Рубрика: Жаңалықтар

  • Тоқаев Aitu мессенджерін ілгерілету тоқтағанын мәлімдеді

    Тоқаев Aitu мессенджерін ілгерілету тоқтағанын мәлімдеді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің отандық цифрлық өнім – Aitu мессенджерін ілгерілетуге деген қызығушылығы төмендегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz.

    Мемлекет басшысының айтуынша, Aitu-ды дамыту және кеңінен қолдану жұмыстары соңғы уақытта тоқтаған, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер арасында да ілгерілету жүргізілмей отыр.

    Президент бұл жағдайды цифрландыру саласындағы жүйелі тәсілдің әлсіреуімен байланыстырды.

    Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке барлық азаматтарға қолжетімді әмбебап жасанды интеллект көмекшісін – eGov AI әзірлеу қажеттігін атап өтті.

    Мемлекет басшысының айтуынша, аталған ІИ-ассистент кезең-кезеңімен халыққа қызмет көрсету орталықтарын алмастыруы тиіс.

    Президент сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласын цифрландыруға ерекше назар аударды.

    Осы бағытта әлеуметтік қолдау шараларын басқарудың негізгі инфрақұрылымы ретінде Әлеуметтік қорғаудың бірыңғай цифрлық платформасын айқындау қажет екені айтылды.

    Аталған тапсырмалар мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға және азаматтар үшін олардың қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

  • Тоқаев цифрландырудағы жүйелік мәселелерге назар аударды

    Тоқаев цифрландырудағы жүйелік мәселелерге назар аударды

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мәселесіне қатысты сөйлеген сөзінде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысында соңғы уақытта жиі ақаулар тіркеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sona.kz.

    Мемлекет басшысының айтуынша, бұл проблемалар негізінен қолданылып отырған IT-шешімдердің технологиялық тұрғыдан ескіруімен және басқару сапасының төмендігімен байланысты.

    Президент цифрландыру тақырыбын қозғау барысында белгілі бір сөз тіркесін еске салды. Оның айтуынша, «ақшамен кез келген адам құрылыс сала алады», алайда мәселе қаражат көлемінде емес, басқару мен жүйелі тәсілде.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдында бірыңғай цифрлық платформаға көшу жөнінде маңызды міндет тұрғанын атап өтті. Бұл қадам мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымды жүйелеуге бағытталған.

    Президенттің айтуынша, бұған дейін әрбір мемлекеттік орган цифрландыруды өз бетінше жүзеге асырған. Біртұтас бақылаудың болмауы техникалық қиындықтармен қатар, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелген.

    Мемлекет басшысы Бас прокуратурада өткен кеңесте Үкімет өкілі барлық жүйелерді біріктіру үшін қажет қаражат көлемін атағанын жеткізді.

    Сонымен қатар Президент мұндай көлемдегі қаражаттың жоқ екенін және болмайтынын атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке бюджеттен қомақты қаражат талап етпейтін нақты жұмыс жоспарын ұсыну тапсырылды.

  • Тоқаев Алатау қаласын жаңа инвестициялық циклдің тірек жобасы деп атады

    Тоқаев Алатау қаласын жаңа инвестициялық циклдің тірек жобасы деп атады

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын еліміз үшін бірегей әрі жаңа инвестициялық циклдің тірек жобасы деп атады.

    Мемлекет басшысы жедел дамуға бет алған қаланың өмір сүрудің барлық саласында Smart City қағидаттары негізінде озық инновациялық шешімдер, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуі тиіс екенін атап өтті.

    Президенттің айтуынша, Алатауда капитал тарту үшін бұрын-соңды болмаған жағдайлар жасалып, жаңа әрі батыл шешімдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін прогрессивті реттеуші режим енгізілуі қажет.

    Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасымен осы маңызды мәселені шешуге бағытталған Конституциялық заң жобасы әзірленіп, Парламентке енгізілгенін хабарлады.

    Сонымен қатар президент Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі тарапынан ұсынылған қарсылықтар Конституциялық заңды қабылдауға мүмкіндік бермейтінін, ал бұл мәселелер оның төрағалығымен өткен кеңесте көтерілмегенін айтты.

    Мемлекет басшысы жауапты органдарды барлық күмән мен қарсылықтарды ресми түрде ұсынуға шақырды.

    Президент қазіргі кезеңде стратегиялық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда нақты іске көшу қажет екенін атап өтті.

    Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Алатау қаласының дамуын артық бюрократиясыз және созбалаңға салмай қамтамасыз етуді тапсырды.

  • Қазақстандық әуе компаниясында интернет қызметі іске қосылады

    Қазақстандық әуе компаниясында интернет қызметі іске қосылады

    Қазақстанда алғаш рет отандық әуе тасымалдаушының бортында жолаушыларға интернет қызметі қолжетімді болады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sona..kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Министрдің айтуынша, цифрлық экономиканың тиімді дамуы тікелей байланыс инфрақұрылымының сапасына тәуелді. Осы бағытта өткен жылы негізгі жобалардың барлығы іске қосылған.

    Жаслан Мадиев аталған жобалардың басым бөлігі ағымдағы жылы аяқталатынын атап өтті. Нәтижесінде ел бойынша байланыс сапасы мен қолжетімділігі айтарлықтай жақсарады.

    Атап айтқанда, қосымша 1900 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізіледі. Келесі жылы мұндай ауылдардың үлесі 90 пайыздан асады деп жоспарланып отыр.

    Сондай-ақ барлық республикалық маңызы бар автомобиль жолдары байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз етіледі. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдың желтоқсан айында барлық өткізу бекеттері интернетпен жабдықталған.

    Бұдан бөлек, интернет қызметі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының негізгі жолаушылар тасымалы бағыттарында қолжетімді болады.

    Осы шаралардың аясында Қазақстан тарихында алғаш рет отандық әуе тасымалдаушының ұшақтарында интернет қызметін пайдалану мүмкіндігі енгізіледі.

  • Олжас Бектенов Тоқаевқа әлеуметтік саладағы қаржы жымқыру фактілері туралы баяндады

    Олжас Бектенов Тоқаевқа әлеуметтік саладағы қаржы жымқыру фактілері туралы баяндады

    Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік салада бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы және жекелеген жағдайларда тікелей жымқыру фактілері туралы баяндады, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, мемлекет өзіне алған барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындап келеді. Алайда әлеуметтік төлемдердің көптігі, олардың бытыраңқылығы және бақылаудың жеткіліксіздігі шығындардың негізсіз өсуіне жағдай жасаған.

    Бұл жағдай бюджет қаражатының шашыраңқы жұмсалуына, тиімсіз пайдаланылуына және кейбір жағдайларда тікелей жымқыруға әкеп соққан. Соңғы екі жылда ғана 288 млрд теңге көлемінде тиімсіз шығындардың алдын алу мүмкін болған.

    Премьер-министр Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында және Ұлттық құрылтайдың V отырысында әлеуметтік саланы түбегейлі реформалау қажеттігі атап өтілгенін еске салды.

    Осыған байланысты Үкімет бірқатар шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, әлеуметтік көмектің бытыраңқы түрлері біріктіріліп, біріздендірілуде.

    Сонымен қатар білім беру қызметтерін көрсету процестері цифрландырылуда. Бұл білім беру нысандарын салудан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

    Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы қайта форматталуда.

    Сондай-ақ көші-қон заңнамасындағы олқылықтар мен жекелеген санаттағы иммигранттарды қолдау тетіктері иждивеншілік көзқарастардың қалыптасуына ықпал еткені атап өтілді. 2025 жылдан бастап мемлекеттік қолдау тек еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударатын азаматтарға селективті түрде көрсетіледі.

  • Қазақстанда 11 мың шақырым жол жаңғыртылып, әуежайлардың өткізу қабілеті артады

    Қазақстанда 11 мың шақырым жол жаңғыртылып, әуежайлардың өткізу қабілеті артады

    Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылады, деп хабарлады Sona.kz Ақордаға  сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, биыл жалпы ұзындығы 475 шақырымды құрайтын екі жаңа теміржол желісінің құрылысы аяқталып, 2,9 мың шақырым теміржол учаскесі жаңғыртылады.

    Бұл шаралар транзиттік жүк тасымалы көлемін 60 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар транзиттік контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін жетеді.

    Мысал ретінде, Қытай Халық Республикасының шекарасынан Каспий теңізіне дейінгі жүк жеткізу уақыты 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқаратыны айтылды.

    Автожол саласында да ауқымды жұмыстар жоспарланған. Биыл ел аумағында 11 мың шақырым автожолды салу және қайта жаңғырту көзделіп отыр.

    Әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту аясында Астана қаласының әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады.

    Сондай-ақ шілде айында Алматы әуежайының ішкі терминалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады.

    Аталған жобалар елдің көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға және жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын жақсартуға бағытталған.

  • Комик Нұрлан Сабуровқа қатысты бейнежазба бойынша тексеру талап етілді

    Комик Нұрлан Сабуровқа қатысты бейнежазба бойынша тексеру талап етілді

    Қазақстандық белсенді Марат Тұрымбетов комик Нұрлан Сабуровқа қатысты Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына арыз жолдады, деп хабарлайды Sona.kz CMN.KZ-ке сілтеме жасап.

    Арыздың себебі — интернетте тараған бейнежазба. Онда Нұрлан Сабуровтың «Легион Вагнер Истра» атты ресейлік әскери бөлімшеге 10 мотоцикл тапсырғаны көрсетілген.

    Аталған видео желіде 9 ақпанда пайда болды. Қазақстандық фактчекерлер оның шынайылығын растаған.

    Сол күні кешке алматылық белсенді Марат Тұрымбетов бұл дерек бойынша құқық қорғау органдарына ресми өтініш жібергенін мәлімдеді.

    Белсендінің пікірінше, Сабуровтың әрекеттері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 170-бабы — «Жалдамалылық» құрамына сәйкес келуі мүмкін.

    Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тарапынан арыздың тіркелуі немесе тексерудің басталғаны жөнінде ресми ақпарат берілген жоқ.

    Нұрлан Сабуров бұл жағдайға қатысты әзірге жария түрде пікір білдірмеді.

    Іс бойынша алдағы шешім уәкілетті органдардың тексеру нәтижелеріне байланысты қабылданады.

  • Алматы дәрігерлері Таиландта жарақат алған оқушының өмірін сақтап қалды

    Алматы дәрігерлері Таиландта жарақат алған оқушының өмірін сақтап қалды

    12 жастағы оқушы Таиландта серуендік катер мен балық аулау кемесінің соқтығысуы салдарынан ауыр жарақат алды. Оқиға 11 қаңтар күні болған, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Туыстарының айтуынша, оқиғадан кейін көрсетілген медициналық көмек шектеулі болған, ал одан арғы емдеу толықтай ақылы негізде жүргізілген.

    Зардап шеккен баланың әпкесі Аида Қожамбердиева өзі де жарақат алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қабырғалары сынып, өкпесі зақымданған, ал суда оған бейтаныс әйел көмектескен.

    Қазақстанға жеткізілгеннен кейін бала Алматы қаласында шұғыл тексеруден өткізіліп, бірден жансақтау бөліміне жатқызылды.

    Дәрігерлер бір мезетте екі күрделі операция жасады — жараны тазалау және хирургиялық өңдеу, сондай-ақ тері көшіру операциясы жүргізілді.

    Мамандар баланың жағдайы ауыр болғанын және асқыну қаупі жоғары екенін атап өтті.

    Хирургтердің айтуынша, медициналық көмек бірнеше күнге кешіккен жағдайда аяқ-қолын ампутациялау қаупі туындаған.

    Қазіргі уақытта бала дәрігерлердің тұрақты бақылауында ем қабылдап жатыр.

  • Премьер-министр табыстарды арттыруға бағытталған жаңа шаралар әзірленіп жатқанын айтты

    Премьер-министр табыстарды арттыруға бағытталған жаңа шаралар әзірленіп жатқанын айтты

    Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандықтардың табысы экономиканың өсу қарқынымен салыстырғанда баяу өсіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Aқордаға сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, қазіргі уақытта жалақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 31 пайызды құрайды. Бұл Орталық Азия елдері арасында жоғары көрсеткіштердің бірі болғанымен, дамыған елдер деңгейіне жету үшін жеткіліксіз.

    Үкімет алдағы кезеңде жалақының ЖІӨ-дегі үлесін кемінде 40 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.

    Премьер-министрдің сөзінше, жалақы өсімі бизнес табысының артуынан, оның ішінде мемлекет қолдауымен алынған пайдадан артта қалып отыр.

    Осыған байланысты Үкімет азаматтардың табысын арттыруға бағытталған кешенді шаралар пакетін әзірлеуде.

    Жоспарланған шаралар қатарында қаржылық және салықтық ынталандырулар, лайықты жалақысы бар жұмыс орындарын көбейту, кәсіби дағдыларды дамыту және азаматтарға түсетін қаржылық жүктемені азайту көзделген.

    «Жалақының өсу қарқыны бизнес пайдасының динамикасынан артта қалып отыр», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

    Үкімет бұл бағыттағы жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

  • Қонаевта дауыл салдарын жоюға 300-ден астам адам жұмылдырылды

    Қонаевта дауыл салдарын жоюға 300-ден астам адам жұмылдырылды

    Қонаевта коммуналдық және жедел қызметтер қатты соққан желдің салдарын жоюды күшейтілген режимде жүргізуде. Қалпына келтіру шаралары толықтай қала әкімдігі есебінен жүріп жатыр.

    Қолайсыз ауа райы кезінде желдің жылдамдығы секундына 27 метрге дейін жетті. Тұрғын үйлердің шатырлары, электр желілері және қалалық инфрақұрылымның жекелеген нысандары зақымданды. Апат салдарын жоюға 300-ден астам адам мен 60-тан аса арнайы техника жұмылдырылды.

    Жедел штаб құрылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шамамен 30 тұрғын үйдің шатырына зақым келген. Аумақтарды тазалау жұмыстары аяқталып, қалпына келтіру шаралары жоспарлы түрде жүріп жатыр.

    Сондай-ақ қатты жел салдарынан 40 шақырымқа жуық электр желісі зақымданды. Қазіргі таңда ақаулар толықтай қалпына келтірілді.

    Пәтер иелері кооперативтері қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп, шатырларды және инфрақұрылым нысандарын жөндеуде.

    «Қала аумағында қатты жел түн бойы соғып, түске дейін сақталды. Табиғи құбылыстың салдарынан зардап шеккендер жоқ, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп тіркелмеді. Жедел штаб құрылып, барлық қызметтер жұмыс істеуде. Тұрғындардан түскен барлық өтінімдер бақылауда, бірде-бір мекенжай назардан тыс қалмайды. Қала тұрғындарын ауа райы болжамдары мен Құтқару қызметінің ескертулерін қадағалауға шақырамыз», – деді Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов.

    Сонымен қатар Құтқару қызметі алдағы күндері желдің екпіні секундына 17–22 метрге дейін күшеюі мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.