Рубрика: Жаңалықтар

  • 1 сәуірде бірінші сыныпқа құжаттар қабылдау басталады

    1 сәуірде бірінші сыныпқа құжаттар қабылдау басталады

    Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электрондық үкіметі, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы тапсыруға болады.

    Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2025 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Орта білім комитетіне сілтеме жасап.

    ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, 1-сыныпқа ата-анасының өтініші бойынша балалар 6 жастан бастап қабылданады. Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электрондық үкіметі, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, сондай-ақ қағаз нұсқада 1 сәуір-31 тамыз аралығында тапсыруға болады.

    Қазақстан азаматтары үшін Жалпы білім беретін орта мектепке қабылдауға қажетті құжаттар тізімі:

    1) ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші;

    2) №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты;

    3) өлшемі 3х4 см сурет (2 дана)

    Шетел азаматтары үшін:

    Ата-аналар немесе басқа заңды өкілдер Қазақстанда уақытша немесе тұрақты тұруы керек. Шетелдіктер мектепке Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығы туралы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы құжаттарды ұсынуы керек.

    Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.

    «Құрметті ата-аналар! Құжаттарды тапсыруды соңғы күндерге қалдырмай, балаңызды мектепке беруді алдын ала ойластыруға шақырамыз», – делінген министрлік хабарламасында.

  • «Манчестер Юнайтед» клубы жұлдызды ойыншысымен қош айтыспақ

    «Манчестер Юнайтед» клубы жұлдызды ойыншысымен қош айтыспақ

    Клуб басшылығы Санчоны 40 миллион фунт стерлингке бағалап отыр. Бұл шешім бас бапкердің кім болатынына қарамастан қабылданған.

    Санчо 2021 жылы «Манчестер Юнайтед» құрамына қосылып, алайда тұрақты ойын көрсете алмады. 2023-2024 маусымының екінші жартысын «Боруссия» Дортмунд клубында арендада өткізіп, 14 матчта 2 гол және 2 ассист жасады.

    Қазіргі уақытта «Боруссия» және басқа да клубтар Санчоны өз құрамына қосуға қызығушылық танытуда. «Манчестер Юнайтед» ойыншыны сатудан 40 миллион фунт стерлинг түсіруді көздейді.

  • Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қазақстандық Бакуден Алматыға экстрадицияланды

    Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қазақстандық Бакуден Алматыға экстрадицияланды

    Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Елшілігінің көмегімен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған Қазақстан азаматын Әзірбайжаннан экстрадициялады.

    Аталған тұлға 2023 жылы Алматы қаласында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, сол үшін аса ірі көлемде пайда тапты деген күдікке ілінген.

    Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздестіру жарияланды.

    Осы жылдың қаңтарында ол Баку қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.

    Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласының тергеу изоляторына қамалды.

    Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

  • Стамбул мэрінің ұсталуынан кейін жаппай наразылық басталды

    Стамбул мэрінің ұсталуынан кейін жаппай наразылық басталды

    Ол президент Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы ретінде танымал. Мыңдаған наразылық білдірушілер Анкара мен Стамбул көшелеріне шығып, кей жерлерде полициямен қақтығыс болды.

    Билік елдегі митингілер мен жиналыстарға тыйым салғанымен, халықтың қарсылығы күшейіп келеді. Имамоглуға сыбайлас жемқорлық және Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысы бар деген айып тағылған. Алайда оппозиция бұл істі саяси қудалау деп есептейді.

    Наразылықтар салдарынан түрік лирасы 10%-дан астам құнсызданып, қор нарығы 7%-ға төмендеді. Елде саяси тұрақсыздық күшейіп, жағдай ушыға түсті.

  • Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтетін күн белгіленді

    Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтетін күн белгіленді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтетін күнді белгіледі.

    Президент өкімімен ҚХА кезекті сессиясы шақырылды.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXХІV сессиясын шақырды.

    Cессия 2025 жылғы 23-24 сәуір күндері Астана қаласында өтеді.

  • Наурызнама: Бүгін – Ұлттық спорт күні

    Наурызнама: Бүгін – Ұлттық спорт күні

    Наурызнама онкүндігінің аясында бүгін Қазақстанда Ұлттық спорт күні тойланады.

    Ұлттық спорт күні қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту мен насихаттауға арналған. Бұл күні азаматтарды спорттық дәстүрлер мен дала халықтарының бай мұрасын тануға, тән мен жан үйлесіміне ұмтылыс біріктіреді.

    Көкпар, асық ату, қыз қуу, күрес сынды дәстүрлі спорт түрлерінің тамыры сонау Ұлы Дала тарихында жатыр. Олар көшпелі халықтардың тұрмыс салты  дене күші, ептілік пен батылдықты талап еткен бұрынғы кезеңді еске түсіреді.

    «Ұлттық спорт күні» адамдарды бәсекелестік пен өзара сыйластық арқылы жақындастырады және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл спорт – қиындықтарды жеңудің, жетістіктерді бірге атап өтудің және дәстүрлі құндылықтарды жаңа ұрпаққа жеткізудің ең ұтымды жолы.

    Табиғат пен жан-дүниеміздің жаңаруын бейнелейтін Наурыз мейрамын тойлау аясында бұл күні салауатты өмір салтын ұстану, дене шынықтыру және ұжымдық рухтың маңыздылығына баса назар аударылады. Ол бізді тән саулығына мән беріп, күш-қуат пен төзімділікті арттыруға және табысқа жету жолында бір-бірімізді қолдауға үндейді.

    Ұлттық спорт түрлері жай жарыс емес, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен құндылықтарын бейнелейтін мәдени мұраның маңызды бөлігі. Күш, ептілік, төзімділік, намыс – көшпенділер өркениетіне сіңісті болған, жас ұрпақты жігерлендіріп келе жатқан қасиеттер. Ұлттық спорттық ойындар арқылы біз рухани тамырымызды сақтаймыз және бай мәдени мұрамызды мақтан тұтамыз.

  • Елімізде жылына 200-ден аса оқушы қызға жыныстық зорлық жасалады

    Елімізде жылына 200-ден аса оқушы қызға жыныстық зорлық жасалады

    Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан соңғы бес жылда оқушылар арасындағы ерте жүктілік 43 пайызға төмендегенін айтты.

    Еділ Оспанның сөзінше, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік немесе қажетсіз қарым-қатынастарға байланысты проблемалар бар.

    «Сондықтан да білім беру саласында оның алдын алу үшін бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы бұл статистиканы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүргізеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда ерте жүктіліктіктің 43%-ға төмендегені туралы ақпарат бар. Денсаулық сақтау министрлігі сондай ақпарат беріп отыр. Енді бұл ненің нәтижесі деген мәселеге талдау жүргізіп көрдік. Халықтың арасында, оның ішінде ата-аналар мен жасөспірімдер арасындағы жүргізілген түсіндіру жұмыстарының осындай нәтижеге әкелгенін көріп отырмыз. Бұл проблеманың түпкі себебі қыз балаларға қатысты зорлық екенін ашық айтуымыз керек», – деді Еділ Оспан.

    Вице-министр жылына 200-ден астам зорлық қылмысы болатынын айтты.

    «Әлеуметтік желілер арқылы қыз балалар бейтаныс адамдармен танысып, олардың бопсалауына, құрығына түсу фактілері де аз емес. Сондықтан екі бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек. Біріншіден, зорлық-зомбылықпен күресуіміз керек. Екіншіден, әлеуметтік желіге ата-аналардың бақылауын күшейткен жөн. Білім беру ұйымдарындағы жұмысқа келер болсақ, әрине, оқу бағдарламаларының ішінде міндетті түрде жасөспірімдерге қатысты ақпараттар беріліп отырады. Оның ішінде репродуктивті денсаулық, гигиена, жеке қауіпсіздік мәселелері бар», – деді Оқу-ағарту вице-министрі.

  • Астанада ТҚС-ның қосалқы бөлмесінен арыстан күшігі табылды

    Астанада ТҚС-ның қосалқы бөлмесінен арыстан күшігі табылды

    27 жастағы азамат жабайы жануарды қосалқы бөлмеде заңсыз ұстап тұрғаны анықталды.

    Құқық қорғау органдары күшікті тәркілеп, жақын арада зообаққа жіберуді жоспарлап отыр. Аталған факті бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлармен заңсыз айналысу бабымен қылмыстық іс қозғалды.

    Арнайы қызметтер мұндай заңсыз әрекеттердің қайталанбауына ерекше назар аударып, алдын алу шараларын күшейтуді мақсат етеді. Тергеу барысында арыстан күшігін ұстаған тұлғаның құқықтық жағдайы мен жануарды қалай алғаны толығырақ анықталмақ.

  • «Қазақмыс» кенішінде тағы бір кенші қаза тапты

    «Қазақмыс» кенішінде тағы бір кенші қаза тапты

    Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» кенішінде тағы бір кенші көз жұмды.  Жазатайым оқиға Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты Шығыс-Жезқазған кенішінде болды.

    «№57 шахтада тауарлық-материалдық құндылықтарды түсіру кезінде 1994 жылғы жұмысшы жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысшы оқиға орнында көз жұмды.

    Оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталуда, жазатайым оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды.

    «Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен ұжымы марқұмның жақын туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Қаза тапқан жұмыскердің отбасына ұжымдық шартта қарастырылған барлық қажетті көмек көрсетіледі, оның ішіне жерлеу шығындары да кіреді», – делінген «Қазақмыс» компаниясы таратқан хабарламада.

    Айта кетейік, өткен айдың ортасында «Қазақмыс» кенішінде жеті бірдей кенші қаза тапқан болатын.

  • «Қалқаман» метро бекетінің құрылысына тағы 28 млрд теңге бөлінеді

    «Қалқаман» метро бекетінің құрылысына тағы 28 млрд теңге бөлінеді

    Қала билігі жаңа бекет 2026 жылдың қаңтарына дейін аяқталады деп уәде берді. Биылғы жылы бұл құрылысқа 28 млрд теңге бөлінебекші.

    Метро құрылысы бойынша жоба 2020 жылы басталған болатын, бірақ кейінірек бірнеше түзетулер енгізілді. Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аралық туннельдердің ұзындығы 1,98 км құрайды. Ал бекеттің өзі Абай даңғылының бойында, Әшімов көшесінің батысында орналасады.

    «Станция платформасының ұзындығы 98 метрге жетеді, оған іргелес аумақ абаттандырылады, оның ішінде 380 автокөлік пен 28 автобус тұрақтары қарастырылған. Жобаның бас мердігері BCN-Group (бұрынғы Bazis construction) компаниясы болып табылады», – делінген хабарламада.

    2024 жылы жобаға қаржыландыру жетпей қалған еді. Қазіргі уақытта жұмысшылар жаңа станция үшін котлован қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

    «Ағымдағы жылға 28 млрд теңге бөлу қарастырылған. Ерболат Досаев сапар барысында мердігерге ағымдағы жылға бөлінген қаржыны толықтай игеру мінщдетін қойды», – деп хабарлады әкімдік.

    BCN group директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович аумақта 150 маман 50 ден астам арнайы техника үш ауысыммен істеп жатыр деп сендірді. Нысан 2026 жылдың қаңтарында, жоспарланған мерзімде аяқталатынын мәлім етті.

    Айта кетейік, метро құрылысы 3 жылға жетпей аяқталуы керек еді. Бірақ жобаға қажетті қаражат дұрыс бөлінбеген.

    ■ 2020 жылы республикалық бюджеттен 190,2 млн теңге бөлінген
    ■ 2021 жылы – 600 млн теңге
    ■ 2022 жылы – 0 теңге
    ■ 2023 жылы – 9,2 млрд теңге
    ■ 2024 жылы – 2,67 млрд теңге
    ■ 2025 жылы – 28 млрд теңге
    ■ 2026 жылы – белгісіз

    Бекет құрылысына жауапты «Базис-А» компаниясы осыған дейін қаржы республикалық бюджеттен қаржыландыруылуы керек деп мәлімдеген болатын. Алайда бөліну керек ақша кешігіп жатқанын хабарлады.