Рубрика: Жаңалықтар

  • Алматыда үш тұрғын үй кешенінен 71 ойнақ үй анықталды

    Алматыда үш тұрғын үй кешенінен 71 ойнақ үй анықталды

    Алматы қаласында полиция ауқымды рейд жүргізіп, заңсыз интим-қызмет көрсетілген 71 пәтерді анықтады, деп хабарлайды Sona.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Тексеру барысында “Манхэттен”, “Ақбұлақ” және “Каусар” тұрғын үй кешендері қамтылды. Рейд нәтижесінде құжатсыз жүрген тұрғындар мен пәтер иелеріне әкімшілік шара қолданылды.

    Полиция мұндай тексерістердің жалғасатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, қала тұрғындарына заңсыз қызмет көрсетіліп жатқан мекенжайлар туралы хабарлауға шақырды.

  • УЕФА 18 жастағы қазақстандық қақпашыны үздік сейвтер қатарына қосты

    УЕФА 18 жастағы қазақстандық қақпашыны үздік сейвтер қатарына қосты

    Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) алматылық “Қайраттың” 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмұрзаны Чемпиондар лигасының ойын күніндегі үздік сейвтердің қатарына енгізді, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

    УЕФА баспасөз қызметі жанкүйерлерге арналған сауалнама жариялап, ұсынылған сейвтердің ішінен үздігін таңдауды сұрады. Сол тізімге қазақстандық футболшының сәтті ойыны да енді.

    Қалмұрза “Спортингке” қарсы ойынның 5-минутында қауіпті сәттен қақпаны құтқарып, командасына үлкен қолдау көрсетті. Бұл тарихи матчтағы маңызды эпизодтардың бірі болды.

  • Қала әкімі №6 жағажай жайлы шешімді айтты

    Қала әкімі №6 жағажай жайлы шешімді айтты

    Қонаев қаласының әкімдігінде шаһар басшысы Асхат Бердіханов бұған дейін №6 жағажайда 5-6 жыл қызмет етіп келген 42 кәсіпкермен кездесті. Кездесуге ЖСДП-ның өкілдері де қатысты.

    Басқосуда №6 жағажайды абаттандыру мәселесі тағы да қарастырылды. Нақтырақ айтқанда, биыл кәсіпкерлермен келісімшарт 15 қыркүйекке дейін жасалғанымен, кейбірі жағажайды босатпай отыр. Сондықтан сенімгерлік басқарудағы «Жасыл қала Қонаев» мекемесі кәсіпкерлердің үстінен арыз жазып, жергілікті сотқа жүгінген. Кәсіпкерлердің бұл іс-әрекеттері алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін. Ал абаттандыру жобасы дайын, жақын арада мемлекеттік сараптамадан өтеді деп күтілуде. Жиында осы проблемалық сұрақ талқыға салынды.

    Бұдан бөлек, кәсіпкерлер келісімшартты ұзақ мерзімге созу түйткілі жайлы айтып өтті. Қала әкімі Асхат Бердіханов оларға барлық мән-жайды түсіндіріп, толыққанды жауап берді.

    «Сотқа арыз берілгені дұрыс. Өйткені, бұған дейін де жағажайды босату қажеттілігі жайында сіздерге айтылған. Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Қонаев қаласына іссапармен келгенде, әсіресе, №6 жағажай бойынша кемшіліктер көп айтылды. Ең алдымен жағажай санитарлық талаптарға сәйкес келуі қажет. Талап сондай. Осы себептен жоба әзірленді. Құны – 1 млрд теңгеден астам. Қазан айында бюджет талқылауы болғанда жобаға қаражат бөлу мәселесі қарастырылады. Келесі шомылу маусымына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтауымыз қажет», — деді әкім.

    Сонымен қатар ол жобаны таныстырды. Оның сөзіне сүйенсек, бұл жағажайға инженерлік желілер тартылады, оның ішінде кәріз және су құбырлары, туристер мен демалушыларға ыңғайлы орындықтар, фудкорттар қойылады, сәйкесінше, бизнес орындары да болады. Қапшағай су қоймасының жазда тартылуы да есепке алынған.

    «Жоба жүзеге асып, қаланы, туристік саланы дамытамыз десек, ортақ мәмілеге келгеніміз жөн. Жағажайды босатыңыздар. Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл аймақ сенімгерлік басқаруға әкімдікке қарасты мекемеге беріледі. Ол мекеме бұған дейін қызмет еткен кәсіпкерлермен ұзақ мерзімге келісімшартқа отырады. Онда да заң шеңберінде жұмыс жасайтынымызды ескертемін. Ал келісімшарт бойынша бизнес орынын алған кәсіпкер оны күтіп ұстауға жауап беретін болады. Бұрынғыдай жауапкершіліксіз қарауға, олқылықтарға орын жоқ. Келісімшарт құны биылғы жылғыға қарағанда өзгеруі бек мүмкін», — деді шаһар басшысы.

    Айта кетейік, Қонаев қаласында 6,1 шақырым жағажайды абаттандыру көзделген. Қазіргі таңда оның 1 шақырымнан астамы ғана жаңартылған күйде.

  • Қазақстанда жаңа туған сәбилерді сату фактілері анықталды: құны 1,5 млн теңгеге дейін жеткен

    Қазақстанда жаңа туған сәбилерді сату фактілері анықталды: құны 1,5 млн теңгеге дейін жеткен

    Қазақстанда жаңа туған нәрестелерді асырап алу үшін сату деректері тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz ІІМ-ге сілтеме жасап.

    Адам саудасына қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары Шынар Кучербаеваның айтуынша, жыл басынан бері 19 қылмыстық іс қозғалған. Сәбилердің «құны» 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін болған.

    Бұл заңсыз схемаларға сәбиінен бас тартқан ата-аналар, сатып алушы іздеген делдалдар және бала сүйе алмайтын отбасылар қатысқан. Барлық тараптар бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

    Кучербаева атап өткендей, балаларды шетелге шығару фактілері тіркелмеген. Барлық жағдай ел ішінде болған.

  • Қазақстанда коммуналдық желілерді жаңғыртуға 6,8 трлн теңге қажет

    Қазақстанда коммуналдық желілерді жаңғыртуға 6,8 трлн теңге қажет

    Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 6,8 трлн теңге қажет. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, қаражат 86 мың шақырым желіні жөндеуге бағытталып, тозу деңгейін 50%-дан төмендетуге мүмкіндік береді.

    ? Инфрақұрылымның қазіргі тозуы:

    • жылумен жабдықтау – 65%-дан 90%-ға дейін;
    • электрмен жабдықтау – 70%-дан 97%-ға дейін;
    • сумен жабдықтау – 70%-дан 100%-ға дейін;
    • су бұру жүйелері – 70%-дан 100%-ға дейін.

    ? Қаражат бөлу жоспары:

    • жылумен жабдықтау – 1,3 трлн теңге (1,6 мың км, тозуы 40%-ға дейін төмендейді);
    • электрмен жабдықтау – 3,8 трлн теңге (77,6 мың км, 45%-ға дейін);
    • сумен жабдықтау – 600 млрд теңге (4,7 мың км, 34%-ға дейін);
    • су бұру жүйесі – 1,1 трлн теңге (2,6 мың км, 40%-ға дейін).
  • Шымкентте 141 млн теңгелік «қылмыстық-схемамен» айналысқан топ ұсталды

    Шымкентте 141 млн теңгелік «қылмыстық-схемамен» айналысқан топ ұсталды

    Шымкент қаласында интернет-алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Төрт күдікті — ұйымдастырушыдан бастап ақша тасымалдаушыға дейін қамауға алынды, деп хабарлайды Sona.kz Policia.kz-ке сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, қылмыстық схема Шымкент, Алматы және Алматы облысын қамтыған. Тергеу барысында күдіктілердің тоғыз дерекке қатысы бар екені анықталды. Келтірілген жалпы залал көлемі 141 млн теңгеден асты.

    «Ұсталғандардың арасында — ұрланған қаржыны бақылаған ұйымдастырушы, дропперлерді іздеп, тартумен айналысқан екі дроповод және ақшаны жеткізуші бар», — деп мәлімдеді департаменттен.

    Дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілердің басқа да істерге қатыстылығы тексеріліп жатыр.

    Полиция еске салды: 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда банктік шоттар мен төлем құралдарына заңсыз қол жеткізу, сондай-ақ заңсыз аударымдар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.

  • Сумо аңызы Хакухо Сё Астанаға келеді

    Сумо аңызы Хакухо Сё Астанаға келеді

    23 қыркүйек күні Астанаға сумо аңызы Хакухо Сё келеді. Ол қазақстандық спортшылармен кездесіп, шеберлік сабағын өткізеді, деп хабарлайды Sona.kz ZTB-ға сілтеме жасап.

    Іс-шара сағат 13:00-де Radisson Astana қонақүйінде («Сарыарқа» залы, 3-қабат) өтеді. Кіру тегін.

    Шын аты — Мунхбатын Давааджаргал. Ол Моңғолияда дүниеге келген. Әкесі — 1968 жылғы Олимпиада ойындарының еркін күрестен күміс жүлдегері. Хакухо спорттық мансабында рекордтық 45 Император кубогын иеленіп, тарихтағы ең ұлы сумо балуаны атанды.

  • Қонаев қаласының 55 жылдығы 6 күн қатарынан атап өтіледі

    Қонаев қаласының 55 жылдығы 6 күн қатарынан атап өтіледі

    Мерекелік бағдарлама алты күнге жалғасады. 22-27 қыркүйек аралығында қала тұрғындары мен қонақтары мәдени, спорттық, танымдық іс-шараларға қатысып, ерекше мерекелік атмосфераны сезінетін болады.

    27 қыркүйектегі бағдарлама сағат 11.00-ден 21.00-ге дейін жалғасады. Гала-концерт аясында ұзындығы 30 метр болатын алма бәліші дайындалады. «Алма бәліші» фестиваліне түрлі ұлт өкілдері қатысады. Бұл шараның негізгі мақсаты – бір шаңырақ астында, бір дастарқан басында дәм бөлісіп отырған халықтың ынтымағын көрсету. Яғни, «бір нанды бөлісіп жеген» дәстүріміз бүгінгі күнде бейбіт өміріміздің, береке-бірлігіміздің айқын көрінісіне айналмақ.

    Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябақта балаларға арналған тегін ойын алаңдары, сурет көрмелері, фото-аймақтар, TikTok алаңдары мен түрлі инсталляциялар орнатылады. Қала кәсіпкерлері өз өнімдерін таныстырып, жергілікті өндіріс әлеуетін көрсетеді.

    Сондай-ақ, мерекелік театрландырылған қойылымда қала тарихы сахналанып, әсерлі мотошеру ұйымдастырылады. Ардагерлер құрметтеліп, шомылу маусымының қорытындысы және «Таза аула» байқауының жеңімпаздары марапатталады.

    Кештің басты сахнасына қазақстандық жұлдыз Мирас Жүгінісов пен Bellucci тобы шығып, мерекелік концертті отшашу түйіндейді.

    6 күндік жоспар келесідей:

    Мәдени іс-шаралар
    22 қыркүйек сағат 18.00-де – «Қонаев әуендері» концерттік ансамблінің тұсаукесері (Мәдениет үйі)
    25-27 қыркүйек – тегін кино көрсетілімдер («Шағала» кинотеатры, Б.Соқпақбаев ат.орталық саябақ)
    27 қыркүйек сағат 11.00-21.00 – Қала күнінің қорытынды гала-концерті

    Спорттық іс-шаралар
    23 қыркүйек сағат 9.00 — «Qonaev 55» атты ересектер арасында шағын футболдан қала әкімінің кубогі
    25 қыркүйек сағат 9.00 – баскетболдан қала әкімінің кубогі (Кроссфит алаңы)

    Танымдық іс-шаралар
    22-27 қыркүйек – барлық білім ошақтарында «Менің қалам – жарқын болашақтың есігі» атты ашық сабақтар
    23 қыркүйек – Қапшағай ГЭС-те ашық есік күні
    24 қыркүйек – ҚР ҚК десанттық-шабуылдау бригадасы әскери бөлімінің ашық есік күні
    26 қыркүйек – «Kitap fest» фестивалі (қалалық кітапхана)

    Жаңа нысандардың ашылуы

    23 қыркүйек – қалалық кітапханада «Қонаев қаласының тарихы» бұрышы ашылады
    «Отбасы банк» АҚ-ның Алматы облысындағы қосыны өз жұмысын бастайды
    26 қыркүйек – «Selfie zone» сквері қолданысқа беріледі (Қойшыманов к.)

    Аталғандардан бөлек, 25 қыркүйекте «Таза қала – таза сана» тазалық акциясы өтеді. Қайырымдылық іс-шаралары да ұйымдастырылады. Ал 27 қыркүйек күні Қала күніне орай, қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді

  • АФМ «Актив Ломбард» желісіндегі заңсыз схеманы әшкереледі: шығын көлемі – 3,5 млрд теңге

    АФМ «Актив Ломбард» желісіндегі заңсыз схеманы әшкереледі: шығын көлемі – 3,5 млрд теңге

    Қаржы мониторингі агенттігі «Актив Ломбард» желісі арқылы заңсыз микрокредит беру фактісін анықтады, деп хабарлайды Sona.kz ведомствоға сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, желі иесі – блогер Койнов сенімді адамдарға «Актив Маркет» атты комиссиондық дүкендерді рәсімдеген. Алайда іс жүзінде ол дүкендер мүлікті кепілге қойып, заңсыз қарыз берумен айналысқан.

    ? АFM деректері бойынша:
    • займ мөлшерлемесі 15 күнге 16,2% болған (белгіленген шектен 4 есе көп);
    • азаматтардан заңсыз өндірілген сома 3,5 млрд теңгеден асты;
    • кірісті заңдастыру үшін 1,9 млрд теңгеге жалған келісімшарттар жасалған.

    ? Еліміз бойынша 200-ден астам тінту жүргізілді, айғақтар алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

    Айта кетейік, әлеуметтік желідегі парақшасында «Актив Ломбард» АFM-ді «рейдерлік жасады» деп айыптаған.

  • Қонаев қаласының әкімі пәтері өртенген тұрғынды қабылдады

    Қонаев қаласының әкімі пәтері өртенген тұрғынды қабылдады

    Қонаев қаласында 16 қыркүйек күні кешкі сағат 20.56-да Графтио көшесі №2В мекенжайындағы тұрғын үй өртенді.

    Аталған тұрғын үй апатты деп танылып, «Реновация» бағдарламасына енгізілген. Бағдарлама бойынша үйдің басқа тұрғындары бұған дейін пәтерлерінен көшірілген. Пәтерлерді сатып алуға бюджеттен қаражат бөлініп, конкурстық рәсімдер ТҮКШ бөлімі арқылы жүргізілген.

    Қазіргі таңда мұндағы бір пәтерде зейнеткер қоныстанған. Абырой болғанда, өрт зейнеткердің пәтеріне жетпеген, зақым келтірмеген. Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов оны қабылдап, әкімдіктің алдағы уақытта жасайтын іс-әрекеттері туралы айтып берді. Шаһар басшысының сөзінше, зейнеткердің пәтерінің орнына басқа тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алынып, беріледі. Барлық шаралар заңды түрде «Реновация» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Зейнеткер бүгінде туыстарының үйінде орналасқан.

    Пәтер кілті табысталғанда қосымша хабарлайтын боламыз. Өрттің шығу себептері анықталуда.