Рубрика: Оқиғалар

  • 22 жастағы Мәтжан Жанесеновты атып өлтірген әскери қызметші сотталды

    22 жастағы Мәтжан Жанесеновты атып өлтірген әскери қызметші сотталды

    Қиялы шекара заставасында әріптесін атып, қамауға алынған әскери қызметші сотталды. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды.

    Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеуі белгіленді. Сотталғаннан моральдық зиян өндірілді.

    Сот үкімі күшіне енген жоқ.

    Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы Қиялы шекара заставасының әскери қызметшісі Р.Байбақтинге алғашында Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылып, тергеу жүрді. Кейін қылмыстық іс «Аффект жағдайында жасалған адам өлтіру» бабына сараланды.

    «ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен, яғни, адам өлтірді деп сотқа берілді. Сотпен анықталғаны жәбірленуші жүйелі түрде Байбақтинге құқыққа қайшы беймаралдық іс-әрекеттер жасаған. Аталған мән-жайлар куәлардың жауаптарымен дәлелін тапты. Сонымен қатар іс бойынша Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында сот-психологиялық, психиатриялық сараптамалар жүргізіліп, сарапшылар Байбақтин қылмыс жасаған уақытта аффект жағдайында болды деген қорытындыға келді»,- делінген Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудараралық әскери сотының хабарламасында.

    Ведомствоның ақпаратына сәйкес,
    сот отырысында 5 сарапшыдан жауап алынды. Барлығы бірауыздан Байбақтиннің аффект жағдайында қылмыс жасағанын бекітті. Сот іс материалдарын зерттеп, сарапшылардың қорытындыларын негізге алып, Байбақтиннің іс-әрекетін ҚК 101-бабының 1-бөлігіне саралады.

     

    «Яғни, сотталушы 2023 жылғы 2 желтоқсанда аффект жағдайында адам өлтірді. Атап айтқанда жәбірленушінің жүйелі түрде құқыққа қайшы беймаралдық мінез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканың күйзелтетін ахуалдан болған. Кенеттен туындаған қатты жан күйзелісі аффект жағдайында жасалған адам өлтіру. 2024 жылдың 13 қыркүйегі күні сот үкімімен Байбақтин ҚК 101-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп толықтырды Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудараралық әскери соты.

    Еске салсақ, оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Мәртөк ауданындағы Қиялы шекара заставасында 22 жастағы Мәтжан Жанесенов көз жұмды. Ол – Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы.

  • Шатырдан құлаған оқушының бірі белгілі экологтың қызы екен

    Шатырдан құлаған оқушының бірі белгілі экологтың қызы екен

    Кеше таңғы сағат 10:00 шамасында 7-сынып оқитын екі қыз Алматының Жамбыл көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысындағы көпқабатты үйдің шатырынан құлап көз жұмды.

    Алдын ала белгілі болған мәліметке сенсек, дене шынықтыру сабағынан сұранып кетіп, мектеп күзетшісіне дүкенге баратынын айтқан.

    «Қыздар таңертең сабақтан сұранып кеткен. Олар №25 гимназияда 7-сынып оқитын. Екі қыз да біздің тұрғын үйде тұрмайды. Алайда, біздің үйдегі шатырға шығу оңай болатын. Үйіміз «Железнодорожник» КМК-ға қарайды, оны Жанар Жанұзақова басқарады», – деді тоғызыншы қабат тұрғыны. Тұрғындардың сөзінше, шатырға шығатын есік үнемі ашық жатады. Тіпті олар бірнеше мәрте коммуналдық қызмет басшылығына шатырды жауып тастау керек екенін айтқан.

    Алайда, оқиға сабақ кезінде болса да, мектеп басшылығы түсініктеме беруден бас тартты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, қаза тапқан оқушының бірі белгілі эколог Евгений Мұхамеджановтың қызы.

    «Сүйікті қызымыз, кішкентай періштеміз қайтыс болды. Мен сенбеймін, бұлай болуы мүмкін емес», – деп жазды оның жұбайы Балхия Мұхамеджанова Facebook парақшасында.

    Осы оқиғадан кейін бірден әкімдік қаладағы барлық «КСК» мен «ОСИ»-ге шатырға шығатын барлық кіреберісті құлыппен және шынжырмен жабу керек екені туралы хабарлама жіберген.

     

  • Жаппай улану:мектеп асханасының 7 қызметкерінен жұқпалы ауру анықталды

    Жаппай улану:мектеп асханасының 7 қызметкерінен жұқпалы ауру анықталды

    Маңғыстауда оқушылар жаппай тамақтан уланған мектеп асханасының 7 қызметкерінен жұқпалы ауру анықталды.

    Еске салайық, өткен аптада Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында №8 жалпы білім беру мектебінің 466 оқушысы тағамнан уланып қалған еді.

    https://sona.kz/kk/mangystawlyq-43-oqwshy-awrwhanadan-shyqty-5278/ 100-ге жуық бала ауруханада емделіп, үйлеріне шықты. Мамандар асханадағы дайын тамақ өнімдерінен, су және асхана қызметкерлерінен бактериологиялық тексеруге сынамалар алған. Нәтижесінде картоп езбесі, құс етінен әзірленген котлет және соус пен компоттан патогенді бактериялар анықталған.

    Ыдыстардан ішек таяқшалары табылды. Сондай-ақ 6 адамның стафилокок жұқтырғаны, ыдыс жуушы әрі оқушыларға ас таратқан қызметкердің дизентерия бактериясын тасымалдаушы екені белгілі болды. Бұған қоса, 4 қызметкердің медициналық құжаты жалған болып шықты. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

  • Жамбыл облысында бірнеше мектеп оқушысы отырған автокөлік апатқа ұшырады

    Жамбыл облысында бірнеше мектеп оқушысы отырған автокөлік апатқа ұшырады

    Жамбыл облысында бірнеше студент пен мектеп оқушысы отырған автокөлік апатқа ұшырады. Салдарынан 16 жастағы екі бала мен 17 және 18 жастағы Жаңатас қаласының тұрғындары ауыр хәлде аудандық ауруханаға жеткізілді.  Жасөспірімнің бірі әкесіне тиесілі көлікті рұқсатсыз мініп кеткен.  Таңғы төрттер шамасында ол  «Тараз-Жаңатас» бағытында жоғары жылдамдықпен келе жатып, көлікті басқара алмай, жол жиегіне аударылған.  Қазір төртеуі де жансақтау бөліміне жатыр.  Артынша 16 және 18 жастағы науқастар шұғыл облыстық ауруханаға ауыстырылды. Көлік жүргізу куәлігі болмаған жас баланың ата-анасына қатысты іс қозғалды.

     

  • Шанхайда дауыл: 400 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді

    Шанхайда дауыл: 400 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді

    Қытайдың Шанхай қаласында «Бебинка» атты дүлей дауыл көтерілді. Мұндай қатты жел 75 жылда болмаған. Осыған байланысты қаланың 25 миллион тұрғынына үйде отыру туралы кеңес берілді. Сақтық шарасы ретінде 400 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мұндай сұрапыл дауылға шанхайлықтар 1949 жылдан бері алғаш рет куә болып отыр. Тайфун кезінде желдің жылдамдығы сағатына 151 шақырымға жеткен. Қаладағы басты екі әуежайда 600 мыңдай ұшақ рейсі тоқтатылды. Пойыз қатынасы да доғарылып, тас жолдар жабылған. Қала ішінде көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асыруға тыйым салынды. Кемелерге де портқа оралу туралы бұйрық берілген. Ойын-сауық және демалыс саябақтары жабылды.

     

     

  • Подвалдан Паралимпиадаға:Еркін Ғаббасов қалай жаттыққанын айтты

    Подвалдан Паралимпиадаға:Еркін Ғаббасов қалай жаттыққанын айтты

    41 жастағы Еркін Ғаббасов Паралимпиадаға қалай жаттыққанын айтты.

    «Подвалдан Паралимпиадан бірақ шықтың деп жолдастарым қалжыңдайды. Бұл әрине қалжың, себебі үлкен жаттығудан өттік. 2021 жылдан дайындалдым»,- деді Паралимпиада ойындарының нысана атудан күміс жүлдегері Еркін Ғаббасов.

    Жеңімпаз, дайындықтың басым бөлігі мектептің жертөлесінде өткенін айтады. Ал, жеңімпаздың жанында жары Шынар әркез қолдау білдіріп жүреді.

    «Біздің үш баламыз бар. Үлкеніміз 21 жаста. Алдағы мақсатымыз Алтын медальға қол жеткізду»,- деді Еркін Ғаббасовтың жары Шынар.

    https://www.instagram.com/reel/C_-ExMyMa5n/?igsh=azBtNnFmZHc4NW0x

     

    Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Париж қаласында өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен атлеттердің жаттықтырушылары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

     

     

  • Қытайлық 100 аса кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды

    Қытайлық 100 аса кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды

    Қорғас халықаралық ынтымақ орталығында Шаньдунь провинциясы тауарөндірушілерінің экспортқа бағытталған алғашқы көрмесі өтті. Қытай елінің 100-ден аса кәсіпорны өз өнімдерін жұрт назарына ұсынып, сауда-саттық жасады. Ауыл шаруашылығы техникалары, құрылыс материалдары мен құрал-саймандар, басқа да тұрмыстық заттарды саудалауға  делдалсыз, тікелей келісімшарт жасауға мүмкіндік туды. Тауар өндірушілер Қазақстан нарығына сапалы өнімдерін ұсынып, тіпті инвестиция тартуға да ниет білдіріп отыр.

     «Біздің Шыңжаңда және Шандуньде екі зауытымыз бар. Жылына 200 тоннадан астам есік және терезеге қажет металл жабдықтарын шығарамыз. Алматы және Жетісу облысына экспорттауға және сол өңірлерге шағын зауыт салып беруге мүмкіндігіміз бар», — деді  аллюминий зауытының өкілі

    Жанг Жи Юн.

    Қазақстан тарапынан сауда жасауға бұл жолы 200-ге жуық кәсіпкер барып, қызығушылық танытты. Сондықтан мұндай экспортқа бағытталған көрме-жәрмеңкелерді алдағы уақытта Қазақстанда да өтпек. Жалпы Қорғас ынтымақ орталығының әлеуеті жылдан-жылға еселеніп, тәулігіне екі тараптан мыңдаған турист кіріп, арзан бағада сауда жасап қайтып жүр. Ал Қазақстан және Орталық Азия сауда саттық қауымдастығы ұйытқы болған шара екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты арттырары сөзсіз.

    «Өте үлкен мүмкіндік. Біз жаңа ғана шыны жүн шығаратын завод өкілдерімен сөйлестік. Олар бізге  келіп, Қазақстанға өзіміздің зауыттарды қойып,  қалай жұмыс істеу керек,  шикізатты қалай аламыз, барлығын үйретіп, көрсетеміз дейді. Бұл керемет.  Ондай ақпаратты  біз үй жақтан таба алмаймыз», — деді жеке кәсіпкер Айрат Талғатұлы.

     

     

     

     

  • Астанада өтетін Димаш Құдайбергеннің концертіне арнайы автобустар қатынайды

    Астанада өтетін Димаш Құдайбергеннің концертіне арнайы автобустар қатынайды

    Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұл көрерменнің қауіпсіздігі мен жол кептелісін болдырмау мақсатында қабылданған шара. Арнайы транспорт Салтанат Сарайы, «Әзірет Сұлтан» мешіті және Бас мешіттің жанынан сағат 17:00-ден бастап қатынайды. Ол үшін концерт билетін көрсету қажет. Ал кеш өтетін жерге жеке көлікпен кіруге тыйым салынған. Айта кетейік, бүгін Астана аренада әншінің концерті өтеді.

  • 20 жастан әскерге: петицияға қол жинап жатыр

    20 жастан әскерге: петицияға қол жинап жатыр

    Қазақстандықтар әскерге шақыру жасын өзгерту туралы петицияға қол жинап жатыр. Бастамашы топ, азаматтарды армияға 18 жастан емес, 20 жастан бастап қабылдауды сұрайды. Бұдан әскери қызметтің тиімділігі артып, қорғаныс жүйесінде оң өзгерістер болады делінген құжатта. Яғни, оқу оқып, оң солын ажырата білген кезде, әскерге барғандардың ел алдындағы жауапкершілігі артады дегенді алға тартады. Сондай-ақ, бұл казармадағы әлімжеттік мәселесін де шешпек. Сонымен бірге, петицияда Швеция, Германия, және Австрия елдерінде әскерге шақыру жасы 19-20 жастан басталатыны жазылған. Бұл бастаманы қолдайтындар да, бұдан әскердегі бассыздық тыйылмайды дейтіндер де бар.

    E-Petition сайтында  https://epetition.kz/petition/ee8de9f5-fcb7-4eb7-bb37-b73a50b42be2?petitionDetailTab=SIGNERS&commentPage=0 «Мерзімді әскери қызметке шақыру жасын көтеру туралы» жаңа петиция жарияланды. Қазір петиция 50 дауыс жинап, модерациядан өтіп жатыр.

     

  • Қоғамдық көлік көпірден құлап, жүргізуші жансақтауда жатыр

    Қоғамдық көлік көпірден құлап, жүргізуші жансақтауда жатыр

    Алматы облысында қоғамдық көлік көпірден құлап, ішінде 15 жолаушысы бар шағын автобустың үстіне құлаған. Апат салдарынан 7 адам зардап шегіп, қоғамдық көліктің жүргізушісі аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған. Қалғандары жеңіл жарақат алған. Полицияның хабарлауынша, қос көлік айып тұрағына жеткізіліп, осы оқиғаға қатысты тергеу басталған. Оқиға 12 қыркүйек күні кешке Қаскелеңге бұрылар тұстағы жол айырығында болды. Куәгерлердің сөзінше, №78 автобустың салонында жүргізушіден басқа ешкім болмаған. Алдын-ала болжам бойынша ол өзін жайсыз сезініп, рөлге ие бола алмай қалған.https://www.instagram.com/reel/C_2HSn2sWwL/?igsh=ZTZkM3pxbmVoMXNv