Рубрика: Жаңалықтар

  • Трамп пен Путин қандай келісімге келді?

    Трамп пен Путин қандай келісімге келді?

    18 наурыз, сейсенбі күні, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті.

    Әңгіме екі жарым сағатқа созылды. Бұл туралы Ақ үй басшысының көмекшісі және аппарат басшысының орынбасары Дэн Скавино хабарлады.

    «Қазіргі уақытта — президент Трамп Овальды кабинетте отырып, Ресей президенті Владимир Путинмен шығыс уақыты бойынша таңғы 10:00-ден (Астана уақытымен 19:00) бастап сөйлесіп жатыр. Қоңырау жақсы өтуде және әлі де жалғасуда», – деп жазды ол Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

    CNN телеарнасы ресейлік дереккөзге сілтеме жасай отырып, Путин мен Трамптың телефон әңгімесі «өте жақсы» өткенін хабарлады.

    «Әңгімемен таныс ресейлік дереккөз CNN-ге оның «өте жақсы» өткенін айтты», – делінген телеарна жариялаған материалда.

    Ал Трамптың өзі:

    «Біз энергетика мен инфрақұрылым бойынша атысты дереу тоқтату туралы келісімге келдік. Алдағы уақытта атыстың толық тоқтатылуы және Ресей мен Украина арасындағы осы соғыстың аяқталуына қол жеткізу үшін жылдам әрекет ететін боламыз», – деп жазды әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

    АҚШ басшысының сөзінше, бұл соғыс ол президент болғанда ешқашан басталмас еді.

    «Бейбіт келісімге қол жеткізудің түрлі аспектілері талқыланды, оның ішінде мыңдаған сарбаздың қаза болуы туралы да айтылды. Путин мен Зеленский бұл соғыстың аяқталғанын қалайды. Бұл процесс қазір жүріп жатыр. Біз адамзат үшін осы жұмысты аяқтаймыз деген үміттеміз», – деді америкалық көшбасшы.

    Ақ үй Трамп пен Путиннің келіссөздеріне қатысты пікір білдірді. Ақпаратқа сәйкес, екі президент те бұл қақтығыстың бейбітшілікпен аяқталуы тиіс екеніне келіскен. Сонымен қатар, Вашингтон мен Мәскеу арасындағы екіжақты қарым-қатынасты жақсарту қажеттілігі де сөз болған.

  • Бүгін –  Жаңару күні

    Бүгін – Жаңару күні

    Бұл күн табиғаттың қайта оянып, жаңа өмір бастайтын сәтін бейнелейді. Қазақ дәстүрінде Жаңару күні адамдар үйлерін тазалап, қажетсіз заттардан арылып, айналасын ретке келтіреді.

    Сонымен қатар, бұл күн – рухани жаңғыру уақыты. Адамдар ескі реніштерді ұмытып, бір-бірінен кешірім сұрап, татулықты нығайтады. Жаңару – тек табиғаттың емес, адамның ішкі өзгерісінің де белгісі.

  • Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтың үстінен тағы шағым түсірді

    Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтың үстінен тағы шағым түсірді

    Сот кабинетіндегі мәліметке сүйенсек Айтбек Амангелді бұл жолы арызды Жоғарғы сотқа берген.

    Айта кетейік, былтыр тамызда Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевты сотқа беріп, 1,5 млрд теңге моральдық өтемақы талап еткен болатын.

    Қыркүйекте сот Бишімбаевтан 10 млн теңге өндірді. 27 қарашада Астана қалалық соты апелляциялық инстанцияда бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

  • Мопед иелерінің назарына: 5 сәуірге дейін тіркелу керек

    Мопед иелерінің назарына: 5 сәуірге дейін тіркелу керек

    5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынады, ал заң бұзғандарға Әкімшілік кодекстің 590-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.

    Қазіргі уақытта ел бойынша 8527 мопед ресми тіркелген. Тіркеу үшін арнайы ХҚКО-ға барып, жеке куәлік, техникалық құжат (немесе техникалық сипаттамалар), өтініш және мемлекеттік баж төлемдерін рәсімдеу қажет.

    Не керек?

    • Жеке куәлік (электронды нұсқасы жарайды)
    • Техникалық құжат немесе мопедтің сипаттамасы
    • Өтініш толтыру
    • Мемлекеттік баж салығын төлеу

    Тіркеуді кейінге қалдырмаңыз! Заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, жағымсыз салдардан аулақ болыңыз.

  • Шерзат Болаттың отбасы Айтбек Амангелді бастаған адвокаттардан бас тартты

    Шерзат Болаттың отбасы Айтбек Амангелді бастаған адвокаттардан бас тартты

    Мұны адвокат Саида Тәукелева хабарлады. Ол осы шешімге байланысты Қаржаубай Нұрымовпен ертең кездесетінін жеткізді.

    18 наурызда Айтбек Амангелді баспасөз-конференциясында Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаттардан бас тартқанын айтты.

    Айтбек Амангелді бір күн бұрын Шерзаттың туыстарымен кездескенін айтты. Кездесуде Шерзаттың әжесі Гүлбар және белгісіз бір әйел болған.

    Адвокаттар сот жақындағандықтан, жәбірленушілерді жауап алуға дайындау керек деп шешкен. Дәл сол кезде Қаржаубай Нұрымовтың адвокаттардан бас тартқаны туралы жаңалықты естіген.

    «Осы кездесуден кейін екі сағаттан соң маған Қаржаубай хабарласты. Ол біздің адвокаттардың бәрінен сенімхаттарын қайтарып алатынын айтты. Басқа адвокаттарды таппақшы. Біз бұл әрекетке реакция білдірмедік, себебі Қаржаубайдың мінезін білеміз. Не болатынын көреміз. Кейінгі күндері белгілі болған ақпараттарға қарағанда, іске бес жаңа адвокат кіріседі. Біз үшін негізгі сұрақ – бұдан кейін не болатыны», – деді ол.

    Адвокат осы уақытқа дейін істелген  жұмыстың осылай аяқталғанына реніш білдіріп, бірлесіп жұмыс істеген әріптес адвокаттарына алғыс білдірді. Сонымен қатар 60 томнан тұратын қылмыстық істі оқып шығуға аз уақыт, аз күш кетпегенін де айтты.

    «Қаржаубайдан себебін сұрағанымызда «бұл телефонмен айтыланын әңгіме емес, ертең кездесіп барлығын айтып беремін» деп қысқа қайырды. Қаржаубай 15 тәулік уақытша ұстау изоляторынан шыққан кезде ешкіммен сөйлескісі келмейтінін айтқан болатын. Біз де отбасының жанында болып өз-өзіне келіп алсын деп уақыт берген болатынбыз. 18 қаңтардан кейін Қаржаубайды бүгін көрдік. Қазіргі таңда Қаржаубайдың отбасымен білікті психологтар жұмыс жасап жатыр. Алдағы уақытта бұл істі кім алса да сәттілік тілейміз», – деп жауап берді Айтбек Амангелді.

    Істің сотта қашан қаралатыны әзірге белгісіз. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс жақын күндері сотқа берілетінін хабарлаған болатын.

    Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Өткен жылдың желтоқсан айында оның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі бейіт маңынан табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған.

  • Қазақстанда алтынға инвестиция салудың жаңа мүмкіндігі пайда болды

    Қазақстанда алтынға инвестиция салудың жаңа мүмкіндігі пайда болды

    Бұл жаңа құралды ҚР Ұлттық банкі іске қосып, AIX биржасында саудалауды бастады.

     Gold Coin қалай жұмыс істейді?
    • 1 Gold Coin = 1/20 трой унциясы алтын
    • Бағасы LBMA әлемдік котировкалары мен доллар бағамына негізделеді
    • Tabys қосымшасы арқылы сатып алуға, сатуға және сыйға тартуға болады
    • 20 Gold Coin жинағандар оны Ұлттық банктің филиалдарында физикалық ÚKI монетасына айырбастай алады

    Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бұл инвесторларға алтынды цифрлық және физикалық форматта сақтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ алтынға инвестиция жасауды бұрынғыдан да қолжетімді әрі ыңғайлы етеді.

  • Путин мен Трамптың сөйлесуі екі жақтың бастамасымен өтеді – Песков

    Путин мен Трамптың сөйлесуі екі жақтың бастамасымен өтеді – Песков

    Ресей президентінің баспасөз хатшысы екі ел басшылары әңгімесінің қорытындысы баспасөзге хабарланатынын айтты.

    Владимир Путин мен Дональд Трамптың алдағы әңгімесі екі жақтың да бастамасымен өтеді. Бұл туралы ТАСС агенттігінің сауалына жауап берген Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады. Ол екі ел басшылары әңгімесінің нәтижесі туралы баспасөзге хабарланатынын атап өтті.

    – Бұл өзара келісім. Біз қалай болатынын әлі шешкен жоқпыз, бірақ міндетті түрде хабар таратамыз, – деп сендірді ол.

    Песков бұған дейін Путин мен Трамптың сөйлесуі 18 наурызға жоспарланғанын айтқан болатын. Ол әңгімелесу қанша қажет болса, сонша уақытқа созылатынын жеткізген.

  • Ерлан Қарин мен Саида Мирзиёева мәдени ынтымақтастықты талқылады

    Ерлан Қарин мен Саида Мирзиёева мәдени ынтымақтастықты талқылады

    Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, тараптар мәдени-гуманитарлық әріптестікті нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

    Сапар аясында олар «Лазги. Танец души и любви» қойылымын тамашалап, Орал Таңсықбаевтың көрмесіне қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша мәдени ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

  • Астанада ақылы тұрақтар мемлекет бақылауына өтеді

    Астанада ақылы тұрақтар мемлекет бақылауына өтеді

    Әкімнің орынбасары Ерсін Өтебаевтың айтуынша, келісімге қол қойылып, жазға дейін бұл жүйе толық мемлекеттік бақылауға өтеді.

    Қазіргі таңда өткізу процесі жүріп жатыр. Реформа аясында камералар орнату, жаңа басқару жүйесін енгізу және көліктерді эвакуациялау қарастырылған. Бұл өзгерістер әсіресе кептелісі көп аудандарда жүзеге асырылады.

    “Бірінші кезекте халық көп жүретін аймақтар реттеледі. Камералар орнатылып, тұрақ ережелерін бұзған көліктер эвакуацияланады. Ақылы тұрақтарды мемлекеттік компания басқаратын болады”, – деді Өтебаев.

  • Экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

    Экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

    Алматыда Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясының алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған болатын. 

     Аса ірі көлемдегі алаяқтық жасап айыпталған бұрынғы судья Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.

    Тергеудің мәліметінше 2021 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде ол жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесу сылтауымен, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы азаматтардың 1 миллиард теңгеден астам сомадағы ақшалай қаражатын қолды қылған. Тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, олар бір іс жүргізуге біріктірілді.

    Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша айыптау актісімен мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.