Рубрика: Оқиғалар

  • Таразда әйел 22 жастағы ұлын зорлады деп айыптады

    Таразда әйел 22 жастағы ұлын зорлады деп айыптады

    Тараз қаласының 41 жастағы тұрғыны полицияға арыз түсіріп, өз ұлын зорлық жасады деп мәлімдеді. Айтуынша, 22 жастағы азамат оған жыныстық зорлық көрсеткен, деп хабарлайды Sona.kz Жамбыл облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Ведомство өкілдері арыздың тіркелгенін растады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    «Тараз қалалық полиция басқармасымен ҚР ҚК 120-бабының 1-бөлігі (“Зорлау”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 22 жастағы күдікті анықталып, ұсталды», — делінген полиция мәліметінде.

  • Маңғыстау облысындағы жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет жарияланды

    Маңғыстау облысындағы жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет жарияланды

    Маңғыстау облысындағы жол-көлік оқиғасынан жарақат алған үш жолаушы Жаңаөзен көпсалалы қалалық ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1964 жылы туған ер адам мен 1967 жылғы әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Сонымен қатар, 1960 жылы туған әйел травматология бөліміне орналастырылды. Оның жағдайы тұрақты, бірақ ауыр.

    Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

    Еске салайық, 11 қыркүйекте Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылынан 90 шақырым жерде жол апаты болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Hiace автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне аударылып кеткен. Салонда жолаушылар болған. Апат салдарынан 10 адам қаза тапты.

  • Ақтөбеде белгілі дәрігердің өліміне қатысты сот басталды

    Ақтөбеде белгілі дәрігердің өліміне қатысты сот басталды

    Ақтөбеде 69 жастағы дәрігер-нефролог Абай Айсағалиевтің өліміне қатысты қылмыстық іс қаралуда. Күдікті ретінде 31 жастағы әріптесі өтіп жатыр. Ол өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, медбике қылмысты алдын ала жоспарлаған. Ол дәрігердің жалғыз тұратынын және банк шотында қаржысы барын білген. Күдікті Айсағалиевтің телефонына банк қосымшасын орнатып, құпиясөзді есте сақтаған.

    25 мамыр түні дәрігер астаналық іссапардан оралған соң әріптесін үйіне кіргізген. Сол жерде оған пышақ және балтамен соққы жасалған. Кейін мәйіт тоңазытқышқа жасырылып, басқа жерге әкетілген. Банкоматтар арқылы дәрігердің есепшоттарынан 7 миллион теңгеден астам қаржы алынған.

    Күдікті өкініш білдіріп, істі алқабилердің қатысуымен қарауды сұрады. Негізгі сот процесі 25 қыркүйекте басталады.

    Абай Айсағалиев ұзақ жылдар медицина саласында еңбек етіп, Ақтөбеде кәсіби маман әрі құрметті дәрігер ретінде танылған.

  • Астанадағы түнгі клубтағы қаза: марқұмның әпкесі кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті

    Астанадағы түнгі клубтағы қаза: марқұмның әпкесі кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті

    Астанадағы түнгі клубтағы қаза: марқұмның әпкесі кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті

    Астанадағы «Амазон» түнгі клубында болған қайғылы оқиғада көз жұмған жігіттің қарындасы Instagram парақшасында оқиға орнынан бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Sona.kz.

    Ол жазбасында әділдік орнауын талап етіп, бауырының өліміне қатысты барлық кінәлілердің жауапқа тартылуын сұрады. Айтуынша, шабуыл кезінде клубта күзетшілер, әкімшілік өкілдері мен полиция қызметкерлері болғанымен, ешқайсысы қайғылы жағдайдың алдын алу үшін әрекет етпеген.

    «Олар мұны тоқтата алар еді, бірақ ештеңе істемеді», — деді марқұмның қарындасы.

    Еске салайық, қайғылы жағдай 7 қыркүйекке қараған түні болған. Туыстарының мәліметінше, шабуылға бес адам қатысып, олардың бірі Азатқа жүрек пен аяғына пышақ салған.

  • Семейде полицейлер ТЭЦ қызметкерлерін ажалдан құтқарып қалды

    Семейде полицейлер ТЭЦ қызметкерлерін ажалдан құтқарып қалды

    Семейде полицейлер үш ТЭЦ жұмысшысын құтқарып қалды, деп хабарлайды Sona.kz Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Оқиға бүгін таңғы сағат 9 шамасында облыстық сот ғимараты маңында болған. Үш жұмысшы кәріз құдығына түскен кезде, олардың екеуі есінен танып қалған.

    Алғашқылардың бірі болып көмекке ІІМ мамандандырылған күзет қызметінің полицейлері жеткен. Старшина Аслан Какенов саты әкеліп, бір жұмысшыны сыртқа шығара алды. Айгерім Мұхтарбекова жедел жәрдем шақырып, дәрігерлердің дер кезінде келуін қамтамасыз етті.

    Ал аға сержант Ерзат Баймулаев арнайы маска киіп, беліне арқан байлап, тәуекелге барып құдыққа түскен. Жоғарыда әріптестері — Аслан Какенов пен Тұрсынбек Айтқазы — оның қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бірлескен іс-қимылдың арқасында екеуін өлім аузынан аман алып шықты.

    Біраз уақыттан соң келген дәрігерлер зардап шеккендерге көмек көрсетті. Олардың өміріне ешқандай қауіп жоқ.

    Полицейлер оқиғадан кейін сот ғимаратындағы қызметін жалғастырған.

  • Алматыда ер адамды тонап, 13 миллион теңгесін алып кетті

    Алматыда ер адамды тонап, 13 миллион теңгесін алып кетті

    Алматыда Төле би даңғылындағы айырбастау пунктінің маңында ер адамды тонап, 13 миллион теңгесін алып кеткен, деп хабарлайды Sona.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, бейтаныс азамат қала тұрғынына шабуыл жасап, ақшасын ашық түрде иемденген. Жедел-іздестіру шаралары барысында Алмалы аудандық полиция қызметкерлері күдіктіні — Алматы қаласының 39 жастағы тұрғынын ұстады.

    «Күдіктінің тұрғылықты жерінен ақшалай қаражат, қылмыс кезінде бейнежазбаларға түскен киімдер және өзге де заттай айғақтар алынды», — деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.

    Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр, оның өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

    Айта кетейік, бұған дейін Алматыда түнгі уақытта көшеде адамдарға бұрыш бүріккішпен шабуыл жасап, телефон, ақша және бағалы заттарын тартып алған топ ұсталған болатын.

  • Түркістан облысында шенеунікке қатысты жанжал шықты

    Түркістан облысында шенеунікке қатысты жанжал шықты

    Әлеуметтік желілерде Түлкібас ауданының ішкі саясат бөлімінің «Руханият орталығы» КМҚК директоры Қанат Елеуовтің есімі аталған жанжал туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Sona.kz.

    Куәгерлердің айтуынша, Елеуов мейрамханалардың бірінде қасындағы үстелде отырған жас қызды күшпен «соқыр аймаққа» апаруға әрекет жасаған. Алайда ойы іске аспаған соң, ол таныстарына қоңырау шалып, әкімшілік ресурстарды және «бандиттерді» іске қосатынын айтқан.

    Бұл жағдай Түркістан облыстық полиция департаментінің қарауына ұсынылды

  • Ақтаулық прокурор Алматы әуежайында мас күйінде тәртіп бұзғаны үшін ұсталды

    Ақтаулық прокурор Алматы әуежайында мас күйінде тәртіп бұзғаны үшін ұсталды

    Алматы әуежайында Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Абдиров қоғамдық орында мас күйінде тәртіп бұзғаны үшін ұсталды, деп хабарлайды «Ақ Жайық».

    Оқиға Абдиров демалыс кезінде орын алған: ол Астанадан ұшақпен келген. Дереккөздерге сәйкес, прокурор мас күйінде болып, қоғамдық орында дау туғызған.

    1977 жылы туған Ерболат Абдировқа қатысты әкімшілік хаттамалар түзілген:
    • ҚР ӘҚБК 440-бабы, 1-бөлігі — «Сыра, шарап және басқа да алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде болу»;
    • ҚР ӘҚБК 434-бабы, 1-бөлігі — «Кішігірім хулигандық: қоғамдық орында ар-намысты қорлайтын сөздер айту, азаматтарға дөрекі әрекет жасау және тәртіпті бұзатын басқа әрекеттер».

    Дереккөздерге қарағанда, Абдировтың әрекеттері қоғамдық орында дөрекі мінез-құлық, ар-намысты қорлайтын сөздер қолдану ретінде бағаланған.

    Айта кетейік, Ерболат Абдиров прокуратура органдарында 20 жылдан астам қызмет атқарған және бірнеше басқарушы лауазымдарда болған. Ведомствода әзірге бұл оқиғаға түсініктеме берілмеген.

    Оқиға қоғамда резонанс тудырды: әлеуметтік желі қолданушылары қызметкердің мінез-құлқын талқылап, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан тыс та заң мен тәртіпті сақтау қажеттігін ескертті.

    Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша ҚР заңнамасына сәйкес құқықтық салдары анықталатын болады. Алдағы уақытта прокурор ӘҚБК-та қарастырылған айыппұл немесе басқа да жауапкершілік шараларына тартылуы мүмкін.

    Бұл жағдай мемлекеттік қызметшілер тек жұмыс уақытында ғана емес, қоғамдық орындарда да заң мен тәртіпті сақтауға жауапты екенін тағы бір ескертеді.

  • Алматыда қыз харассментке ұшырады: полиция тексеріс бастады

    Алматыда қыз харассментке ұшырады: полиция тексеріс бастады

    Алматы қаласының Түрксіб ауданында тұратын қыз 8 қыркүйекте бейтаныс ер адамның тарапынан харассментке ұшырағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz @ztb_qaz дерегіне сілтеме жасап.

    Бейнебақылау камераларына жас жігіттің қыздың артынан әдейі еріп келе жатқаны түсіп қалған. Қыз өз үйінің қақпасына тоқтаған сәтте, ол артынан жүгіріп келіп, қыздың кеудесінен ұстап, қашып кеткен.

    Жәбірленуші күдіктіні тауып, жауапқа тартуды талап етті.

    Еске сала кетейік, Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер мұндай әрекеттер зорлық-зомбылықпен, қорқытумен, бопсалаумен немесе жеке өмірге қолсұғушылықпен қатар жүрсе, Қылмыстық кодекстің басқа да баптары бойынша сараланады.

    Полиция оқиғаның тіркелгенін және тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады

  • Алматыда оқушы қыздың қазасынан кейін қылмыстық іс қозғалды

    Алматыда оқушы қыздың қазасынан кейін қылмыстық іс қозғалды

    Алматыда 17 жастағы мектеп оқушысы қайтыс болды. Алдын ала деректер бойынша, қыз бала өз-өзіне қол жұмсауға жеке мектептегі қысым мен буллинг себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz Kriminal Kazakhstan-ға сілтеме жасап.

    Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, марқұмның есімі – Жанель. Ол 11-сыныпқа өтуі тиіс болған. 2 қыркүйекте салтанатты жиынға өз стилінде келген қыз мектеп әкімшілігінің сынына ұшырады. Келесі күні оқудан шығарылып, 3 қыркүйекте көпқабатты үйдің төбесінен секіріп кеткен.

    TikTok пен Instagram-дағы жазбаларда жанжалға мұғалімдер мен кейбір ата-аналардың қатысы болуы мүмкін екені айтылады. Қыздың сырт келбетіне байланысты сөзбен қорлау, тіпті күш қолдану фактілері айтылуда.

    Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде әділдік талап еткен акция басталды. Қолданушылар мектеп туралы теріс пікірлер қалдыруда.

    Алматы қалалық полиция департаменті оқушының қазасын растады. Медеу аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қайғылы жағдайдың себептері анықталып жатыр.