Қостанай облысының Рудный қаласындағы диірмендердің бірінде төрт адам қаза тапты. Олар тереңдігі 5 метрлік бункерді тазалауға түскен. Қайта шықпай қалған. Бункерде ес-түссіз жатқан жұмысшыларды төтенше жағдай қызметкерлері алып шықты. Қазір жұмысшылардың өліміне нақты не себеп болғаны анықталып жатыр.
Рубрика: Жаңалықтар
-

Көкшетауда шетелдік жүк көліктерін заңсыз тіркегендер сотталды
Көкшетауда шетелдік жүк көліктерін заңсыз тіркеген халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкері 5 жылға сотталды. Ол ұзақ уақыт бойы жалған құжаттар жасап, 68 темір тұлпарға мемлекеттік нөмір таққан. Осылайша мемлекетке 448 миллион теңге шығын келтірген. Көкшетау қалалық сотының мәліметінше, бұл іске қатысы бар тағы екі адам 5 және 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
-

Таиланд алапат тасқынға дайындалып жатыр
Таиландтың орталығындағы провинциялар алапат тасқынға дайындалып жатыр. Себебі мұнда бірнеше апта бойы жаңбыр тоқтаусыз төпелеп жауған. Cалдарынан дамба суға толды. Қауіпті аймақтағы қалалар қатарында мемлекет астанасы Бангкок та бар. Ал Чиангмай қаласында ішінара эвакуация жүріп жатыр. Ұлттық парктегі 125 пілдің көпшілігі қауіпсіз жерлерге шығарылған. Алып жануарлардың кейбірі биік жерге өздері көтеріліпті. Мұнда жауын тоқтағанымен, құтқару операциялары әлі жалғасып жатыр. Апаттан зардап шеккендерге еріктілер де жәрдемдесіп жүр. «Ассоушиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, туристер көп баратын Түнгі базар мен Та Па Гейт қалаларын да су басқан.
-

Гаитиде 6 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетті
Гаитиде 6 мың 300-дей адам үйлерін тастап кетті. Олардың үдере көшуіне қаруланған қылмыстық топтың Понт-Сонда қаласында 70 адамды атып өлтіруі себеп болған. Қазір босқындарға үкіметтік емес ұйым азық-түлік таратып жатыр.
Айта кетсек, Гаити астанасы Порт-е-Пренстің 80 пайызы қылмыскерлердің бақылауында. Қарулы ұйымдар негізгі жолдарды басып алып, өзара жауласып жатқандықтан, тауар тасымалдау қиындаған. Елдің 11 млн-нан астам халқының жартысы аштыққа ұшырап жатыр. Ал жергілікті билік қылмыскерлермен күреске элиталық полицияны да жұмылдырғанын мәлімдеп отыр. -

АЭС бойынша референдумның алдын ала қорытындысы шықты
7 қазанда таңертеңгі дауыс берудің алдын ала қорытындысы төмендегідей болды: қолдап 71,12 пайыз дауыс берді, 2 452 071 азамат қарсы болды.
Еске салайық, АЭС бойынша референдум 6 қазан, жексенбіде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша азаматтардың 63,87 пайызы, 7 820 918 адам дауыс берді.
-

ДСМ жаңа вирустың өршуіне байланысты дабыл қақты
Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа қауіпті инфекция – Марбург вирусының өршуі туралы ескертуіне байланысты эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейтеді.
Марбург вирустық ауруы – адамдарға да, басқа приматтарға да әсер ететін сирек кездесетін, ауыр вирустық геморрагиялық қызба. Вирус табиғатта жарқанаттарда кездеседі және жарқанаттардан адамдарға берілуі мүмкін. Марбург қызбасының табиғи ошақтары – Оңтүстік, Батыс және Орталық Африка елдері: Оңтүстік Африка (Оңтүстік Африка Республикасы), Габон, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Либерия, Гвинея, Зимбабве, Кения.
Аурудың клиникалық белгілері вирусты жұқтырғаннан кейін 2-21 күннен кейін пайда болады.
Халықтың жоғары көші-қонын ескере отырып, министрлік қазақстандықтарға эндемиялық елдерге барған кезде мынадай профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады:
- жұқтырған адамдармен байланыста болудан аулақ болу;
- Африка ормандарын мекендейтін жабайы жануарлардан сақ болу;
- жергілікті жануарлардың жеткіліксіз қуырылған етін жемеу;
- мысырлық жарқанаттардың көпбөлігі — вирустың асимптоматикалық тасымалдаушылары бар үңгірлер мен шахталарға бармау;
- аурудың белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну;
- жеке гигиена ережелерін сақтау.
Ақпаратқа сәйкес, Марбург вирусына қарсы арнайы ем мен вакцина жоқ. Тек симптоматикалық емдеу ғана жүргізіледі. Вирус адамға тікелей байланыс арқылы беріледі. Оны зақымдалған тері немесе шырышты қабықтар арқылы жұқтыру қаупі бар. Сонымен қатар, вирусты заттардың бетіне тигенде және төсек-орын немесе науқастың киімі сияқты материалдарды ұстаған кезде жұқтыру мүмкін.
Аурудың негізгі белгілері: қызу көтерілу, тамақ ауру, бөртпе, іш ауру, мұрын мен көздің қанауы.
ДСМ Марбург вирусының эпидемиологиялық жағдайының дамуын мұқият қадағалайды. Халықаралық әуежайларда аурудың республикаға әкелінуіне және таралуына жол бермеу мақсатында барлық келетін жолаушылардың байланыссыз термометриясы жүргізілетін мемлекеттік шекарада санитариялық-карантиндік бақылау іске асырылады, – деп атап өтті Сархат Бейсенова.
-

Баянауылдағы өрт 6 мың гектарға жетті
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Қарағанды облысынан Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына өткен өрт 6 мың гектар жерді шарпығанын мәлім етті.
«Өрт ошақтарын жою орнында өңірлік жедел штабтың отырысын өткіздім. Тілсіз жаумен күресуге барлық қажетті күштер тартылды: өртті 310 адам, 51 арнайы техника, 2 тікұшақ, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты сөндіріп жатыр. Қазір өрт оқшауланды, әлі сөнген жоқ. Өңірде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», – деп жазды әкім телеграмм парақшасына.

Әкімнің айтуынша, өрттің себебі – шөп шабатын техникалардың ақауы болуы мүмкін.
«Мұндай өрттердің негізгі себептерінің бірі – шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуі. Сондықтан, барлық шаруа қожалықтарынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуы тиіс қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ, өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұраймын», — деп жазған Байханов.
-

Жетісу облысында білім бөлімі есепшілері ақша жымқырған
Жетісу облысы Кербұлақ ауданы білім бөлімі есепшілері бюджет қаражатын жымқырған.
Прокуратура мәліметінше, 2021-2023 жылдар аралығында білім бөлімінің 3 есепшісі онда жұмыс істемейтін адамдарға жалақы мен еңбек демалысы жәрдемақысын заңсыз аударған. Келтірілген шығын – 34 млн теңге.
Осы факті бойынша облыс прокуратурасы тергеу жүргізіп, нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот үкімімен бухгалтерлер Қылмыстық кодекстің 63-бабы («Шартты түрде соттау») бойынша 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаумен кінәлі деп танылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
-

«Қазақмыстың» «Саяқ-3» шахтасында екі жұмысшы қаза болды
«Қазақмыстың» Қарағанды облысындағы «Саяқ-3» шахтасында екі адам қайтыс болды.
Компания хабарлауынша, шахтада көміртегі газы бөлінген.
Барлық жұмысшы жедел түрде эвакуацияланды. Зардап шеккендер жақын жердегі медициналық мекемелерге жеткізілді. Екі жұмысшы қайтыс болды, — деп хабарлады компания.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр, қайғылы жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.
«Қазақмыс» қаза тапқандардың отбасына қажет көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Қарағанды облысы полициясы шахтада болған жағдайға байланысты абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу жүріп жатыр.
-

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары тағайындалды
Мемлекет басшысының өкімімен Бауыржан Төлегенұлы Әленов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
Бауыржан Әленов 1976 жылғы 8 қарашада Көкшетау облысында дүниеге келген. Білімі бойынша заңгер, заң ғылымдарының магистрі.
Ішкі істер органдарындағы қызметін 1997 жылғы мамыр айында Көкшетау қаласы Ішкі істер Бас басқармасына қарасты МҚКБ полициясының полиция батальоны болып бастаған. Әртүрлі қызметте істеді.
2013 жылы Ақмола облысы ІІД Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының бастығы болып тағайындалды.
2015-2018 жылдары Ақмола облысы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болып істеді. Одан кейін Ақмола филиалы басшысының бірінші орынбасары болды.
2019-2021 жылдары – Қазақстан ІІМ жетінші департаментінің бастығы.
2021 жылдың қаңтарынан бастап – Қазақстан ІІМ жедел қызмет департаментінің бастығы,
2022 жылдың қаңтарынан бастап Алматы облысының полициясын басқарған.
