Рубрика: Жаңалықтар

  • Қонаев әкімдігі ауыз суды пайдалану туралы мәлімдеме жасады

    Қонаев әкімдігі ауыз суды пайдалану туралы мәлімдеме жасады

    «Қонаев қаласының әкімдігі бақшалары бар жеке тұрғын үй иелерінен ауыз суды тиімді жұмсауды сұрайды. Жаз мезгілінде, әсіресе, күндізгі уақытта су тұтыну көлемі артады. Осыған байланысты кейбір тұрғын үйлердің жоғары қабатына су жеткіліксіз деңгейде баруда», — деп жазды әкімдік әлеуметтік желідегі парақшасында.

    Әкімдіктің түсіндіруінше, артық жүктемелер халықты ауыз сумен тұрақты қамтуға кері әсерін тигізуде. Бұған қоса, қала үлкейіп, көптеген нысандар қолданысқа берілуде. Сондықтан қазіргі инфрақұрылымның қуаты аз болып тұр. Бүгінде ШЖҚ «Қонаев Су Арнасы» МКК қаланы күнделікті 20 мың текше метр ауыз сумен қамтып отыр. Су үздіксіз берілуі үшін түнгі сағат 22:00 мен таңғы 06:00 аралығында бақшаларды суаруға кеңес беріледі.

    Ақпаратқа сүйенсек, мәселені шешу жолдары қарастырылып қойған. Мысалы, Қапшағай су қоймасынан су алатын суару құбырының құрылысын жобалауға бюджеттен қаражат бөлінген. Бұл жоба іске асқанда жасыл желектерді техникалық сумен суарып, ауыз су қоры сақталады. Сондай-ақ қала әкімінің резервінен №8 және №9 ұңғымаларды жөндеп, қалпына келтіруге қаржы бөлінді. Бүгінде аталған нысандар іске қосылуға дайын. Қала ішіндегі су қысымын арттыру мақсатында сүзгі стансасына қосымша Д1250/80 сорғысы орнатылды. Сонымен қатар қуаты тәулігіне 50 мың текше метрге дейін артатын сүзгі станциясын қайта құру және Қапшағай су қоймасындағы су деңгейіне тәуелсіз жұмыс істейтін сүзгі станциясын жаңғырту жобасының сметалық құжаттамасы әзірленуде.

    «Қала әкімдігі мен коммуналдық қызметтер тұрғындарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауда. Осы орайда әр азаматтың суды тиімді пайдаланып, ортақ жауапкершілік танытуы маңызды», — делінген хабарламада.

     

  • Шерзат ісі: Адвокатқа жедел жәрдем шақырылды

    Шерзат ісі: Адвокатқа жедел жәрдем шақырылды

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің жағдайы күрт нашарлады. Қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақырылған.

    Адвокаттың жағдайы тұрақталып, сот отырысына қайта қатысып отыр. Процесс жалғасып жатыр.

  • «Шатастырып Шерзатты ұрып жібердім»: Белғожаев кінәсін мойындады

    «Шатастырып Шерзатты ұрып жібердім»: Белғожаев кінәсін мойындады

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта Шыңғыс Белғожаев жауап берді. Ол бастапқыда мылтық атқан Нұрғанатты ұру үшін барғанын, бірақ шатасып Шерзатты ұрып жібергенін айтты.

    «Мен Нұрбол пышақпен жүрген адамдар барын айтты деп бәкімді алдым. Шерзатты емес, Ғайыпбаевты ұрам деп бардым. Бірақ бейнежазбадан Шерзатты ұрып жібергенімді білдім», — деді Белғожаев.

    Сотта бейнежазба көрсетілген соң, ол отырған Шерзатты тепкенін растады. Прокурор шатасу мүмкін емес екенін айтқанда, Белғожаев: «Қараңғы болды, анасын байқамадым», — деп жауап берді.

    Бұған дейін ол Шерзатты бәкінің сабымен ұрғанын айтқан. Бұл жолы бәкімен ұрмағанын айтты. Алайда сот оның бұрынғы мойындаған бейнежазбасын көрсетті.

    Сондай-ақ ол «Чика» деген лақап аты барын жоққа шығарды. Прокурор Нұрболат Тоқтаубаевтың оны «Чина» деп атағанын еске салды.

  • Тігіншіліктен қоғамдық жобаға дейін: Жанат Қалжанованың жеңісті де жемісті жолы

    Тігіншіліктен қоғамдық жобаға дейін: Жанат Қалжанованың жеңісті де жемісті жолы

    АНАМ ТІГІНШІ ЕДІ

    Анам еңбек сабағынан мұғалім болды. Қартайған шағына дейін тігін тігетін. Кішкентайымнан анама көмектесіп жүретінмін. Осылайша, маған да тігіншілік өнері дарыды. Кейіннен қызым да осы саланы таңдады. Биыл дизайнер мамандығын меңгеріп, ЖОО аяқтайды. Оның бірақ таңдаған бағыты басқа. Қызым той көйлектерін, түрлі стильдегі киімдерді тіккенді ұнатады. Қазірдің өзінде шәкірт тәрбиелеп, жастарды тігін саласына баулуда. Ал мен құрақ көрпенің неше түрлісін ойлап тауып, тігіп, келістіріп, осы бағытта 18 жыл қызмет етіп келемін.

    ТІГІН ЦЕХЫН АШУҒА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

    2007 жылы «Ана сәулесі» көпбалалы аналар қауымдастығының іргесін қаладым. Ол кезде халыққа жұмыс жоқ, сондай қиын кезең еді. Әкімдіктің мамандары жертөледен кеңсе тауып берді. Сонда көпбалалы аналар барлығымыз бірігіп, шағын тігін цехының жұмысын бастадық. Қазір цехымыз үлкейді. 10-нан астам қызметкеріміз, бірнеше станоктарымыз бар. Қыз жасауын жасап, ел алғысын алып келеміз. Қоғам өміріне белсене қатысып, басқаларға көмек берген еңбегіміз еленіп келеді. Тіпті, шетелдерге тапсырыстарды жеткізіп жатырмыз. Алматының үлкен базарларындағы кәсіпкерлермен де етене жұмыс істеудеміз.

    БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ҚАЛАЙ ТӨТЕП БЕРУГЕ БОЛАДЫ?

    Бүгінде кәдімгі көрпеден бастап, 3D және күрделі құрақпен жасалған көрпелер тігеміз. Оның ішінде де түр-түрге бөлінеді: құдағи көрпе, махаббат көрпесі, жалғыз кісілік көрпе, төсек жинақтары. Үнемі даму үшін ізденіс үстіндеміз. Біздің басты мақсат – сапаны күннен күнге арттыру. Сондықтан тапсырыс берушілер өте көп, бәсекеліктен де қорықпаймыз. Адал еңбек алтын сапаның көрсеткіші.

    МАМАНДЫҚТЫ ИГЕРУ ҮШІН АДАМ БОЙЫНДА ҚАНДАЙ ҚАСИЕТТЕР ТАБЫЛУЫ ҚАЖЕТ?

    Кез келген мамандықты меңгеру үшін ең алдымен ынта, қызығушылық қажет. Сонда ғана алынбайтын асу жоқ. Бізге небір қыздар тәжірибе жинауға, жұмысқа тұруға келеді. Бір ай ішінде нәтиже көрсететіндері де, көрсетпейтіндері де болады. Атүсті қараса, қош айтысамыз. Ал егер талпынса, онда қолынан іс келгенше үйретеміз. Жетістіктің кілті осы ынта мен ішкі жігерде жатыр.

    Жанат Қалжанова Мансап орталығының ұсынған «Күміс жас», Қоғамдық жұмыс орындары бағдарламалары арқылы да азаматтарды жұмыспен қамтып отыр.

    Ол – анадан дарыған тігіншілік өнерін ұрпағына жалғап, он саусағынан өнер тамған қолөнерші ғана емес, сонымен қатар әйелдердің, әсіресе, көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосып жүрген азамат.

    Жанат апайдың еңбек жолы — жас буынға үлгі. Оның өмірлік ұстанымы мен табандылығы, адал еңбегі мен сапаға деген талабы — кез келген кәсіп иесіне өнеге боларлық.

  • «Мылтықпен ұрған – мен»: Нұрқияс Ілиясов кінәсін мойындады

    «Мылтықпен ұрған – мен»: Нұрқияс Ілиясов кінәсін мойындады

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта Нұрқияс Ілиясов Ғайыпбаевты мылтықтың сабымен ұрғанын мойындады. Ол атыс кезінде мылтықты тартып алып, соққы жасағанын ашық айтты.

    «Ғайыпбаев мылтықты оқтап жатты. Бірінші оқты ауаға атты, екіншісі бізге қарай кетті, үшіншісін көз алдымда салды. Сол кезде қолындағы мылтықты тартып алдым да, сабымен ұрдым», — деді Ілиясов.

    Ал оның әлеуметтік желідегі «Калашников» мылтығымен түскен суреті мен «Хутор» жазбасына қатысты сұраққа ол жауап беруден бас тартты.

  • Шерзат ісі: Азамат Тоқтаубаев төрт рет істі болған

    Шерзат ісі: Азамат Тоқтаубаев төрт рет істі болған

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта Азамат Тоқтаубаевтың бұрын төрт рет істі болғаны белгілі болды. Прокурор оның неге пробациялық шешімді бұзғанын сұрағанда, Тоқтаубаев өзін үйқамақта болғанын және дәріханаға бару үшін сыртқа шығуға мәжбүр болғанын айтты. Ол заң бұзғанын мойындады.

    Айтуынша, ол уақытша ұстау изоляторында отырғанда, бұрынғы ісі бойынша 7 жылға сотталған. Бұған дейін 106-баппен — «адам денсаулығына қасақана зиян келтіру» бойынша бірнеше рет жауапқа тартылған. Ол 2017–2018, 2022 және 2024 жылдары істі болған.

  • Шерзатқа пышақ ұрған – қызыл кепка киген жігіт

    Шерзатқа пышақ ұрған – қызыл кепка киген жігіт

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта куәгер Наргиза Низамединова басты сәтті көзімен көргенін айтты. Оның сөзінше, сол түні балконнан қызыл кепка киген, арық жігіттің Шерзатқа бірнеше рет пышақпен соққы жасағанын көрген.

    «Анасының «балам!» деген жан дауысынан оянып, балконға шықтым. Шерзатқа қарай бірнеше жігіт жүгіріп барып жабылды. Сол сәтте пышақ ұрған адамды анық көрдім», — деді ол.

  • «Қару ұстадым, бірақ ешкімге қол көтермедім»: Азамат Тоқтаубаев сотта мәлімдеме жасады

    «Қару ұстадым, бірақ ешкімге қол көтермедім»: Азамат Тоқтаубаев сотта мәлімдеме жасады

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта екінші айыпталушы Азамат Тоқтаубаев жауап берді. Ол төбелеске дайындалмағанын, ешкімді ұрмағанын және қаруды тек Нұрқияс Ілиясов берген соң алып кеткенін айтты.

    Айтуынша, оқиға күні түнде ағасы Нұрболдың жараланғаны туралы хабар алып, мән-жайды анықтамақ болған. Қарулы жанжалдың куәсі болғанын, мылтықпен алғаш рет Ғайыпбаев оқ атқанын айтты.

    «Мені де, ағамды да ешкім ұрмады. Қаруды тек жолай қолыма берді, ешкімге қарсы қолданған жоқпын. Қаруды көлікке салып, сол жерден кетіп қалдық», — деді ол.

    Сотта ол ешқандай пышақ ұстамағанын, дүкенге алғаш рет барғанын және жанжал кезінде бейтарап әрекет еткенін айтты.

  • Шерзат соты: Судья айыпталушыны сөзінен ұстады

    Шерзат соты: Судья айыпталушыны сөзінен ұстады

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша басты айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев сотта жауап бере бастады. Ол бұрынғы түсініктемелерінен бас тартып, тергеушілер қысым көрсеткенін айтты. Алайда жауаптары сәйкессіз шықты.

    Судья оны Ғайыпбаевты ұрғаны үшін сұраққа тартқанда, Тоқтаубаев “дұрыс деп санаймын, ол бізге мылтық атты” деді. Судья:
    — Сонда полиция сізді ұрса — дұрыс емес, ал сіз біреуді тепсеңіз — дұрыс па?
    — Олар аяусыз ұрды, — деді ол.
    Судья:
    — Сонда сіз аяушылықпен тептіңіз бе?
    Тоқтаубаев жауап бере алмады.

    Бұған дейін ол «хуторлық емеспін, пышақ ұстамадым» деген. Судьяның сұрақтары оның жауаптарындағы қарама-қайшылықты ашып берді.

  • «Тергеушілер ұрды»: Шерзат ісінде Нұрбол Тоқтаубаев жауап берді

    «Тергеушілер ұрды»: Шерзат ісінде Нұрбол Тоқтаубаев жауап берді

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта Нұрбол Тоқтаубаев тергеу кезіндегі жауабынан бас тартты. Ол өзіне және інісіне қысым көрсетіліп, тергеушілер ұрып-соққанын айтты.

    Оқиға кезінде досы Дархан Әскентай көмек сұрап шақырғанын, дүкенге барғанда сатушымен ақша үшін сөзге келгенін, кейін жанжал өршігенін жеткізді. Айтуынша, Қаржаубай Нұрымов екі рет пышақпен оқталған. Ал дүкенге қайта оралғанда, қарсы тарап шабуылдаған.

    Тоқтаубаев төбелеске қатысқанын, Ғайыпбаевты бір-екі рет тепкенін мойындады. Сондай-ақ, мылтықпен алғашқы болып Ғайыпбаев оқ атқанын айтты. Інісі Азаматты өзі шақырғанын растады.

    Сотта ол тергеу кезінде құқықтары түсіндірілмегенін, адвокатсыз жауап алғанын мәлімдеп, бұрынғы жауабынан толық бас тартты. Адвокаты азаптау туралы арызға жауап болмағанын айтса, прокурор келесі отырысқа дейін құжат ұсынуға уәде берді.