Рубрика: Жаңалықтар

  • Алматы облысында газ жарылып, 1 адам қаза тапты

    Алматы облысында газ жарылып, 1 адам қаза тапты

    Өкінішке қарай, үй иесі көз жұмды. Полицияның мәліметінше, жарылыс болғанда үйде тоңазытқыш жеткізушілер болған. Олар зардап шекпеген.

    «Қаза тапқан адамның мәйіті мәйітханаға жеткізілді, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Қазір оқиғаның жай-жапсары анықталуда», — деп жазды облыстық ПД.

    Жарылыстың қатты болғаны соншалық, көрші тұрғын үйге де зақым келген, ал 3 үйдің терезелері сынып кеткен. Жарылыс орын алған үйге былтыр көгілдір отын тартылған. Қаза тапқан ер азаматтың туыстары бұған дейін үй иесінің газдан қауіптеніп жүргенін алға тартып отыр. Бірақ, газ желілері мамандардың тексерісінен өткен.

  • СҚО-да анасы пышақтаған 11 жасар қыз ауруханаға жатқызылды

    СҚО-да анасы пышақтаған 11 жасар қыз ауруханаға жатқызылды

    Жаға ұстатарлық жағдай туралы алғаш ақпаратты жариялаған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева болды. Мәліметінше, СҚО-да анасы қызын үй тапсырмасын орындамағаны үшін пышақтап тастаған. Қыз облыстық балалар ауруханасына жатқызылған.

    «Оқушының жағдайы өте ауыр. Қылмыстық іс қозғалды. Комиссия құрылып, экспертиза жасалуда», — деп жазды Динара Зәкиева.

    Артынша комитет жергілікті әкімдік пен комиссияның әйелді қалған балаларын тәрбиелеуден шеттетуге шешім қабылдағанын хабарлады.

    «Медициналық көмек көрсетілуде. Алдағы уақытта психологиялық көмек көрсетіледі. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр», — делінген комитет мәлімдемесінде.

    Жағдай жергілікті балалардың құқығын қорғау уәкілінің бақылауына алынды.

  • 22 жастағы Мәтжан Жанесеновты атып өлтірген әскери қызметші сотталды

    22 жастағы Мәтжан Жанесеновты атып өлтірген әскери қызметші сотталды

    Қиялы шекара заставасында әріптесін атып, қамауға алынған әскери қызметші сотталды. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды.

    Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеуі белгіленді. Сотталғаннан моральдық зиян өндірілді.

    Сот үкімі күшіне енген жоқ.

    Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы Қиялы шекара заставасының әскери қызметшісі Р.Байбақтинге алғашында Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылып, тергеу жүрді. Кейін қылмыстық іс «Аффект жағдайында жасалған адам өлтіру» бабына сараланды.

    «ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен, яғни, адам өлтірді деп сотқа берілді. Сотпен анықталғаны жәбірленуші жүйелі түрде Байбақтинге құқыққа қайшы беймаралдық іс-әрекеттер жасаған. Аталған мән-жайлар куәлардың жауаптарымен дәлелін тапты. Сонымен қатар іс бойынша Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында сот-психологиялық, психиатриялық сараптамалар жүргізіліп, сарапшылар Байбақтин қылмыс жасаған уақытта аффект жағдайында болды деген қорытындыға келді»,- делінген Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудараралық әскери сотының хабарламасында.

    Ведомствоның ақпаратына сәйкес,
    сот отырысында 5 сарапшыдан жауап алынды. Барлығы бірауыздан Байбақтиннің аффект жағдайында қылмыс жасағанын бекітті. Сот іс материалдарын зерттеп, сарапшылардың қорытындыларын негізге алып, Байбақтиннің іс-әрекетін ҚК 101-бабының 1-бөлігіне саралады.

     

    «Яғни, сотталушы 2023 жылғы 2 желтоқсанда аффект жағдайында адам өлтірді. Атап айтқанда жәбірленушінің жүйелі түрде құқыққа қайшы беймаралдық мінез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканың күйзелтетін ахуалдан болған. Кенеттен туындаған қатты жан күйзелісі аффект жағдайында жасалған адам өлтіру. 2024 жылдың 13 қыркүйегі күні сот үкімімен Байбақтин ҚК 101-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп толықтырды Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудараралық әскери соты.

    Еске салсақ, оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Мәртөк ауданындағы Қиялы шекара заставасында 22 жастағы Мәтжан Жанесенов көз жұмды. Ол – Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы.

  • Шымкентте үндістандық екі студенттің мәйіті табылды

    Шымкентте үндістандық екі студенттің мәйіті табылды

    Шымкентте жалдамалы пәтерлердің бірінен үндістандық екі студенттің денесі табылды. Шетелдіктердің бірі 21-де, екіншісі 22 жаста болған.

    Оtyrar.kz жазғандай, марқұм болғандар Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 2-курсында оқыған. Олар Әл-Фараби ауданындағы пәтерді үш шетелдік студентпен бірге жалға алып тұрған.

    «Алғашында екі жігіт табиғи газдан уланып қайтыс болуы мүмкін деген болжам жасалған. Себебі пәтер ішінде газбен су жылытқыш және ас үй пеші болған. Бірақ арнайы мамандар газ құрылғысынан ешқандай ақау таппаған. Аталған фактіні қалалық ТЖД растады», делінген дереккөзде.

    Оқиғаның мән-жайын полиция анықтайтын болады.

  • Шымкентте диспансер басшысы мен есепшісі 2 жылға сотталды

    Шымкентте диспансер басшысы мен есепшісі 2 жылға сотталды

    Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Шымкент қаласының дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері» КММ басшысы И. Долбиловаға және осы ұйымның бухгалтері М. Абдукаримоваға қатысты үкім шығарды.

    «Олар іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған тұлғаға жалақыны заңсыз есептеу жолымен 3,4 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды», — делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.

    Ведомствоның мәліметінше, сот үкімімен басшы мен есепші мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылған.  Оларға  2 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

    Сот үкімі заңды күшіне енді.

     

  • Ливанда жарылыс: 2800 адам жараланып, 9 адам қаза тапты

    Ливанда жарылыс: 2800 адам жараланып, 9 адам қаза тапты

    Ливанда «Хезболла» тобының байланыс құралы ретінде қолданылатын пейджерлер бір мезетте жарылып, 2800 адам жараланды. 9 адам қаза тапқан. Олардың біреуі — 8 жастағы қыз, қалғандары — қарулы топ мүшелері. Хезболла жарылған пейджерлер топтың бөлімшелері мен институттарының қызметкерлеріне тиесілі екенін және 8 жауынгерінің мерт болғанын растады. Бұған қоса, бұл оқиға қауіпсіздік күштерінің ең ірі сәтсіздігі екенін де мойындады. «Би-Би-Си»-дің мәліметінше, пейджерлерге 10-20 грамм аралығында күшті жарылғыш зат салынған болуы мүмкін. «Хезболла» жарылысқа Израильді айыптап отыр. Ал соңғысы әзірге бұған қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

     

     

  • Қызылордада кәсіпкерлік басқармасының бұрынғы басшысы 9 айға  сотталды

    Қызылордада кәсіпкерлік басқармасының бұрынғы басшысы 9 айға сотталды

    Қызылорда қалалық соты облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Д.Әбсаттаровқа қатысты үкім шығарды.

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, ол бизнес өкілдеріне ұлының оқуына 1,4 млн теңге сомасында ақы төлеу және құны 6,8 млн теңге дизель отынын беру қажеттігі туралы заңсыз нұсқаулар беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Сот Дінмұхаммед Әбсаттаровқа 9 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Оның өмірбақи мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

     

  • Майқайың алтын кенішіндегі апат: 6 адам қамауға алынды

    Майқайың алтын кенішіндегі апат: 6 адам қамауға алынды

    «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин және кәсіпорындағы өндірістік учаскелерді басқару, инженерлік құрамдағы бес адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оларды үйқамақта ұстау немесе түрмеге жабу туралы шешім шығарады деп күтіліп отыр.

    «Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде төрт құтқарушының өмірін қиған апатқа кінәлі тұлғалар ретінде 6 адам ұсталды. Олар — «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин және өндірістік учаскелерді басқару, инженерлік құрамдағы бес адам.

    — Павлодар облысының полициясы тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу шеңберінде «Майқайыңалтын» АҚ-ның алты жауапты қызметкері ұстап, Павлодар қалалық полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, — деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен.

    Павлодар облыстық полиция департаменті аталған деректі растады.

    Дерек көздеріне сүйенсек, бұрынғы бас директор Қуаныш Ботин Екібастұздағы үйінде ұсталған.

    Еске сала кетейік, 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.

    Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды.

    19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді.

    25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.

     

     

  • Қонаевта ерекше спорт алаңы ашылды

    Қонаевта ерекше спорт алаңы ашылды

    Атап айтқанда, осы күнге дейін қаладағы Орталық саябақ, Жеңіс паркі жөндеуден өтсе, Қонаев көшесінің бойында воркаут алаңы және скейт парк қолданысқа берілді. Сонымен қатар №5 жағажай толығымен абаттандырылып, биылғы шомылу маусымында халыққа тегін қызмет көрсетті.

    Халық үшін тегін қызмет ететін тағы бір нысан жақында ғана ашылды. Ол — «Кроссфит» алаңы. Аз ғана уақытта салынған алаңның ашылу салтанатына қала әкімі Асхат Бердіханов қатысты.

    «Қалада спортқа қызығушылар саны жыл санап артып келеді. Бұл өте қуантарлық жағдай. Бұқаралық спортты дамыту үшін жылына жүздеген шаралар ұйымдастырылуда. Түрлі деңгейде чемпион атанып жүрген спортшыларымыз да көп. Аталған нысан ел игілігіне жарайды деген сенімдеміз», — деді ол құттықтау сөзінде.

    Аталған нысанда армрестлинг, үстел теннисі, стритбол, баскетбол, бокс, йогамен айналысуға болады. Жаттығуға арналған түрлі жабдықтар орнатылған. Балалар үшін музыкалық құралдар қойылған. Жасыл аймағы да бар. Жалпы аумағы 1,4 гектарды құрайды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бірнеше бейнебақылау камералары орнатылған. Тапсырыс беруші – қалалық ТҮКШ бөлімі. Алаңның құрылысы 10 айға созылды.

    Мұнда тұрғындар спортпен тегін айналысады. Олар да ерекше алаңның ашылғанына дән риза.

    «Кешке балаларымызды алып шығып, қыдыруға, демалуға болатын керемет алаң екен. Үлкендер спортпен шұғылданып жатқанда балалар жүгіріп, ойнауына бар жағдай жасалған. Әдемі, көрікті ғимараттар мен алаңдар көптеп салынса деген арманымыз бар», — деді Мақпал есімді тұрғын.

    Салтанатты шарамен қоса, бүгін стритбол, соккербол, кросфиттен жарыс өтті. Оған 130-ға жуық спортшы қатысты. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

  • Қазақстанда қыздарды папилломаға қарсы вакцинациялау басталды

    Қазақстанда қыздарды папилломаға қарсы вакцинациялау басталды

    Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі.

    Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.

    Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік болып табылады. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді.

    АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бүгінгі таңда бірқатар елдерде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді.