Рубрика: Жаңалықтар

  • СҚО-да жеке сот орындаушылары 133,5 миллион теңге табысын жасырған

    СҚО-да жеке сот орындаушылары 133,5 миллион теңге табысын жасырған

    Солтүстік Қазақстан облысында 25 жеке сот орындаушысының табысын жасырып, мемлекетке салық төлемегені анықталды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Бас прокуратураның мәліметінше, аталған тұлғалар 2023 жылға арналған 240.00 нысанды декларацияда өздерінің нақты табыстарын көрсетпеген. Нәтижесінде мемлекет бюджетіне 13,2 миллион теңге салық түспей қалған.

    Тексеру барысында кейбір сот орындаушылары нөлдік табыс туралы декларация тапсырғанымен, іс жүзінде атқарушылық құжаттар бойынша миллиондаған теңге пайда тапқаны анықталды. Мәселен, бір сот орындаушысы бір жыл ішінде 459 құжатты орындап, 4,5 миллион теңге табыс тапқан, бірақ декларацияда табысы жоқ деп көрсетіп, 449 мың теңге салықтан жалтарған.

    Камералдық бақылау нәтижесінде 11 сот орындаушысы қосымша декларация тапсырып, 27,4 миллион теңге көлемінде табысын ашық көрсетіп, 2,6 миллион теңге салықты өз еркімен төлеген.

    «Қазіргі уақытта прокурорлық қадағалау актісін орындау мақсатында уәкілетті орган салық берешегін өндіріп алу бойынша шаралар қабылдап жатыр», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

    Ведомство мұндай фактілер жеке сот орындаушылары институтының ашықтығына күмән тудыратынын атап өтті. Алдағы уақытта Бас прокуратура осындай бұзушылықтарды анықтау және болдырмау мақсатында тексерістерді жалғастырмақ.

  • Қонаевта Мүгедектігі бар адамдар күні аталып өтті

    Қонаевта Мүгедектігі бар адамдар күні аталып өтті

    Шараға ерекше балалар мен олардың ата-аналары, әлеуметтік сала мамандары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

    Іс-шараны қала әкімі Асхат Бердіханов ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ол мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

    «Бүгінде Қонаев қаласында 1416 мүгедектігі бар азамат, оның ішінде 325 ерекше бала бар. «Жеке оңалту бағдарламасы» аясында 240 адам санаторийлік жолдамамен, 46 азамат арба және тифло-сурдо құралдарымен қамтамасыз етілді», – деді ол.

    Бұдан бөлек, шаһар басшысы үйде білім алатын балалардың отбасыларына 31 456 теңге көлемінде жәрдемақы төленіп жатқанын айтты.

    «Биыл үш ерекше баласы бар отбасы өз кәсібін бастауға грант алды. Бұл – мемлекетіміздің әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидатына деген берік ұстанымының айғағы», – деді қала әкімі.

    Асхат Бердіханов ерекше жандарды қоғам өміріне бейімдеуге үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

    Марапат иелері қатарында «Қапшағай Самға» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марат Бекенұлы, «Қамқор жүрек» бірлестігінің басшысы Ләззат Иманғалиқызы, сондай-ақ «Мейірім Қонаев-2025», «Алтын бала», «Ерекше балалар ата-аналарының одағы», «Күндізгі болу орталығы» ұйымдарының жетекшілері бар. Өнерпаз балалар да назардан тыс қалмай, оларға Алғыс хат табысталды.

    Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, ерекше балалар мен олардың ұстаздары ән шырқап, би биледі. Балаларға қуаныш сыйлау мақсатында аниматорлар мен түрлі ойындар ұйымдастырылды, ал «KazSMU» құрылыс компаниясы бүлдіршіндерге сыйлықтар тарту етті.

    Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, мейірім мен қуанышқа толы сәттердің куәсі болды.

  • Қонаевта «Қызғылт қазан» марафоны өтеді

    Қонаевта «Қызғылт қазан» марафоны өтеді

    ҚЫЗҒЫЛТ ҚАЗАН – сүт безі жайында ақпараттандыру, ауруға қарсы күресетін ай.

    Бұл ауру ерте анықталса, жазылып кету мүмкіндігі 90%-дан асады.

    Жыл сайын миллиондаған әйел осы дертке шалдығады. Дегенмен, уақтылы тексеру мен алдын алудың арқасында олардың көбінің бойына шипа дарып, саулығын сақтап келеді.

    Қонаев қаласы да әлемдік Pink October қозғалысына қосылады. 18 қазан сағат 9.00-де орталық аллеяда марафон өтеді. Іс-шара аясында флешмоб, скандинавиялық жүріс те ұйымдастырылады. Сондай-ақ бұл күні әйелдер кешкі 16.00-ге дейін маммография мен УДЗ-ға тегін тексеріле алады.

  • Депутат шетелден қаржыландырылатын блогерлерді бақылауды ұсынды

    Депутат шетелден қаржыландырылатын блогерлерді бақылауды ұсынды

    Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев Қазақстандағы блогинг пен медиа кеңістіктегі шетелдік қаржыландыру мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, Үкіметтен бақылау шараларын күшейтуді талап етті, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-ға сілтеме жасап.

    Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта бірқатар медиапорталдар, Telegram-арналар мен әлеуметтік желілердегі парақшаларда шетел мемлекеттерінің саяси мүдделерін көздейтін PR-материалдар жиі жариялана бастаған. Алайда бұл жазбалар жарнама ретінде белгіленбей, оқырманға бейтарап ақпарат түрінде ұсынылады.

    «Егер ол ағаш егу немесе жаңа технология енгізу секілді әлеуметтік жарнама болса түсінікті. Бірақ қазіргі уақытта кейбір парақшаларда шетелдік саяси мүдделер насихатталып жатыр. Бұл — қоғамға әсер ететін өте қауіпті үрдіс», – деді Пономарев Мәжілістің жалпы отырысында.

    Ол сондай-ақ мұндай тапсырыстардың заңдылығы мен оларға салық төленуі мәселесіне күмән келтіріп, қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Депутаттың пікірінше, бұл жағдай медиа саласындағы жауапкершілік пен этика деңгейіне де әсер етуі мүмкін.

    Сергей Пономарев Үкіметке нақты ұсыныстарын жеткізді:
    – шетелдік тапсырыс берушілердің қаржысымен жасалған материалдарды міндетті түрде таңбалау;
    – шетелден қаржыландырылатын ақпараттық ресурстар иелерінің табысын бақылау жүйесін енгізу;
    – заңсыз қаржыландыруды анықтау және тоқтату механизмдерін әзірлеу.

    Депутат бұл ұсыныстар медиа саласындағы әділдік пен ашықтықты арттыруға, сондай-ақ ел ішіндегі ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталғанын атап өтті

  • Қазақстанда банктер ипотеканы уақытша тоқтатты: не болып жатыр және несие алушыларды не күтіп тұр

    Қазақстанда банктер ипотеканы уақытша тоқтатты: не болып жатыр және несие алушыларды не күтіп тұр

    2025 жылдың 10 қазанынан бастап Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім елдегі тұрғын үй несиелеу нарығына тікелей әсер етті. Қаржы ұйымдары ипотека беруді уақытша тоқтатып, шарттарын қайта қарауға кірісті, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Банктердің жауабы

    Altyn Bank «Цифрлық ипотека» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты. Себебі – сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін (СЖТМ) есептеуге қатысты жаңа талаптарға бейімделу қажеттілігі.

    «Қазіргі уақытта банк тұрғын үй несиелеудің балама бағдарламаларын әзірлеуде. Өтінім қабылдау басталғаны туралы қосымша хабарланады», – делінген хабарламада.

    ForteBank те жаңа ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатты.

    «Бұл ипотеканы толық жабу емес, тек шарттарды қайта есептеу үшін үзіліс. Нарық сарапталған соң несиелеу қайта жанданады», – деді банк өкілдері.

    Банк ЦентрКредит мемлекеттік бағдарламалар бойынша ипотеканы бұрынғыдай беріп жатыр.

    «Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне және СЖТМ бойынша жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты өтінім қабылдау жүйесінде техникалық шектеулер болды. Қазір бұл мәселе шешіліп жатыр», – деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.

    Freedom Bank ипотекалық несиелер беруді жалғастырып жатыр, бірақ пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуін жоққа шығармайды. Тек «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы өзгеріссіз қалады.

    Себебі неде

    Базалық мөлшерлеменің өсуі банктер үшін қарыз қаражатын қымбаттатады, сол себепті қаржы ұйымдары ипотека беруді уақытша тоқтатып, жаңа талаптарға сәйкес СЖТМ мен тәуекелдерді қайта есептеуде.

    Сарапшы пікірі

    Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтың айтуынша, бұл — нарықтың табиғи реакциясы.

    «“Ипотеканы жауып жатыр” деген сөз асыра айтылған. Банктер жаңа экономикалық жағдайға бейімделу үшін уақытша үзіліс алды. Мөлшерлемелер 2–3 пайыздық тармаққа өсуі мүмкін, ал несие алушыларға қойылатын талаптар күшеюі ықтимал».

    Оның айтуынша, бұл жағдай ең алдымен жас отбасылар мен эконом-класс баспана алушыларға әсер етеді.

    Тұрғын үй бағасы не болады

    Мүсіреповтың айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығы тұрақтану кезеңіне өтуде.

    «Сатып алу-сату қарқыны төмендеп жатыр. Кей аймақтарда бағаның 5-10 пайызға дейін жұмсақ түзетілуі мүмкін. Бірақ бұл дағдарыс емес — тұрғын үйге деген іргелі сұраныс сақталып отыр», – деді сарапшы.

    Сондай-ақ ол құрылыс компанияларының енді бөліп төлеу, банк серіктестігі және жеңілдік акциялары сияқты баламалы тәсілдерге жүгінетінін айтты.

    Алдағы уақыт не көрсетеді

    Сарапшылардың болжамынша, 2025 жылдың соңына дейін нарық жаңа мөлшерлемеге бейімделіп, ипотекалық бағдарламалар қайта іске қосылады. Алайда несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеме 20 — 22% деңгейінде болуы мүмкін.

    Сарапшылар баспана алуды жоспарлап жүрген азаматтарға нарық тұрақтанғанша асықпауға кеңес береді — алдағы айларда мемлекеттік қолдауы бар жаңа бағдарламалар пайда болуы ықтимал.

  • Петропавлда аурухана терезесінен секірген әйел көз жұмды

    Петропавлда аурухана терезесінен секірген әйел көз жұмды

    Петропавлда төртінші қабаттан секірген 67 жастағы әйел қайтыс болды, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan — ға  сілтеме жасап.

    Оқиға 13 қазан күні қаладағы көпсалалы ауруханалардың бірінде болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, әйел ұзақ уақыт бойы ем алып жүрген және созылмалы дертінен зардап шеккен. Дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, ол алған жарақаттарынан түнде көз жұмған.

    Полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау мақсатында тексеріс басталды. Куәгерлер мен медициналық қызметкерлерден түсініктемелер алынуда, сот-медициналық сараптама тағайындалған.

    Бейресми ақпаратқа сүйенсек, әйел бұған дейін де өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Қала тұрғындары қайғылы оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, қоғамда психологиялық көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтуде.

    Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін азаматтарға эмоционалды күйзеліс кезінде кәсіби көмекке жүгінуден тартынбау қажет.

  • Қонаев қаласының жас спортшылары Ташкенттен жеңіспен оралды

    Қонаев қаласының жас спортшылары Ташкенттен жеңіспен оралды

    2025 жылдың 7–12 қазан аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен кикбоксингтен әлем чемпионатында Ыбырай Алтынсарин атындағы №1 орта мектептің шәкірттері ел намысын абыроймен қорғап, жоғары жетістікке жетті.

    Чемпионатқа әлемнің 30-дан астам елінен мықты спортшылар қатысқан. Осы сындарлы додада біздің төрт оқушымыз ел үмітін ақтап, жеңіс тұғырынан көрінді.

    Зарина Ахметжанова қатарынан үшінші рет әлем чемпионы атанды. Ал Райымбек Заден мен Нұрали Имандосов алтын медаль иеленіп, бірінші орынға шықты. Ахмет Асхатұлы да қарсыластарына лайықты төтеп беріп, екінші орынды жеңіп алды.

    Мектеп басшылығының айтуынша, бұл жеңіс — оқушылардың табандылығы мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. «Біздің оқушыларымыздың табысы – бүкіл қала мен облыс үшін үлкен мақтаныш. Олар Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғады», – делінген хабарламада. Жас спортшыларымызды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да спорттық және өмірлік жетістіктер тілейміз.

  • Қазақстан қайырымдылық деңгейі бойынша әлемнің ең жомарт 30 елінің қатарына енді

    Қазақстан қайырымдылық деңгейі бойынша әлемнің ең жомарт 30 елінің қатарына енді

    Қазақстан халқының жомарттығы жоғары бағаланды — ел Charities Aid Foundation (CAF) ұйымының World Giving Report – 2025 есебі бойынша әлемдегі 30-орынға ие болды, деп хабарлайды Sona.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

    Зерттеу мәліметінше, қазақстандықтар табысының 1,2%-ын қайырымдылыққа жұмсайды. Бұл көрсеткіш АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Нидерландиядан жоғары.

    CAF дерегінше, ең жомарт адамдар табысы төмен елдерде тұрады. Алғашқы бестікке Нигерия (2,8%), Мысыр (2,5%), Гана (2,2%), Уганда (2%) және Қытай (2,2%) кірді.

    Баяндама авторлары әлемдік қайырымдылықтағы басты қиындықтарды да атап өтті — қаржыландыру тапшылығы, қорлар арасындағы бәсеке және операциялық шығындардың өсуі. Сонымен қатар, Қазақстанда қайырымдылық қорларына деген сенімнің төмендеуі байқалады. Бұған “Biz Birgemiz Qazaqstan 2030” қоры ісіндегі 3,5 млрд теңге ұрлығы сияқты даулы істер әсер еткен.

  • Жетісу облысында ауылдарды сумен қамтуға 480 млн теңге бөліндіі

    Жетісу облысында ауылдарды сумен қамтуға 480 млн теңге бөліндіі

    Президент тапсырмасымен қайтарылған активтер есебінен өңірлерде әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Арнайы мемлекеттік қордан Жетісу облысындағы сумен жабдықтау жүйесін салу және жаңарту жобаларына шамамен 480 млн теңге бөлінді.

    Жоба аясында Алакөл ауданының Қоныр ауылында 17 км, Қаратал ауданының Үмтыл ауылында 4,8 км су желілері тартылады. Нәтижесінде мыңнан астам тұрғын таза ауыз суға қол жеткізеді.

    Биыл өңірде 18 жоба жүзеге асырылуда. 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендердің үлесі 99,9%-ға жетпек — бұл 329 ауыл және шамамен 697 мың тұрғын.

    Бұған дейін қайтарылған активтер есебінен Қызылорда және Ақтөбе облыстарында да ауыз су және медициналық нысандар салынған болатын.

  • Ақтауда ер адам пышақпен үшінші қабаттағы пәтерге терезе арқылы кіруге тырысқан

    Ақтауда ер адам пышақпен үшінші қабаттағы пәтерге терезе арқылы кіруге тырысқан

    Ақтаудағы 8-шағынауданда ер адам бөтен пәтерге пышақ ұстап кіруге әрекеттенген, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға 13 қазан күні №22 үйдің маңында болған. Ер адам сыртқы кондиционер блоктарына сүйеніп, үшінші қабатқа көтерілген. Тұрғындар оның әрекетін байқап, дереу полиция шақырған.

    Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1991 жылы туған ер адам мас күйінде болған. Оған қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабы (“Ұсақ бұзақылық”) бойынша хаттама толтырылды.
    Бұзақыға 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл немесе 5–15 тәулікке дейін әкімшілік қамау түріндегі жаза қолданылады.

    Оқиғаның видеосын тұрғындар полицияға жолдаған.