Рубрика: Жаңалықтар

  • Екі баланың өліміне себеп болған іс: медбике сот залында қамауға алынды

    Екі баланың өліміне себеп болған іс: медбике сот залында қамауға алынды

    Петропавлда отбасының жаппай улануына қатысты іс бойынша 26 жастағы медбике екі жылға бас бостандығынан айырылды.

    Қайғылы жағдай былтыр маусымда Қызылжар ауданына қарасты Надежка ауылында болды. Дүкеннен сатып алынған бекон мен тұшпараны жеген отбасы уланды. Үш және алты жастағы екі бала көз жұмды.

    Анасы Галина Коваленконың айтуынша, оларды құтқаруға алғашқы келген медбике тек көмір беріп кетіп қалған, жедел жәрдем де шақырмаған. Балаларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген.

    Сот медбикені Қылмыстық кодекстің 317-бабы 4-бөлігі («Медициналық міндеттерді тиісті деңгейде орындамау») бойынша кінәлі деп таныды. Ол үш жылға медицина саласында жұмыс істеу құқығынан айырылып, минималды қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді.

    Моральдық зиян үшін талап етілген 50 млн теңгенің орнына Кызылжар аудандық ауруханасынан 10 млн теңге өндірілді.

    Жәбірленуші тарап үкімге наразы және оны апелляцияға бермек.
    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Павлодарда тәрбиеші бүлдіршіндерді ұрып-соққаны белгілі болды

    Павлодарда тәрбиеші бүлдіршіндерді ұрып-соққаны белгілі болды

    Павлодар қаласындағы №116 балабақшада тәрбиешінің бүлдіршіндерге қатыгездік көрсеткені белгілі болды. Жантүршігерлік жағдайды ата-аналар бейнебақылау жазбасынан байқап қалған.

    Балалардың құқығы жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкеневаның айтуынша, ата-аналар бастапқыда балалардың өзара қақтығысын көру үшін бейнежазбаларды сұратқан. Алайда олар камерадан тәрбиешінің өзі сәбилерді итеріп, шапалақтап, жерге лақтырғанын көрген.

    «2022 жылы туған балалар әлі сөйлей алмайды. Камера жазбаларында тәрбиешінің оларды ұрғаны анық көрінеді. Бұл бір топқа ғана тән емес», — деді Шәкенева.

    Ата-аналар дереу полиция мен білім бөлімінің өкілін шақыртқан. Барлығы 15-ке жуық ата-ана жиналып, өз шағымдарын білдірген. Видеожазбалар негізінде Қылмыстық кодекстің 140-бабы, 2-бөлігі бойынша іс қозғалып, ресивер тәркіленген.

  • Атырауда ер адам никаб киген бойжеткенді аяусыз соққыға жықты

    Атырауда ер адам никаб киген бойжеткенді аяусыз соққыға жықты

    Атырау қаласындағы Береке ықшам ауданында бойжеткенге қатысты ауыр жағдай тіркелді. №30 үйдің подъезінде ер адам никабтағы қызды аяусыз ұрып-соқты.

    Бейнежазбада ер адамның қызды бірнеше рет басынан ұрып, теуіп жатқан сәті анық көрінеді. Соққы салдарынан қыз жерге құлап түскен. Абырой болғанда, шуды естіген көрші әйел дереу көмекке келіп, шабуылдаушыны тоқтатуға тырысқан. Оқиғадан кейін ер адам оқиға орнын тыныш күйде тастап кеткен.

    Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

  • Ақтөбеде жоқ пәтерді жалға берген 18 жастағы қыз ұсталды

    Ақтөбеде жоқ пәтерді жалға берген 18 жастағы қыз ұсталды

    Ақтөбеде пәтер іздеген тұрғындар Telegram арқылы алаяқтың құрбанына айналды. Олар жалған хабарландыру бойынша алдын ала төлем жасап, кейін хабарсыз қалған.

    Жәбірленушілердің шағымынан кейін полиция 18 жастағы қызды ұстады. Тергеу барысында оның кемінде бес адамды алдағаны белгілі болды. Алынған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

    Қазір күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша іс қозғалды. Полиция азаматтарды тексерілмеген хабарландырулардан сақ болуға шақырады.

  • Қазақстандықтар Астана күніне орай үш күн демалады

    Қазақстандықтар Астана күніне орай үш күн демалады

    Биыл Астана күні жексенбіге түсетіндіктен, демалыс 7 шілдеге, дүйсенбіге ауысады.

    Осылайша, бес күн жұмыс істейтін азаматтар қатарынан 5, 6 және 7 шілде күндері демалады. Ал алты күндік жұмыс режиміндегілерге 6-7 шілде демалыс болады.

    Еске салайық, 6 шілде — Астана күні мемлекеттік мерекелердің бірі саналады.

  • Рэпер ZAQ: «Жер сілкінісінен кейін Астанаға көшуге мәжбүр болдық»

    Рэпер ZAQ: «Жер сілкінісінен кейін Астанаға көшуге мәжбүр болдық»

     

    Музыканттың айтуынша, әйелі екіқабат екенін білген сәтте Алматыда жер сілкінісі болған. Бірінші сілкіністен кейін жары өзін жайсыз сезініп, кейін жүктілік тоқтап қалған.

    «Сол кезде бәріміз қатты шошыдық. Әйелімнің жағдайы нашарлады. Бастапқыда қорқыныштан деп ойладық, бірақ кейін баланың кеткенін білдік», — дейді ZAQ.

    Отбасы 13-қабатта тұрған. Қауіпсіздік үшін төменгі қабаттардан пәтер іздеген. Алайда Алматыдағы бағаның күрт өсуі оларды басқа шешім қабылдауға мәжбүрлеген.

    «2 бөлмелі пәтерге тоқсанына 5,6 млн теңге сұрады. Оған депозит пен риелтордың ақысы қосылады. Біз ойлана келе, сол қаражатты алғашқы жарна ретінде жұмсап, Астанаға көшкен дұрыс деп шештік», — дейді ол.

  • «91» тобын Сәтпаев қаласынан концертке кіргізбей қойған — Alem

    «91» тобын Сәтпаев қаласынан концертке кіргізбей қойған — Alem

    «91» тобының мүшесі Alem «Айқап» подкастында топтың кейбір қалаларда концерт өткізуіне тосқауыл қойылғанын айтты. Оның сөзінше, Түркістанда жоспарланған шара өтпей қалған. Ал Сәтпаевта жағдай одан да күрделі болған.

    «Сәтпаев қаласына кіре алмадық. Бір рет барғанымызда артымыздан көлікпен қуды. Формалы ағалар бізді қонақүйге кіргізіп, ертесіне ұшаққа салып кері қайтарды», — дейді Alem.

    Музыкант бұл оқиғаның ушығуына әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған арандатушылық хабарламалар себеп болғанын айтты. «WhatsApp-та «91 тобын ұрып-соғып, видеоға түсірсеңдер — ақша береміз» деген ақпарат тараған», — дейді ол.

    Дегенмен, Alem Атырау мен Ақтауда мұндай қиындықтар болмағанын атап өтті.

  • ZAQ: «Қызым Айрин маңдайымен өмірге келді — мұндайды акушердің өзі алғаш көрген»

    ZAQ: «Қызым Айрин маңдайымен өмірге келді — мұндайды акушердің өзі алғаш көрген»

    Музыкант үшін ең ауыр әрі ең бақытты күн — қызы Айриннің дүниеге келген сәті болыпты.

    ZAQ-тың айтуынша, Айрин маңдайымен туған. Бұл — өте сирек әрі ана мен бала үшін аса қауіпті жағдай. «Бала негізі желкесімен туады. Ал бізде маңдаймен келді. Мұндайда толық ашылу 14 см-ге жетуі керек екен. Бұл — мүмкін емес нәрсе», — дейді ол. Дәрігерлер УЗИ кезінде бұл қиындықты байқамай, босану бөліміне жібере салған. Ал Жадыраға жүктілік те қауіпті болған, себебі жүрегіне ота жасалған. Дәрігерлер табиғи жолмен босануға болмайды деген.

    «Акушердің өзі таңғалды. Бір сәтте «кіндігі үш жерден оралып қалыпты» деген дауыс шықты. Бірақ дәрігерлер дереу әрекет етіп, қызымды аман алып шықты», — дейді ZAQ.

    Жадыра босанғаннан кейін есінен танып, 10 күн бойы қалпына келді. Қан құю керек болғанмен, фобиясына байланысты бас тартқан. Осы күндері ZAQ өзі жаңа туған сәбиіне қарап, жұбайының күтімін де қатар алып жүрген.

    «Басында «қырқынан шығарып, жұмысқа қайта ораламын» деген едім. Бірақ Жадыраның толық қалпына келуіне 2-3 ай кетті», — дейді музыкант.

  • Астанадағы айуандық: «Көзіме шөп салды» деген жігіт бұрынғы сүйіктісін өлтірді

    Астанадағы айуандық: «Көзіме шөп салды» деген жігіт бұрынғы сүйіктісін өлтірді

    Астанада тағы бір ауыр қылмыс. 22 маусым күні кешкісін Millennium Park тұрғын үй кешенінде ер адам бұрынғы қызын пышақтап өлтіріп, оның туған бауырын жаралады.

    Әлеуметтік желіде тараған видеода күдіктіні полицейлер тұтқындап жатқаны көрінеді. Ол қолын беріп, қарсылық көрсетпей-ақ ұсталған. «Қызды не үшін өлтірдің?» деген сұраққа: «Көзіме шөп салды», – деп салқынқанды жауап берген. Ал полицейдің «кішкентай қыз ғой» деген сөзіне боқтап жауап қайтарады.

    Куәгерлердің сөзінше, пәтерден айқай-шу шыққан. Қылмыскер қызды бірнеше жерден пышақтаған. Оқиға болған соң, көшеге шыққан жігіт кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға да шапқан. Сол кезде марқұмның 16 жастағы інісін жаралаған. Жасөспірім пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Қазір жағдайы тұрақты.

    Қанды оқиға қоғамда резонанс тудырды. Қылмыстық іс қозғалды.

  • Экс-судья Қарлығаш Тәткеева іздеуде: сот сұранысы негіз болды

    Экс-судья Қарлығаш Тәткеева іздеуде: сот сұранысы негіз болды

    53 жастағы бұрынғы судья Қарлығаш Тәткееваға ресми түрде іздеу жарияланды. Бұл туралы құқықтық статистика порталында мәлімет шықты. Іздеуді бастауға бастама көтерген – сот органдары.

    Қарлығаш Тәткеева Жамбыл облысында дүниеге келген. 1990 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, 1995 жылы бітірген. Алғашқы еңбек жолын Шу қалалық прокуратурасында тергеуші көмекшісі болып бастаған. 1995–2002 жылдары Жамбыл облысының прокуратурасында түрлі лауазымдарда қызмет атқарды:
    – азаматтардың өтініштерін қарау бөлімінің аға прокуроры,
    – кадрлық бөлімнің аға прокуроры,
    – Сарысу ауданы прокурорының аға көмекшісі,
    – әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры.

    2002–2003 жылдары Таразда жеке компанияда заң кеңесшісі болып жұмыс істеген. 2003 жылдан бастап Қарағанды облысының мамандандырылған экономикалық сотында судья қызметін атқарды.

    Қазір оның нақты қандай іс бойынша іздеуде екені ресми айтылмады.