Рубрика: Жаңалықтар

  • Қонаевта жаңа сквер қолданысқа берілді

    Қонаевта жаңа сквер қолданысқа берілді

    Демалыс аймағы Қойшыманов-Алматы көшелерінің қиылысында орналасқан. Нысанның жалпы аумағы 6527 шаршы метрді құрайды.

    Аймақ толықтай көгалдандырылған, сәндік ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылған, орындықтар, әткеншектер мен ландшафттық элементтерді орналастырылған. Кеңістік экологиялық, функционалдық және эстетикалық талаптарға сай жасақталды.

    Мұндағы басты нысан – «Өмір ағашы» атты арт-нысан. Ол Алтын Адам киім үлгілерінің элементтері бейнеленген тас құрылым түрінде орындалған. Қасында осы бейнелердің тарихи маңызын баяндайтын QR-код орнатылған.

    Мұнда жаяу жүргінші жолдары, фотоаймақтар, қоршау мен аркалық құрылымдар қарастырылған. Арнайы әзірленген тұжырымдамаға сәйкес, бұл жаңа кеңістік жай ғана демалыс орны емес, отбасылық серуен мен мәдени демалыстың мекеніне айналмақ.

  • Қазақстанда жаңа салық кодексі: жоспарлы тексерулер тарихқа айналды

    Қазақстанда жаңа салық кодексі: жоспарлы тексерулер тарихқа айналды

    2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ол бизнеске жасалатын тексерулер жүйесін түбегейлі өзгертеді. Ең басты жаңалық – жоспарлы салықтық тексерулер толығымен жойылып, енді мүлдем жүргізілмейді, деп Sona.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

    Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің салықтық аудит басқармасының басшысы Даурен Нұрғожаевтың айтуынша, мемлекет бұдан былай бизнесті тәуекел деңгейіне қарай бөлу тәжірибесінен бас тартып, деректерді терең талдауға негізделген тәуекелге бағытталған жаңа тәсілге көшеді. Алдағы уақытта тек жоспардан тыс тексерулер ғана қалады, оның өзі нақты негіз болған жағдайда және арнайы тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы расталғанда жүзеге асады.

    Мұндай тексерулерді жүргізу туралы шешім тек Мемлекеттік кірістер комитетінің орталық аппаратының келісімімен қабылданады. Сондай-ақ кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл толығымен онлайн форматқа ауысады: құжаттарды тапсырудан бастап нәтижесін алуға дейін. Қағаз жүзінде тек нұсқама табыстау ғана сақталады.

    Нұрғожаевтың айтуынша, елде бұрын әртүрлі болған ақпараттық базаларды біріктіретін интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесі енгізілуде. Бұл салық органдарына тексерулерді әлдеқайда нақты әрі нысаналы жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа жүйеде ақпараттық жүйелердің аналитикасы мен жасанды интеллект құралдары қатар қолданылады.

    Бұл өзгерістердің басты мақсаты – адал кәсіпкерлер үшін әкімшілік қысымды азайту. Енді бизнес артық алаңдаусыз жұмыс істей алады, ал салық органдары назарын шынайы заң бұзушыларға аударады.

  • Қонаев қаласының 100-ден астам тұрғыны тегін кино тамашалады

    Қонаев қаласының 100-ден астам тұрғыны тегін кино тамашалады

    Қонаев қаласының әкімдігі шаһардың 55 жылдығына орай, «Шағала» кинотеатрының әкімшілігімен бірлесіп, тегін кино көрсетілімдер өткізуде.

    Кино көрсетілім 3 күн қатарынан болады. Алғашқы күні кинотеатрға көпбалалы отбасылар шақырылды. Жалпы кино көруге 100-ден астам адам келді.

    «Біз кәсіпкерлерге ұсыныс бердік. Олар мерекені кең көлемде атап өтуге, халықтың көңіл-күйін көтеріп, атсалысуға бірден келісе кетті. Осылайша, тегін кино көрсетілімді бірлесе ұйымдастырдық. Алғысымызды білдіреміз. Гала-концерт кезінде де түрлі конкурстар ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар таратылады», — деді қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков.

    27 қыркүйектегі іс-шараның бағдарламасы жайында бұған дейін жазғанбыз.

  • Даулы видео: Алматы ПД шын мәнінде не болғанын түсіндірді

    Даулы видео: Алматы ПД шын мәнінде не болғанын түсіндірді

    Әлеуметтік желіде полиция қызметкері ұсталған азаматтың қалтасына бірдеңе салып жатқандай көрінетін видео тарады. Жазба қоғамда қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Sona.kz Nur.kz-ке сілтеме жасап.

    Полиция мәліметінше, оқиға жалға алынған пәтерақының төленбеуіне байланысты орын алған. Нәтижесінде екі адам ұсталған: оның бірі — кәмелетке толмаған жасөспірім, ол ата-анасына тапсырылды, екіншісі — мас күйде болған ер адам қарсылық көрсеткен.

    Ведомство өкілдері кадрда тыйым салынған затты «қалтаға тастау» емес, жанжал кезінде қалтасынан түсіп қалған жеке затын қайтарып беру сәті екенін түсіндірді.

    Сонымен қатар, полиция әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатынын еске салды.

  • Маңғыстау облысында жеті сарбаз суицид жасауға әрекеттеніп, психикалық ауруханаға түсті

    Маңғыстау облысында жеті сарбаз суицид жасауға әрекеттеніп, психикалық ауруханаға түсті

    Маңғыстау облысындағы №99116 әскери бөлімінде суицидтік мінез-құлық белгілері бар сарбаздар саны жетеуге жетті, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Белгілі болғандай, бір апта бұрын психиатриялық ауруханаға қолын кесіп, өзіне зиян келтірген жеті әскери жеткізілген. Олардың төртеуін ата-аналары үйге алып кеткен, оларға психикалық ауытқу туралы анықтама берілген. Үш сарбаз қазір дәрігерлердің бақылауында.

    Олардың қатарында — алматылық 18 жастағы қатардағы Сұлтан Шынтемиров бар. Оның анасы, Лаура Шантемирова, ұлын негізсіз психикалық ауруға шалдыққан деп танығанын айтады. Оның сөзінше, баласы әлімжеттікке, ақша бопсалауға, жиі соққыға жығылуға және құрылыс алаңында мәжбүрлі жұмысқа шағымданған.

    Дәрігерлердің айтуынша, сарбаздарда ауыр психикалық ауытқулар анықталмаған, оларға негізінен психологиялық көмек көрсетілуде. Барлық жеті сарбаздың тағдырын Астанадағы әскери комиссия шешеді.

    Ал Шынтемировтың анасы әскери прокуратураға жүгініп, бөлімдегі жағдайды мұқият тексеруді талап етті.

  • Бейнеуде жаппай төбелестен кейін жасөспірім қаза тапты

    Бейнеуде жаппай төбелестен кейін жасөспірім қаза тапты

    Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында болған жаппай төбелес жасөспірімнің қазасына әкелді, деп хабарлайды Sona.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

    Облыстық прокуратураның мәліметінше, төбелес кезінде 17 жастағы бозбала автокөліктің астына түсіп қалған. Көлікті жүргізген азамат қаза тапқан жігіттің өз ортасынан болған.

    «Оқиға төбелес аяқталған кезде орын алды. Жастар жан-жаққа қаша бастағанда, марқұм көлік астында қалды. Қазіргі уақытта Бейнеу ауданының 15 жасөспіріміне қатысты Қылмыстық кодекстің “Ауыр дене жарақатын салу” және “Бұзақылық” баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Арнайы сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша қайтыс болған баланың өлімі төбелестен алған соққыдан ба, әлде көлік соққысынан ба анықталады», — деді Маңғыстау облысы прокуратурасының басқарма бастығы Данияр Төлегенов.

    Тергеу аясында төрт жасөспірім қамауға алынса, 11-іне үйқамақ шарасы қолданылған. Бұдан бөлек, 18 тамызда прокуратураға ұсталғандардың ата-аналары арыз түсіріп, балаларын полиция қызметкерлері азаптағанын мәлімдеген. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК-нің 106-бабы («Азаптау») бойынша іс қозғалып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр.

    Айта кетейік, тамыз айында Бейнеу ауылында болған қақтығыс кезінде бір жас жігіт алған жарақатынан көз жұмған еді.

  • Кадрлық ауыс-түйістер жалғасуда: Ақорда

    Кадрлық ауыс-түйістер жалғасуда: Ақорда

    Ақордада бір күнде бірқатар жоғары лауазым иелеріне қатысты кадрлық шешімдер қабылданды. Өзгерістер президент әкімшілігі, сыртқы саясат және үкімет құрылымдарын қамтыды, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Негізгі өзгерістер мынадай:
    • Зүлфия Сүлейменова президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі – кеңесші қызметінен босатылды.
    • Ержан Қазыхан халықаралық мәселелер бойынша президенттің көмекшісі қызметінен кетті. Ол енді Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болып тағайындалды.
    • Ерлан Әлімбаев Женевадағы Қазақстанның тұрақты өкілі қызметінен босатылды. Ол бұл қызметті 2022 жылдан бері атқарды. Бұған дейін СІМ вице-министрі және Үндістандағы елші болған.
    • Мұрат Нұртілеу халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі президенттің көмекшісі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Сыртқы істер министрін басқарған, одан бұрын Қауіпсіздік кеңесінде және Президент әкімшілігінде басшылық қызметтер атқарған.
    • Ермек Қошербаев Қазақстан Республикасының жаңа Сыртқы істер министрі болды. Бұған дейін ол вице-премьер қызметін атқарды, сондай-ақ ШҚО әкімі және Ресейдегі елші болған.
    • Ержан Ашыкбаев АҚШ-тағы Қазақстан елшісі қызметінен босатылды. Бұл қызметте ол 2021 жылдан бері істеген. Оған дейін ұзақ жылдар бойы СІМ вице-министрі қызметін атқарған.

    Осылайша, бір күннің ішінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық бағытты күшейтіп, Сыртқы істер министрлігін жаңартты.

  • Тоқаев Ақордада жаңа кадрлық тағайындаулар жасады: Сапиев пен Жамсатов қызметке келді

    Тоқаев Ақордада жаңа кадрлық тағайындаулар жасады: Сапиев пен Жамсатов қызметке келді

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы бірқатар кадрлық өзгерістерге қол қойды, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақытжан Сапиев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Бұған дейін ол 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау бөлімін басқарған.

    Осы бөлімнің басшысы қызметіне Алихан Жамсатов келді. Ол енді Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау бөлімін басқарады.

    ? Президент Әкімшілігі — Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган. Әкімшіліктің басты миссиясы — Президенттің қызметін сапалы әрі дер кезінде ақпараттық-талдамалық, құқықтық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз ету.

    Басқа кадрлық өзгерістер

    Бүгін Мемлекет басшысы Президенттің көмекшілері Тамара Дүйсенова мен Ернар Баспаевты қызметінен босатты. Сондай-ақ Қанат Шарлапаев өз лауазымынан алынды, ал Күнсұлу Закарья ғылым мен инновациялар мәселелері бойынша Президент кеңесшісі қызметінен ресми түрде босатылды.

    Осылайша, Ақордада жоғары басқару буынының кадрлық құрамы кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.

  • Жеңілдетілген режимге тыйым: кәсіпкерлерді үлкен өзгеріс күтіп тұр

    Жеңілдетілген режимге тыйым: кәсіпкерлерді үлкен өзгеріс күтіп тұр

    Қазақстанда 2026 жылдан бастап арнайы салық режимі – жеңілдетілген декларацияны қолдануға рұқсат етілетін немесе тыйым салынатын қызмет түрлерінің жаңа тізімі дайындалып жатыр. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Амриннің айтуынша, құжат 26 қыркүйекте legalacts.egov.kz порталында және министрліктің ресми сайтында жариялануы мүмкін. Кез келген азамат жобаға пікір қалдырып, ұсыныс енгізе алады.

    «Жұма күні құжатты жариялауға тырысамыз. Ресми баспасөз хабарламасы болады. “Ашық НҚА” порталында кәсіпкерлер өз ескертпелерін жазып, тізімді сұрата алады. Жарияланым ертең немесе келесі аптаның басында болады», – деді вице-министр 25 қыркүйекте Сенат кулуарында.

    Ол нақты қай қызмет түрлері рұқсат етілетін немесе тыйым салынатын тізімге кіретінін айтқан жоқ, тек жарияланымды күтуге кеңес берді.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексі аясында 2026 жылдан бастап кейбір бизнес салалары «жеңілдетілг

  • Инженерлік әскерлердің ерлігі мен еңбегі: оқушыларға көрсетілім ұйымдастырылды

    Инженерлік әскерлердің ерлігі мен еңбегі: оқушыларға көрсетілім ұйымдастырылды

    Қонаев қаласының 55 жылдық мерейтойына орай мектеп оқушылары үшін тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырылды. Бүгін олар қала маңындағы әскери гарнизонға барып, еліміздің Қарулы Күштерінің инженерлік әскерлерінің қызметімен танысты.

    Гарнизонда оқушыларды жылы қарсы алып, әскери бөлімнің тарихы мен тыныс-тіршілігі туралы кеңінен әңгімеленді. Балалар фортификациялық құрылыстар тұрғызу, әскерді сумен қамтамасыз ету, жолдар мен көпірлер салу, нысандар мен жергілікті аумақты жарылғыш заттар мен миналардан тазалау, қопару жұмыстарын жүргізу сияқты маңызды бағыттармен танысты.

    Оларға инженерлік әскерлердің оқу-жаттығулардағы тәжірибесі жайлы да мәлімет берілді. Әскери бөлімше елімізде өткен ірі жаттығуларға қатысып, халықаралық деңгейде де өз кәсібилігін дәлелдеген. Отар және «Қазақстан» полигондарында өткізілген көрсетілімдер, сондай-ақ «Центразбат-97» пен «Достық-98» халықаралық жаттығулары осының айғағы болды. Іле көлінің жағасында ұйымдастырылған арнайы-тактикалық оқу-жаттығуда инженерлік әскерлер қысқа мерзімде қалқымалы понтон көпірін құрастырып, шетелдік әскери бақылаушылардан жоғары баға алғаны ерекше атап өтілді.

    Оқушылар әскерилердің тек ел аумағында ғана емес, шетелдегі бітімгершілік операцияларда да жауапты міндет атқарғанын естіді. Миссия кезінде миллиондаған жарылғыш зат жойылып, мыңдаған текше метр су тазартылған. Сондай-ақ бейбіт тұрғындарға, әсіресе әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетілген.

    Бейбіт кезеңде әскери бөлімшенің табиғи апаттардың зардаптарын жоюға да белсене қатысатыны сөз болды. Мәселен, Тоқырау кентіндегі төтенше жағдайда жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, ондаған шаршы километр аумақ толықтай тазартылған. Бұл тапсырмалар адам шығынынсыз орындалып, жоғары кәсіби даярлықтың айқын дәлелі ретінде бағаланды.
    Осы сапар барысында оқушылар әскери өмірдің қатаң тәртібі мен жауапкершілігіне көз жеткізді. Олар елін қорғаудың маңызын түсініп, нағыз сарбаздардың батылдығы мен ерлігін көкейлеріне түйді. Қонаев қаласының 55 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл шара жас буынға ұмытылмас әсер қалдырып, олардың жүрегінде патриоттық рухты күшейтті.