Рубрика: Жаңалықтар

  • Солтүстік жағалауда сенбілік өтті: 95 қап қоқыс жиналды

    Солтүстік жағалауда сенбілік өтті: 95 қап қоқыс жиналды

    Қонаев қаласында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды.

    Бұл жолы тазалық жұмыстары солтүстік жағалауға апаратын жол бойы мен «Күншуақ» жазғы лагері аумағында өтті. Шараға 70-ке жуық қала тұрғыны мен мекеме өкілі қатысып, барлығы 95 қап қоқыс жиналды.

    Жалпы, жыл басынан бері Қонаев қаласында өткен сенбіліктерге 2000-нан астам адам қатысқан. Нәтижесінде 62 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып, 16 техника жұмылдырылған.

    Қалалық әкімдік тұрғындарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және мұндай игі бастамаларға белсенді атсалысуға шақырады.

  • «Таза аула» конкурсының жеңімпаздары анықталды

    «Таза аула» конкурсының жеңімпаздары анықталды

    Көңілді кеш барысында қала әкімі Асхат Бердіханов «Таза аула» конкурсының жеңімпаздары марапаттады. 3-орынды Қойшыманов көшесі №6 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын көгалдандырған Лилия Петрушина иеленді, 2-орын 5-ш/а №56 көпқабатты үйдің тұрғыны Абдували Асылбековке бұйырды, ал 1-орын-Бас жүлдені 3-ш/а №28Б көпқабатты үйінің тұрғыны Ольга Попова жеңіп алды. Қаланың көркіне көрік қосып, табиғат пен ауланың жанашыры атанған азаматтарға 100, 200 және 300 мыңның сертификаттары табыс етілді.

    Бұл «Таза аула» конкурсының алғашқы кезеңі болатын. Ерекше жарыс ары қарай да жалғасын табады. Басталуы жайлы қосымша хабарланады.

    Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – тазалық мәдениетін қалыптастару. Аталған бағыттағы жұмыстар қала әкімдігімен жүйелі түрде жүргізілуде.

  • Қарағандыда полицейлер 9-қабаттан секірмек болған ер адамды құтқарып қалды

    Қарағандыда полицейлер 9-қабаттан секірмек болған ер адамды құтқарып қалды

    Қарағандыда адам өмірі араша түскен сәт тіркелді. 5 маусым күні Тәттімбет көшесіндегі көпқабатты үйдің 9-қабатында ер адам балконнан секіруге әрекеттенген. Арқанға ілініп тұрған азаматты көрген тұрғындар жедел түрде полиция мен құтқару қызметіне хабар берген.

    Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары мен құтқарушылар шұғыл шешім қабылдап, әр секундты тиімді пайдалануға тырысқан. Полиция капитаны Адлет Әмірбеков ер адаммен сөйлесіп, оны райынан қайтаруға тырысқан сәтте, құтқарушылар есікті ашып, ер адамды ішке тартып үлгерген.

    Қазіргі таңда 39 жастағы азамат медициналық бақылауға алынды. Дәрігерлер мен психологтар оның бұл әрекетке не себепті барғанын анықтауда.

    Полицейлердің жедел шешімі мен кәсібилігі адам өмірін аман сақтап қалды.

  • ШЖҚ «Жылу орталығы» МКК директоры тағайындалды

    ШЖҚ «Жылу орталығы» МКК директоры тағайындалды

    Ол 1983 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары, 2007 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын инженер мамандығы, 2017 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін экономика және бизнес мамандығы бойынша аяқтаған.

    Еңбек жолын 2008 жылы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жетекші инженері болып бастаған. Әр жылдары Шемонаиха аудандық электр желісінің бас инженері және бастығы, «АлТС» АҚ бас инженердің орынбасары, «Жетісу Су Арнасы» МКК директордың орынбасары, «JADKAZ GROUP» ЖШС бас инженері лауазымында қызмет атқарған.

  • Шерзаттың отбасы моральдық өтемақы ретінде жүздеген миллион теңге алады

    Шерзаттың отбасы моральдық өтемақы ретінде жүздеген миллион теңге алады

     

    Басты айыпты Абзал Шынасыл марқұмның туыстарына — Қаржаубай Нұрымов, Гүлбарам Бейшембиева және Жұмабике Қадыроваға — әрқайсысына 20 миллион теңгеден, жалпы 60 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

    Равиль Сакиев те осы үш жәбірленушіге 15 миллион теңгеден, барлығы 45 миллион теңге өтемақы төлейді.

    Қалған сотталушылар — Азамат Тоқтаубаев, Нұркияс Ілиясов, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Аскентаев, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахмет — әрқайсысы 30 миллион теңгеден өтеуі тиіс.

    Кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа азаматтық талап қойылмады.

    Осылайша, сот Шерзаттың отбасына келтірілген моральдық зиянды өтеу үшін сотталғандарға жүздеген миллион теңге төлеуді міндеттеді.

  • Қала әкімі жағажайларды тексерді

    Қала әкімі жағажайларды тексерді

    ТЖБ мамандарының сөзінше, шомылу маусымы басталғалы мұнда кезекшілік пен патрульдеу ұйымдастырылған. Сондай-ақ 10-нан астам құтқарушы посттарда отыр.

    Бейнебақылау камералары арқылы полиция басқармасы бақылау жүргізуде. Әр жерлерде ақпараттық баннерлер орнатылған.

    Ал кәсіпкерлермен тілдескен шаһар басшысы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, нысандарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру – ең басты шаралар екенін атап өтті.

    «Келісімшарт жасалған соң, нысандарды талаптарға сай ете отырып, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсету қажет. Қайғылы жағдайлар орын алмас үшін бірлесе әрекет етейік. Жағажайды, бизнес орындарын таза ұстаңыздар. Халық пен қонақтар, демалушылар тарапынан түскен сын-пікірлерді басшылыққа алып, кемшілікті түзетіңіздер», – деді Асхат Бердіханов.

    Айта кетейік, биыл Қонаевта 140-тан астам демалыс орны жұмыс істейді. 6,7 жағажайларды абаттандыру шомылу маусымынан кейін басталады деп жоспарлануда.

  • Талғардағы қанды оқиға: Шерзат Полатты өлтіргендерге үкім шықты

    Талғардағы қанды оқиға: Шерзат Полатты өлтіргендерге үкім шықты

    Талғардағы 16 жастағы Шерзат Полатты қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша тоғыз адамға үкім шықты. Басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға сотталды. Тергеу мәліметінше, дәл осы күдікті Шерзатқа пышақ сұғып, өліміне себеп болған. Сонымен қатар, Равиль Сакиев 20 жылға, Азамат Токтаубаев 15 жылға, Нұркияс Ілиясов 9 жылға, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Аскентаев, Нұрбол Токтаубаев және Дидар Қалиахмет әрқайсысы 7 жылға сотталды. Ал кәмелетке толмаған Думан Ысқақ қылмыс туралы хабарламағаны үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

    Қанды оқиға 2024 жылғы 4 қазанда Шерзат әкесінің дүкенінде жұмыс істеп жүргенде басталған. Сатып алушымен жанжал шығып, артынша бірнеше адам жиналып, төбелеске ұласқан. Пышақ жарақатын алған Шерзат ауруханаға жеткізілгенімен, аман қалмады. Кейін марқұмның үйі өртеніп, туыстарының бірі өзіне қол салған. Іс қоғамның кең назарын аударып, Ішкі істер министрлігі бақылауына алған.

  • Жетісуда 19 жастағы жігіт 67 млн теңге жымқырған қылмыстық топтың мүшесі болды

    Жетісуда 19 жастағы жігіт 67 млн теңге жымқырған қылмыстық топтың мүшесі болды

    Жетісу облысында 19 жастағы жігіт ұйымдасқан алаяқтар тобымен бірігіп, 67 млн теңге жымқырған. Олар жалған call-орталық ашып, өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды зиянды қосымша орнатуға итермелеген. Осы арқылы азаматтардың телефонына қашықтан кіріп, олардың атына онлайн несие рәсімдеп, ақшаны Telegram арқылы сатып алынған жалған шоттармен қолма-қол ақшаға айналдырған. Бір жәбірленушінің өз атынан 20 млн теңгеден астам несие рәсімделген. 2006 жылғы күдіктіге аса ірі көлемде алаяқтық жасау бабы бойынша айып тағылып, іс сотқа жолданды. Қалған қатысушыларға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

  • Ақтөбеде жылқы мен автокөлік соқтығысты: 15 жастағы шабандоз жарақат алып, жануар мерт болды

    Ақтөбеде жылқы мен автокөлік соқтығысты: 15 жастағы шабандоз жарақат алып, жануар мерт болды

    Ақтөбеде 1 маусым күні ерекше жол апаты тіркелді. CHEVROLET автокөлігі мен жылқы 312-ші атқыштар дивизиясы мен Мәншүк Мәметова көшелерінің қиылысында соқтығысып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

    Полиция мәліметінше, 15 жастағы шабандоз тыйым салатын бағдаршам сигналына қарамастан жолды кесіп өткен. Соның салдарынан көлікпен соқтығыс болып, жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ал жануар алған жарақатынан оқиға орнында мерт болды.

    Көлік жүргізушісі аман. Қалалық ПД шабандоздың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырып, оларды бала тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартты.

    Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.

  • «Торпедо» хоккейшісі клубтас әріптесінің өлімінен кейін үйқамаққа алынды

    «Торпедо» хоккейшісі клубтас әріптесінің өлімінен кейін үйқамаққа алынды

    Өскемен қаласының №2 соты «Торпедо» командасының шабуылшысы Андрей Лагуновқа қатысты бұлтартпау шарасын күшейтті. Бұл шешім марқұм қақпашы Иван Пылёноктың ата-анасының адвокатының өтінішімен қабылданды.

    19 жастағы жастар құрамасының қақпашысы Иван Пылёноктың өліміне қатысты іс бойынша негізгі күдікті – ресейлік хоккейші Лагунов. Ол маусым бойы негізгі құрамда өнер көрсеткен.

    Бұған дейін оған «елден шықпау және тиісті тәртіпті сақтау» түріндегі шектеу қойылған еді. Алайда марқұмның жақындары бұл шараны жеткіліксіз деп санап, қатаң жаза қолдануды талап еткен.

    Сот шешімімен Андрей Лагунов тергеу аяқталғанға дейін, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге үйқамаққа алынды.

    Айта кетейік, тергеу барысында Лагунов елден шықпау талабына қарамастан бірнеше рет сырт алаңдағы ойындарға қатысқан. Сондай-ақ, сотта клубтың онымен келісімшартты ұзартпағаны белгілі болды. Клубқа ресми сұрау жолданған.