Рубрика: Жаңалықтар

  • Астанада жүк пойызында жарылыс болды

    Астанада жүк пойызында жарылыс болды

    14 ақпанға қараған түні Астанадағы теміржол вокзалына пойыз арқылы жеткізілген контейнер жарылып кетті. Осыған байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

    Төтенше жағдай түнгі сағат 00:25-те Астана стансасындағы іріктеу алаңының 12-жолағында болды. Елордаға пойыз арқылы жеткізілген жүк контейнері жарылған. Бір адам қолынан жеңіл жарақат алды, алайда ауруханаға жатқызуды қажет етпеді.

    Полицейлер жолаушылар мен жақын маңдағы тұрғындарға қауіп төнбегенін хабарлады.

    «Көліктегі полиция департаменті бұл оқиға бойынша «Темір жол көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнына дереу департамент басшылығы жеткен. Арнайы жедел топ құрылды, олар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кірісіп кетті», – деп хабарлады Көліктегі ПД.

    ҚТЖ жарылған контейнердің жеке компанияға тиесілі екенін хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша ішінде электр жабдықтары – трансформаторлар мен генераторлар болған.

  • Астанада жігіттің үстіне футбол қақпасы құлап қаза тапты

    Астанада жігіттің үстіне футбол қақпасы құлап қаза тапты

    Астанадағы спорт алаңында жігіттің үстіне футбол қақпасы құлады. Жігіт алған жарақатынан көз жұмды.

    Қайғылы жағдай «Достық арена» спорт алаңында болған. Футбол ойыны кезінде қақпада тұрған жігіт оған асылып, айналмақшы болады. Алайда жігіт оған асыла бергенде, қақпа жігіттің үстіне құлайды. Жігіт алған жарақатынан көз жұмды. Марқұм 25 жаста екен.

    «Футбол алаңында ер адамның қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жазатайым оқиға болған. Қақпа жігітті басып қалған», – деп хабарлады Астана ПД.

  • Әйелімен жанжалдасқан ер адам екі полицейді пышақтаған

    Әйелімен жанжалдасқан ер адам екі полицейді пышақтаған

    «2024 жылдың қорытындысына сәйкес осындай 271 дерек тіркелді. Оның 127-сі мас күйде, 87-сі бұрын сотталғандармен және 19-ы адамдар тобымен жасалған», – деді ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары Алтынбек Шүйіншалиев.

    Полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданып, заңсыз әрекет жасағаны үшін 225 азамат сотталған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылды. Жұбайымен жанжалдасқан ер адам екі учаскелік полиция инспекторына пышақ ала жүгіріп, оларды жарақаттаған.

    Ақтөбе облысының Қандыағаш станциясында да осындай жағдай болды.

    «Астана – Атырау» бағытындағы пойыз жолаушысы ішімдік ішіп, патрульдік қызмет инспекторларына физикалық қарсылық көрсеткен. Денсаулыққа зиян келтіргені үшін ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

    «Полиция азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтарын, бостандықтарын және қоғамның заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Құқықтық нормаларды сақтамай, әділетті Қазақстан құру мүмкін емес. Азаматтарды заңды сақтауға, билік өкілдеріне бағынбау және оларды қорлау фактілеріне жол бермеуге шақырамыз. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз», – деді Алтынбек Шүйіншалиев.

     

  • Хоккейден әйелдер құрамасы қоржынға тағы бір медаль салды

    Хоккейден әйелдер құрамасы қоржынға тағы бір медаль салды

    Бүгін шайбалы хоккейден еліміздің әйелдер командасы Оңтүстік Кореядан басым түсіп, Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Шешуші матчтың есебі: 3-0.

    Бірінші кезеңде сан басымдығын тиімді пайдаланып шабуылшымыз, капитанның бірі Малика Алдабергенова есеп ашты. Ал шешуші айналымның басында Юлия Буторина жойқын соққымен есепті еселеді. Тағы бір шайбаның авторы – Дария Молдабай.

    Жалпы Қазақстан осы бәсекеде Қытайдың Гонконг (12-0), Таиланд (9-0), Қытайдың Тайпейі (5-1), Қытай (2-1), Оңтүстік Корея (1-0) командасын ұтып, тек Жапонияға (0-4) жол берді.

    Бұл – хоккейден әйелдер құрамасының Азия ойындарындағы 7-ші жүлдесі (3 алтын, 3 қола) және соның ішіндегі алғашқы күміс медалі.

    Тағы бір қызық жайт, Қазақстан құрамасы тарихындағы ең ірі жеңіс осы Оңтүстік Кореямен байланысты. 2003 жылғы ақ Азиадада біздің хоккейшілер бүгінгі қарсыластың қақпасына жауапсыз 19 шайба салған.

  • Қазақстандықтар наурызда неше күн демалады?

    Қазақстандықтар наурызда неше күн демалады?

    8 Наурыз сенбіге сәйкес келіп тұрғандықтан, 10 наурызда (дүйсенбі) қосымша демалыс күні қарастырылған. Наурыз 21-25 наурыз аралығында атап өтіледі.

    Сонымен жалпы наурызда 17 жұмыс күні болады.

  • Астанада 5 жастағы баланың бетін тілген жасөспірім қайда?

    Астанада 5 жастағы баланың бетін тілген жасөспірім қайда?

    Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Астанада психикалық денсаулығы нашар жасөспірімнің 5 жастағы балаға шабуыл жасаған оқиғаға қатысты пікір білдірді. 

    Динара Закиева жасөспірімнің қазір қайда екенін айтты.

    «Кеше аймақтық комиссармен бірге жәбірленуші балаға барып, жағдайын білдік. Баланың жағдайы тұрақты, барлық қажетті көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, Астана бойынша өңірлік уәкіл А. Т. Бимендина баланың анасымен үнемі байланыста отыр. Ал шабуыл жасаған бала денсаулық сақтау жүйесінің мекемесіне орналастырылды. Баланың анасы жауапкершілікке тартылды», — деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

    Оның айтуынша, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

    Еске салайық, Астанада психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жасөспірім лифтте баланың бетіне пышақ жарақатын салған еді. Қазіргі таңда зардап шеккен бала ауруханаға жатқызылды, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

     

  • Қазақстанда айыппұл төлеуде 50% жеңілдік алынып тасталуы мүмкін

    Қазақстанда айыппұл төлеуде 50% жеңілдік алынып тасталуы мүмкін

    Сенатор Марат Қожаев өзінің депутаттық сауалында айыппұл арқылы ережені қайта бұзумен күрес мүмкін еместігін айта келіп, соңғы кезде жол жүрісі қағидаларының бұзылуы көбейе түскеніне тоқталды.

    «Техникалық құралдар Жол жүрісі қағидаларын бұзудың негізгі бөлігін автоматты түрде тіркейді, қазіргі кезде ол ережені бұзудың саны 3 708 084 болып отыр. Ережені жүйелі түрде бұзудың алдын алуға қолданыстағы құқық қолдану тәжірибесі мүмкіндік бермейді. Өйткені техникалық құралдар автоматты түрде тіркеген жүргізушіні ережені қайта бұзғаны үшін жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі, көлік құралының иесіне ереже бұзудың тарихы ескерілмей айыппұл жазылады. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде елемейтін, жол тәртібін қасақана бұзушыларға Жол жүрісі қағидалары бойынша емтиханды қайта тапсыруды міндеттеу мүмкін емес. Сонымен қатар, техникалық құралдар ережені бұзу дерегін ғана тіркейді, бірақ жүргізушінің дайындық деңгейін және оның жол ережесін өрескел бұзу мен қауіпті әрекетке бейімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді», – деп атап өтті сенатор.

    Сенатор сондай-ақ кейбір жоғары төлем төлеуге қабілетті жүргізушілер айыппұлды жауапкершіліктен қашудың әдетке айналған тетігі ретінде түсінуіне алаңдаушылық білдірді. Алматыда көлік құралының бір жүргізушісі бір жылда үш миллион теңгеден астам сома айыппұл төлеп, 143 бұзушылық жасаған жағдай тіркелген көрінеді.

    «Әсіресе техникалық құралдар тіркеген ереже бұзу дерегі бойынша жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту мәселесін қарауды ұсынамыз. ӘҚБтК-дегі өзгерістерде техникалық құралдар тіркеген 10 және одан да көп бұзушылығы бар жүргізушілерді Жол жүрісі қағидалары бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберуді міндетті ету маңызды. Жүргізуші куәлігінен уақытша айыруға дейін камералармен тіркелген жол қозғалысы ережесін қайталап бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Заң талабын бұзушыларға белгілі бір кезеңдегі тәртіп бұзу санын ескеретін сараланған жаза тетігін әзірлеу және ережені жүйелі түрде бұзушыларға айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастау маңызды», – деді депутат.

    Сенатор алдын алу жұмысын күшейту үшін мұндай жүргізушілерді сынақты қайта тапсыруға жіберуді, сондай-ақ қажет болған жағдайда оларды жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынды.

  • Төтенше жағдайлар департаменті ауа райына байланысты ескерту жасады

    Төтенше жағдайлар департаменті ауа райына байланысты ескерту жасады

    Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20, күндіз екпіні 23-28 м/с болуы мүмкін. Осыған байланысты елордалық ТЖД қауіпсіздік ережесі туралы үндеу жасады, – деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

    Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана қаласы ТЖД қатты жел және бұрқасын кезінде жарақат алмау үшін азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:

    – Қыс мезгілінде сақтық шараларын сақтаңыз. Дауылды ескертулерді қадағалау және ауа райы нашарлаған жағдайда алыс жолға шықпау.

    – Жеке көлікпен жолға шықпаңыз. Егер қажет болса, қоғамдық көлікті пайдаланыңыз және маршрутыңызды алдын ала жоспарлаңыз.

    – Көшеде абай болыңыз. Боран мен жел көруді қиындатуы мүмкін, жолдар тайғақ болады. Жылы киім, тайғақтан қорғайтын аяқкиім киіңіз.

    – Жылыту жүйесін тексеріңіз. Үйіңізде жылыту дұрыс жұмыс істейтініне және отын жеткілікті екеніне көз жеткізіңіз.

    – Көшеде ұзақ тұрмаңыз – аяз бен жел үсік шалуға себеп болуы мүмкін.

    Төтенше жағдайлар кезінде «101» және «112» нөміріне хабарласыңыз.

  • Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров 15 тәулікке қамалды

    Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров 15 тәулікке қамалды

    Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

    Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ержан Бабақұмаровты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша 15 тәулікке қамап, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.

    Белгілі болғандай, 29 қаңтарда Астанада полиция оның Toyota Land Cruiser Prado көлігін тоқтатып, Бабақұмаровтың жеңіл дәрежедегі мас күйінде рульде болғанын анықтады.

    Айта кетейік, Ержан Бабақұмаров – «Орталық коммуникациялар қызметінің» бұрынғы директоры, экс-президент кеңесшісі және Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары.

  • Жынысына қатысты дау тудырған боксшы IBA-ны сотқа берді

    Жынысына қатысты дау тудырған боксшы IBA-ны сотқа берді

    IBA алжирлік боксшының Олимпиадада әділетсіз чемпион болғанын мәлімдеген. Оқиғаны әріден бастасақ. Жынысына байланысты бокс әлемінде дау туындаған Иман Хелиф 2023 жылы әлем чемпионатында гендерлік тест тапсырып, оның ағзасынан ер адамға ғана тиесілі XY-хромомсомалары анықталған болатын. IBA оны сол жылы әлем чемпионатына қатысу құқығынан айырса да, бір жылдан соң Олимпиада чемпионы атанды.

    Қазіргі уақытта IBA ХОК-тың үстінен Швейцария бас прокуратурасына шағымданған. Ал Иман Хелиф «жеке өміріме қол сұқты» деп IBA-ны сотқа берген.

    – Менің енді Халықаралық бокс қауымдастығына ешқандай қатысым жоқ. Есесіне бұл ұйымды Халықаралық Олимпиада комитеті де мойындамайды. Бірақ, олар тағы да жалған және агрессивті айыптаулар жасап, өз мүдделерін ілгерілетуге тырысып жатыр. Бұл – тек менің ғана емес, жалпы спорттағы адалдық мәселесі. Менің командам жағдайды мұқият зерттеп, заңды құқықтарымды қорғау және әділ бәсекенің сақталуы үшін барлық қажетті қадамды жасап келеді. Жауапты тұлғалар өз әрекеті үшін жауап беруі тиіс. Біз әділдік үшін барлық мүмкін заңды құралды қолданамыз, – деп жазды алжирлік боксшы әлеуметтік желіде. 

    Ресейлік Умар Кремлев басқаратын IBA ұйымы Иман Хелифтің бұл әрекетіне еш таңғалмайтынын, қайта қуанатынын жеткізген. Өйткені, ол сотта боксшыны гендерлік тесттен өткізіп, шынайы жынысын бүкіл әлемге танытуға білек сыбанып отыр.