Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев 5 жылға шартты түрде сотталды. Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы ішкі істер министріне осындай үкім кесті. Тұрғымбаев ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша кінәлі деп танылды. «Құпия» санатындағы іс кәніні мойындау түріндегі процессуалдық келісіммен келіп түскен. Сондықтан, оны қарау бітімгершілік іс жүргізу тәртібімен жабық тәртіпте өтті. Прокурор экс-министрді 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ, сот пробациялық бақылаумен шартты түрде жаза тағайындады. Және 10 жылға белгілі бір лауазымды атқаруға тыйым салды. Сондай-ақ, сот экс-министрді арнайы атағы мен наградасынан айыруды ұсынды.
Рубрика: Жаңалықтар
-

Парижде Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллин кенеттен қайтыс болды
Парижде Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллин кенеттен қайтыс болды
Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарына келген Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллин кенеттен қайтыс болды.
Бұл ақпаратты ҚР Туризм және спорт министрілігі де растады.
«Өкінішке қарай, Парижде Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллиннен айырылып қалдық. Оның кенеттен жүрегі тоқтап, қайтыс болды», — ҚР Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп.
Біздің тілшімізге Диас Ахметшәрип Ерден Хайруллиннің елімізден барған делегацияның құрамында болмағанын жеткізді. Оның сөзінше, басқарма басшысы біздің спортшыларға қолдау көрсету үшін өз еркімен барған.
Ал, Алматы қаласы әкімдігінің ресми хабарламасында Ерден Хайруллин Парижде ісапарда болғанын жеткізді.
«Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Хайруллин Ерден Рашидұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз.Ерден Хайруллин Парижде ісапарда болған еді»,- делінген хабарламада.
-

Мәйіттік донорға келісім беру оңай болмады
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәйіттік донордың туыстарына құрмет көрсетті. Министрлікке марқұмның әкесі мен туған апайы келді. Министр донордың әкесіне «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Ведомство басшысы жақын адамынан айрылған донордың туыстарына көңіл айтты.
«Сіздің батыл және жоғары адамгершілік әрекетіңіз бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді, ауыр аурудан зардап шеккендерге жаңа мүмкіндік пен үміт сыйлады. Сіздің тарапыңыздан мейірімділік пен тектіліктің үлгісі біздің отандастарымызды, медициналық қоғамдастықты, пациенттерімізді игі істер жасауға шабыттандыруы мүмкін», — деді А. Әлназарова.
Естеріңізге сала кетейік, 25 шілдеде Түркістан облысында жол-көлік оқиғасынан көз жұмған 18 жастағы жігіттің ағзасы 4 науқасқа салынды.
Мәйіттік донордың туған әпкесі қайтыс болған інісінің ағзасын өзгеге беру бойынша шешім қабылдау оңай болмағанын жеткізді.
Шымкент қаласының жүрек орталығында донордың жүрегі 58 жастағы науқасқа ауыстырылды. Алматыдағы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында 58 жастағы әйелдің бауыры трансплантацияланды.
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 40 жастағы науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды, екінші бүйректі Астанада University Medical Center клиникасында 16 жастағы балаға трансплантациялады. Дәрігерлердің айтуынша, қазір науқастардың жағдайы қалыпты.
2024 жылдың басынан бастап Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін 5 донор тіркелді.Бұл 19 органды трансплантациялауға мүмкіндік берді.
-

Алатауда ер азамат 11 жасар қыздарға мүшесін көрсеткен
Алматы облысының Алатау қаласында жаға ұстатар жағдай орын алды. Арна ауылының 52 жасар тұрғыны 2013 жылы туған екі қызға мүшесін көрсеткен. Sona.kz тілшісінің мәліметінше, оқиға тал түсте болған.
Дереккөздің ақпаратынша, қыздың бірі бұл жайтты телефонға түсіріп алып, ата-анасына көрсеткен. Олар бірден полиция қызметіне хабар берген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазір балалар үйлерінде, денелеріне ешқандай зақым келмеген. Олармен психологтар жұмыс істеуде.
-

Air Astana компаниясы Астана әуежайын сынға алды
Себебі, әуежай мамандарының кесірінен FlyArystan компаниясының ұшағы бірнеше күн рейске шықпай қалған.
5 тамыз күні ұшақтың баспалдағын дұрыс пайдаланбаудың нәтижесінде артқы есікке зақым келген. Содан кейін әуе кемесі бірнеше күн тұрақта тұрып қалған, оны жөндеуге қыруар қаржы жұмсалған.
Air Astana компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, тіпті, жөндеу жасалып жатқанда FlyArystan-ның жұмыс істеу кестесі өзгертілген.
«Әуе компаниясы аяқ асты болған жағдай үшін өкінішін білдіреді. Себебі, бұл жайт жолаушыларды уақытылы тасымалдаудың көрсеткіштерін төмендетіп, жұмыстың бірқалыпты жүруіне кері әсерін тигізді. Мұндай оқиғалар Астана әуежайында жаз басталғалы бірнеше мәрте орын алды», – деп жазды баспасөз қызметі.
Ал Көлік министрлігі болса, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі соңғы уақытта әуе кемелеріне келтірілген залал оқиғаларының жиі болуына байланысты елордалық әуежайда жоспардан тыс инспекциясы өткізетінін мәлімдеді.
-

Әкімдіктегі «Алтын белгі»: мемқызметкерлердің арасында озат оқушылар бар ма?
Sona.kz редакциясы Қазақстандағы әкімдіктердің кадрлық құрамына ерекше зерттеу жасады. Нәтижесінде мемқызметкерлердің ішінде «Алтын белгі» иегерлері аз екені анықталды. Жоғары академиялық жетістік, мектепте озат болу секілді артықшылықтар мемлекеттік құрылымдарда сирек кездесетін болған.
Маңызды қалалар
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Алматы мен Астана қалаларында мемлекеттік қызметкердің жеке ісін жасау үшін үздік орта білім туралы аттестат маңызды емес. Дегенмен, әрбір әкімдікте Президенттің жастар кадрлық резервінің төрт өкілі жұмыс істейтіні кадрлық іріктеу стандарттарының жоғары деңгейде екенін айшықтады.
Оңтүстік
Шымкенттегі әкімдікте үш «Алтын белгі» иегері қызмет етеді. Сондай-ақ мұнда Президенттің жастар кадрлық резервінің өкілі Мұхит Кемелов цифрландыру басқармасының басшысы лауазымында отыр. Бұл – маңызды салаларда жоғары білікті мамандар болуының қажеттілігін көрсетті.
Батыс
Ал елдің батысында үздіктер жоқтың қасы. Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында «Алтын белгі» иегерлері табылмады. Алайда, Ақтөбе облысы әкімдігінде алты резервист жұмыс істейді, олар жоғары лауазымдарда, мысалы, әкімнің орынбасары және басқарма басшысы сияқты қызметтерде отыр. Атырау облысы әкімдігінде үздік оқушы болған бес маман қызмет атқаруда, сондай-ақ бұл жерде Президенттің жастар кадрлық резервінің бір өкілі бар.
Солтүстік
Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында «Алтын белгі» иегерлері мен Президенттің кадрлық резервінің өкілдері жоқ. Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарында да үздік түлектер жоқ. Дегенмен, Шығыс Қазақстан облысында екі резервист жұмыс істейді, Абай облысында – «Болашақ» бағдарламасының төрт түлегі мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тоғыз түлегі, Қарағанды облысында бір резервист жұмыс атқарады.
Шығыс және басқа өңірлер
Жамбыл облысы бір резервист пен бір «Алтын белгі» иегерінің болуымен ерекшеленді. Қостанай облысы үздіктер саны бойынша алда келеді, мұнда сегіз қызметкер «Алтын белгі» иегері және үш резервист бар. Жетісу облысында алты қызметкер мен бір Президенттің жастар кадрлық резервінің өкілі қызмет атқарады.
Алматы облысы әкімдігінде үздік бес түлек пен бір Президенттің жастар кадрлық резервінің өкілі жұмыс істейді. Ақмола облысында бір «Алтын белгі» иегері мен бір резервист бар. Павлодар облысында бір озат оқушы болған маман мен төрт резервист түрлі лауазымдарда отыр. Ұлытау облысында бір, Түркістан облысында «Алтын белгінің» төрт иегері – мемлекеттік қызметкер.
Айта кетерлігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің бұйрығына сәйкес, орта білім туралы аттестат мемлекеттік қызмет үшін міндетті емес. Бірақ, біздің зерттеу жоғары білім мен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер мемлекеттік органдарда білікті маман қалыптастырудың маңызды тетігі екенін айқын дәлелдеп берді.
-

Ақмола облысындағы қайғылы жағдай 19 жастағы қыздарының көз алдында болған
Ақмола облысындағы қайғылы жағдай 19 жастағы қыздарының көз алдында болған. Оқиғаның қалай болғанын біздің тілшімізге Арнасай ауылдық округінің әкімі Болатбек Байсағанов мәлім етті. Әкімнің сөзінше, бір отбасының 5 мүшесі суға шомылуға келген. Бірақ, 23 жастағы қыздары суға батып, оған 24 жастағы ағасы көмекке жүгірген. Артынша әкесі мен шешесі барған. Өкінішке орай бірін-бірі құтқармақ болған отбасы суға батып кетті.
«Әкесі ғана малту біледі екен. Қалғандары білмеген. Бұл қайғылы жағдайдан 19 жастағы қыздары ғана аман қалды. Барлық оқиға оның көз алдында болды. Бір отбасының 4 бірдей мүшесі суға батқан жер Астана су қоймасы деп аталады. Бұл жерге суға түсуге болмайды. Жиі ескерту жасалып, рейд жүргізіледі. Бірақ, халық ескертуді елемейді», — деді Болатбек Байсағанов.

Астана су қоймасы Астана қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан.
Естеріңізге сала кетейік, 5 тамыз күні отбасының 4 бірдей мүшесі суға батып, көз жұмды. Олардың мүрделері табылды. Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға шомылуға рұқсат етілмеген жерге түспеуді ескертеді. Бұл адам өмірі үшін қауіпті. Сондықтан, демалыс барысында барынша абай болып, сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Айта кетейік, биыл 1 маусымнан бастап 122 адам суға батып, көз жұмған. Оның 44-і бала.
-

Ақмола облысында бір отбасының 4 мүшесі суға батып кетті
Ақмола облысында бір отбасының 4 мүшесі суға батып кетті. Қазір екі адамның денесін іздеп жатыр. Қайғылы жағдай 5 тамыз күні Аршалы ауданындағы Арнасай су қоймасында болған.
Белгілі болғандай, отбасы мүшелері Астанадан келген. Шомылуға болмайтын жерде суға түскен. Бірінші қызы суға бата бастаған. Оған әкесі мен ағасы көмекке барған. Соңында анасы отбасын құтқаруға ұмтылған.Қазіргі таңда 1980 жылғы анасы мен 2001 жылғы қыз баланың денесі судан шығарылды. 1977 жылғы әкесі мен 2000 жылғы ұлының денесін құтқарушылар іздестіріп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға шомылуға рұқсат етілмеген жерге түспеуді ескертеді. Бұл адам өмірі үшін қауіпті. Сондықтан, демалыс барысында барынша абай болып, сақтық шараларын сақтауға шақырады.
-

Ақмола облысында бүтін бір отбасы суға батып кетті
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, 4 адамның өмірін қиған қайғылы оқиға Аршалы ауданы Арнасай ауылынан 2 шақырым жердегі Астана су қоймасында болған.
«Төртеуі де бір отбасының мүшелері. 1980 жылы туған әйел мен 2001 жылы туған қыздың денелерін куәгерлер тапты. 1977 және 2000 жылы туған екі ер адамның денесін Ақмола облысы және Астана қаласының ТЖД құтқарушылары іздеп жатыр», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ ТЖМ отбасы мүшелері шомылуға тыйым салынған жерде суға кеткенін атап өтті.
-

Алматы облысының тауларында сел жүруі мүмкін
Өңірдегі әкімдіктің мәліметінше, бүгінгі таңда Алматы облысының таулы аудандарында температураның жоғарылауы, мұздықтардың қарқынды еруі және мореналық-мұздық көлдердің толуы, өзен арналарындағы ағынның жоғарылауы байқалуда. Аймақта сел жүру қаупі сейілмей тұр.
«Талғар өзенінің бассейніндегі №19 көл қазіргі көлдің солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде жиналған су жағалауды жырып ағуы мүмкін. Осыған байланысты адамдарға Талғар қаласында орналасқан гиротехникалық қондырғыдан асып, тауға, демалыс орындарына шығуға тыйым салынды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар әкімдік Талғар өзеніне жақын орналасқан үй иелеріне әлеуметтік желілерде, теледидар және радиода таратылатын ресми ақпаратқа үнемі мән беру керек екенін ескертті.
