Рубрика: Оқиғалар

  • Павлодар облысында алты адам өрттен қаза тапты

    Павлодар облысында алты адам өрттен қаза тапты

    Павлодар облысында өрт салдарынан алты адам көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz NEWSnurkz-ке сілтеме жасап.

    Қайғылы оқиға Солнечный ауылында болған. Тілсіз жау тұрғын үй мен оған жапсарлас шаруашылық нысандарын түгел шарпыған. Өрттің жалпы аумағы шамамен 920 шаршы метрді құрады.

    Өрт кезінде үйде жеті адам болған. Бір ер адам аман қалып, ауруханаға жеткізілді.
    Алты адам қаза тапты — олардың жеке басы анықталуда.

    Оқиға орнында 30-ға жуық құтқарушы мен 10 техника жұмыс істеді. Өрттің шығу себебі тексеріліп жатыр.

  • Қазақстанда тағы бір сарбаз қаза тапты: соңғы үш аптада үшінші оқиға тіркелді

    Қазақстанда тағы бір сарбаз қаза тапты: соңғы үш аптада үшінші оқиға тіркелді

    Қазақстанда мерзімді әскери қызметшінің өліміне қатысты тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. Бұл — соңғы үш аптадағы үшінші оқиға, бұл қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Sona.kz ZTB.kz — ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Ақпарат көздерінің мәліметінше, қайғылы жағдай елдегі әскери бөлімдердің бірінде болған. Қазір қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталуда.

    Еске салайық, қыркүйек айында Гвардей гарнизонында бір сарбаз асылып қалған күйінде табылған, ал қазан айында Алматы облысының Қарасай ауданында ҰҚК Шекара қызметінің сарбазының өлімі менингококцемия диагнозымен түсіндірілген еді.

    Қоғам белсенділері мен сарапшылар сарбаздардың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына назар аударуды, сондай-ақ әскери қызметтегі тәртіп пен бақылауды күшейтуді талап етуде.

    Қорғаныс министрлігі мен Әскери прокуратура барлық әскери бөлімдерде тексеріс жүргізіп, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуді көздеп отыр.

    Сондай-ақ оқыңыз: https://sona.kz/kk/mangystaw-oblysynda-zheti-sarbaz-swicid-zhasawga-arekettenip-psihikalyq-awrwhanaga-tuesti-29573/

  • Зайсан ауданының әкімі дөрекі мінезі үшін кешірім сұрады, бірақ полиция әкімшілік жаза қолданды

    Зайсан ауданының әкімі дөрекі мінезі үшін кешірім сұрады, бірақ полиция әкімшілік жаза қолданды

    Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының әкімі Қуаныш Төлеухан тұрғындарға дөрекі сөйлеп, үстелді ұрған сәтінен кейін видео арқылы кешірім сұрады, деп хабарлайды Sona.kz HALYQSTAN басылымына сілтеме жасап.

    Бейнежазбада ол «жағдайдың шиеленісіп кеткенін» айтып, «эмоциясын ұстай алмағанын» мойындады және халықтан «түсіністікпен қарауды» өтінді.

    Дегенмен, полиция оны ұсақ бұзақылық бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартты. Әкімге 20 АЕК (шамамен 80 мың теңге) көлемінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.

    Облыс әкімдігі мұндай әрекеттердің мемлекеттік қызмет этикасына қайшы екенін атап өтіп, материалдарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп кеңесіне жолдаған.

  • Жетісуда үш бала пеш түтінімен уланып қалды

    Жетісуда үш бала пеш түтінімен уланып қалды

    Жетісу облысының Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылында үш бала, оның ішінде үш айлық сәби, пештің ақауынан шыққан көмірқышқыл газына уланып қалды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Оқиға 6 қазан таңертең болған. Үй иесі Әнеля Секенова сағат 7 шамасында түтіннің иісінен оянып, бөлменің қою түтінге толғанын байқаған. Әйел дереу терезе мен есікті ашып, балалардың есінен танып жатқанын көріп, жедел жәрдем шақырған.

    Үш бала да Көксу аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін олар жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазіргі уақытта жағдайлары тұрақты.

    Жасұлан мен Әнеля Ноғайбайдың отбасы Балпық би ауылының 14-көшесінде тұрады. Анеляның айтуынша, олар бірнеше рет аудан әкімдігіне табиғи газ тарту туралы өтініш жасаған, бірақ мәселе әлі шешілмеген. Газ 13-көшеге дейін ғана жеткізілген.

    Аудандық ТКШ бөлімінде 14-көшедегі үйлер алғашқы газдандыру жобасына енбегенін түсіндірді, себебі ол кезде үйлер салынып болмаған. Қазір BSP Group LTD компаниясы өз қаражаты есебінен жаңа үйлерді кезең-кезеңімен қосу жұмыстарын жүргізуде. Жоба Антимонополия комитетінің келісімінен өтуі тиіс.

    Көксу аудандық ТЖ бөлімі оқиғаның себебі пеш мұржасын дер кезінде тазаламау болғанын хабарлады.
    Факт тіркеліп, ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

    Қазіргі таңда балалар дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары тұрақты. Құтқарушылар тұрғындарға пештер мен жылу жүйелерін уақытылы тексеріп отыруды ескертеді.

  • Алматыдағы барахолка маңында пышақ қолданылған жанжал: полиция қылмыстық іс қозғады

    Алматыдағы барахолка маңында пышақ қолданылған жанжал: полиция қылмыстық іс қозғады

    Алматыда барахолка маңында болған жаппай төбелеске байланысты полиция тергеу бастады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада екі ер адамның жол үстінде жанжалдасып, кейін төбелеске ұласқаны байқалады. Куәгерлердің айтуынша, олардың бірі пышақ алған. Оқиғаға куә болғандар қайғылы жағдайдың алдын алу үшін араласқан.

    Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс Алатау ауданының полиция басқармасында тергеліп жатыр.

    «Барлық қатысушылардың тұлғасы анықталды, оларды ұстау шаралары қабылдануда. Әрқайсысының әрекеті жан-жақты тексеріліп, тергеу нәтижесінде заңға сәйкес баға беріледі», — делінген Алматы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

    Полиция азаматтарды кез келген даулы жағдайды заң шеңберінде шешуге шақырды. Күш қолдану мен агрессия үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

     

  • «Көкшетау – Атбасар» тас жолында жүргізуші адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

    «Көкшетау – Атбасар» тас жолында жүргізуші адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

    Ақмола облысында «Toyota Avensis» автокөлігінің жүргізушісі адамды қағып, оқиға орнынан ізін жасырған, деп хабарлайды Sona.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 4 қазанда «Көкшетау – Атбасар» автожолының 176-шақырымында болған. Алдын ала деректер бойынша, мемлекеттік тіркеу нөмірлері жоқ қара түсті көлік 60–70 жастағы ер адамды қағып кеткен.

    Зардап шегуші жедел жәрдем келгенше көз жұмған.
    Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған.

    Қазір полиция қызметкерлері марқұмның жеке басын анықтау және қашып кеткен жүргізушіні іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.

    Полиция тұрғындарды жол апатына куә болған немесе оқиға туралы қандай да бір ақпараты бар болса, хабарлауға шақырады.

  • Қызылорда облысында жасөспірімдер ерекше қажеттілігі бар баланы азаптап, аяғын күйдірген

    Қызылорда облысында жасөспірімдер ерекше қажеттілігі бар баланы азаптап, аяғын күйдірген

    Қызылорда облысында ерекше қажеттілігі бар балаға жасалған зорлық-зомбылық фактісі бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды Sona.kz Письма президенту телеграм каналына сәлтеме жасап.

    Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кадрлардан бірнеше жасөспірімнің балаға қорлық көрсетіп, аяғын күйдіргені байқалады.

    Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды.

    Қоғам өкілдері мен белсенділер Ішкі істер министрі Ержан Сапарбековтен кінәлілерге қатаң шара қолдануды сұрап отыр.

    Психологтар соңғы уақытта балалар арасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық жиілегенін айтып, ата-аналарды балаларымен сөйлесіп, адамгершілікке, сыйластыққа тәрбиелеуге шақырады.

  • Алматыда «қарумен» жол үстінде жанжал шығарған жүргізуші қамауға алынды

    Алматыда «қарумен» жол үстінде жанжал шығарған жүргізуші қамауға алынды

    Алматыда жол қозғалысы кезінде қолына қаруға ұқсас зат ұстап шыққан жүргізуші әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға қалай болды

    Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада оқиғаның Құлжа трактісінде болғаны көрсетілген. Жүргізушілердің айтуынша, Toyota Prado көлігін тізгіндеген ер адам алдымен жолды бірнеше рет қауіпті жағдайда орап өтіп, қарсы көліктің жүрісіне кедергі келтірген. Жәбірленуші тоқтап, мән-жайды білмек болғанда, күдікті көлігінен түсіп, қолына пистолетке ұқсайтын зат алып шыққан.

    Полицияның түсініктемесі

    Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру барысында жүргізушінің қолындағы заттың шын қару емес, пистолетке ұқсас оттық екені анықталды.
    «Аталған азамат бірден ұсталып, оның әрекеттері ‘ұсақ бұзақылық’ бабына сәйкес келетіндігі анықталды», – деп мәлімдеді полиция.

    Сот шешімі

    Арнайы әкімшілік соттың шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке қамауға алынды.

    ? Полиция тұрғындарды жол үстінде арандатушылыққа берілмеуге және кез келген күдікті жағдайларды дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

  • Алматыдағы тергеу изоляторына смартфонды бешбармақтың ішіне жасырып кіргізбек болды

    Алматыдағы тергеу изоляторына смартфонды бешбармақтың ішіне жасырып кіргізбек болды

    Алматыдағы тергеу изоляторында ерекше жағдай тіркелді. Қызметкерлер тағам арқылы тыйым салынған зат кіргізу әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Sona.kz ҚАЖД-ға сілтеме жасап.

    Ведомствоның мәліметінше, тексеру кезінде күзетшілер бешбармақтың ішінен күмәнді қатпарды байқаған. Тексеру барысында қамыр мен еттің астынан полиэтилен мен фольгаға мұқият оралған смартфон табылды.

    Құрылғы тәркіленіп, жөнелтушілерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар сотқа жолданды. Ережені бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жаза қарастырылған.

    ҚАЖД өкілдерінің айтуынша, мұндай әрекеттер жиі кездеседі. Бұған дейін де изолятор қызметкерлері телефонды шәйнектің, нанның және кір жуғыш ұнтақтың ішінен анықтаған.

    Ресми органдардың мәліметінше, сотталғандардың қолына ұялы телефон түсуі мекеме тәртібін бұзып қана қоймай, қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Бұл заңсыз байланыс орнатуға немесе қылмыстық әрекеттерді үйлестіруге мүмкіндік береді. Сол себепті азаматтарға мекемеге жіберілетін сәлемдемелердің ережелерін қатаң сақтауға шақыру жасалды.

  • Қарағандыда құбыр ауыстыру кезінде екі жұмысшы қаза тапты

    Қарағандыда құбыр ауыстыру кезінде екі жұмысшы қаза тапты

    Қарағандыда Шахтеров даңғылында кәріз құбырларын ауыстыруға арналған жер қазу жұмыстары кезінде қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Алдын ала мәлімет бойынша, траншеяны қазу кезінде топырақ опырылып, мердігер ұйым – «НС Система» ЖШС-нің екі қызметкері жер астында қалып қойған. Ер адамдар оқиға орнында қаза тапқан.

    Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соқтыру» бабы бойынша жүргізілуде.

    «Караганды Су» ЖШС мәліметінше, мердігер ұйым марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыру шығындарын өз мойнына алады.

    «1 қазанда жер қазу жұмыстары кезінде екі жұмысшының қаза болуына әкелген қайғылы оқиға болды. Оқиғаның мән-жайын полиция органдары анықтап жатыр», – делінген ресми хабарламада.