Рубрика: Жаңалықтар

  • «Күмәнді диалог» үшін жеке қаулы шықты

    «Күмәнді диалог» үшін жеке қаулы шықты

    Шерзат Болаттың өліміне қатысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот процесінде тікелей эфирге жазылып қалған екіұшты әңгіме жұртшылықтың күдігін күшейтті.

    – Көзіме жас келе жаздады, дұрыс сөйледім бе?
    – Саған көп сұрақ қоймайды, сөйлесіп қойғанмын, – деген сөздер сот тыңдалымы аяқталған сәтте естілген.

    Кімнің айтқаны белгісіз. Судья бұл жайтқа байланысты жеке қаулы шығарып, прокурорға диалог мазмұны мен қатысушыларын анықтауды тапсырды.

    Сот тек заң аясында шешім қабылданатынын ескертті.
    Жеке қаулы – сот процесіне тікелей қатысы жоқ, бірақ құқықтық мәні бар күмәнді жайттарды құзырлы органдарға ескерту құжаты.

  • Шерзат соты: Соттан кейінгі күмәнді диалог жұртты шулатты

    Шерзат соты: Соттан кейінгі күмәнді диалог жұртты шулатты

    Абзал Шынасылдан жауап алынған сот отырысынан кейін тікелей эфирде күмәнді диалог жазылып қалды. Сотқа қатысушылар залдан шығып жатқан сәтте эфирден:
    – Көзіме жас келе жаздады, дұрыс сөйледім бе?
    – Саған көп сұрақ қоймайды, уайымдама, сөйлесіп қойғанмын,
    – деген әңгіме естілді. Бұл жайт әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

  • Энергетиктер отбасы: Қонаев тұрғыны салада 30 жыл қызмет етеді

    Энергетиктер отбасы: Қонаев тұрғыны салада 30 жыл қызмет етеді

    Ол осы салада 27 жыл қызмет етіп келеді. 1998 жылы Алматы энергетика және байланыс университетін тәмамдаған ол өмірін толықтай осы салаға арнаған.

    «Энергетика – біздің отбасының өмір жолына айналды. Жұбайым да – осы саланың маманы. Кенже ұлым да болашағын энергетикамен байланыстырды. Осылайша, біздің отбасымыз «энергетиктер әулеті» болып шыға келді», – дейді Айбол.

    Оның күнделікті міндеті — қосалқы станциядағы құрылғылардың жұмысын бақылау, апатты жағдай орын алған сәтте тиісті қызметтерге шұғыл хабар беру, әрі қарай нұсқаулыққа сәйкес әрекет ету. Қауіп пен жауапкершілік қатар жүретін салада мұқияттылық пен кәсібилік аса маңызды.

    Айбол Көпеков заманауи технологиялардың артықшылығын жоққа шығармайды. Соңғы бес жылда жүйе автоматтандырылып, құрылғылар жаңартылған. Алайда, бұл адам жауапкершілігін азайтпайды, керісінше, жаңашылдыққа тез бейімделуді, білім мен тәжірибені ұштастыруды талап етеді.

    Ол – жас мамандарға жол көрсетіп, тәжірибесін аямай бөлісіп жүрген тәлімгер.

    «Жастар келеді, үйренеді, өз орындарын табады. Ал мен үшін халыққа қызмет ету – үлкен абырой әрі мәртебе», – дейді маман.

    Ел Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны бекер емес. Себебі дәл осындай адамдар – елдің іргесін бекемдеп тұрған еңбек иелері. Айбол сынды қарапайым жандардың күнделікті елеусіз еңбегі ел тіршілігінің басты тетігіне айналған.

  • Қонаев әкімдігі халық санының күрт азаюын түсіндірді

    Қонаев әкімдігі халық санының күрт азаюын түсіндірді

    Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі мәлімдеме жасады.

    «Баршаға мәлім, 2024 жылдың 9 қаңтарында Алатау қаласы құрылды. Оған Қонаев қаласы аумағындағы Заречный, Арна ауылдары толығымен енгізілді. Сәйкесінше, қала халқының саны азайды. 2023 жылы Қонаев тұрғындарының саны 70512 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 65024-ке төмендеген. Алайда, халық саны қайта өсіп келе жатыр, қазіргі көрсеткіш 65934-ті құрап отыр. Осы себептен, халық арасында «Облыс орталығы өмір сүруге қолайсыз қала» деген жаңсақ пікір тудырмауларыңызды сұраймыз», — деп жазды әкімдік.

    Тұрғындар не дейді?

    Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сергей Горяной шаһарға облыс орталығы болғалы жан біткенін айтады.

    «Қонаевта күнделікті мәдени, спорттық шаралар өтіп жатыр. Оның ішінде жазғы және қыстық дрифт шоу, Оушенмэн, түрлі марафондар, жарыстар бар. Осының өзі-ақ қалаға жан біткенін көрсетеді. Тұрғындардың демалуына қолайлы орта жасалып, денешынықтырушылардың саны артқан. Оның дәлелі — Кроссфит алаңы мен жаңа жағажайлар. Шомылу маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Инвестициялық жобалар да жүзеге асуда. Тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алды. Тізбектеп айта берсек, көп әрине. Халық саны азайды деп айта салу – оңай. Ел ішінде не болып жатқанына аса мән беру қажет», – деді ол.

    Тағы бір пікірмен «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы бөлісті. Жас маманның сөзінше, қала халқының бірлігі бекем, тіршілігі таудай.

    «Қонаев қаласының тұрғындары әрқашан бірлесе қызмет етеді. Оны азаматтық ұстанымдарынан аңғаруға болады. Қаладағы мәселелерді көтеріп, оның шешілуіне бір кісідей атсалысады. Халық саны маңызды шығар, алайда, оның күнделікті тіршілігі одан да маңыздырақ. Бас жоспар бойынша тұрғындар саны 200 мың болады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 65 мыңнан асып тұрсақ, бұл межеге тез арада жетеміз. Жоспарда анықталғандай, «Жаңа Іле» аумағы игеріліп, Академиялық қалашық салынса, қоныстанушылардың саны артып, шаһар дамиды. Қазірдің өзінде даму қарқыны жаман емес», — деді Әділет Айтқазы.

    Айта кетейік, жалған ақпарат таратып, әлеуметтік шиеленіс тудырғаны үшін ҚР заңнамалары шеңберінде жауапкершілік қарастырылған.

  • Абзал Шынасыл: «Пышақты төс қалтадан алып, үш рет тықтым»

    Абзал Шынасыл: «Пышақты төс қалтадан алып, үш рет тықтым»

    Шерзат Болаттың өліміне қатысты сотта күдікті Абзал Шынасылдың оқиға орнында түсірілген видеосы көрсетілді. Видео жасөспірім қаза тапқаннан кейін, 4 қазан кешінде жазылған.

    Шынасыл тергеушілермен бірге «Қамажай» дүкені жанында болған жайттарды баяндады. Ол алғашқыда мылтықпен атқан Нұрғанатты ұрып, кейін біреудің мылтықты тартып алғанын, сол сәтте бір жасөспірім құлап, біреуі «жедел жәрдем» деп айғайлағанын айтты.

    «Сол жерде қара сақалды баланы тептім, ұрдым. Кейін төбелес басталып кетті», – деді күдікті.

    Бастапқыда ол тек Нұрғанатты пышақтағанын айтқанымен, видеода Шерзатқа қатысты ештеңе демейді. Алайда кейінгі кадрда:
    «Құлаған кезде төс қалтадан пышақты алып, ұшынан ұстап, жамбасына үш рет тықтым. Сосын “кеттік” дегенде машинаға отырдық», – деп мойындайды.

    Шынасыл оқиға кезінде өзгелердің қолында пышақ болмағанын да айтқан.

    Кейін ол Шерзат Болатты өлтіргенін ресми түрде мойындады.

  • Қонаевта 14,3 мың гектар жер пайдаланылмай жатқаны анықталды

    Қонаевта 14,3 мың гектар жер пайдаланылмай жатқаны анықталды

    Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылы 15,7 мың гектар, ал 2025 жылы 14,3 мың гектар жердің мақсатқа сай пайдаланылмай жатқаны анықталған. Мұндай учаскелер — ауыл шаруашылығы айналымына тартылмаған, инфрақұрылым немесе өндірістік жобаға айналдырылмаған бос жатқан аумақтар.
    Мемлекетке қайтарылған жерлер:
    2024 жылы 4230 гектар жайылымдық жер мемлекеттік босалқы жер қорына қайтарылған. Оның ішінде:
    •668,9 га – жер иелерінің ерікті түрде қайтаруымен;
    •339,2 га – Қонаев қалалық сотының шешімімен.
    Ал биыл, 2025 жылдың басынан бері:
    •1490 гектар жер сот шешімімен мемлекетке қайтарылды;
    •оның 150 гектары – иелері тарапынан өз еркімен берілген.
    Сонымен қатар 1121 гектар жерге қатысты материалдар Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, салық мөлшерлемесін 20 есеге дейін арттыру шаралары қарастырылған.
    Неге бұл жұмыстар жүргізілуде?
    Жер — мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік ресурсы. Оны мақсатсыз иемдену немесе пайдаланбау — заңбұзушылық қана емес, қоғам игілігінен тыс қалдыруды білдіреді.
    Мемлекет пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару арқылы:
    •ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға,
    •жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға,
    •инфрақұрылым жүргізуге,
    •жайылым тапшылығы мәселесін шешуге жол ашады.
    Қонаев қаласы әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, жер пайдаланушыларға жерді тиімді игеру жөнінде талаптарды еске салады. Талап орындалмаған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданады.
  • Шынасыл: «Шерзатты өлтірмедім, кінәні өзара бөлісуді келісіп алдық»

    Шынасыл: «Шерзатты өлтірмедім, кінәні өзара бөлісуді келісіп алдық»

    Ол кінәні ішінара мойындап, пышақ жарақатын ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа жасағанын, ал Шерзатты өлтірмегенін мәлімдеді.

    «Ол құлаған кезде ұрып, тептім. Бірақ Шерзатты кім пышақтағанын білмеймін. Полицияда айтуға мәжбүр етті. Кейін этаппен Қонаевқа апара жатқанда Равиль, Шыңғыс, Азаматпен өзара келісіп алдық: мен – Шерзатты, Шыңғыс – Нұрғанатты мойнына алады. Жазам жеңілдейді деп ойладым», – деді Шынасыл.

    Оқиға күні ол достарымен кафеде болып, кейін Нұрбол Тоқтаубаевтың қоңырауынан соң дүкен жанына барған. Айтуынша, Нұрғанат Ғайыпбаев оған оқ атқан.

    Пышақты жанармай бекетінде шабуылдан кейін өзімен алып жүргенін жеткізді.

    Абзал Шынасыл бұған дейін берген айғақтарынан толықтай бас тартты.

  • Қонаев әкімдігі халықтың жиі қоятын сұрақтарына жауап берді

    Қонаев әкімдігі халықтың жиі қоятын сұрақтарына жауап берді

    Қонаев қаласында әлеуметтік дүкендер бар ма?

    Қазіргі уақытта Қонаев қаласының аумағында 2 әлеуметтік дүкен және 14 әлеуметтік бұрыш бар.

    Ал әлеуметтік бұрыштар келесі дүкендерде жұмыс істейді:

    «Хан Тенгри» дүкені, 5 шағын ауданы, №16 ғимарат;

    «№1 Әлеуметтік дүкен», 1 шағын ауданы, №14 үйдің жанында;

    «№1 Әлеуметтік дүкен», 4 шағын ауданы, Жамбыл көшесі «Айша Сити» базарының жанында;

    4) «Аян» дүкені, 4 шағын ауданы, №4 ғимарат;

    5) «Продукты» дүкені, 2 шағын ауданы, №3А үйінің жанында;

    6) «Сымбат» дүкені, 19 шағын ауданы, №1 ғимарат;

    7) «Мадина» дүкені, 1 шағын ауданы, №39/1 ғимарат;

    8) «Чайка» дүкені, Жамбыл даңғылы №14/1 ғимарат;

    9) «На Юбилейном» дүкені, 3 шағын ауданы, №5/1 ғимарат;

    10) «Бастау» дүкені, 5 шағын аудан, №38/1 ғимарат;

    11) «Бахтияр» дүкені, 3 шағын аудан, 16 үй, №61 ғимарат;

    12) «Волна» дүкені, «Арна» шағын ауданы, №62 ғимарат;

    13) «Бастау» дүкені, Шеңгелді ауылы, Жиенқұлов көшесі №10/8;

    14) «Адал» дүкені, Шеңгелді ауылы, Жиенқұлов көшесі №10/7;

    15) «Каусар» дүкені, Шеңгелді ауылы, Бақтыбай ақын көшесі №10/2;

    16) «Сенім-маркет» дүкені, Шеңгелді ауылы, Жиенқұлов көшесі №10/3.

    НҚА-ға сілтеме: https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300032474/history

    Спортшылар мен жаттықтырушыларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

    Спортшылар мен жаттықтырушыларға бірқатар жеңілдіктер мен қолдаулар ұсынады: мемлекеттің қаржылай көмегі, ынталандыру төлемдері, марапаттау рәсімдер, білім беру және инфрақұрылымдық қолдау.

    Бұл шаралар олардың кәсіби деңгейін арттыруға және халықаралық ареналарда ел намысын қорғауға бағытталған.

    Қаржылай қолдау: Мемлекет жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ай сайынғы төлемдер тағайындайды. Мысалы, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы мен жүлдегерлері, сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионы атағын жеңіп алған спортшыларға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни 2023 жылы 345 000 теңге көлемінде ай сайынғы төлем қарастырылған.

    Ынталандыру төлемдері: Спортшылардың жоғары нәтижелеріне байланысты олардың жаттықтырушыларына да ынталандыру төлемдері беріледі. Бұл шара жаттықтырушылардың еңбегін бағалап, олардың жұмысын ынталандыру мақсатында енгізілген.

    Марапаттау рәсімдері: Әкімдік жыл сайын үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттау рәсімдерін ұйымдастырады. Мысалы, Алматы облысында «Хан Тәңірі» сыйлығы бойынша үздік спортшылар мен жаттықтырушыларға төсбелгілер, Құрмет грамоталары және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

    Білім беру және инфрақұрылымдық қолдау: Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен жоғары оқу орындарының жанынан спорт клубтары мен командалар құрылады. Бұл жас спортшыларды даярлау және олардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.

    НҚА-ға сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1400000228

    Мүгедектігі бар адамдар оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ) қалай ала алады?

    Мүгедектер жеке оңалту бағдарламасына сәйкес оңалтуға арналған техникалық құралдарды ала алады. Ол үшін қағаз немесе электронды түрде өтініш беру қажет.

    Мүгедектер оңалту бағдарламасына сәйкес өтініш береді.

    Өтініштер мыналар арқылы беріледі:

    1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы;

    2) аудандардың, қалалардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары арқылы;

    3) Мобильді абоненттік құрылғы – проактивті қызмет;

    4) «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы. Қызмет бес жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Уәкілетті орган өтінішті қабылдайды және әлеуметтік қызметтер порталына жібереді.

    НҚА-ға сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1400000228

    Қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын кімдер пайдалана алады?

    Тегін жол жүруге жеңілдіктер алу үшін Қонаев қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне немесе Қонаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне құжаттар тізімін ұсыну қажет. Жәрдемақыға құқығы расталғаннан кейін өтініш берушіге жол жүру картасы беріледі.

    Жеңілдікті алу құқығын растау үшін келесі құжаттар қажет:

    -жеке куәлік (немесе туу туралы куәлік – 18 жасқа дейінгі балалар үшін);

    -арнайы жеңілдік санатына жататынын растайтын құжат (мүгедектік туралы анықтама, соғыс ардагері куәлігі, көпбалалы ананың куәлігі және т.б.);

    -мүгедектігі бар балаларды алып жүру құқығы бар тұлғалар үшін баланың мүгедектігін растайтын құжат;

    -жергілікті әкімдік немесе әлеуметтік қорғау бөлімінен берілетін арнайы анықтама (кейбір өңірлерде талап етілуі мүмкін).

    Жеңілдікті:

    — Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғалар;

    — 75 жастан асқан зейнеткерлер;

    — екінші топтағы мүгедектер және 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

    — 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар;

    — басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлері ала алады.

    НҚА-ға сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1400000228

  • Аулаларды абаттандыру: Қонаевта 60 алаң жөнделді

    Аулаларды абаттандыру: Қонаевта 60 алаң жөнделді

    Соңғы 6 ай ішінде 60-тан астам балалар алаңы ағымдағы жөндеуден өтті. Жөндеу барысында орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, шағын сәулеттік нысандар қалпына келтірілді, сондай-ақ алаңдарға бетон төселді.

    «Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тағы 10-нан астам балалар және спорт алаңын жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар «Аулаларды абаттандыру» жобасы да жалғасын табады. 2021 жылдан бері 38 аула толық абаттандырылып, халық игілігіне берілді», – дейді Қонаев қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев.

    Оның айтуынша, тұрғындарға қолайлы орта құру тек қаланың көркін арттыру емес, балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін де маңызды қадам.

    Сондай-ақ көше жарықтарын жаңарту бағытында да жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Биыл Қарлығаш, 12А және 12Б, Гүлдер, Мостоотряд-25, Құрылысшы шағынаудандары мен Қонаев, Абай көшелерінде түнгі жарықтар орнатылып, сәндік шамдар ауыстырылады. Бұдан бөлек, тұрғындарды үздіксіз электр энергиясымен қамту мақсатында қуатты трансформаторлар ауыстырылып, жоғары кернеулі желілерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

    Айта кетейік, балалар алаңдарын жөндеу және көше жарықтарын орнатуға қатысты өтінімдер 109-Бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданып, кезең-кезеңімен іске асырылуда.

  • Қонаев қаласында «Таза аула» конкурсы өтіп жатыр

    Қонаев қаласында «Таза аула» конкурсы өтіп жатыр

    Байқауға кез келген тұрғын, пәтер иелері кооперативтері, мекеме ұжымдары, белсенді топтар, ПИК/МИК қатыса алады. Талап біреу – үйдің, мекеменің ауласы ерекше көгалданған әрі таза болуы тиіс. Конкурстың алғашқы кезеңі 15-30 мамыр аралығында өтеді.
    Қатысушылар өз аулаларының фото-бейне материалын, мекенжайын, аты-жөнін 87017196240 ватсап нөміріне жолдауы қажет.
    Бағалау критерийлері қандай?
    1. Гүлдендіру жұмыстары (гүлзарлар, композициялар, қолдан жасалған гүл бақшалар);
    2. Көгалдандыру деңгейі (ағаштар, газондар);
    3. Тазалық пен ұқыптылық (ауланың қоқыстан таза болуы);
    4. Қатысушылардың белсенділігі (тұрғындардың жұмылдырылуы, ұжымдық жұмыс).
    Қосымша шарттар бар ма?
    1. Тек конкурс уақытында емес, жасыл желектерге үнемі күтім жасалуы тиіс;
    2. жүлдегер атанған қатысушы келесі конкурстарға қатыса алмайды;
    3. жүлделі орынға ие болмаған қатысушылар келесі конкурстарға қатысуға мүмкіндігі бар;
    4. көгалдандырылған аймаққа қазылар алқасы барып, әр мүшесі жеке бағалайды.
    Жүлде қоры келесідей:
    І орын — 300 000 теңге.
    ІІ орын — 200 000 теңге.
    ІІІ орын-100 000 теңге.
    Жарыс жеңімпаздарын марапаттау уақытын қала әкімдігі қосымша хабарлайды.