Рубрика: Жаңалықтар

  • Оралда жасөспірімге зорлық көрсеткен ер адам іздестірілуде

    Оралда жасөспірімге зорлық көрсеткен ер адам іздестірілуде

    Орал қаласында полицейлер 15 жастағы қызға қатысты зорлық-зомбылық жасаған ер адамды іздестіруде, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Оқиғаға байланысты қоғамда үлкен алаңдаушылық туындады. Әлеуметтік желілерде бірнеше адам шабуыл жасады деген расталмаған ақпарат тараған. Алайда ІІМ мәліметінше, күдікті жалғыз болған. Қазіргі уақытта оның жеке басы анықталып, ұсталуына бағытталған шаралар жүргізілуде.

    Полицияның дерегінше, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қыз балаға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

    «Қазір жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде, күдіктіні анықтап, ұстау бойынша барлық күш жұмылдырылды», – деді облыстық ПД бастығының орынбасары Ұланбек Әбілхайыр.

    Құқық қорғау органдары қала тұрғындарын сақтыққа шақырып, расталмаған мәліметтерді таратпауға үндеді.

  • Астанада 155 млн теңгені жалған құжатпен алғандар түрмеге қамалды

    Астанада 155 млн теңгені жалған құжатпен алғандар түрмеге қамалды

    Астанада ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sona.kz Қаржы мониторингі агенттігіне (ҚМА) сілтеме жасап.

    ҚМА Астана қаласы бойынша департаментінің дерегінше, 2023 жылы күдікті әйел ұлының атынан берілген сенімхат негізінде «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан жалпы сомасы 115 млн теңге болатын екі несие рәсімдеген. Бұл қаражат кәсіпкерлікті қолдауға арналған «ДАМУ» қоры субсидиялайтын мемлекеттік жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында алынған.

    Несие алу үшін банкке жалған құжаттар, оның ішінде кепілге қойылған мүліктің жалған бағалау актілері ұсынылған. Қосымша күдіктілер нарықтық құны сәйкес келмейтін жылжымайтын мүлікті рәсімдеу арқылы оң қорытындыға қол жеткізген.

    ? Бұған қоса, 2023 жылдың желтоқсанында қылмыстық топ қатерлі ісікпен ауырған әйелдің атына 155 млн теңге көлемінде тағы бір несие рәсімдеген. Олар әйелдің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, нан пісіруге арналған жабдық сатып алғандай жалған келісімшарттар, шот-фактуралар және орындалған жұмыстар актілерін әзірлеген. Алайда іс жүзінде ешқандай тауар жеткізілмеген.

    Әйел қайтыс болғаннан кейін де алаяқтар жалған құжаттарды кейінгі күнмен рәсімдеуді жалғастырған. Алынған қаражат жеке кәсіпкерлердің шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

    Тергеу барысында банк қызметкерінің несие рәсімдеуге көмектескені және ол үшін 500 мың теңге сыйақы алғаны белгілі болды.

    ? Тергеу нәтижесінде банктің жалпы шығыны 155 млн теңгені құрағаны анықталды.

    ?‍⚖️ Сот шешімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, әрқайсысы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, демалыс базасы, 2000 шаршы метр жер телімі және Астанадағы коммерциялық нысан мемлекетке тәркіленді.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

  • «Транзиттік серпіліс: Қазақстанда жаңа теміржол магистралі ашылды»

    «Транзиттік серпіліс: Қазақстанда жаңа теміржол магистралі ашылды»

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін ресми түрде ашты. Салтанатты шара VII халықаралық New Silk Way көлік-логистика бизнес-форумы аясында өтті, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Президенттің айтуынша, бұл – Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан ең ірі стратегиялық инфрақұрылымдық жоба. Құрылысы үш жылға жуық уақытқа созылып, мыңдаған маманның еңбегімен теміржол жоспардан бұрын пайдалануға берілді.

    «Жаңа желі жүк тасымалы көлемін бес есеге дейін арттыруға, экспорттық тауар жеткізу мерзімін қысқартуға және еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл – тарихи сәт», – деді Тоқаев.

    Мемлекет басшысы Қазақстанның бүгінде Еуразиядағы негізгі транзиттік хабқа айналғанын атап өтті. Ел аумағы арқылы Еуропа мен Азияны жалғайтын бес теміржол дәлізі өтеді. Соңғы он жылда салаға 35 млрд доллардан астам инвестиция тартылған.

    Алдағы жылдары 5 мың шақырым жаңа теміржол салу және 11 мың шақырымын жөндеу жоспарлануда. Әсіресе Мойынты – Қызылжар жобасы мен Ақтау портына дейінгі учаскені жаңғыртуға басымдық берілмек. Бұл Қазақстанның Транскаспий бағытындағы орнын күшейтеді.

    Президент салаға цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізілетінін де атап өтті.

    Шарада сондай-ақ Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов және «Қазақстанның Еңбек Ері», теміржол саласының ардагері Қалтай Самбетов сөз сөйледі.

  • Алматыдағы Орталық стадион «Реал Мадридті» қабылдауға дайын

    Алматыдағы Орталық стадион «Реал Мадридті» қабылдауға дайын

    Алматы әкімдігі Орталық стадион әлемдегі ең атақты клубтардың бірі — мадридтік «Реалды» қабылдауға толық дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Мекеме дерегінше, стадиондағы газон халықаралық талаптарға сай, жарық беру жүйесі мен инфрақұрылым тексерілген. Ойыншылар мен төрешілерге арналған бөлмелер қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

    Трибуналар жөнделіп, 1,5 мыңнан астам орындық ауыстырылды, санитарлық тораптар жаңартылды, 60 биодәретхана орнатылды. Ішкі безендіруде Алматының сәулеті мен айдентикасы ескеріліп, жаңа көркем суреттер салынды.

    Қоғамдық тәртіп үшін 2 382 полиция қызметкері жұмылдырылған. Кіру бақылау бекеттерінде металлдетекторлар мен сканерлер орнатылды. Жедел жәрдем және өрт сөндіру бригадалары кезекшілік етуде.

    Матчтан кейін жанкүйерлердің ыңғайлы жетуі үшін 60 автобус алты бағыт бойынша қатынайды: әуежай, Алматы-1 вокзалы, «Алматы Арена», Жұлдыз және Орбита ықшам аудандары.

    Әкімдік өкілдері атап өткендей, «Реалдың» келуі тарихи оқиғаға айналды, стадион мен қала инфрақұрылымы әлемдік стандарттарға сай дайындалды.

  • Жетісуда ірі есірткі қылмысы әшкереленді: 10 килограмнан астам марихуана тәркіленді

    Жетісуда ірі есірткі қылмысы әшкереленді: 10 килограмнан астам марихуана тәркіленді

    Жетісу облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері прокуратура өкілдерімен бірлесіп «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі заттарын тасымалдаудың ірі арнасын тоқтатты.

    Сотқа дейінгі тергеу барысында Алматы қаласынан Жетісу облысына есірткі тасымалдаумен және сақтаумен айналысқан азамат анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алматы облысының Чималған ауылында 51 жастағы ер адам ұсталды.

    Кейіннен күдіктінің тұрғылықты жерінде, сондай-ақ Жамбыл облысы Меркі ауданындағы мал шаруашылығы қоймасында (фазендада) полиция қызметкерлері ерекше иісі бар, қарасораға ұқсас өсімдік тектес заттарды тапты және тәркіледі.

    Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты. Есірткі затының жалпы салмағы 10 килограмнан асты.

    Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда. Мамандардың бағалауынша, тәркіленген есірткі 10 мыңнан астам адамды тыйым салынған заттарды тұтынуға тартуы мүмкін еді.

    Полицияның жедел әрі үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында қауіпті заттың таралуына жол берілмей, азаматтардың денсаулығы қорғалды.

    Еске салайық, заңнамаға сәйкес есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, сату мақсатында жөнелту не өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Жаза мүлкін тәркілей отырып, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

  • Қостанай облысында қос кісі өлімі тіркелді

    Қостанай облысында қос кісі өлімі тіркелді

    Қостанай облысы Аулиекөл ауданына қарасты Аманқарағай ауылында қос кісі өлтіру дерегі тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz Kriminal Kazakhstan-ға сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, 29 қыркүйекте жергілікті тұрғын құқық қорғау органдарына жүгінген. Оның айтуынша, көшеде қыз бала кездесіп, үйінде анасы мен бауыры еденде жатқанын айтқан.

    Күдікті — 51 жастағы ер адам. Ол «ізін суытпай» қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

    Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

  • СҚО-да egov қызметкерлері заңсыз ЖСН жасаған

    СҚО-да egov қызметкерлері заңсыз ЖСН жасаған

    Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) беру кезінде заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Sona.kz облыс прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап.

    Талдау барысында «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының СҚО филиалы 720 шетелдікке олардың Қазақстан аумағында болмағанына қарамастан ЖСН рәсімдегені белгілі болды.

    Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кінәлілер заң алдында жауапқа тартылды. Сонымен бірге заңсыз берілген ЖСН-дарды жою шаралары жүргізілуде.

    Бұдан бөлек, 3 шілдеде Петропавл қаласы мен М.Жұмабаев ауданының полиция органдары ҚР ҚК-нің 206-бабы 2-бөлігі («Ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

    Іс облыс прокуратурасының бақылауында.

  • Рүстем Жүгінісовке 78 мың теңге айыппұл салынды

    Рүстем Жүгінісовке 78 мың теңге айыппұл салынды

    Әнші әрі блогер Рүстем Жүгінісов діни алауыздықты қоздырғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Sona.kz ZTB-ға сілтеме жасап.

    Оған себеп — Ақтөбедегі мешітте орын алған оқиға. Сол жерде бір ер адам қызға тиіскен. Ал Жүгінісов әлеуметтік желіде «қыздың өзі себепкер болды» деген пікір жазған.

    Дін істері басқармасы блогердің жазбаларында кемсіту белгілері барын айтып, сотқа жүгінді. Оның жазбаларында Жаңа жылды тойламау жөніндегі үндеулер де болған. Сондай-ақ ол әйелдерге «еркектерді арандатып алмас үшін үйден, тіпті мешітке де шықпауға кеңес берген».

    Сот шешімімен Жүгіңүсов кінәлі деп танылып, 78 640 теңге айыппұл төлейтін болды.

  • Астанада LRT сынақ режимінде жүре бастады

    Астанада LRT сынақ режимінде жүре бастады

    Астанада бүгін, 29 қыркүйектен бастап LRT пойыздары сынақ режимінде қозғалысын бастады, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

    Алғашқы кезеңде пойыздар 10 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Машинистсіз жүретін көлік жүйесі рельстерді, станцияларды, байланыс желілерін, жылжымалы құрамды, қауіпсіздік және басқару жүйелерін кешенді тексеруден өткізбек.

    Жүйе толық автоматтандырылған GoA4 басқару кешенімен жабдықталған. Ол пойыздың қозғалысын, тоқтауын, есіктерді ашу-жабуын және деподан шығу-кіруін операторсыз атқарады. Мұндай технология Сингапур, Дубай және Қытайда қолданылып жүр.

    — «GoA4 — рельсті көлікті автоматтандырудың ең жоғары деңгейі. Бұл жүйе тиімділік пен қауіпсіздікті арттырады. Осындай заманауи стандарт енді Астанада да енгізіледі», – деді «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.

    Сынақ кемінде алты айға созылады. Алғашқыда пойыздар №112-113 станциялары арасында жүрсе, кейін жылдамдық пен маршрут аймақтары кезең-кезеңімен кеңейтіледі.

    LRT пойызының операторы Айдар Надырбеков:
    -«Біз 7 айлық дайындықтан өттік. Теориялық білімді Астанада, ал тәжірибені Қытайда жетілдірдік. Бұл білім болашақта жолаушылар қауіпсіздігі үшін аса қажет», — деді.

    Қауіпсіздік мақсатында эстакада мен жол желісіне кіруге қатаң тыйым салынады, себебі байланыс желісінде 750 вольт жоғары кернеу бар.

  • Акнар Гүлстанның қазасы: іс КНБ жанындағы Антикорға берілді

    Акнар Гүлстанның қазасы: іс КНБ жанындағы Антикорға берілді

    2024 жылдың жазында Алматыда қаза тапқан 19 жастағы студент, Қытайдан келген этникалық қазақ Ақнар Гүлстан ісі Комитет ұлттық қауіпсіздігі жанындағы Антикоррупция қызметіне берілді, деп хабарлайды Sona.kz ZTB-ға сілтеме жасап.

    Ақнар Гүлстан көпқабатты үйдің терезесінен құлап қайтыс болды. Оның қазасы әлі күнге дейін қоғамда сұрақтар тудырып отыр, сондықтан іс ерекше бақылауда қалып отыр.

    Марқұмның отбасы адвокаты Инга Иманбайдың айтуынша, тергеу белсенді жүріп жатыр, бірақ егжей-тегжейлі ақпарат әзірге жария етілмейді:
    — «Тергеу толық жүріп жатыр, бірақ әзірге мәлімет бере алмаймыз», — деді ол.

    ? Еске салайық, бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Көпшілік әлеуметтік желілерде істің әділ тергелуін талап еткен. Істің Антикорға берілуі — мемлекет тарапынан ерекше назардың белгісі.