Рубрика: Жаңалықтар

  • АҚШ Қытайға қарсы 100% кедендік баж енгізбек: әлемдік экономикаға әсері қандай болмақ

    АҚШ Қытайға қарсы 100% кедендік баж енгізбек: әлемдік экономикаға әсері қандай болмақ

    10 қазан күні АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін импортқа 100 пайыздық баж салығын енгізу жоспарын жариялады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Трамптың айтуынша, бұл шешім АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарындағы «әділеттілікті қалпына келтіруге» бағытталған. Алайда сарапшылар мұндай қадам жаңа сауда соғысын туғызуы және әлемдік нарықтарға қысым жасауы мүмкін екенін ескертеді.

    Мамандардың пікірінше, баж салығының өсуі Қытай тауарларының бағасын қымбаттатып, АҚШ-та инфляцияның үдеуіне және жеткізу тізбектерінің бұзылуына әкелуі ықтимал. Ең көп зардап шегетін салалар — технология және автокөлік өндірісі.

    Сондай-ақ Қытай да жауап ретінде сирек кездесетін металдар мен электроника экспортына шектеу қоюы мүмкін, бұл өз кезегінде әлемдік өндіріс пен электроника бағасына әсер етеді.

    Сарапшылардың пайымдауынша, жаңа баж толқыны әлемдік сауда жүйесі үшін үлкен сынаққа айналмақ, себебі нарықтар пандемия мен геосаяси шиеленістерден кейін әлі толық қалпына келген жоқ.

  • Балалар қауіпсіздігі – басты назарда: Қонаевта комиссия отырысы өтті

    Балалар қауіпсіздігі – басты назарда: Қонаевта комиссия отырысы өтті

    Қонаев қаласында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуға ата-аналар, білім саласының мамандары, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

    Күн тәртібінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, буллингтің, интернет-алаяқтықтың және «дроппер» схемаларының алдын алу шаралары қаралды.

    Баяндамашылардың айтуынша, бүгінде қаладағы 14 мектепте 12 882 оқушы білім алады. Барлық білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары күшейтілген – бейнебақылау камералары орнатылып, дабыл түймелері жұмыс істейді, күзет қызметі тәулік бойы кезекшілік етеді.

    «Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында «Адал азамат» бағдарламасы аясында профилактикалық сабақтар, тренингтер, челлендждер және ата-аналармен кездесулер жүйелі түрде өткізіліп келеді. Биылдың өзінде 3 мыңнан астам сынып сағаты мен 50-ден астам ақпараттық шара ұйымдастырылды», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева.

    Сонымен қатар комиссия отырысында Қонаев қалалық полиция басқармасының өкілдері алаяқтық пен «дроппер» құбылысына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандардың айтуынша, кибералаяқтар адамдарды өздерінің банк карталарын пайдалануға көндіріп, заңсыз ақша айналымына тартады. Мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ескертілді.

    Полиция қызметкерлері балаларға күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуді, жеке деректерін бөгде тұлғаларға бермеуді, ал күмән тудырған жағдайда «102» нөміріне хабарласуды ұсынды.

    Комиссия мүшелері құқықтық мәдениетті арттыру, ата-аналармен байланыс орнату және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттілігін атап өтті.

  • Астанада дәрігерлерге 15 миллион теңге сыйақы берілмегені анықталды

    Астанада дәрігерлерге 15 миллион теңге сыйақы берілмегені анықталды

    Астана қаласының прокуратурасы елордалық ауруханаларда тексеріс жүргізіп, медицина қызметкерлерінің құқықтары бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

    Тексеру нәтижесінде, кейбір медициналық ұйымдарда 90 миллион теңгеден астам міндетті зейнетақы және әлеуметтік аударымдар, сондай-ақ 15 миллион теңге көлеміндегі ынталандыру сыйақылары дәрігерлерге төленбегені белгілі болды.

    Прокуратура бұл жағдайды дәрігерлердің конституциялық құқықтарының бұзылуы деп таныды.
    Қадағалау органының араласуынан кейін барлық төлемдер толық көлемде жүргізілді. Сонымен қатар, кінәлі лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

  • “Жоғары табысқа уәде берді”: БҚО тұрғыны 45 миллион теңгесінен айырылды

    “Жоғары табысқа уәде берді”: БҚО тұрғыны 45 миллион теңгесінен айырылды

    Батыс Қазақстан облысында 45 миллион теңге көлемінде алаяқтық жасаған әйел ұсталды, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

    ҚР ІІМ мәліметінше, 34 жастағы Орал қаласының тұрғыны Бөрілі ауданының тұрғынын “табысыңды еселеймін” деп сендіріп, оның ақшасын ұзақ уақыт бойы иемденіп келген. Тергеу деректеріне сәйкес, ол жәбірленушіні 2023 жылдың шілдесінен 2025 жылдың қазанына дейін жүйелі түрде алдаған.

    Күдікті алған қаражатты өз қажетіне жұмсап, уәде етілген табысты қайтармаған. Полиция оның бұған дейін де ұқсас қылмыстар үшін сотталғанын анықтады. Қазір әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзырлы орган азаматтарды қаржылық мәмілелер кезінде сақ болуға шақырды.

  • ҚМА: “Актив Маркет” клиенттері өсім төлемеуге құқылы

    ҚМА: “Актив Маркет” клиенттері өсім төлемеуге құқылы

    «Актив» және «Актив Маркет» желісіне қарасты ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдардың қызметінен зардап шеккен азаматтарға Қаржы мониторингі агенттігіне жүгіну ұсынылды. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Елемесовтің айтуынша, тексерулер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатыр.

    «Азаматтарды қаржылық тәуелділікке итермелейтін тұлғаларға қатысты жүйелі тексерулер басталды. Қазіргі таңда 17-ден астам қылмыстық іс тіркелген, келтірілген залал көлемі 400 миллиард теңгеден асады, 400 мыңнан астам адам зардап шеккен», — деді ол.

    Аталған істердің қатарында «Актив» және «Актив Маркет» ломбардтарына қатысты тергеулер де бар. Алматы қаласында бірқатар микроқаржылық ұйымдардың заңсыз әрекеттері анықталған — олар Ұлттық банк белгілеген шектен асып, жоғары пайызбен несие берген.

    «“Актив Маркет” ұйымының тиісті лицензиясы жоқ. Сондықтан бұл сомаларды төлеудің қажеті жоқ. Азаматтар пайыз төлемей-ақ агенттікке жүгініп, шарттардың жарамсыз екенін дәлелдейтін құжат ала алады», — деді Елемесов.

    Оның айтуынша, кейбір азаматтар өз мүлкін қайтарып ала алады.

    «Пайызбен қарыз алған және зардап шеккендердің тізіміне енген азаматтар өз заттарын қайтара алады. Ол заттар “Актив Маркетте” тұр, себебі тергеу барысында тәркіленбеген. Бұл ретте пайыз төлеудің қажеті жоқ», — деді ол.

    Алайда мүлкін комиссия арқылы өткізген және төлем жасамаған азаматтар өз бұйымдарын қайтара алмайды, себебі компанияның негізгі қызметі — комиссиялық сауда болған.

  • Қаржы мониторингі агенттігі: Жанабыловтар әкімшілік жауапкершіліктен бас тартып, істі сотқа жеткізген

    Қаржы мониторингі агенттігі: Жанабыловтар әкімшілік жауапкершіліктен бас тартып, істі сотқа жеткізген

    Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша блогерлерге екі жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалуы мүмкін.
    Алайда Қаржы мониторингі агенттігі өкілдері мұндай жағдайдың алдын алуға болатынын айтты, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Бұған дейін агенттік 37-ден астам блогердің ісін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолдаған. Бірақ Жанабыловтардың ісі ерекше сипат алып, қылмыстық тергеуге ұласқан.

    Агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенаттағы брифингте түсіндірме берді:

    «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, егер азамат әкімшілік жазаға келіспесе және өтініш білдірсе, іс сотқа жолданады. Бұл жағдайда сот қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін анықтап, істі Экономикалық тергеу департаментіне жіберді», — деді ол.

    Қазір ерлі-зайыптыларға қатысты Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі бойынша — «Заңсыз банктік немесе микроқаржылық қызмет» бабымен іс қозғалды.
    Аталған бап бойынша 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, түзету немесе қоғамдық жұмыстар, не екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

    Қаржы мониторингі агенттігі бұл істі онлайн-кәсіппен айналысатын өзге блогерлер үшін сабақ болуы тиіс деп атап өтті.

  • ҚМА «СК-Фармация» компаниясына қатысты іс тергеуде

    ҚМА «СК-Фармация» компаниясына қатысты іс тергеуде

    Қаржы мониторингі агенттігі «СК-Фармация» компаниясына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде, деп хабарлайды Sona.kz Nur.kz- ке сілтеме жасап.

    Агенттік төрағасының орынбасары Женис Елемесовтың айтуынша, тергеу қазір белсенді кезеңде.

    «Бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша іс қозғалды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», — деді ол.

    «СК-Фармация» — Қазақстан бойынша дәрі-дәрмек сатып алу және таратумен айналысатын бірыңғай дистрибьютор.

  • Төрт жалған стоматология ашқан: күдіктілердің бірі ұсталды

    Төрт жалған стоматология ашқан: күдіктілердің бірі ұсталды

    Жалған стоматологиялық клиникалар ісі бойынша негізгі күдіктілердің бірі — Аслан Дүйсенов қамауға алынды, деп хабарлайды Sona.kz Nur.kz-ке сілтеме жасап.

    Агенттік төрағасының орынбасары Женис Елемесовтың айтуынша, бұған дейін іздеуде болған Дүйсенов ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.

    «Тергеу барысында оның төрт жалған стоматологиялық клиниканы құруға қатысы бар екені дәлелденді. Сондай-ақ заңсыз жолмен алынған барлық қаражат көлемі анықталды», — деді ол.

    Қаржы мониторингі агенттігі тергеу жалғасып жатқанын, сонымен қатар қылмысқа қатысы бар басқа тұлғаларды анықтау және келтірілген залалды өндіру бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

  • Қонаевта аялдамалар цифрландырылуда

    Қонаевта аялдамалар цифрландырылуда

    Биыл Қонаев қаласында 16 жаңа аялдама қойылды. Қазір олар цифрландырылып жатыр.

    Әкім жаңа технологиялардың енгізілу жұмысымен танысты. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің сөзінше, әр аялдамада 4 бейнебақылау камералары орнатылған. Олар 30-50 метрге дейін адамның бет-әлпетін, кез келген іс-қимылды жақындатып көрсете алады.

    «Вандализммен күрес үшін камераларды орнатып жатырмыз. Жақын арада оларды Жедел басқару орталығына қосамыз. Сонда мемлекет мүлкін бүлдіргендерді тез арада тауып алуға мүмкіндік туады», — деді ол.

    Сонымен қатар нысанның ішінде телефонды қуаттағыштар мен автобустардың бағыттарын, қозғалысын көрсететін бағдарламасы бар монитор қойылған. Тегін Wi-Fi орнату мақсатында ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.

    «Аялдамалар автобустар жүретін уақытта ғана ашық болады. Бұл — тазалықты, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жасалатын амал», — деді бөлім басшысы.

    Алдағы уақытта шаһардағы барлық аялдамаларды бірыңғай келбетке келтіру жоспарлануда.

    Шаһар басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды тездетуді тапсырды.

    Ал тұрғындар аялдамаларға жарнама ілу, сындыру, тәртіп бұзу фактілері бойынша 109 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады.

    Айта кетейік, былтыр Қонаевта 34 жаңа аялдама қойылған болатын.

  • Жанабыловтарға қарсы қылмыстық іс қозғалды

    Жанабыловтарға қарсы қылмыстық іс қозғалды

    Белгілі блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігі — «Заңсыз банктік немесе микроқаржылық қызмет» бойынша іс қозғалды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға  сілтеме жасап.

    Агенттік төрағасының орынбасары Женис Елемесовтың айтуынша, тергеу соттағы апелляция қаралғаннан кейін басталған.

    «Иә, тергеу жүріп жатыр. Күдіктілердің лицензиясыз ақша тарту немесе микронесиелеу әрекеттері тексерілуде», — деді ол.

    Ерлі-зайыпты Жанабыловтар әлеуметтік желіде бизнес және қаржы курстарымен танылған. Алдын ала деректер бойынша, олар жазылушыларынан қаражат тартып, оны инвестициялық жоба ретінде ұсынған болуы мүмкін.

    ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабының 1-бөлігіне сәйкес, заңсыз банктік немесе микроқаржылық қызмет үшін 2000 АЕК-ке дейін айыппұл (шамамен 276 млн теңге) немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

    Қаржы мониторингі агенттігі істің толық мән-жайы анықталғаннан кейін қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.