Рубрика: Жаңалықтар

  • Алматыда 18 жастағы жігітті 20-ға жуық ер адам ұрып-соқты: анасы әділдік талап етті

    Алматыда 18 жастағы жігітті 20-ға жуық ер адам ұрып-соқты: анасы әділдік талап етті

    Алматыда жантүршігерлік оқиға болды. Төле би көшесіндегі «Шашлыкоф» кафесінің маңында топ ер адам 18 жастағы жігітті қатыгездікпен соққыға жыққан. Оқиға 11 мен 12 қазанға қараған түні болған, деп хабарлайды Sona.kz ZTB-ға сілтеме жасап.

    Жәбірленушінің анасының айтуынша, ұлы үйіне қайтып бара жатқан сәтте жасы 35 пен 40 аралығындағы 15–20 ер адам оның жолын кесіп, еш себепсіз ұрып-соққан.

    «Олар ұлымды басынан, бетінен ұрып, тепкіледі. Мұрнын сындырды, ернін жаралады. Ұлым есінен танып қалса да, олар тоқтамады», – деді анасы.

    Куәгерлер жедел жәрдем шақырып, жігіт ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.

    Полиция мәліметінше, қазіргі таңда үш күдікті ұсталды, қалғандары іздестірілуде. Тергеу «Бұзақылық» бабы бойынша жүргізілуде. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ер адамдардың жас жігітті қоршап алып, аяусыз ұрып жатқан сәті көрінеді.

    Желі қолданушылары құқық қорғау органдарынан кінәлілерді жазалауды және осындай оқиғаларға қатаң шара қолдануды талап етуде.

    «Бұл жай бұзақылық емес, баланың өміріне қастандық. Егер жазаланбаса, ертең басқаларға тиіспей ме?» – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

    Қалалық полиция департаменті істі мұқият тексеріп, барлық қатысушыларды жауапқа тартатынын хабарлады.

  • Президент Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарын ауыстырды

    Президент Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарын ауыстырды

    Қазақстан Президентінің жарлығымен Ақан Рахметуллин Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Мемлекет басшысының басқа жарлығымен бұл лауазымға Ержан Әшікбаев тағайындалды.

    Ержан Әшікбаев 1974 жылы Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Гарвард университетінің Кеннеди мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған. Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару саласының маманы.

    Дипломатиялық қызметін 1998 жылы бастаған, ҚР СІМ орталық аппаратында және шетелдік өкілдіктерде түрлі лауазымдар атқарған. 2021–2025 жылдары АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.

  • Шеңгелдіде “Таза Қазақстан” акциясы өтті

    Шеңгелдіде “Таза Қазақстан” акциясы өтті

    Шеңгелді ауылындағы Бөлек би мемориалында “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында тазалық жұмыстары жүргізілді.

    Акцияның мақсаты – ауылдың тазалығын сақтау, тарихи нысандарды күтіп ұстау және табиғатты қорғауға тұрғындардың назарын аудару.

    Іс-шараға ауылдық округ әкімі, әкімдік қызметкерлері, тұрғындар мен жастар қатысып, мемориал аумағын қоқыстан тазартып, шырша ағаштарын отырғызды.

    Осындай шаралар туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға бағытталған. 

     

  • ҚР Президенті Тәжікстанға ресми сапармен барды

    ҚР Президенті Тәжікстанға ресми сапармен барды

    1. Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбе қаласына сапармен барды.

    Мемлекет басшысын халықаралық әуежайда Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода қарсы алды.

    Сапар барысында Президент Эмомали Рахмонмен екіжақты кездесу өткізіп, «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты.

    ? Кездесуде аймақтық серіктестік, экономикалық байланыстар мен қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

  • Қонаевта санитарлық-профилактикалық жұмыстардың екінші кезеңі жүргізілуде

    Қонаевта санитарлық-профилактикалық жұмыстардың екінші кезеңі жүргізілуде

    6 қазаннан бастап Қонаев қаласында санитарлық-профилактикалық шаралардың екінші кезеңі басталды. Бұл жұмыстардың мақсаты – қала аумағындағы санитарлық жағдайды жақсарту және кеміргіштер мен зиянкестердің көбеюіне жол бермеу.

    Іс-шаралар аясында ашық аумақтар мен кәріз құдықтарында дератизация жұмыстары (егеуқұйрықтар мен паразиттерге қарсы өңдеу) жүргізілуде. Бұл жұмыстар қалалық саябақтар мен скверлерде, балалар және спорт алаңдарында, коммуналдық жағажайларда, арық жүйелерінде, қоқыс контейнер алаңдарында және өзге де қоғамдық орындарда атқарылып жатыр.

    Бүгінгі таңда №18, №19, №20 шағынаудандар мен «Спутник» шағынауданында жұмыстар толық аяқталды. Қалған аумақтарда санитарлық өңдеу шаралары жоспарға сәйкес жалғасуда.

    Қонаев қаласының әкімдігі КСК мен ПИК-терді өздеріне тиесілі тұрғын аумақтарда осындай алдын алу шараларын ұйымдастыруға шақырады.

    Кеміргіштер немесе жәндіктердің шоғырланған жерлері анықталған жағдайда, тұрғындар тәулік бойы жұмыс істейтін «109» қалалық қызметіне хабарласа алады.

  • Блогер Ерболат Жанабылов пен жұбайының ісі бойынша апелляция қанағаттандырылмады

    Блогер Ерболат Жанабылов пен жұбайының ісі бойынша апелляция қанағаттандырылмады

    Апелляциялық сот блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Толегеноваға қатысты шешімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Қорғаушы тарап істі тоқтату туралы шешімнің негізсіз екенін айтты. Адвокат Олег Черновтың мәлімдеуінше, сот Жанабыловтың әрекетінде Қылмыстық кодекстің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік қызмет) бойынша ешқандай нақты белгі таппаған.

    Алайда апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырды. Сот төрағасы Жанна Нұрғалиева Жанабылов өткізген іс-шараларда лотерея белгілері бар екенін, сондай-ақ қатысу құны мен қатысушылар саны нақты анықталмағанын айтты.

    Эльмира Толегенованың да шағымы қанағаттандырылмады.

    Еске салайық, бұл іс блогердің 10 автокөлік ойнатуы салдарынан қозғалған еді. Тексеру барысында Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті Жанабыловтар сатқан курстардың мазмұны формалды болғанын және 30 мың теңгелік бағасы негізсіз жоғары екенін анықтаған.

    Туризм және спорт министрі бұған дейін басқа блогерлерге де қатысты тексерістер жүріп жатқанын, бірақ олардың есімдері әзірге жарияланбайтынын мәлімдеген болатын.

  • Жетісу облысында өз қызына зорлық көрсеткен ер адамға сот үкімі шықты: ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды

    Жетісу облысында өз қызына зорлық көрсеткен ер адамға сот үкімі шықты: ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды

    Талдықорғанда қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. 39 жастағы ер адам кәмелетке толмаған туған қызына зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот процесі жабық түрде өтті, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыс бірнеше жыл бойы жалғасқан. Оқиға туралы анасы біліп, шілде айында полицияға арыз түсірген. Күдікті ұсталып, уақытша қамауға алынған. Жиналған айғақтар оның кінәсін толық дәлелдеді.

    «Сот үкімімен айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі бойынша — кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынып, химиялық кастрация шарасы қолданылды», — деді Жетісу облыстық сотының баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Орынбасаров.

    Жаза өтеу орны — ерекше қауіпсіздік режиміндегі түзеу мекемесі. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

    Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Жетісу облысында педофилия фактісі бойынша бес адам өмір бойына бас бостандығынан айырылған.

  • Яна Легкодимованың өлімі: айыпталушылар «мінсіз қылмыс» жасауды жоспарлаған

    Яна Легкодимованың өлімі: айыпталушылар «мінсіз қылмыс» жасауды жоспарлаған

    Атырау облысында 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Айыпталушылар орындығында — Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов. Сотта прокурор олардың қылмысты алдын ала жоспарлап, із жоймақ болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz «НеМолчи.KZ»  сілтеме жасап.

    Тергеу деректеріне сүйенсек, айыпталушылар хат алмасу барысында қылмысты егжей-тегжейлі талқылаған: қызды қай жерде өлтіретіні, дәлелдерді қалай жоятындары және мәйітті қайда тастайтыны. Барлығы “мінсіз” өтуі керек болған — куәгерсіз, айғақсыз.

    Алайда бұл жоспар іске аспады. Янаның анасы Галина қызынан күдіктеніп, іздеуді өздігінен бастаған. Ол үстел үстінен қызының күнделігін тапқан — Яна оны өлерінен алты күн бұрын бастаған. Бұл жазбалар тергеуге айыпталушыларға шығуға көмектесті.

    Тергеу өшірілген WhatsApp пен “ВКонтакте” хаттарын қалпына келтіріп, сотта прокурор сол деректерді оқыды. Материалдарға сәйкес, Ризуан Хайржанов қызды көлікте тұншықтырған, ал Алтынбек Катимов есікті ұстап тұрған. Кейін олар мәйітті Талдыколь ауылы маңындағы Жайық өзеніне тастаған.

    Қоғамдық «НеМолчи.KZ» қоры айыпталушыларға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын талап етуде. Қордың айтуынша, бұл — ерекше қатыгездікпен жасалған фемицид.

  • Павлодар облысында алты адам өрттен қаза тапты

    Павлодар облысында алты адам өрттен қаза тапты

    Павлодар облысында өрт салдарынан алты адам көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz NEWSnurkz-ке сілтеме жасап.

    Қайғылы оқиға Солнечный ауылында болған. Тілсіз жау тұрғын үй мен оған жапсарлас шаруашылық нысандарын түгел шарпыған. Өрттің жалпы аумағы шамамен 920 шаршы метрді құрады.

    Өрт кезінде үйде жеті адам болған. Бір ер адам аман қалып, ауруханаға жеткізілді.
    Алты адам қаза тапты — олардың жеке басы анықталуда.

    Оқиға орнында 30-ға жуық құтқарушы мен 10 техника жұмыс істеді. Өрттің шығу себебі тексеріліп жатыр.

  • Қазақстан азаматтары енді Катарда ресми түрде жұмыс істей алады

    Қазақстан азаматтары енді Катарда ресми түрде жұмыс істей алады

    Қазақстан азаматтары үшін Таяу Шығыста жаңа еңбек бағыты ашылды. Сенат Катармен еңбекші қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуын реттейтін келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

    Сенат аппаратының басшысы Максим Споткай Telegram-арнасында келісім екі ел арасындағы еңбек қатынастарын заңдастырып, қазақстандықтардың Катарда ресми түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін түсіндірді.

    «Катардағы жұмыс беруші қазақстандық қызметкерлердің жол жүру, елге қайту шығындарын өтейді, сонымен қатар **тұрақ, көлік, медициналық қызмет және ақылы демалыспен қамтамасыз етеді», – деді Споткай.

    Келісім аясында мамандарды жалдауға арналған үлгілік еңбек шарты мен екі тараптың өзара іс-қимылын үйлестіретін бірлескен комитет құрылады.

    Бұл бастама Қазақстан азаматтарының шетелде қауіпсіз әрі заңды түрде жұмыс істеуіне жаңа мүмкіндік береді.