Рубрика: Жаңалықтар

  • Egov.kz-те жаңа қызмет пайда болды

    Egov.kz-те жаңа қызмет пайда болды

    Бұрын бала кезінен мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері балаларын емханаға тікелей жүгінгенде ғана тіркей алатын. Процедура өтініш берушінің жеке қатысуын ғана емес, сонымен бірге қамқоршылықты немесе қорғаншылықты растайтын сот шешімін немесе басқа құжатты ұсынуды талап ететін.

    «Жаңартылған мемлекеттік қызмет көмегімен қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілері және балаға немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған адамға қамқорлық жасап, білім беру, тәрбиелеу және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын басқа да адамдар өздерінің қамқорлығындағы тұлғаларды емханаға өтініш бере алады».

    Көрсетілетін қызметті алу үшін пайдаланушыға:

    • eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Емханаға тіркелу» қызметін таңдау қажет;
    • өтініш берушінің санатын: «Балаға (18 жасқа дейін, оның ішінде қорғаншылық пен қамқоршылықтағы)» немесе «Заңды өкілге (әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толғандарға)» таңдау керек;
    • аймақ пен ауданды, емхананы, тіркеу себебін (көшу немесе еркін тіркеу), емдеуші дәрігерді таңдап, сонымен қатар көрсетілетін мекенжай мен байланыс телефон нөмірін толтыру қажет;
    • қажетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ/QRCode немесе sms-растау арқылы өтінімге қол қою керек.

    Қызметтің нәтижесімен пайдаланушы өтінімді тікелей медициналық ұйымның қарауынан кейін Жеке кабинетінде таныса алады.

    Қызметті тек тұрғылықты жері өзгерген жағдайда ғана емес, сонымен қатар жылына бір реттен жиі емес бір әкімшілік-аумақтық бірлік шеңберінде медициналық ұйымды ауыстырғыңыз келсе де пайдалануға болады.

  • Амазон өзенінен дельфиндердің өлексесі табылды

    Амазон өзенінен дельфиндердің өлексесі табылды

    Бразилияның Амазон өзені жағалауынан дельфиндердің өлексесі табылды.

    Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, су жануарларының қырылуына өзеннің тартылуы себеп болған. Бұған — ұзаққа созылған қуаңшылық ықпал етіп отыр. Оның үстіне су температурасының жоғарылауы да жағдайды қиындатты. Құрғақшылық салдарынан Амазонда қайықтар қатынасы қиындап, аймақтағы ауылдармен байланыс нашарлаған.

  • Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жаңа орынбасар тағайындалды

    Қаржы нарығын реттеу агенттігіне жаңа орынбасар тағайындалды

    Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Бөкейханұлы Әбілқасымов Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

    Тимур Әбілқасымов 2011 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «бизнес экономикасы» және «мемлекеттік саясат экономикасы» мамандықтары бойынша бітірді. Лондон бизнес және қаржы мектебінде «тәуекел-менеджмент» мамандығы бойынша МВА дәрежесін алған.

    Тәуекелдерді басқару жөніндегі кәсіби мамандардың жаһандық қауымдастығы (Financial Risk Manager) халықаралық сертификатының иегері. Бұдан басқа, Тимур Әбілқасымовтың операциялық тәуекелдер, Базель III және Data science бойынша сертификаттары бар. Сондай-ақ ол «Қазтеміртранс» АҚ және «Kazakhstan Energy Reinsurance Company» директорлар кеңесінің мүшесі лауазымын атқарғаны белгілі.

    М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-да аға оқытушы болып жұмыс істеді.

    Тимур Әбілқасымов «Radius Advisory Lab» ЖШӘ консалтингтік компаниясының әріптесі лауазымын атқарды, онда ол Қазақстанның және Өзбекстанның коммерциялық банктеріне және ірі холдингтеріне тәуекелдерді басқару, корпоративтік басқару және ХҚЕС стандарттарын енгізу жүйелерін жетілдіру мәселелері бойынша консультация берді.

    Квазимемлекеттік сектор компанияларында және ЕДБ-да жұмыс істеді, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымованың кеңесшісі болды.

  • Аягөз әскери гарнизонында офицер «өзіне-өзі қол салды»

    Аягөз әскери гарнизонында офицер «өзіне-өзі қол салды»

    Аягөз гарнизонының баспасөз қызметінің дерегінше, қайғылы оқиға 19 қыркүйекте жұмыстан тыс уақытта болған. 10810 әскери бөлімінің лейтенанты Нұрсұлтан Алдамұратовтың денесі өзінің тұрғылықты жерінде табылды.

    Гарнизондағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет ететін офицердің денесі үйінен табылды. Алдын ала ақпарат бойынша офицер өзіне-өзі қол жұмсаған. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп жазылған хабарламада.

    «Трагедияның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туған-туыстарына көңіл айтады», – деп хабарлады гарнизонның баспасөз қызметі.
  • Қазан айында неше күн демалыс?

    Қазан айында неше күн демалыс?

    Республика күніне байланысты қазақстандықтар бес күндік жұмыс аптасында 25, 26, 27 қазан күндері демалады.

    Биыл 25 қазан жұмаға сәйкес келетіндіктен, қазақстандықтар қатарынан үш күн демалады. Ал алты күндік жұмыс аптасымен есептегенде: 25 қазан – демалыс, 26 қазан – жұмыс күні, 27 қазан – демалыс.

  • Жоғары сот кеңесінің төрағасы тағайындалды

    Жоғары сот кеңесінің төрағасы тағайындалды

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Дмитрий Михайлович Малахов Қазақстан Республикасы Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды. 

    Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

  • «Майқайыңалтын» апаты: күдіктілерді үйқамаққа жіберді

    «Майқайыңалтын» апаты: күдіктілерді үйқамаққа жіберді

    «Майқайыңалтын» АҚ мен оған қарасты жерасты кенішінің бұрынғы басшылары сот шешімінен уақытша ұстау изоляторынан босатылып, үйқамаққа жіберілді. Олар тергеу амалдары аяқталғанша үйлерінде болады.

     

    «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин, директордың бірінші орынбасары Қанат Баширов, орынбасары Иван Терешков, Майқайың жер асты кенішінің директоры Андрей Шувалов пен оның орынбасары Берік Назыров, кеніштің бас инженері Дінмұхамед Қайыпқанұлы кеше соттың шешімінен уақытша ұстау изоляторынан босатылды. Тергеу амалдары аяқталғанша олар үйқамақта болады.

    Бұл туралы Павлодар облысының Полиция департаменті хабарлады.

  • Алматы метросы жұмыс кестесін өзгертеді

    Алматы метросы жұмыс кестесін өзгертеді

    Бүгін метро әкімшілігі мәлімдеме жасап, 20 қыркүйектен 21 қыркүйекке қараған түні Алмалы бекетінен Абай бекетіне дейінгі аралықтағы рельс бунағын ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілетінін хабарлады.

    Осыған орай, 21 қыркүйек күні метро бекеттері өз жұмысын сағат 07:00-ден бастайды,  – деп хабарлады «Метрополитені» ШЖҚ МКК.

    Әкімшілік уақытша қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрады.

     

  • Сенат мопедтерге қатысты заңды мақұлдады

    Сенат мопедтерге қатысты заңды мақұлдады

    Сенат Мәжіліс қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен оған ілеспе құжатты екінші оқылымда қабылдады.

    Парламент депутаттары бастамашылық жасаған Заң жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.

    Заң келесі негізгі ережелерді:
    — мопедтерді механикалық көлік құралдары тізбесіне енгізуді, сондай-ақ мопедтерді міндетті мемлекеттік тіркеуді белгілеуді көздейді. Тиісті норма Заң қабылданған кезден бастап 6 ай өткен соң қолданысқа енгізіледі;
    — мопедтерді басқару және пайдалану талаптарын белгілеуді;
    — «көлік құралының орташа жүру жылдамдығы» ұғымын енгізуді;
    — көлік құралдарына техникалық қарап-тексеру өткізетін ұйымдарға қойылатын талаптарды қайта қарауды көздейді. Рұқсат беру тәртібі арқылы олардың жұмысын реттеуді енгізуді көздейді;
    — көлік құралының габариті мен салмағы бөлігінде жолдардағы цифрлық жүйелердің бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу тәртібі өзгереді;
    — жолаушылар тасымалы қауіпсіздігіне, көлік құралдарының жүргізушілерін оқытуға қатысты бірқатар қосымша талаптар енгізіледі.

    Заң жекелеген көлік құралдары түрлерінің, оның ішінде мопедтердің жүруін ұйымдастыру саласында туындайтын мәселелерді құқықтық реттеудің тиімділігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

  • Павлодарда студент оқытушыны пышақтап тастады

    Павлодарда студент оқытушыны пышақтап тастады

    Павлодар облысының Білім беру басқармасы 18 қыркүйекте Павлодар колледжінің 2007 жылғы студенті  Павлов көшесіндегі үйдің ауласында педагогті жарақаттағаны туралы хабарлайды.

    Колледж әкімшілігі бекітілген алгоритмге сәйкес шараларды ұйымдастырған. Педагогке медициналық көмек көрсетілді, қазіргі уақытта жағдайы тұрақты.

    Болған оқиға бойынша тергеу жұмыстары басталды. Жағдайды анықтау үшін студентті полиция қызметкерлері қамауға алды.

    Білім басқармасы білім беру ұйымдарының басшыларымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кезектен тыс кеңес өткізді.