Рубрика: Жаңалықтар

  • Жетісудағы оқу-жаттығуда мерзімді сарбаз қаза тапты

    Жетісудағы оқу-жаттығуда мерзімді сарбаз қаза тапты

    23 қыркүйекте Жетісу гарнизонында жауынгерлік дайындық барысында десанттық-шабуылдаушы әскердің мерзімді әскери қызметшісі көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған. Сарбаз алған жарақатының салдарынан оқиға орнында қайтыс болды.

    Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесі
    «Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Егер лауазымды тұлғалардың салғырттығы немесе бақылаусыздығы анықталса, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады. Оқиға Қорғаныс министрінің жеке бақылауында», — делінген ресми хабарламада.

    Қарулы күштердің басшылығы марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтып, қажетті барлық көмек көрсетілетінін жеткізді.

    Контекст
    Сарапшылардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін әскери оқу-жаттығуларда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау аса маңызды. Әсіресе тәжірибесі аз мерзімді сарбаздармен жұмыс істеу кезінде бақылауды күшейту қажет.

  • Александр Чжен: Қаламен бірге өткен 55 жылдық еңбек жолы

    Александр Чжен: Қаламен бірге өткен 55 жылдық еңбек жолы

    Қонаев қаласының тарихы – оны салған алғашқы құрылысшылардың тағдырымен тығыз байланысты.

    Солардың бірі – Александр Чжен. Ол 1970 жылдың шілдесінде Қапшағай ГЭС-інің құрылысына жас маман болып келіп, содан бері өмірін де, еңбегін де осы шаһарға арнады. Бүгінде оның еңбек өтілі – 55 жыл. Бұл сан қала тарихымен үндесіп, Конаевтың 55 жылдығымен тоғысып отыр.

    Қала іргесі Іле өзеніне салынған ГЭС құрылысына байланысты қаланды. Дәл осы жерде алғашқы шағынаудандар, жолдар, әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтерді. Жас маман атанған Александр Чжен елдегі ең ірі құрылыстың бел ортасында жүрді. Араға бір жыл салып, 1970 жылдың желтоқсанында Қапшағай ГЭС-інің алғашқы екі агрегаты іске қосылды. Бұл – еліміздің энергетикасындағы тарихи оқиға болды.

    Алайда оның еңбегі тек энергетика саласымен шектелмеді. Александр Чжен қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да белсене қатысты. Әсіресе фарфор зауытында бас директордың орынбасары болып еңбек еткен жылдары кәсіпорын есебінен тұрғын үйлер салынып, ондаған отбасы қоныс тапты.

    Қиын кезеңдер де болды. Бір кездері зауытта ірі өрт шығып, өндіріс тоқыраудың алдында тұрды. Бірақ Александр Чженнің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кәсіпорын аз уақыт ішінде қайта қалпына келтіріліп, жұмысын жалғастырды. Бұл оқиға оның қайсарлығы мен кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі болды.

    «Біз жас едік. Болашақты саламыз деген сеніммен еңбек еттік. Әрбір кірпіш, әрбір тақтайша – біздің жанымыздың бір бөлшегі», – деп еске алады Александр.

    Бүгінгі күні, Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында, оның еңбек жолы ерекше мәнге ие. Қалаға деген адалдығы, кәсібіне деген беріктігі – кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге.

    55 жыл бұрын басталған еңбек жолы мен бүгінгі Қонаев қаласының мерейлі мерекесі – егіз ұғым іспетті. Қала дамып, жаңара түсті. Осы еңбектің жемісін бүгінде мыңдаған тұрғын көріп отыр.

    Қойшыманов пен Алматы көшелерінің қиылысында орнатылған «Алғашқы құрылысшылар» ескерткіші – өткенге тағзым мен ұрпақтар сабақтастығының белгісі.

    «Қазір қаламыз өркендеп келеді. Жаңа мектептер, жолдар, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Жастарға айтарым – құрылысшы мамандығы қашанда қадірлі. Біз тұрғызған дүниелерді келер ұрпақ пайдаланады», – дейді ардагер құрылысшы.

    Қонаевтың 55 жылдығына орай Александр Чжен барша қала тұрғындарын құттықтады.

    «Біз алғашқылардың бірі болып осы қаланың іргетасын қаладық. Сол үшін қуанамын, мақтанамын. Енді қаламыздың әр шаңырағында шаттық пен береке орнасын. Алда Қонаевты одан әрі көркею, жаңа белестер күтіп тұр!» – деді ол сөзін қорытындылап.

  • «Қонаев – менің сүйікті қалам»: мектептерде ашық сабақтар өтуде

    «Қонаев – менің сүйікті қалам»: мектептерде ашық сабақтар өтуде

    Қонаев қаласының 55 жыл мерейтойы аясында шаһарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оның бірі – балалардың ой-өрісін кеңейтуге, патриоттық тәрбие беруге бағытталған ашық сабақтар. Тақырыбы – «Қонаев – менің сүйікті қалам».

    Ашық сабақтар барысында мұғалімдер тарихтың қойнауынан сыр шертетін деректермен, Д.А.Қонаев атамыздың өмірінен үзінділермен бөлісуде. Сондай-ақ оқушыларға шаһар іргетасының қалануы жайлы да ақпараттар беріліп жатыр.

    «Өз тарихын білген оқушының болашаққа бағдары мықты болады. Мұндай сабақтардың арқасында олардың сана-сезімі оянып, көңіл көкжиегі ашылады. Тарихқа үңіліп, бойлау – баланың келешегіне алынбас қамал. Қаламыздың 55 жылдығы құтты болсын!» — деді білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева өз пікірімен бөлісіп.

    Ал ертең оқушылар Қапшағай ГЭС пен десанттық-шабылдау әскери бөлімінің жұмысымен танысуға барады.

  • Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі бірқатар нысанды аралады

    Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі бірқатар нысанды аралады

    Әкім алдымен ауылдарда салынып жатқан тас жолдың сапасын тексерді. Жауапты бөлім мамандарының айтуынша, жақын арада барлық елдімекендердегі құрылыс жұмыстары аяқталады.

    Одан кейін шаһар басшысы қоғамдық көлік мәселесі жайында Кербұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол жақын арада Қонаев пен екі ортаға қатынайтын автобус бағыты ашылатынын атап өтті. Тиісті құжаттар рәсімделу үстінде.

    Бұдан бөлек, Асхат Бердіханов Шеңгелдідегі мал сою алаңы мен өрт сөндіру депосының құрылыс барысымен танысты. Мал сою алаңы кейіннен ветеринарлық бөлімнің иелігінде болады. Ал депо тұрғызылған соң, Қонаевтың өрт сөндіру бөлімінен 1 техника бөлінеді. Бұл — төтеншеліктердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған шаралардың бірі.

    Шаһар басшысы жергілікті Мәдениет үйінің де жағдайымен танысты. Нысан 1987 жылы қолданысқа берілген, 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда 220 орындық Мәдениет үйінің кафельдері сынып, қабырғасы қақыраған, спорт зал жылу жүйесіне қосылмаған. Мұнда 100 орындық кіші зал да бар. Ғимаратты толықтай жөндеуден өткізу мақсатында жобалық-іздестіру жұмыстары жүруде. Кейіннен жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданады. Шаһар басшысы бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

  • «Қонаев әуендері» ансамблінің тұсауы кесілді

    «Қонаев әуендері» ансамблінің тұсауы кесілді

    Қонаев қалалық мәдениет үйінде шаһардың 55 жылдығына орай, «Қонаев әуендері» ансамблінің тұсаукесер концерті өтті деп хабарлайды Sona.kz Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі-не сілтеме жасап.

    Сондай-ақ бұл күні композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы мен қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығы қатар аталып өтті. Мерекелік кеште олардың репертуарынан «Қайрат», «Аққу күйлері, «Құстар қайтқанда», «Куә бол», «Алатау» әндері шырқалды. Бұдан басқа да би композициялары орындалып, халықты әсерлі күйге қалдырды.

    «Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы түрлі іс-шараларды ұйымдастырудамыз. Соның ішінде бүгінгісі ерекше болып отыр. «Қонаев әуендері» ансамблінің құрамында әншілер, бишілер, күйшілер, түрлі аспаптарда ойнайтын өнерпаздар бар. Бұл ұжым алдағы уақытта барлық мерекелік шараларға қатысып, ел мәдениетін дамытуға, қаламыздың атағын аспандатуға атсалысады», – деді қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков.

    Сонымен қатар қала тұрғындары да өз пікірлерін білдірді.

    «Биыл ұлы тұлғаларымыздың – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы деген сияқты. Осы айтулы күндермен қатар келген «Қонаев әуендері» ансамблінің ашылуы құтты болсын! Қаламыздың 55 жылдығымен де барша жұртты құттықтаймын. Өнерде ойып алар орны бар тұлғаларымыздың шығармашылығынан осы тойды бастап отыр. Керемет! Ел аман, жұрт тыныш болсын!» – деді тұрғын Айбек Ережеп.

    Айта кетейік, Қонаев қаласының 55 жылдығы 22 қыркүйектен бастап алты күн аталып өтеді. Бұл күндері түрлі спорттық, мәдени, танымдық, қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылмақ.

    Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

  • 16 жастағы қазақстандық спортшы 13 дүркін әлем чемпионын жеңді

    16 жастағы қазақстандық спортшы 13 дүркін әлем чемпионын жеңді

    Шардаралық 16 жастағы Улболсын Елмурат ересектер арасындағы армрестлингтен әлем чемпионы атанды. Болгарияда өткен жарыстың финалында ол 13 дүркін әлем чемпионы, словак спортшысы Люсия Дебранованы сенімді түрде ұтты, деп хабарлайды Sona.kz @shardara.armsport-қа сілтеме жасап.

    Кездесу басталған сәтте-ақ қарсыласының қолын үстелге басып, жеңісті уысынан шығармады. Ал алтын медальді алып, Қазақстан гимнін тыңдаған сәтте жас спортшы көзіне жас алды.

    Бұл жеңіс – Қазақстан құрамасының тарихи жетістігінің бір бөлігі. Алғаш рет бір әулеттің үш ұлы — 14 жастағы Бекнур, 15 жастағы Азамат және 18 жастағы Әділет Ибрагимдер бір әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ 16 жастағы Нұрсұлтан Алдан әлем чемпионы атанды.

    Турнирдің тағы бір сенсациясын 18 жастағы Ырысты Оразхан жасады. Ол финалда Швециядан келген 11 дүркін әлем чемпионы Фия Рейсекті жеңіп, қазақстандық спорт тарихында алтын әріппен жазылатын жетістікке қол жеткізді.

  • Қызылордадағы қайғылы апат: күйеуінен айырылып, баласы мүгедек болған әйелге автобус паркі ай сайын өтемақы төлейді

    Қызылордадағы қайғылы апат: күйеуінен айырылып, баласы мүгедек болған әйелге автобус паркі ай сайын өтемақы төлейді

    Қызылордада автобус қатысқан жол апаты отбасының тағдырын өзгертіп жіберді. 2019 жылғы апатта әйелдің жұбайы көз жұмып, кәмелет жасына толмаған ұлы ауыр жарақат алып, II топтағы мүгедектікке шықты, деп хабарлайды Sona.kzNur.kz-ке сілтеме жасап.

    Әйел сотқа жүгініп, балаларын асырау үшін ай сайынғы төлемдерді талап етті. Қызылорда қалалық соты талапты қанағаттандырып, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-ін өтемақы төлеуге міндеттеді.

    Сот шешіміне сәйкес, компания әрбір балаға ай сайын 15 айлық есептік көрсеткіш (58 980 теңге) көлемінде төлем жүргізіп отырады. Бұл сома балалар кәмелет жасына жеткенге дейін беріледі.

  • Павлодарда екі педофил сотталды: ағайынды жәбірленушілерге өтемақы төленеді

    Павлодарда екі педофил сотталды: ағайынды жәбірленушілерге өтемақы төленеді

    Павлодар облысында 24 және 23 жастағы екі жігіт кәмелетке толмаған ағасы мен қарындасына зорлық-зомбылық көрсеткені үшін сотталды. Сот олардың әрқайсысын ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырып, жәбірленушілерге – ағайынды екі жасөспірімге – 1 млн теңгеден моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді.

    Оқиға 2024 жылдың қарашасында белгілі болды. Алдымен полиция 15 жастағы колледж студентінің зорлыққа ұшырауын тергеген. Тергеу барысында оның 16 жастағы ағасы да жәбір көргені анықталды. Күдіктілер қамауға алынып, жасөспірімдер аналарының қасында дағдарыс орталығына орналастырылды.

    Тергеу мәліметінше, негізгі айыпталушы қызды 10 жасынан бастап бірнеше рет зорлаған. 2024 жылдың сәуірінде ол сыбайласымен бірге кәмелетке толмағанды 5 мың теңге үшін жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Қыз алғашында күш қолданылғанын, кейін ақшаға келіскенін айтты.

    Сараптама оның ағасының да зорлық көргенін растады. Сот жәбірленушілердің сөзіне толық сенді.

    Сот шешімімен айыпталушылардың бірі 22 жылға, екіншісі 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді. Сонымен қатар, әрқайсысы жәбірленген ағайындыға 1 млн теңгеден өтемақы төлейтін болды.

    Қазір жасөспірімдер колледжде оқып жатыр, аналары отбасын асырау үшін жұмыс істейді. Жәбірленушілердің өкілі қыздың бастапқыда өтемақы талап етпегенін, бар тілегі – бұл оқиғаны ұмыту екенін айтты.

  • Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енбек

    Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енбек

    «Маңғыстау түбегінің жерасты мешіттері» ескерткіштері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілмек. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

    Өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай ИКОМОС техникалық бағалау миссиясының өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында Бекет-ата, Қараман-ата, Шақпақ-ата, Шопан-ата және Сұлтан-епе мешіттерін халықаралық тізімге енгізу мәселесі талқыланды.

    Әкімдіктің мәліметінше, бұл ескерткіштер 2021 жылы ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің жетекшілігімен ғылыми-жобалық құжаттама дайындалып, Париждегі штаб-пәтерге жолданған. Сондай-ақ қорғау аймақтары белгіленіп, ақпараттық тақтайшалар орнатылып, фото-бейнематериалдар әзірленген.

    Миссия құрамында халықаралық сарапшылар бар: Түркиядағы Улудаг университетінің профессоры, ИКОМОС сарапшысы Кывылджым Чоракбаш Фиген Балыкесир, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Дмитрий Воякин, «Қазреставрация» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Олжас Шәриязданов және мекеме сәулетшісі Ләззат Бейсебаева.

    «Маңғыстау – тарихы терең өлке. Мұнда жерасты мешіттері, көне некропольдер мен кесенелер бар. Бұл нысандарды ЮНЕСКО тізіміне енгізу халқымыздың тарихи-рухани құндылықтарын сақтауға әрі еліміздің мәдени және экономикалық дамуына серпін беруге мүмкіндік береді», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

  • Әлеуметтік қолдаудың жаңа тәртібі: 2026 жылдан бастап кімдер мемлекеттен жәрдем ала алады

    Әлеуметтік қолдаудың жаңа тәртібі: 2026 жылдан бастап кімдер мемлекеттен жәрдем ала алады

    Қазақстанда азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктердің кеңейтілген тізімі бекітілді. Тиісті бұйрыққа Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қол қойды. Құжат жаңа Салық кодексімен бірге 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Sona.kz  Tengrinews.kz сілтеме қалдырып.

    Жаңа құжатқа сәйкес, әлеуметтік қолдау тек дәстүрлі түрде әлсіз санаттағы азаматтарға ғана емес, сонымен қатар еңбекке қабілеттілігі шектеулі, түрлі ауруларға шалдыққан адамдарға да көрсетіледі. Бұл шешім мемлекеттік көмекті әділ әрі нысаналы бөлуге бағытталған.

    Тізімге: арнаулы мемлекеттік және әлеуметтік жәрдемақы алушылар, арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар, зейнетақы төлемдерін алатын мүгедектігі бар адамдар, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кірді. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар да осы санатқа енгізілді.

    Денсаулығына байланысты қолдау алатындар қатарында – әлеуметтік маңызы бар аурулары бар азаматтар, айналасына қауіпті дертке шалдыққандар, еңбекке жарамсыздығы екі айдан асқан науқастар және ауыр созылмалы аурулары бар тұлғалар бар.

    Осылайша, 2026 жылдан бастап мемлекеттен көмек алушылар қатары артып, әлеуметтік қорғау жүйесі халықтың нақты қажеттіліктеріне бейімделмек.