Рубрика: Жаңалықтар

  • Адвокат Шекеев: Нұрқанаттың ісінде жауапсыз қалған жайттар бар

    Адвокат Шекеев: Нұрқанаттың ісінде жауапсыз қалған жайттар бар

    Адвокаттың айтуынша, Нұрқанаттың анасы қайғылы оқиға алдында дәрігер Бауыржан Абдрахмановтың Қаржаубай отбасы туралы бейнежазба жариялағанын жеткізген. Жәбірленуші ретінде танылған Жұмабике есімді азаматша осы видеоға байланысты шағым түсіріп, дәрігерден жауап алуды талап еткен. Алайда бұл арыздың соңы «аяқсыз қалған».

    Шекеев мұндай фактілер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабына сай толық тексерілмегенін атап өтті.

    Айта кетейік, жасөспірім Шерзаттың өлімінен кейін екі ай өтпей, оның немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев та қайтыс болған. Нұрқанаттың соңғы жазбасы әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен талқылауға себеп болды.

  • Астанада тұрғын үй жанында көлік өртенді: зардап шеккендер жоқ

    Астанада тұрғын үй жанында көлік өртенді: зардап шеккендер жоқ

    Астананың Байқоңыр ауданында көпқабатты тұрғын үй ауласында тұрған жеңіл көлік өртенді, деп хабарлайды Sona.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми мәліметіне сілтеме жасап.

    Көліктің отқа оранғаны туралы хабар түскен соң, оқиға орнына өрт сөндіру қызметі дереу жетіп, жалынды толық сөндірді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

    Қазіргі уақытта өрттің нақты себебі анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, өрт техникалық ақаудан шығуы мүмкін.

    ТЖМ азаматтарды, әсіресе көлік жүргізушілерін, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. Көліктерде сымдардың, аккумулятордың және жанармай жүйесінің жағдайына үнемі назар аудару қажет.

  • Сүйген адам қол көтермейді: Карина Мамаш бұрынғы күйеуіне шыққан үкімге пікір білдірді

    Сүйген адам қол көтермейді: Карина Мамаш бұрынғы күйеуіне шыққан үкімге пікір білдірді

    Астанада бұрынғы дипломатты 6 жылға бас бостандығынан айырғаннан кейін, оның бұрынғы жұбайы Карина Мамаш сот үкіміне қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ тілшісіне сілтеме жасап.

    «Қыз-келіншектерге айтарым – сүйген адам қол көтермейді. Үмітсіз жағдай жоқ. Елде дағдарыс орталықтары бар, жүрегімен жұмыс істейтін жандар бар. Әділет түбінде орнайды», – деді Карина Мамаш.

    Ол сондай-ақ осы процесте қолдау білдірген барлық жанашыр азаматтарға алғысын айтты.

  • Сакен Мамаш 6 жылға сотталды: экс-дипломаттың тұрмыстық зорлығы сотта дәлелденді

    Сакен Мамаш 6 жылға сотталды: экс-дипломаттың тұрмыстық зорлығы сотта дәлелденді

    Астанада бұрынғы дипломат Сакен Мамаштың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Ол өзінің бұрынғы жұбайы Карина Госманға жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсеткені үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

    Сот отырысы жабық режимде өтті. БАҚ өкілдеріне тек алғашқы және соңғы отырысқа қатысуға рұқсат берілген. Үкім бойынша, Мамаш Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігіне сәйкес – материалдық тәуелді адамға жүйелі түрде қатыгездік көрсету бойынша айыпталды.

    Тергеу материалдарына сәйкес, 2019 жылдан 2024 жылға дейін, алдымен Астанада, кейін Абу-Дабиде ол әйелі Каринаға бірнеше рет күш қолданып, оны психологиялық қысымда ұстаған. Әйелдің еркін қозғалуына, жақындарымен қарым-қатынасына шектеу қойған, қоңыраулары мен жазысқан хаттарын үнемі бақылауда ұстаған. Сонымен қатар, жәбірленуші күйеуіне толықтай материалдық тұрғыдан тәуелді болған: өзі жұмыс істемеген, тек дипломат жұбайы ретінде жәрдемақы алып тұрған. Алайда сол қаражатты да Мамаш өз бетінше басқарған.

    Сотта жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, медициналық сараптама қорытындылары, скриншоттар мен бейнематериалдар айыптау тарапына дәлел ретінде ұсынылды. Мамаш өз кінәсін мойындаған жоқ. Алайда сот оны кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырып, дипломатиялық дәрежесінен де айырды.

    Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

  • Қазақстанда ҚҚС 16% болды: Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды

    Қазақстанда ҚҚС 16% болды: Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне және салық саласына қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізетін ілеспе заңға қол қойды, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Жаңа кодекс салық жүйесін жеңілдетіп, әкімшілендіруді оңтайландыруды көздейді. Нәтижесінде салық есептілігі 30%-ға, ал салық түрлері 20%-ға қысқарады.

    Негізгі өзгерістер:
    • Қосылған құн салығының (ҚҚС/НДС) жаңа базалық мөлшерлемесі — 16%;
    • Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге:
    • 2026 жылдан бастап — 5%,
    • 2027 жылдан бастап — 10%;
    • Тегін медициналық көмек, әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызметтер, сирек кездесетін (орфандық) және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, кітаптар шығару, археологиялық жұмыстар — ҚҚС-тан босатылады;
    • Бұқаралық басылымдар үшін — 10% мөлшерлеме белгіленеді;
    • ҚҚС бойынша тіркеу шегі — 10 000 АЕК (шамамен 40 млн теңге);
    • Еңбек өтілі 10 жылдан асқан көліктер үшін көлік салығы төмендетіледі;
    • Жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкала енгізіледі: жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асатындар үшін мөлшерлеме — 15%;
    • Банктер мен ойын бизнесі үшін корпоративтік табыс салығы (КТС) — 25%;
    • Әлеуметтік сала ұйымдары үшін:
    • 2026 жылы — 5%,
    • 2027 жылы — 10%;
    • Геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды өндіру саласында — НДПИ 0% (5 жыл мерзімге);
    • Қымбат тауарларға (автокөлік, яхта, элиталық алкоголь, сигара және т.б.) 10% акциз салығы енгізіледі;
    • Салықтық әкімшілендіру жеңілдетіледі, камералдық бақылау ескерту сипатында жүргізіледі.

    Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

  • Қапшағайда 17 әкімшілік хаттама толтырылып, 3 гидроцикл тәркіленді

    Қапшағайда 17 әкімшілік хаттама толтырылып, 3 гидроцикл тәркіленді

    Қапшағай су қоймасында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауқымды рейд өтті. Шараға Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Көліктік бақылау инспекциясы, полиция қызметкерлері, Қонаев қаласы әкімдігі мен прокуратура өкілдері қатысты.

    Рейд барысында келесі заңбұзушылықтар анықталды:
    • ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы («Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша құтқару құралдарынсыз шағын кемелерде болғаны үшін 8 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жағдай;
    • 582-бап («Кеме жүрісі ережелерін бұзу») бойынша 9 хаттама рәсімделді. Су көліктерінде борт нөмірлері болмаған, ал басқарушылардың тиісті құжаттары жоқ болып шыққан.

    Одан бөлек, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғаны үшін 3 гидроцикл тәркіленіп, айыптұраққа қойылды.

    Мамандар демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Құтқару жилетін кию, құжаттарды өзімен бірге алып жүру және заң талаптарын сақтау – адамның өмірі мен денсаулығы үшін маңызды.

    Осындай тексерістер алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіледі.

  • Жол ережелеріне сақ болу қажет: автобус жүргізушісі

    Жол ережелеріне сақ болу қажет: автобус жүргізушісі

    ҚР Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты біз Қонаевта автобус жүргізушісі болып қызмет ететін азаматпен тілдесіп, мамандығының қыр-сырын біліп қайттық.

    Бұршақ Жанәділұлы 2000 жылдан бері автобус жүргізушісі болып жұмыс істейді. Айтуынша, таңғы 5:00-де басталатын қызметтің шыжығы да қызығы да мол.

    «Таңда жұмысқа келеміз, медициналық тексерістен өтеміз. Ал автобусты техникалық тексерістен өткіземіз. Содан кейін бағыттар бойынша жүру басталады. Күніне 15 рейс орындаймыз. Кешке автобусты жуып, тазалап, тағы бір мәрте техникалық тексеріс болады», — деді маман.

    Оның сөзіне сүйенсек, автобус жүргізушісі ең алдымен жол ережесін сақтауға мұқият болуы қажет.

    «Жұмыстың жауапкершілігі көп. Адамдардың мініп-түсуі, жаяу жүргіншілерге жол беру, бағдаршамның жасыл түсіне ғана жүру секілді іс-қимылдарға үнемі сақ болу керек. Біздің қолымызда бірнеше адамның өмірі тұрады. Сондықтан автобусты абайлап, мұқият жүргізуіміз тиіс», — деді Бұршақ.

    Автобус жүргізушісі жолда қиындықтар да кездесетінін атап өтті.

    «Кейде көлік ағыны көбейеді. Сонда жол жүру қиынға соғады. Көңіл күйді түсіретін жолаушылар да бар. Ондай жағдайларға көп мән бермеуге тырысамын. Ал кей тұрғындар электронды карта жүйесін қолдана алмайды. Ондайда көмек көрсетемін, түсіндіремін», — деді ол.

    Қоғамдағы орны көп байқала бермейтін, алайда, олар болмаса, қаланың тыныс-тіршілігі тұралап қалатын мамандарды әрқашан бағалай беруіміз керек. Нағыз еңбек адамы – автобус жүргізушісі.

  • Клиникадағы сұмдық: Қарағандыда ер адам медбикені шашынан тартып, сегіз минут бойы азаптады

    Клиникадағы сұмдық: Қарағандыда ер адам медбикені шашынан тартып, сегіз минут бойы азаптады

    Қарағанды қаласындағы жеке DiVera маммологиялық орталығында болған жантүршігерлік оқиға елді дүр сілкіндірді. 16 шілде күні сағат 16:00 шамасында 42 жастағы ер адам орталықтың аға медбикесі Асель Тасмагомбетоваға шабуыл жасап, оны қатыгездікпен соққыға жыққан.

    Оқиға ер адамның әйелін дәрігерге әкеліп, кейін рұқсат етілмеген кабинетке кірмек болған сәтінде орын алған. Медбике оған кіруге болмайтынын айтқан. Алайда ашуға мінген азамат есікті түгелімен жұлып, Асельді жерге жығып, шашынан ұстап, беті мен денесіне соққы жасап, саусағын сындырған, қолын тістелеп, ұзақ уақыт бойы азаптаған.

    «Басымды қолыммен қорғаштап жаттым, бірақ ол бәрібір теуіп жатты. Қатты қорықтым. Үйге тірі жетпей қалам ба деп ойладым. Астым қан болды», – деп көзіне жас алды Асель.

    Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте оқиға орнына жүктілігінің алтыншы айында жүрген дәрігер маммолог жүгіріп келіп, көмектесуге тырысқан. Бірақ ер адам салмағы шамамен 100 келі бола тұра, медбикенің үстіне мініп алып, шашынан айырмай, соққылауын тоқтатпаған.

    Полиция департаменті күдіктінің психоневрологиялық орталыққа жеткізілгенін растады. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында, тергеу жүріп жатыр.

    DiVera медициналық орталықтар желісінің директоры Наталья Ибраева бұл оқиғаны жүйелі мәселеге балап, қоғам мен мемлекетті бірлесіп әрекет етуге шақырды:

    «Біз бұл жағдайды жай қалдырмаймыз. Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Бұл – денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімнің іргетасы».

    Клиникада ішкі тексеріс басталып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Персонал агрессияға қалай әрекет ету керектігі бойынша оқытылатын болады. Ал Асель Тасмагомбетоваға қазіргі таңда медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ол ауыр дене жарақатын алған және күйзеліс жағдайында.

  • Салмағы 870 грамм сәби Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасынан шығарылды

    Салмағы 870 грамм сәби Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасынан шығарылды

    Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында ерекше жағдай орын алды: дәрігерлер салмағы небәрі 870 грамм болатын шала туылған нәрестенің өмірін аман алып қалды. Бұл жағдай неонатологиялық көмек пен жоғары деңгейлі медициналық техниканың маңыздылығын көрсетті.

    Шала туылған қыз жүктіліктің 28-ші аптасында өте төмен салмақпен дүниеге келді. Клиникаға түскен кезде сәбидің салмағы 1030 грамм болды. Нәресте тез арада реанимациялық көмек көрсетуді қажет ететін жоғары тәуекел тобына жатқандықтан, қарқынды терапия жағдайында дәрігерлер оған жан-жақты ем көрсетті. Оның ішінде зонд арқылы арнайы тамақтану, өмірлік маңызды белгілерді бақылау, сондай-ақ ықтимал инфекциялық асқынулардың алдын алу.

    «55 күн бойы стационарда болған сәбидің жағдайы тұрақты жақсарғаны байқалды. Дәрігерлердің үнемі бақылауында болып, оның салмағы 2155 граммға дейін өсті, бұл тұрақты күтім режиміне көшудің маңызды көрсеткіші. Қалпына келтіру процесінде оның өсуі мен дамуы үшін оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ететін заманауи терапия әдістері қолданылды. Мысалы, терморегуляция және қажетті ылғалдылықты сақтау үшін кувездерді қолдану, сондай-ақ дене салмағының өсуіне ықпал ететін бейімделген диеталық тамақтану»,- дейді неонатолог дәрігер Салтанат Әлмұхамбетова.

    Бұл қыздың тарихы медицина мамандары мен неонатология саласындағы заманауи технологиялар арасындағы өзара әрекеттесудің әсерлі мысалы. Дәрігерлердің табандылығы мен жоғары біліктілік деңгейінің арқасында нәресте жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды. Бұл жағдай басқа медицина қызметкерлерін шала туылған нәрестелерді күту саласында үздіксіз жетілдіруге шабыттандырады, бұл әрбір жеке пациенттің денсаулық сақтау жүйесіндегі маңыздылығын көрсетеді.

  • Қонаевта ветеринария саласының мамандарына құрмет көрсетілді

    Қонаевта ветеринария саласының мамандарына құрмет көрсетілді

    Қонаев қаласында Ветеринария күніне орай сала мамандары қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапаттарды қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков арнайы табыстап, тұрғындар мен жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ветеринар мамандардың еңбегін ерекше атап өтті.

    Төрт түлік малдың өсімі, тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ қаңғыған иттер мен мысықтардың тұрғындарға қауіп төндірмеуі – ветеринария саласының күнделікті жүйелі жұмысының нәтижесі.

    Алғыс хатпен марапатталған мамандар тізімі:
    • Ілияс Төлегенұлы Күмісбеков – ветеринариялық санитар,
    • Марат Мұратұлы Серекбаев – Шеңгелді ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі,
    • Манзура Төлеуовна Рысмағамбетова – ветеринариялық фельдшер,
    • Қарлығаш Иманғалиевна Игісенова – ветеринариялық фельдшер,
    • Қалдыбек Сержанұлы Сержан – ветеринариялық фельдшер,
    • Азамат Бейбітұлы Сегізбаев – ветеринариялық фельдшер,
    • Манарбек Апрелханович Сұлтанов – қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бригадасының маманы,
    • Бауыржан Әпенұлы Әбдікәрімов – қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бригадасының маманы,
    • Алмас Ахметкәрімұлы Құрманов – қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бригадасының маманы.

    Сала мамандарына көрсетілген бұл құрмет – олардың тынымсыз әрі қоғам үшін аса маңызды еңбегіне берілген әділ баға.