақырды

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мессенджерлерде (WhatsApp, Telegram және т.б.) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы мен қызметкерлерінің атынан жалған аккаунттар құрған және жалған ақпарат тарататын алаяқтарға сенбеу керегін ескертті, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

    «Алаяқтар Антикор символикасы бар жалған құжаттарды, хабарламаларды және файлдарды жасап, халыққа жолдап жатыр.  Жалған ақпараттық таратуларға сенбеу, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, сондай-ақ қолма-қол ақша аудармауды сұраймыз», – делінген хабарламада.

    Осындай қоңыраулар мен таратуларды алған жағдайда, осы фактілер туралы Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдарына дереу хабарлауды сұрайтынын жазған.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев Германия халқын Бірлік күнімен құттықтады

    Қасым-Жомарт Тоқаев Германия халқын Бірлік күнімен құттықтады

    Мемлекет басшысы Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге құттықтау жеделхатын жолдады

    Қасым-Жомарт Тоқаев Франк-Вальтер Штайнмайер мен барша Германия халқын Бірлік күнімен құттықтады.

    ✔️Президент Германия Федеративтік Республикасының өркендей беруіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ Қазақстан мен Германияның дәстүрлі достық пен өзара тиімді серіктестік рухындағы ынтымақтастығы одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

    ✔️Қасым-Жомарт Тоқаев Франк-Вальтер Штайнмайердің аса жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас Германия халқына бақ-береке тіледі.
  • Депутат Қазақстанда TikTok-ты бұғаттауды талап етті

    Депутат Қазақстанда TikTok-ты бұғаттауды талап етті

    «Бүгінде TikTok әлеуметтік желісі әлемнің түкпір-түкпірінде өте танымал. Біздің елде бұл желіні пайдаланушылар саны аз емес. Көрші елге тиесілі бұл платформаны шығармашылық адамдар жасөспірімдерді білім алуға тарту үшін пайдаланады. Бірақ мұндай контент, басқасымен салыстырғанда, аз ғана. Мен әлемдік тәжірибеге назар аударамын: мемлекеттер әртүрлі себептермен бұл платформаға ішінара тыйым салады», – деді Шиповский өзінің депутаттық сауалын айтты.

    Депутаттың айтуынша, балалардың психикалық денсаулығы алаңдатады.

    «TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына теріс әсер етіп, жалған идеалдар мен тәуелділікке әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Қырғызстан бұл платформаға тыйым салып, балалардың психикасын қорғау бойынша шаралар қабылдады. Ұлттық қауіпсіздік — қазіргі әлемнің басты мәселелерінің бірі. Франция және басқа елдер TikTok-та ақпарат жинау әдістеріне күмән келтіріп, берілген желіге шектеулер енгізді. Қазақстанда киберқауіпсіздікке де назар аудару өте маңызды, өйткені жеке және мемлекеттік деректерді қорғау ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты», – деді сенатор.

    Сонымен қатар, Геннадий Шиповский TikTok платформасы аз қауіп төндіретін жағдайларды тізімдеді.

    «Бірінші – Tik Tak экстремизм, радикализм және сепаратизмді, тым қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы келетін мазмұнды анықтау мен шектеудің нақты алгоритмін ұсынады. Екіншіден, TikTok платформасы кішкентай балаларды қауіпті онлайн мазмұннан қорғау мақсатында YouTube Kids сияқты балаларға арналған арнайы желіні ұсынады. Үшіншіден, 13 жасқа дейінгі балалар ата-анасының телефонынан TikTok қолданбасына кіретін болса, Face ID технологиясын қолдана отырып, оларды блоктау механизмін қарастыру», – деді депутат.

    Әйтпесе, сенатор еліміздегі TikTok платформасын бұғаттау қажет деп санайды. Ол бұл мәселелерді шешу азаматтардың салауатты моральдық құндылықтарын сақтауға бағытталған қадам болатынына, сондай-ақ жастар арасында таралатын қауіпті ойындар мен әдеттердің төмендеуіне ықпал ететініне сенім білдірді.

  • Президент: Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет

    Президент: Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет

    Мемлекет басшысы қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары екенін жеткізді. 

    «Бұл – заңды құбылыс. Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент  әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет екенін ескертті.

    «Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы пікір алмаса білуі керек. Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауға тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Қоғамның сынынан және батыл шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет. Тағы да қайталап айтамын. Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру. Мәслихат депутаттарының жұмысындағы басым бағыттарға қатысты менің пайымым осындай», — деді Мемлекет басшысы.

    Еске салайық, қазір Астанада  барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтіп жатыр. Шараға Мемлекет басшысы да қатысты.

  • Президент: Бала смартфон пайдаланған кезде қатаң қадағалау қажет

    Президент: Бала смартфон пайдаланған кезде қатаң қадағалау қажет

    Мемлекет басшысы Депутаттар форумында бала тәрбиесіне қатысты пікір білдірді.

     «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы. Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн. Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды», — деді Мемлекет басшысы. 

    Президент балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдайдың жанына бататынын жеткізді.

    «Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын. Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет»., -деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

    Еске салайық, қазір Астанада барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтіп жатыр.

  • Тоқаев референдум туралы маңызды мәлімдеме жасады

    Тоқаев референдум туралы маңызды мәлімдеме жасады

    Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдум Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы.

    «Орайлы сәтті пайдаланып, бірқатар өзекті мәселеге тоқталғым келеді. Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», – деді Тоқаев.

    Президенттің пікірінше, атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба.

    «Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді. Заманның талабы осы. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Осы ретте АЭС құрылысына қолдау білдіріп жатқан Халықтық штабтың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Штаб саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, өндіріс мамандары мен кәсіпкерлерді біріктірді. Азаматтардың ұйысып, ортақ іске жұмыла кірісе алатынын көрсетеді. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді», – дейді Тоқаев.

    Осы ретте президент қазақстандықтарға қарата айтқан сөзінде демократия үздіксіз процесс екенін алға тартты.

    «Отандастарымызға айтарым: демократия – үздіксіз жүретін үдеріс. Оған тұрақты түрде атсалысу қажет. Осыны қаперден шығармауымыз керек. Әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады.

    Әр азаматтың әл-ауқаты мен Отанымыздың тағдыры тек өзіміздің қолымызда. Балаларымыз бен немерелеріміз біздің жетістіктерімізді еселеуі үшін келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау – ортақ парызымыз. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жерімізге егілген әр талдың игілігін көретін де – жас ұрпақ.

    Бір сөзбен, не істесек те, бәрін еліміздің ертеңі үшін істейміз. Сондықтан біз балалардың денсаулығына, олардың білімі мен тәрбиесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мемлекет осы бағытта нақты шаралар қабылдады, яғни қаражат бөліп, қажетті инфрақұрылым салуда. Жалпы, бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр деуге болады, бірақ, алдымызда тұрған міндеттер ауқымды, әлі де атқаратын шаруа көп», – деді ол бұл мәселеге қатысты ойын түйіндей келе.

  • Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар форумына қатысты 

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар форумына қатысты 

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысты. 

    «Баршаңызды мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумының ашылуымен құттықтаймын!

    Шын мәнінде, бұл жиынның мән-маңызы айрықша. Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – халықтың үні болу деген сөз. Мысалы, жаңа ғана сөз сөйлеген азаматтар өте маңызды мәселелерді көтерді. Әсет Махамбетовтің білікті маман ретінде атом энергиясы туралы пікірі өзекті. Сырымбек Сәрсембаев моно-қалаларды дамыту жөнінде жақсы ұсыныстар айтты. Ринат Заитовтың ұлттық өнерді қолдау туралы пайымдары да орынды. Депутаттар Юлия Кучинская және Евгений Буслаев та өте өзекті пікірлерін айтты.

    Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін. Жалпы, елімізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар. Соның 70 пайызына жуығы осы залда отыр»,- деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында. 

     

  • Қазақстандық полицейлер күшейтілген режимге көшті

    Қазақстандық полицейлер күшейтілген режимге көшті

    Полиция қызметі күшейтілген режимге ауыстырылды. Бұл шешім Республикалық референдумның өткізілуіне байланысты қабылданып отыр. Ішкі істер министрлігі науқан кезінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамсыз етеді. Дауыс беруге арналған учаскелерге комиссиялық тексерулер жүргізілетін болады. Олардың техникалық сипаттарға және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, терроризмге қарсы қорғалуы қаралады.

  • Елорданың бас санитариялық дәрігері тағайындалды

    Елорданың бас санитариялық дәрігері тағайындалды

    Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Айгүл Қошмұхаметқызы Шағалтаева Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    2 қазан күні Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова жаңа басшыны ұжымға хабарлап, әрі қарай қызметіне табыс тіледі.

    Айгүл Шағалтаева 1968 жылдың 26 шілдесінде Қарағанды облысында дүние келген.

    1993 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институты, гигиенист-эпидемиолог дәрігері мамандығы бойынша аяқтады.

    Еңбек жолын 1993 жылы Ақмола қаласы санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитарлық дәрігер болып бастады;

    1998 жылдан 2001 жылға дейін Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитарлық бөлімінің меңгерушісі;

    2001 жылдан 2003 жылға дейін Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының санитарлық дәрігері;

    2003 жылдан 2005 жылға дейін Астана қаласы медициналық колледжісінің оқытушысы;

    2005 жылдан 2007 жылға дейін Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің құрылыс және объектілерді қайта құру бөлімінің бас маманы;

    2007 жылдан 2014 жылға дейін Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің емдеу профилактикалық объектілерге бақылау және дезинфекциялау, стерилизациялау іс-шараларын жүргізу бөлімінің бастығы;

    2014 жылдан 2017 жылға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министірлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің ішкі ауруханалар инфекциясын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы;

    2017-2019 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары;

    2019 жылдан бастап «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Астана қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті» басшының орынбасары қызметін атқарды.