Рубрика: Жаңалықтар

  • Қазақстан құрамасы Boxam Elite турнирінде 12 медаль жеңіп алды

    Қазақстан құрамасы Boxam Elite турнирінде 12 медаль жеңіп алды

    Қазақстанның ерлер құрамасы Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен Boxam Elite халықаралық бокс турнирінде табысты өнер көрсетті, деп хабарайды Sona.kz.

    Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құраманың еншісінде 12 медаль бар: 5 алтын, 3 күміс және 4 қола.

    Турнир жеңімпаздары қатарында үш қазақстандық спортшы бар. Алтын медальдарды 50 келіге дейінгі салмақта Санжар Ташкенбай, 85 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай және 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай жеңіп алды.

    75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Тимур Нұрсейітов қола жүлдеге ие болды.

    Жарыста елорда спортшылары да Қазақстан құрамасының намысын қорғап, жалпы нәтижеге үлес қосты.

    Boxam Elite турнирі халықаралық деңгейдегі беделді бокс жарыстарының бірі саналады.

    Биыл бұл дәстүрлі турнир 40-рет ұйымдастырылды.

    Жарысқа Қазақстан, Украина және Англия құрамалары сынды мықты командалар қатысты.

  • Бүгін Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді

    Бүгін Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді

    Бүгін, 9 ақпанда, сағат 10:00-де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді, деп хабарлайды Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап.

    Отырыс барысында елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады деп күтілуде.

    Негізгі баяндаманы Премьер-Министр Олжас Бектенов жасайды.

    Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баяндама жасайды.

    Отырыста Үкімет мүшелері мен бірқатар өңір әкімдері қатысады деп жоспарланған.

    Кеңейтілген форматта елдегі экономикалық жағдай және мемлекеттік саясаттың басым бағыттары талқыланады.

    Отырыстың қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілуі мүмкін.

    Қабылданған шешімдер туралы ресми ақпарат қосымша хабарланады.

  • Таразда бесінші қабаттан құлаған балалардың жағдайы белгілі болды

    Таразда бесінші қабаттан құлаған балалардың жағдайы белгілі болды

    Тараз қаласында бесінші қабаттан лақтырылып, ауруханаға түскен балалардың жағдайы белгілі болды. Екі бала да облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

    Дәрігерлердің мәліметінше, екі жастағы ұл бала мен төрт жастағы қыз балада жабық бас-ми жарақаты және ми ісінуі анықталған. Оларға ісінуге қарсы терапия жүргізілген.

    Ауруханада балаларға барлық қажетті тексерулер жасалып, сондай-ақ лапароцентез атты аз инвазивті хирургиялық процедура жүргізілді.

    Екі жастағы баланың жағдайы операция жасауды қажет етпейді. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында ем қабылдап жатыр.

    Ал төрт жастағы қыз балаға ауыр хирургиялық операция жасау жоспарланған. Онда сүйек сынықтарының ығысуымен жамбас сүйегінің жабық сынуы анықталған.

    Қазіргі уақытта балалармен бірге ауруханада олардың әкесі бар. Туыстарының айтуынша, ол отбасының жалғыз асыраушысы болған, балаларды тәрбиелеп, балабақшаға апарып, күнделікті күтімін қамтамасыз еткен.

    Тараз қаласы әкімдігінде балалардың әрі қарай кімнің қамқорлығында болатыны сот шешімімен анықталатынын хабарлады. Сот отырысының нақты күні әзірге белгісіз.

  • Димаш Құдайберген қатысқан шоу Қытайда телерейтингтің көшін бастады

    Димаш Құдайберген қатысқан шоу Қытайда телерейтингтің көшін бастады

    Қазақстандық өнерпаз Димаш Құдайберген атқарушы продюсері болған «Voice Beyond Horizon» музыкалық жобасының алғашқы эпизоды Қытайда телерейтингтің көшін бастады. Бұл туралы Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

    Ақпаратқа сәйкес, жоба эфирге шыққан сәттен бастап көрермендер арасында жоғары қызығушылық тудырған.

    Алғашқы шығарылымның қытайлық стримингтік платформалардағы тікелей көрсетілімдерінің жиынтық көрілімі 102 миллионнан асты.

    Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жобаға қатысты 143-тен астам ең көп талқыланған тақырып тіркелген.

    Музыкалық жобада алты елден келген сегіз әртіс өнер көрсетіп, әртүрлі жанр мен бағыттағы шығармаларды ұсынған.

    Димаш Құдайбергеннің ресми сайтында хабарланғандай, жоба қатысушыларының өнері түрлі мәдениеттердің музыкалық үндестігін көрсетуге мүмкіндік берген.

    Жоба авторлары «Voice Beyond Horizon» бастамасының негізгі мақсаты — мәдени алмасуды дамыту және Ұлы Жібек жолы кеңістігіндегі музыкалық дәстүрлерді кеңінен таныту екенін атап өтеді.

    Музыкалық жоба алдағы уақытта да телевизиялық маусым аясында эфирге шығуын жалғастырады.

  • Жамбыл облысында балаларын терезеден лақтырған әйел ауыр депрессиямен ауырған

    Жамбыл облысында балаларын терезеден лақтырған әйел ауыр депрессиямен ауырған

    Жамбыл облысында көпқабатты үйдің терезесінен екі баласын лақтырған әйелде бұған дейін ауыр депрессиялық жағдай анықталған. Бұл туралы Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева хабарлады дейді Sona.kz.

    Оның айтуынша, әйелге тағайындалған ем толық көлемде аяқталмаған. Қазіргі уақытта оған қатысты кәмелетке толмағандарды өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

    Балаларға өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі медициналық мекемеде барып, жағдайымен танысқан.

    Берілген мәліметке сәйкес, ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда.

    Ал қыз бала ауыр жарақат алған, оның ішінде сүйек сынулары бар. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

    Динара Закиева денсаулық сақтау органдары мен бала құқықтарын қорғау қызметтері арасындағы ақпарат алмасу мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, медициналық құпия балалардың қауіпсіздігін алдын ала қамтамасыз етуге кедергі келтіреді.

    «Психикалық аурулары бар ата-аналармен бірге тұратын балалар туралы ақпараттың болмауы қауіп-қатерді ерте анықтауға мүмкіндік бермейді», — деді ол.

    Бұған дейін оқиғаның Жамбыл облысындағы жатақханалардың бірінде болғаны хабарланған. Әйел 5 және 3 жастағы балаларын бесінші қабаттан лақтырған. Балалар тірі қалған.

    Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

  • Жылыой ауданында қызметтік қаруды сақтау кезінде заңбұзушылықтар тіркелді

    Жылыой ауданында қызметтік қаруды сақтау кезінде заңбұзушылықтар тіркелді

    Жылыой ауданында үш мекемеде қару айналымы ережелерінің бұзылғаны анықталды. Бұл туралы Жылыой аудандық полиция басқармасы хабарлады.

    Тексеру жұмыстары 2 ақпан мен 20 наурыз аралығында өтіп жатқан «Қызметтік қару» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді.

    Полиция қызметкерлері қару сақталатын мекемелерді тексеріп, сақтау, есепке алу, тіркеу және қайта тіркеу талаптарының сақталуын бақылаған.

    Сонымен қатар рұқсат құжаттарының заңдылығы мен қару сақтау жағдайларының белгіленген нормаларға сәйкестігі зерделенді.

    Тексеру нәтижесінде үш мекемеде қару айналымы қағидаларын бұзу фактілері анықталған.

    Аталған фактілер бойынша жауапты тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды.

    Полиция өкілдері қару айналымы талаптарын бұзу заңда белгіленген жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

    Жылыой аудандық полиция басқармасы қару иелері мен ұйым басшыларын қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

  • Семей тұрғыны әлеуметтік желілерде терроризмді насихаттағаны үшін 7 жылға сотталды

    Семей тұрғыны әлеуметтік желілерде терроризмді насихаттағаны үшін 7 жылға сотталды

    Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында терроризмді онлайн-платформалар арқылы насихаттады деп айыпталған қала тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Sona.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

    Қазақстан Республикасында «Ислам мемлекеті» халықаралық террористік ұйымының қызметі террористік деп танылып, заңмен тыйым салынған.

    Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушы 2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың сәуіріне дейін TikTok әлеуметтік желісіндегі анонимді аккаунттар арқылы, сондай-ақ жеке әңгімелер барысында террористік сипаттағы материалдарды таратқан.

    Аталған материалдарда зорлық-зомбылық идеологиясы мен террористік әрекеттерді ақтау белгілері болған.

    Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

    Айыпталушы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

    Сот үкімі заңды күшіне енді.

    Абай облысының прокуратурасы азаматтарды интернет желісінде террористік және экстремистік мазмұндағы материалдарды тарату, қайта жариялау немесе сақтау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.

  • Маңғыстауда денсаулық сақтау саласында 600 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған

    Маңғыстауда денсаулық сақтау саласында 600 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған

    Маңғыстау облысының прокуратурасы өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметінде жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Sona.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

    Тексеру барысында денсаулық сақтау субъектілерінің біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, жалған медициналық қызметтер көрсету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтар тіркелген.

    Атап айтқанда, бір медициналық ұйымды тексеру кезінде 600 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды.

    Қаражат алушылардың банк реквизиттерін ауыстыру арқылы заңсыз шығарылып, аффилирленген шоттарға аударылғаны белгілі болды.

    Сонымен қатар көрсетілмеген қызметтерге ақы төлеу, жеткізілмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар үшін қаражат аудару фактілері тіркелген.

    Аталған заңбұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы досудебтік тергеп-тексерулерді бастады.

    Тергеу арнайы прокурорлармен жүргізіліп жатыр.

    Құзырлы органдар тергеу нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға беретін болады.

  • Ақтөбеде әйел мен оның үш баласы қаза тапты

    Ақтөбеде әйел мен оның үш баласы қаза тапты

    Ақтөбе қаласында әйел мен оның үш баласының мәйіті табылды, деп хабарлайды Sona.kz өңірдің полиция Департаментіне сілтеме жасап.

    Оқиға 9 ақпан күні шамамен сағат 12:00-де қаланың жеке тұрғын үйлерінің бірінде тіркелген.

    Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қаза тапқандар  1993 жылы туған әйел және оның кәмелетке толмаған үш баласы.

    Құқық қорғау органдарының мәліметінше, өлім табиғи газдан улану салдарынан болуы мүмкін.

    Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеу амалдары жүргізілуде.

    Мамандар барлық мән-жайды анықтау үшін сот-медициналық және өзге де сараптамалардың нәтижелерін күтуде.

    Қайтыс болудың нақты себептері сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

    Оқиғаға қатысты өзге мәліметтер жарияланбай отыр

  • Талдықорған мен Қарасай ауданында есірткі өндірісін ұйымдастырғандар ұсталды

    Талдықорған мен Қарасай ауданында есірткі өндірісін ұйымдастырғандар ұсталды

    Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды Sona.kz Policia.kz-ке сілтеме жасап.

    ІІМ-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті Алматылық және Жетісу облыстарында синтетикалық есірткі өндіруге арналған екі нарколабораторияны жойды.

    Алғашқы зертхана Талдықорған қаласының шетінде орналасқан жеке тұрғын үйден анықталды. Оқиға орнында 30 жастағы ер адам ұсталды.

    Тінту барысында 20 келі мефедрон, зертханалық жабдықтар, магнитті араластырғыштар, химиялық реагенттері бар пластикалық канистрлер және шамамен 800 килограмм прекурсор тәркіленді.

    Екінші нарколаборатория Алматылық облыстың Қарасай ауданында анықталды. Онда 25 жастағы ер адам және оның бірге тұратын азаматшасы ұсталды.

    Аталған үйден 1,5 келі мефедрон, зертханалық жабдықтар және 20 литр прекурсор табылды.

    Екі дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

    ІІМ мәліметінше, есірткі өндірісін ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.