Рубрика: Жаңалықтар

  • Досаев Алматыда ауыз су тарифінің не үшін көтерілгенін айтты

    Досаев Алматыда ауыз су тарифінің не үшін көтерілгенін айтты

    Алматы әкімі Ерболат Досаев  су бағасы неге күрт қымбаттап кеткенін түсіндірмек болды. Оның айтуынша, сараланған тарифтер енгізілген. Оған сәйкес, су үнемдей алмайтын адамдар қымбатырақ төлейді.

    Қала тұрғыны коммуналдық төлемдердің күрт қымбаттап кеткенін, соның ішінде суға тарифтердің үш есе көтерілгенін айтты.

    «Бұл тарифті пенсиядағы адамдар қалай төлеуі керек? Не себепті баға күрт көтеріліп кеткенін түсіндірсеңіз», – деді зейнеткер.

    Қала басшысы тұтынған су көлеміне қарай сараланған тарифтер енгізілгенін мәлімдеді. Досаев сараланған тарифтер қала тұрғындарын суды үнемдеуге үйрететініне сенімді.

    «Біз сараланған тарифтерді енгізді. Біз әр адам шамамен қанша көлемде су тұтынатынын есептеп, орташа тұтыну көлемін шығардық. Алматы тұрғындары суды үнемдеуі керек. Бізде суды үнемдеуге қатысты мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ. Суды үнемдеп, қажетіне қарай жарататын адамдарға біз бекіткен нормалар молынан жетеді. Су біздің басты байлығымыз», – деді әкім.

    Досаев суды өшіруді ұмытып кететін, есік алдындағы бақты ауыз сумен суғаратын адамдар бар екенін, солар үшін коммуналдық төлемдер артатынын айтады.

    Сондай-ақ қалада су тапшылығын болдырмау мақсатында жер асты су қорын барлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

    «Алматыда су қоры бар. Бірақ соның өзінде біз оны үнемдеп пайдалануымыз керек», – деді ол.

  • Вячеслав Ким Jusan банкті сатып алмақшы

    Вячеслав Ким Jusan банкті сатып алмақшы

    Kaspi.kz акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Jusan Bank акцияларының 97,5%-ын сатып алуға өтінім беретінін мәлімдеді.

    Мен Jusan Bank акцияларының 97,5% сатып алуға өтініш бердім. Қазір бұл өтінім қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қарауында. Реттеуші өтінімді егжей-тегжейлі зерттегеннен кейін шешім қабылдайды.

    «Мен бұл мәміленің Kaspi.kz компаниясына қатысы жоқ екенін атап өтемін», – деді Ким.

    Заң бойынша жасасу үшін мұндай келісімді әуелі алу міндетті, кейін 50 жұмыс күнге дейін өтінім қаралады. Мәміленің егжей-тегжейі ашылмаған.

    Бастапқыда Jusan Bank (бұрынғы Цеснабанк) бұрынғы қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековпен байланысты Цесна тобына тиесілі болды.

    2019 жылы оны Halyk Bank сатып алды. Ол көп ұзамай оны Назарбаев Университетінің білім беру қорымен байланысты First Heartland Securities тобына қайта сатты. Қазір банк FHS бақылауында.

  • Димаш Құдайберген Джеки Чан фильміне саундтрек орындады

    Димаш Құдайберген Джеки Чан фильміне саундтрек орындады

    Dragon TV прайм-таймда Шанхай мәдениетінің дәстүрлері ежелгі шиыршық сияқты ашылып, көрерменді Шығыс эстетика әлеміне қызықты саяхатқа апарып, Қытай өркениетінің сұлулығын бүкіл әлемге тарататын қызықты мәдениетаралық бағдарламаны ұсынды.

    Фестивальде қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің орындауында алғаш рет «这份爱 This love» / «Бұл махаббат» әні шырқалды. Джеки Чанның әйгілі композитор Нейтан Ванг жазған «Аңыз» саундтрегінің релизі 2024 жылдың 5 шілдесінде өтсе, 12 шілдеде кинофильмнің өзі жарыққа шықты. Димаштың әні киноның соңында қойылады.

    Ерекше вокал мен үйлесімді баяндаудан тұратын музыка көрермендерді артефакт сияқты ежелгі уақытқа жетелеп, өткен мен болашақты байланыстырып, дәстүр мен қазіргі заманды біріктіреді.

  • Республикалық маңызы бар екі жол ауа райына байланысты жабылды

    Республикалық маңызы бар екі жол ауа райына байланысты жабылды

    Ауа райының күрт құбылуына байланысты Астанаға апаратын екі республикалық маңызды жол уақытша жабылды. Бұл туралы «ҚазАвтожол» хабарлады.

    Ақпаратқа сүйенсек, Павлодарға және Петропавлға баратын екі жол Ақмола облысы аумағында жабылған.

    «2025 жылғы 13 ақпан сағат 08:00-де Ақмола облысында ауа райының бұзылуына байланысты «Астана-Ерейментау-Шідерті» 16-200 ш, Астана қ. уч. – Павлодар облысы шекарасына дейін көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады», – делінген ҚазАвтожол хабарламасында.

    Бұл автожолдың Ақмола облысы шекарасынан Павлодар облысындағы Шідерті кентіне дейінгі аумағына да шектеу қойылған. «ҚазАвтожол» ақпаратына сүйенсек, жолдарды 13 ақпан кешкі сағат 17:00-де ашу жоспарланған.

    Төтенше жағдайлар министрлігі солтүстікте ауа райының күрт суып кетуіне байланысты ескерту жариялап, тұрғындандар алыс сапарға шықпауды сұрады.

  • Жамбыл облысында 22 жастағы полицей өзін тапаншамен атқан

    Жамбыл облысында 22 жастағы полицей өзін тапаншамен атқан

    Қайғылы оқиға 12 ақпан күні, кешкі сағат 18:15 шамасында Жасөркен ауылында болған. Кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы сержанты қызметтік тапаншасымен өзінің басынан атқан.

    Оқиға орнына полиция департаменті, мамандандырылған күзет қызметі басқармасы және жедел тергеу тобы жетекшілері келіп, мән-жайды анықтауға кірісті.

    Осы оқиғаға байланысты өзін-өзі өлтіруге итермелеу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеудің толықтығын, объективтілігін және жан-жақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

    Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілуге ​​жатпайды.

     

  • Президенттің жаңа кеңесшісі тағайындалды

    Президенттің жаңа кеңесшісі тағайындалды

    Мемлекет басшысының өкімімен Мағзұм Маратұлы Мырзағалиев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.

    Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті өкімімен Болат Ақшолақов президенттің кеңесшісі лауазымынан босатылған еді.

     

     
  • Жағажайдағы ескі-құсқының көзін жоятын кез келді – Асхат Бердіханов

    Жағажайдағы ескі-құсқының көзін жоятын кез келді – Асхат Бердіханов

    Қонаевтағы 6,7-ші жағажайларды жаңартып, жаңғыртатын уақыт келді. Бұл туралы кәсіпкерлермен кездескен қала әкімі Асхат Бердіханов айтты.

    Баршаға мәлім, 2024 жылы №5 жағажай қолданысқа берілді. Қазір «Фридом финанс» компаниясы 1 шақырым жағажайды абаттандырып жатыр. Құрылысы жақын арада аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары №8 жағажайда да жүріп жатыр. Алдағы уақытта 5 шақырымнан астам жағажайды абаттандыру, Солтүстік жағажайларды да кезең-кезеңімен дамыту көзделуде.

    Енді жуық арада 6,7-ші жағажайды абаттандырып, қолданысқа беру қажеттілігі туындап отыр. Себебі, шомылу маусымында осы қалалық жағажайға келіп, демалатын адамдардың саны басқа орындармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Туризмді дамыту, демалушыларға қолайлы орта құру, қызмет көрсету сапасын жоғарылату – әкімдіктің басты міндеттерінің бірі. Жағажайды абаттандыру – инвестициялық тартымдылықты арттыру, облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсарту үшін де таптырмас мүмкіндік.

    Мұндағы бизнес орындарының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді: қираған темір жабдықтар, қоқыс толған аумақтар, тапшандар.

    Бұған дейін бірнеше жыл қатарынан мұнда 42 кәсіпкер қызмет еткен. Олар коммуналдық мемлекеттік мекемемен келісімшартқа отырып, арзан бағада бизнес орындарын жалға алып әрі ағымдағы жөндеу ғана жасап отырған. Енді ол заман келмеске кетті, – дейді әкім.

    Мәселені түбегейлі шешу үшін әкімдіктің дөңгелек үстелінде «Қонаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның өкілдері, бөлім басшылары, кәсіпкерлер жиналды.

    «Жыл басында аумағы 7,5706 гектар жағажай«Қонаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға 10 жылға уақытша пайдалануға берілді. Енді корпорация жағажайды жаңғыртуға белсене кіріспек ниетте», — деді Асхат Бердіханов.

    Ал корпорация мамандары кәсіпкерлерге керемет мүмкіндіктер ұсынды:

    1. Егер құрылыс корпорация қаржысына ғана жүргізілсе, абаттандыру толық аяқталған соң, сенімгерлік басқарушы компания бизнес орындарын жалға алуға конкурс өткізеді. Оған кез келген кәсіпкер қатысуына болады;

    2. Егер құрылысқа кәсіпкерлер өздері қаржы құйса, нысанды бірден бірнеше жыл жалға алуға мүмкіндік қарастырылады.

    Кәсіпкерлер әлі де бұл мәселені талқылау қажеттілігін жеткізді. Олар құрылыстың қымбатқа соғатынын алға тартты.

    «Жағажайды жөндеуге инвестор тартсақ, жаңа жұмыс орындары құрылғанымен, басқа кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап қалады. Сондықтан шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында «Қонаев ӘКК» АҚ-мен серіктес болуға шешім қабылдадық», — деді әкім.

    Сонымен қатар ол былтыр шомылу маусымында қалаға 1,5 млн демалушы келгенін айтты.

    «Биыл көрсеткішті жоғарылату қажет. Ол үшін жағалауларды заманауи әрі көрікті етсек артық болмайды», — деді Асхат Бердіханов сөзін қорытындылап.

    Аталған мәселеге байланысты қосымша ақпараттар алдағы уақытта жарияланатын болады.

  • Астанада лифтіде зардап шеккен баланың анасы: «Балам қант диабетімен ауыратын еді»

    Астанада лифтіде зардап шеккен баланың анасы: «Балам қант диабетімен ауыратын еді»

    Астанада лифтіде зардап шеккен баланың анасы оқиғаның егжей-тегжейін айтып, кінәліні қатаң жазалауды өтінді, — деп хабарлады Tengrinews.kz сайты. 

    Зардап шеккен Батыр есімді бала дүкеннен үйіне қайтып келе жатқан. Анасы баласын дүкенге картоп әкелуге жұмсаған екен.

    «Өзім кішкентай баламен үйде болдым. Терезеден қарап тұрдым, Батыр үйдің қоңырауын басты. Оған қол бұлғадым. Ал жасөспірім есіктің жанында тұрып, басқа қызға тиіскен екен. Батыр есікті ашқанда, онымен бірге кіреберіске, кейін лифтке жүгіріп кірген. Бұны видеодан көрсе болады», – дейді баланың анасы.

    Әйелдің қансыраған баласы үйге өзі жетіп, кіреберісте құлап қалған. Ол 1-қабаттан 4-қабатқа дейін қансыраған күйде жеткен.

    «Ол үйге кіріп, «мен өліп бара жатырмын, мені өлтірді» деді де жерге құлады. Оның бетінен қан атқылап жатты, бәрі қанға боялды. Шошып кеттім. Көршілерге қоңырау шалдым, ал олар дәрігерлерге хабарласты. Бақытымызға орай, көршіміз Жандос хирург еді, қан кеткенін тоқтатуға көмектесті, әйтпесе ұлым одан да көп қан жоғалтар еді. Содан кейін оны жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті», – дейді әйел.

    Батырдың анасы баласы басқа баламен күрекке таласып қалған болар деп ойлаған. Видеоны кейінірек көріпті. Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, дәрігерлер ауруханада Батырдың бетін тіккен.

    «Ауруханада бізге жүйкесі мен артериясы зақымдалғанын айтты. Түнде оның жағдайы ауыр болды. Бізді кіргізбеді. Енді палатаға ауыстырды, есін жиды. Оның сол жақ беті жұмыс істемейді, беті ісінген, оған қоса қант диабеті диагнозы қойылған еді, 1-түрі, оның қашан қалпына келетінін білмеймін», – дейді Батырдың анасы.

    Әйел бұл жасөспірімді бұрын-соңды көрмегенін айтты. Зардап шеккен баланың анасы жасөспірімге ең қатаң жазаны талап етіп отыр.

  • Ақтауда 18 жастағы мүгедек зорланған: істі полиция бақылауға алды

    Ақтауда 18 жастағы мүгедек зорланған: істі полиция бақылауға алды

    Маңғыстау облысының полиция департаменті 18 жастағы мүгедек баланы зорлау оқиғасына қатысты пікір білдірген.

    Оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Істі полиция департаменті басшылығы бақылауға алды. Тергеу жалғасуда, деп хабарлады департамент.

    Еске салайық, бұған дейін заңгер Ажар Әбділ Ақтауда 18 жастағы мүгедек бала ұрланып, зорланғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары қылмыс болған уақыттан бері бейнебақылау камерасындағы жазбаларды алып, іс бойынша тиісті сараптама тағайындамаған.

  • Астанада әскери шеру өткізуге 2,5 млрд теңге бөлінді

    Астанада әскери шеру өткізуге 2,5 млрд теңге бөлінді

    Қорғаныс министрлігі Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру өткізетінін мәлімдеді. Әскери шеруге 2,5 млрд теңге бөлінеді.

    Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті басшысының орынбасары Виталий Адамович 7 мамыр күні Астанада әскери шеру өтетінін мәлімдеді. Шеру Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ Елі» монументінің алдында өтеді және үш кезеңнен тұрады.

    «Бірінші кезең – тарихи және заманауи бөлімдерден тұратын жаяу әскер саптарының шеруі. Екінші кезең – механикаландырылған колонналардың жүруі, ол да тарихи және заманауи бөлімдерден тұрады. Үшінші кезең – авиацияның әуеде шеруі», – деді Адамович.

    Биылғы шерудің ерекшелігі – Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери формада сап түзеу.

    Қазақ жерінде құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары алғаш рет алаңнан алып өтіледі.

    Музейде сақталған Жеңіс туының көшірмесі Т-34 танкінде көрсетіледі. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің арнайы парадтық бөлімі Мәскеуде өтетін парадқа қатысады, ал Минскіге бес адамнан тұратын ту тобы жіберіледі.

    «Әскери парад өткізуге шамамен 2,5 млрд теңге жұмсалады. Бұл шығындар жанармайға, қосалқы бөлшектерге, іссапарларға, әскерді тасымалдауға, әскери киім тігумен байланысты», – деп толықтырды Адамович.