Израиль Ливан астанасы Бейрут жанындағы халық көп тұратын елдімекенге қайта шабуыл жасады. Одан 4 адам қаза тауып, 20-дан астам тұрғын жараланған. Бұған дейін Израиль әскері осы маңдағы аурухана астында Хезболланың басқару орталығы бар деп мәлімдеген еді. Тұрғындарға ауданнан кету туралы ескерту де жасалды. Ал Ливанның денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері «әл-Сахел» ауруханасының астында туннель бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дәлел болу үшін ауруханаға халықаралық бақылаушылар шақырылғанын мәлімдеді. «Хезболла» болса, әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Рубрика: Жаңалықтар
-

Жарықсыз қалған кубалықтар шеруге шықты
Кубалықтар көшеге шығып, электр қуатын тез қалпына келтіруді талап етті. Халық өткен жұмадан бері әлі жарықсыз отыр. Елдегі 8 электр станциясының біреуі істен шыққаннан кейін, 10 миллионнан астам халқы бар мемлекет аумағында жарық өшті. Жағдайды «Оскар дауылы» ушықтыра түскен. Ағаштар құлап, электр желілері үзілді. Кубалықтарды азық-түлік, жанармай мен дәрі-дәрмек тапшылығы тығырыққа тіреп отыр. Ал елдің электр станцияларының жұмысы шетелден импортталатын отынға тәуелді.
-

Жыл басынан бері қанша қылмыскер ұсталды?
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері криминалдық полиция 647 шетелдік қылмыскерді іздестіріп ұстады. Осы соңғы айдың өзінде олардың 34-ін құрықтады. Мысалы, Қостанай облысында тәртіп сақшылары 44 жастағы Ресей азаматын ұстаған. Ол 2021 жылы Бішкекте Қырғыз Республикасының лауазымды тұлғаларымен 7 миллион сомды иемденіп, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған. Солтүстік Қазақстан облысының аумағында Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен іздеуде жүрген тағы бір шетелдік ұсталды. Ол 2023 жылы Түменде топ құрамында жергілікті тұрғыннан 300 мың рубль мен Toyota Camry автокөлігін бопсалаған.
«Жалпы ағымдағы жылы Қазақстан полициясы 1596 қылмыскерді ұстап, хабар-ошарсыз кеткен 1058 адамның орналасқан жерін анықтады», – делінген хабарламада.
-

Бір айда 2 мыңнан аса этникалық қазақ елге оралды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142,7 мың этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 39%-ы Өзбекстаннан, 5,9%-ы Моңғолиядан, 5,2%-ы Түрікменстаннан, 2,9%-ы Ресейден және 1,2%-ы басқа елдерден қайтқан. Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,6%, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,1% және зейнеткерлер 9,3% болған.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,9%-ы жоғары білімді, 24,4%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді және 3,3%-ының білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы – 3 033 адам. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 477 қандас қоныс аударды.
Жыл басынан бері 2140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 575 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді, – делінген министрлік хабарламасында.
Еске сала кетсек, өткен жылда пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінде этникалық қазақтардан жаңа форматта 19 022 өтініш қабылданды.
-

«Жұрттың баласы» You-Tube арнасының авторын полицияға алып кетті
Бұл туралы Мұрат Данияр Instagram-парақшасында айтты. Ол өз пікірінде: «Маған полиция келді. Референдум қарсаңында ақпарат таратқанымды айтты», – деп жазды.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда референдум қарсаңында бірнеше белсенді ұсталып, қамалған. Астанада референдум қарсаңында үш белсенді қамалды.
-

Қайрат Сатыбалдының анасы Светлана Назарбаева қайтыс болды
Светлана Назарбаева филолог, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Дәуір» полиграфиялық баспа кешенінің бас директоры болды.
Сонымен қатар Светлана Назарбаева жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын «Интердизайн-АС» астаналық компаниясының иесі.
Ол Алматы облысы, Бөрлі-Төбе ауданы, Лепсі ауылында дүниеге келген.
-

Үш жылда 14 нәресте пойызда өмірге келді
Жолаушы Кенжеева күйеуімен бірге жүктіліктің соңғы айында Шымкенттен елордаға сапарға шыққан. 21 қазаннан 22 қазанға қараған түні №86 «Шымкент-Астана» пойызында келе жатып, жолаушының толғағы басталды. Сағат 23:30-да күйеуі пойыз қызметкерлерінен шұғыл көмек сұрады.
Пойыз бастығы Гүлшат Қарақұлова мен жолсерік Анар Адамбаева жедел түрде барлық қажетті шараны қабылдап, жолаушының аман-есен босануына көмектесті. Нәтижесінде, 21 қазан күні сағат 23:55-те қыз бала дүниеге келді, – деп мәлімдеді «Жолаушылар тасымалы» АҚ.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, пойыз бригадасы өз қызметтік міндеттеріне сай әрекет етіп, вагонда босанған әйелге қажетті барлық жағдайды жасады. Сары-Шаған стансасына жеткенде жедел жәрдем шақырылып, жас ана мен жаңа туған нәресте дәрігерлердің қарауына тапсырылды.
Пойыз бригадаларының қызметкерлері үнемі алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Соңғы 3 жыл ішінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 14 нәресте туған.
-

Маңғыстауда елдің көзінше әйелін пышақтаған ер адам сотталды
Ер адам әйелінің жүктілігіне де қарамай, жұрттың көзінше тепкілеген. Оқиға 13 шілде күні болған.
Ер адам өзімен бірге алып жүрген ас үй пышағын қолданып, әйелінің денесінің арқа, сан және кеуде тұсынан бірнеше рет соққы жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген.
Одан әрі, сотталушы К. өзінің қылмыстық іс-әрекетін тоқтатпай, алған ауыр дене жарақаттары салдарынан жерге құлаған жәбірленуші А.-ның дәрменсіз күйде аяғымен күйеуінің басынан бірнеше рет теуіп үлгерген.
-

Талдықорғандағы жемқорлыққа қарсы шарадан жемқорлықтың иісі аңқып тұр
Оған өткен бейсенбіде Талдықорғаннан бір жігіт хабарласып, кездесу ұйымдастыру туралы ұсыныс айтқан. «Осы уақытқа дейін Талдықорғанда оқырманмен бес минуттық та кездесу өткізбеппін» деп, шақыртуды қабыл алғанын жазды.
Алайда Талдықорғанға барған соң кездесу жиыны көзбояушылық екеніне көз жеткізген. Жазушы кездесуге барғанда алдынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еркін форматтағы» кездесу деген жазуды көреді. Өзін екі жас қыз қарсы алады. Жазушының «Менің жемқорлыққа қатысым не?» деген сұрағына, күмілжіп дұрыс жауап бере алмаған. «Ақыры келдім ғой» деген ол бір сағаттай отырса да, ешкім келмеген. Ұйымдастырушы – Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық антикор екен.
Ең сорақысы, қайтар кезінде жазушының шотына елу мың теңге түскен. Бір қыз қоңырау шалып, бұл ақшаның қаламақы екенін айтқан. Көзбояушылыққа ренжіген жазушы ақшаны кері салып жібергенін қоса кетті. Бұған қатысты желідегі оқырмандар да «Жемқорлықтың өзі Антикордан бастала ма? Сыбайлас жемқорлық деген осы..» деген пікір қалдырды.
Бүгін Жетісу облысының жастар ұйымы жазушы, журналист Қанат Тілеуханның ашына жазған постына қатысты жауап беріпті. Жетісу облысының жастар ұйымы 29 мамырда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы аталған ұйым мен Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы (тапсырыс беруші) арасында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты нығайтуға бағытталған жобаны ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғанын хабарлайды. Техникалық ерекшелікке сәйкес, ұйым жыл соңына дейін кемінде 21 іс-шара өткізуді және ұйымдастыруды жоспарлаған.
– Өз кезегінде, 17 қазанда техникалық ерекшелікке сәйкес, басқармамен TEDx форматында іс-шараны, сондай-ақ оның шеңберінде спикер ретінде Қанат Тілеухан шақырылған бағдарламаны өткізу келісілді. Алайда, алдын ала келіссөздер барысында біз спикермен күн тәртібіне сай шараның «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында өтетінің хабардар етпедік және келіспедік. Сондай-ақ, 21 қазанда іс-шараны өткізу күні біз қатысушылардың санын толық қамтамасыз етпедік (кемінде 100 адам), нәтижесінде оғаш себептер орын алды және спикер іс-шараны өткізу орнынан кетті. Жоғарыда айтылғандардың негізінде біз аталған іс-шараның шығындарын өз есебімізге аламыз. Сонымен қатар, іс-шара есептілікке енгізілмейді және қайта өткізіледі, – делінген ұйымның хабарламасында.
Sona.kz тілшісі жазушы, журналист Қанат Тілеуханға хабарласып, бұл шараға шақырту қайдан түскенін сұрады.

«Мұндай жағдай менің басымда алғаш рет болып тұр. Көпшілік жұрт мені түсінбей жатыр. «Неге жетіп бардың?» деген сұрақтар қойыпты. Осыны түсіндіре кетейін. Өткен аптада маған «Халық шығармашылығы» орталығынан хабарласты. Бұл орталық Мәдениет басқармасына қарайды. Сосын мен мұны бір шығармашылық кездесу шығар деп ойладым. Алдын ала «Баннерлерің бар ма? Инстаграмдағы парақшама салып қояйын» дедім. Содан жоқ болып кетті, ешкім ештеңе жіберген жоқ. Талдықорғанға барсам, әлгіндей жағдайға тап болдым. Жиынды Қоғамдық даму департаментінің тапсырысымен өткізіп жатыр екен. Бұған «Халық шығармашылығы» орталығының не қатысы бар? Екеуі екі басқа» деп түсінбедім. Тағы бір ойым, түрлі тренинг, семинарлар өтіп жатады ғой. Мысалы, «Жемқорлық әрекетке жоласаң, соңы осындай баппен сотталасың» деген сияқты. Бәлкім, бұлар басқа форматта, шығармашылық тұрғыдан келіп, шақырып отырған шығар» деп бір сағаттай күттім. Сөйтсем, аяғы әлгіндей боп кетті ғой. Бірақ бұл жағдайға қатысты ешкім хабарласып, кешірім сұраған жоқ», – деп жауап берді Қанат Тілеухан.
Расында, әр саладағы жемқорлықты әшкерелейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз қолын өзі былғап отырған жоқ па? Мемлекеттік ұйым бюджеттің 50 мың теңгесін ешбір ресми құжатсыз банк картасына қалай салып жібереді? Егер бұл шараны өткізу туралы арнайы байқау ұйымдастырылса, қаламақы құжатпен берілуі керек емес пе?! Демек, мұның өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткен жиында жемқорлықтың иісі аңқып тұрғанын көрсетпей ме? Ал бұл тұрғыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі не дер екен? Біз бұл мәселе жөнінде тиісті мекемеге хабарласып едік, тек қана ресми түрдегі сауалға ғана жауап беретінін жеткізді.
-

Тұрлыхановтың ұлы 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды
Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруға қатысты Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында үкім шықты. Ол 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Нұрасыл Айболат жазасын орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтейді. Оған нақты 1,5 жыл 10 күнге бас бостандығынан айыру үкімі шығып, сот залында қамауға алынды.
Айта кетейік, депутаттың ұлына екі ереже бұзу бойынша айып тағылуда. Алғашқысы 2024 жылдың 11 қазанында тіркелді. Ол күні Нұрасыл Болат «Elegant Hall» түнгі клубында болды, бұл көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салу ережесін бұзу болып есептелді. Екінші ереже бұзу фактісі 12 қазанда орын алды, ол кезде оның «Queen» караоке-барда болғаны бойынша пробациялық бақылаудың ережесін бұзғаны үшін айып тағылған болатын.
