Рубрика: Жаңалықтар

  • Ким Чен Ын силиконға қарсы соғыс жариялады: КХДР-де пластикалық операция жасағандарға түрме жазасы қарастырылған

    Ким Чен Ын силиконға қарсы соғыс жариялады: КХДР-де пластикалық операция жасағандарға түрме жазасы қарастырылған

    Солтүстік Корея билігі кеудесін үлкейтуге арналған операциялармен күресті күшейтті. Енді мұндай пластикалық оталар үшін әйелдер мен дәрігерлер еңбек лагерьлеріне жіберілуі мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Metro басылымының мәліметінше, елде екі әйел мен оларға ота жасаған дәрігер сот алдында жауап берді. Ол Қытайдан контрабандалық жолмен әкелінген силиконды пайдаланып, операцияларды үйінде өткізген.

    «Социалистік қоғамдағы әйелдер буржуазиялық мінез-құлыққа еліктеп, капиталистік әрекеттер жасауда», — деді прокурор сотта.

    Барлығы «антисоциалистік әрекет» жасаған деп танылып, еңбек-түзеу лагеріне жіберілуі мүмкін.

    Осы оқиғадан кейін Солтүстік Кореяның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі дене бітімі өзгерген әйелдерді тексеруден өткізуді міндеттейтін нұсқау шығарды.

    Құжатта «социалистік қоғамдағы әйелдер буржуазиялық идеологияның ықпалына түсті» делінген.

    Бұған дейін КХДР билігі джинсы шалбар, татуировка мен «капиталистік» шаш үлгілеріне тыйым салған болатын.

  • Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстан тарихына әсер еткен тұлғалар пантеонына енгізілді

    Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстан тарихына әсер еткен тұлғалар пантеонына енгізілді

    Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстан тарихына әсер еткен тұлғалар пантеонына енгізілді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Бұл туралы марқұмның ағасы Айтбек Амангелді Instagram парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, пантеон Қостанай облысы Амангелді ауылындағы туристік кешен аумағында орналасқан. Мұнда ел тарихына елеулі үлес қосқан тұлғалардың есімдері жазылған мемориал орнатылған.

    «Осы пантеонда Салтанаттың есімі жазылған мемориалдық тақта орнатылды. Біз Павлодардан әкелінген топырақты пантеонға табыстадық. Салтуды Қазақстан тарихына әсер еткен тұлғалардың қатарына енгізді», — деді Айтбек.

    Ол пантеоннан фото және бейнежазбаларды жариялап, анасы да бірге барғанын айтты.

    Елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиға

    Салтанат Нүкенованың өлімі елде зорлық-зомбылыққа қарсы қозғалыстың символына айналды.

    2023 жылдың 9 қарашасында Астанадағы мейрамханалардың бірінде 31 жастағы Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевтың соққысынан қаза тапты.

    12 қарашада Бишімбаев қамауға алынып, тергеу 2024 жылдың қаңтарында аяқталды. Сот процесі 27 наурызда басталып, онлайн көрсетілім арқылы барша жұртқа қолжетімді болды.

    2024 жылдың мамырында сот алқасы экс-министрді айыпты деп танып, оны 24 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

    Салтанат Нүкенованың есімі елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің символына айналып, әйелдердің құқығын қорғау мәселесін қайта қарауға түрткі болды.

  • Зайсанда жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр: ашылуы 2026 жылға жоспарланған

    Зайсанда жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр: ашылуы 2026 жылға жоспарланған

    Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында жаңа әуежайдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Travel.
    Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, нысан құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады:
    •бірінші кезеңде сыртқы инженерлік желілер орнатылған;
    •екінші кезеңде ұшу-қону жолағы, рульдеу жолақтары, перрон және жарық сигналдық жүйелер салынуда;
    •үшінші кезеңде диспетчерлік пункт пен аэронавигациялық және метеоқамтамасыз ету ғимараттары бой көтереді;
    •төртінші кезеңде жолаушылар терминалы, әкімшілік ғимараттар, апаттық-құтқару станциясы мен қоймалар салынады.
    Басқарманың мәліметінше, ұшу-қону жолағына таңба салынды, перронға асфальт төселген, ал терминал іргетасы дайын. Қазір қабырғалар мен жабындар тұрғызылып жатыр.
    «Қазір әкімшілік ғимарат, гараж, қойма, апаттық-құтқару қызметі және тарату орталығының құрылысы қатар жүріп жатыр», — делінген ведомство хабарламасында.
    Сондай-ақ су құбыры мен су бұру жүйесінің құрылысы аяқталды. Жарық сигналдық құралдар мен сорғы станциясы орнатылуда.
    Ашылу мерзімі
    Әкімдік мәліметінше, әуежай құрылысы шамамен 25 айға есептелген, алайда жұмыстарды 17 айда аяқтау жоспарланған.
    Негізгі құрылыс 2025 жылдың наурызында басталды. Әуежай Зайсан қаласынан 25 шақырым жерде, бұрынғы әскери аэродром орнында салынып жатыр.
    Жаңа ұшу-қону жолағының ұзындығы 2,2 шақырым, ал терминалдың ауданы 4 мың шаршы метр болады. Ол сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады.
    Әуежай 2026 жылы пайдалануға беріліп, тұрақты әуе қатынастары ашылады деп жоспарлануда.
    primeminister.kz дерегінше, қазір Зайсанға жыл сайын шамамен 23 мың турист келеді. Әуежай іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 136 мың адамға дейін өсуі мүмкін.
    Бұған дейін елімізде Зайсан, Катонқарағай және Кендерлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай салынатыны хабарланған.
  • Алматыдағы барахолка маңында пышақ қолданылған жанжал: полиция қылмыстық іс қозғады

    Алматыдағы барахолка маңында пышақ қолданылған жанжал: полиция қылмыстық іс қозғады

    Алматыда барахолка маңында болған жаппай төбелеске байланысты полиция тергеу бастады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада екі ер адамның жол үстінде жанжалдасып, кейін төбелеске ұласқаны байқалады. Куәгерлердің айтуынша, олардың бірі пышақ алған. Оқиғаға куә болғандар қайғылы жағдайдың алдын алу үшін араласқан.

    Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс Алатау ауданының полиция басқармасында тергеліп жатыр.

    «Барлық қатысушылардың тұлғасы анықталды, оларды ұстау шаралары қабылдануда. Әрқайсысының әрекеті жан-жақты тексеріліп, тергеу нәтижесінде заңға сәйкес баға беріледі», — делінген Алматы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

    Полиция азаматтарды кез келген даулы жағдайды заң шеңберінде шешуге шақырды. Күш қолдану мен агрессия үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

     

  • «Көкшетау – Атбасар» тас жолында жүргізуші адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

    «Көкшетау – Атбасар» тас жолында жүргізуші адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

    Ақмола облысында «Toyota Avensis» автокөлігінің жүргізушісі адамды қағып, оқиға орнынан ізін жасырған, деп хабарлайды Sona.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 4 қазанда «Көкшетау – Атбасар» автожолының 176-шақырымында болған. Алдын ала деректер бойынша, мемлекеттік тіркеу нөмірлері жоқ қара түсті көлік 60–70 жастағы ер адамды қағып кеткен.

    Зардап шегуші жедел жәрдем келгенше көз жұмған.
    Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған.

    Қазір полиция қызметкерлері марқұмның жеке басын анықтау және қашып кеткен жүргізушіні іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.

    Полиция тұрғындарды жол апатына куә болған немесе оқиға туралы қандай да бір ақпараты бар болса, хабарлауға шақырады.

  • Қызылорда облысында жасөспірімдер ерекше қажеттілігі бар баланы азаптап, аяғын күйдірген

    Қызылорда облысында жасөспірімдер ерекше қажеттілігі бар баланы азаптап, аяғын күйдірген

    Қызылорда облысында ерекше қажеттілігі бар балаға жасалған зорлық-зомбылық фактісі бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды Sona.kz Письма президенту телеграм каналына сәлтеме жасап.

    Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кадрлардан бірнеше жасөспірімнің балаға қорлық көрсетіп, аяғын күйдіргені байқалады.

    Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды.

    Қоғам өкілдері мен белсенділер Ішкі істер министрі Ержан Сапарбековтен кінәлілерге қатаң шара қолдануды сұрап отыр.

    Психологтар соңғы уақытта балалар арасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық жиілегенін айтып, ата-аналарды балаларымен сөйлесіп, адамгершілікке, сыйластыққа тәрбиелеуге шақырады.

  • Қарағандыдағы қайғылы оқиға: көз жұмған 23 жастағы қыздың артында баласы қалды

    Қарағандыдағы қайғылы оқиға: көз жұмған 23 жастағы қыздың артында баласы қалды

    Қарағандыда 23 жастағы қыздың өліміне қатысты іс тергеліп жатыр. Оның денесі полиция майорының жанынан табылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарақат алған полицейдің жағдайы біртіндеп жақсарып келеді, деп хабарлайды Sona.kz ZTB-ға сілтеме жасап.

    Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Қарағандыдағы пәтерлердің бірінде болған. Оқиға орнынан 23 жастағы әйелдің мәйіті мен ауыр жараланған полиция қызметкері табылған. Ер адам облыстық ауруханаға жеткізілген.
    «Науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Жағдайында оң динамика байқалады», – деді денсаулық сақтау басқармасында.

    Марқұмның туыстарының айтуынша, оның артында кішкентай баласы қалған.
    Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу органдары оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтап жатыр.

  • Қонаевта өткен «Таза Қазақстан» акциясына 500-ден астам адам қатысты

    Қонаевта өткен «Таза Қазақстан» акциясына 500-ден астам адам қатысты

    Қонаев қаласында республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті.

    Негізгі мақсат – қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және абаттандыру.
    Шараға 500-ден астам адам, соның ішінде мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жеке бизнес өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

    Қатысушылар көшелер мен аулаларды, қоғамдық аумақтарды тазалап, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын шығарды. Нәтижесінде 2 тоннадан астам қоқыс жиналды.

    Сенбілік Қонаев тұрғындарын экологиялық мәдениетті арттыру мен таза әрі жайлы қала қалыптастыру идеясы төңірегінде біріктірді.

  • Ұлағатты ұстаздар марапатталды

    Ұлағатты ұстаздар марапатталды

    Бұл күні сапалы білім беруде ерен еңбек сіңірген педагогтер марапатталып, оқушылар мен жас мамандар өз өнерлерін паш етті.

    Алғашқы құттықтау сөзін алған шаһар басшысы Асхат Бердіханов мектептердің кезең-кезеңімен заманауи жабдықталып, күрделі жөндеуден өтіп, жылдан жылға білім сапасы артып келе жатқанын тілге тиек етті.

    «Ұстаз – жас ұрпақтың тағдырын қалыптастыратын, елдің ертеңін айқындайтын ұлы тұлға. Қаламызда білім беру саласы жүйелі түрде жаңғырып келеді. Мектептеріміз кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жабдықталуда. Мәселен, Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталса, биыл А.Жұбанов атындағы №5 орта мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде», – деді ол.

    Сонымен қатар әкім биік белестерді бағындырған озат оқушылар мен мұғалімдерді ерекше атап өтті.

    «Бүгінгі шәкірттер – ертеңгі елдің тірегі, мемлекетіміздің болашағы. Сіздердің әрбір еңбектеріңіз – ұлт игілігіне қосылған үлес. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!» – деді Асхат Бердіханов.

    Салтанатты шара кезінде кей ұстаздарға Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы берілсе, ал басқалары Алматы облысы әкімінің және қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ мерекеде 30-40 жыл педагогика саласында қызмет еткен ардақты мұғалімдер сый-құрметке бөленді.

    «Педагогика – табандылық пен ізгілікті, шыдамдылық пен ізденісті талап ететін сала. Жақында қаламыздың 55 жыл мерейтойы аталып өтті. Енді міне кәсіби мерекемізді тойлап отырмыз. Келер ұрпақ ел іргесін мығым ұстайтын алғыр, парастты болып өссін. Баршаңызды айтулы күнмен құттықтаймын», – деді Кербұлақ ауылының ардагер ұстазы Асия Солтаева.

    Кеш Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы туралы қойылымға ұласып, концерттік бағдарламамен жалғасты

  • Алматыда «қарумен» жол үстінде жанжал шығарған жүргізуші қамауға алынды

    Алматыда «қарумен» жол үстінде жанжал шығарған жүргізуші қамауға алынды

    Алматыда жол қозғалысы кезінде қолына қаруға ұқсас зат ұстап шыққан жүргізуші әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға қалай болды

    Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада оқиғаның Құлжа трактісінде болғаны көрсетілген. Жүргізушілердің айтуынша, Toyota Prado көлігін тізгіндеген ер адам алдымен жолды бірнеше рет қауіпті жағдайда орап өтіп, қарсы көліктің жүрісіне кедергі келтірген. Жәбірленуші тоқтап, мән-жайды білмек болғанда, күдікті көлігінен түсіп, қолына пистолетке ұқсайтын зат алып шыққан.

    Полицияның түсініктемесі

    Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру барысында жүргізушінің қолындағы заттың шын қару емес, пистолетке ұқсас оттық екені анықталды.
    «Аталған азамат бірден ұсталып, оның әрекеттері ‘ұсақ бұзақылық’ бабына сәйкес келетіндігі анықталды», – деп мәлімдеді полиция.

    Сот шешімі

    Арнайы әкімшілік соттың шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке қамауға алынды.

    ? Полиция тұрғындарды жол үстінде арандатушылыққа берілмеуге және кез келген күдікті жағдайларды дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.